Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
125
Бұл сөзімен Жәнібек егер Әбілқайыр тағына Мұхамед-Шайбаниға отырар күн
туса, аса бір қиын күрес басталатынын білдірген еді.
Мұхамед-әкім эль Таразидың тойында тағы екі оқиға болған. Балаларының бұл
тойға қатынасатынын білген соң, алтындатқан ер-тоқымды, жүген-құйыс-
қанды қос күлсары жорға мініп Рабиу-Сұлтан-Бегім мен келіні Аққозы келген.
Жаңғы саудагері бұларға арнап қос орда тіккен.
Бәйгеден Тарланкөктің баласы Ақтанкер озып келіп,
Мұхамед-Шайбаниға
жұрт көңілі ауа бастағаннан-ақ бақ құмар Сүйіншік сұлтан жанын қоярға жер
таппаған. Бірақ баяғы он үш жасар күніндегі қылығы есте қалған Рабиу-Сұлтан-
Бегім сол күні Сүйіншікті оңаша шығарып ап ұзақ сөйлескен. Ақылы да, ерлігі де
Мұхамед-Шайбанидың өз теңдестерінен артық екенін бүкіл ел біліп қалған тәрізді
және оны қостайтын Дарвиш-Хұсайын Қарашың батыр мен Бахтияр сұлтан тәрізді
Көк Ордаға тірек болған, бүкіл Дәшті Қыпшаққа әйгілі адамдар бар, қандай
бақытқа, таққа жетсең де Мұхамед-Шайбанимен бірге жетесің деген. Әкесін
өлтірген нағашың
әбді-Латиф әмірге ұқсама, қызғаншақтың жолы күнә жол,
онымен адам мұратына жете алмайды, ағаң Шах-Будақтың балаларына кең пейіл
келіп, солардың соңынан еруін сұраған. Өздері быт-шыт боп қырылысып жүрген
нағашысы Темір тұқымының бұған әке тағына отыруға жәрдем бере алмайтынына
көзі жете бастаған Сүйіншік, әлі де Самарқант әмірлігіне қадірі бар шешесінің
ақылын алған, өн бойын қанша мансапқұмарлық билегенмен, аталы сөзден шыға
тартпаған. Бұл Әбілқайыр балаларының әр жаққа бұрылмай, бір одақтас
болуының басы еді.
Екінші оқиға тіпті адам күтпеген жерден кездесті. Түйе бәйгесі біткен күні
іңірде Аққозы бике өз ордасында жалғыз отырған кезінде, үйге бет-аузын көшпелі
елдің бұзауындай тұмшалап алған, жалғыз көз, еңгезердей қара жігіт кіріп келді.
Тойдан шаршап келіп қисайып жатқан Аққозы, осынау кірген адамның дене
құрылысынан, қимылынан өзінің Орағын көргендей шошып кетіп,
дауыстап
жібере жаздады.
— Қорықпа, — деді кірген кісі, — мен Орақпын. Өлді дегендері бекер, тірімін.
Бірақ өлген адамнан да қорқыныштымын. Егер менің бетімді көрсең, қазір талып
құлар едің. — Ол асыға өзінің қалай тірі қалған оқиғасын айтып берді де —
қолыңа құран алып, «өмір-бақи ерге шықпаймын» депсің, соныңды естіп келдім,
— деді, — маған деген жүрегіңді адал сақтағаның үшін рақмет, бұл құрметіңді
қара жерге кіргенше ұмытпаспын. Ал енді айтарым: өлген адам үшін өлмек жоқ.
Мен патша, хандарға ғана тірі адаммын. Саған өлікпін. Ерге шық, қызық көр.
Құран ұстап құдайға берген антыңды мен алдым. Ал енді қош бол. — Ол үйден
шыға берген.
— Тоқтай тұр... — деді Аққозы.
Бірақ Орақ тоқтамады. Шығып кетті. Аққозы көзі қарауытып, жанындағы
төсекке ақырын қисая беріп, жылап қоя берді.
Келесі күні түнде Орақ қырық жігітімен Мұхамед-әкім эль Таразидың Талас
өзенінің етегінде жатқан көп жылқысын «өзің өлтірген эль Мүлік
ибн Зархум
шебердің құны» деп айдап әкетті. Оны Сырдың төменгі жағындағы кедей
ауылдарға апарып бөліп берді. Осы күннен бастап «Жалғыз көз» батыр кедей
жұрттың қорғаны» деген лақап бүкіл Дәшті Қыпшаққа тарады. Орақ кедей
жұрттың қорғаны екенін сан айқаста көрсете алды.