42
өзіне тиісті әуені болады. Бұл шығармаларда отбасы мәселелері, адамның
көңіл-күйі, оның басқа субъектілермен қарым-қатынасы да сөз болады.
Сондай-ақ табиғатқа, жануарға қатысты өлеңдер де лирикалық сипатқа ие
болып, айтушы өзінің сүйікті сәйгүлігі, құмай тазысы, қыран құсы жайында
толқып, толғанып әндетеді. Лирикалық өлеңге үйлену салтына, жерлеу
рәсіміне қатысты кейбір жырлар да жатады, алайда, олар көбінесе ғұрып
жолымен орындалады.
Тарихи өлең.
Басқа түрлерге қарағанда бұл топтағы шығармалар
тарихилығымен ерекшеленеді. Халықтың басынан өткен тағдырлы
оқиғалар қай кезде де болып тұрған. Осы оқиғаларды жедел түрде өлең етіп
жырлау, ондағы негізгі сәттерді, ерен ісімен көзге түскен адамдарды суреттеу
дәріптеу – тарихи өлеңнің үлесі. Осы тұрғыдан келгенде оны – елгезек
(оперативті) жанр десе де болады. Батырлық және тарихи жырдың біраз
бөлігі осы тарихи өлеңдер негізінде пайда болған. Тарихи өлеңнің кейбірі
тұрақты әуенмен айтылады. Соның бірі – "Қаратаудың басынан көш келеді"
деп айтылатын өлең ("Елім-ай"). Біздің дәуірімізге жеткен тарихи өлеңдердің
ішіндегі ең көнесі – Дайырқожаның өліміне және Жошының қаза болуына
байланыстырылады. Одан кейінгі шақтарда туған өлеңдер де бар. Олардың
мазмұны нақты, оқиғасы реалды, адамдары тарихи болып келеді.
Өтірік өлең.
Ұлттық фольклорымыздың ерекше түрі. Оның арғы төркіні
– ежелгі замандардағы өмір туралы түсініктер, діни нанымдар, ғұрыптық
ырымдар. Заман жылжып, қоғам дамыған сайын бұл ұғым-түсініктер қайта
қаралып, жоққа шығарылған, күлкіге, әжуаға айналған. Бізге жеткен өтірік
өлеңдер екі функция атқарған: бірі – әлеуметтік, екіншісі – эстетикалық.
Бірақ өлеңде бұл мақсат айқын сезілмейді, сол себепті әр өтірік өлең
комедиялы болып қана көрінеді. Ал, түптеп келгенде сол күлкінің астарында
әлеуметтік жағдайды баяндау жатады. Өмірдегі шындықты дәл айта
алмайтындықтан өтірік деген атаумен аллегория арқылы ащы шындық паш
етіледі. Сонымен бірге өтірік өлең – таза сөз өнері ретінде де көрінеді.
Өлеңдегі айтылатын жағдайдың өмірдегіге мүлде сәйкессіздігінен
туындайтын күлкі – елді күлдіру үшін пайдаланылады, сөйтіп, адамдарды бір
сәтке болса да тұрмыс болмысынан алыстатып, қиялындағы өмірге апарады,
оны басқа бір күйге, ризашылық сезімге бөлейді. Өтірік өлеңнің поэтикасы
түгелімен осы мақсатқа қызмет етеді. Мұндағы қиял – мақсатты, ол әдейі
қолданылады, тіпті ғажайып сипатқа ие болады. Тыңдаушылар қиялдың
шартты екенін біледі, сөйтіп өтірік өлеңде өмір көркем түрде бейнелендіктен
ондағы ситуацияны түсініп, толық қабылдайды.
Достарыңызбен бөлісу: