Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
151
Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін-
өзі ақылмен тоқтатты. Бір кезде өзі өлімге қиған батыры, енді бұны ажалдан алып
қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды — қамыс, ерді намыс өлтірер» болса, да
батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді.
— Қарағым, батыр Саян, ер шекіспей бекіспейді. Сен екеуміз шекістік. Айып
менен, — деді. — Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім.
— Мен де кешірдім, — деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп.
Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен
кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі
тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы
кезде Қырымды аралап Асан Қайғы жырау оралды. Бастығы Жәнібек боп бүкіл
қазақтың ардақты батыр, биі қарт ақынды кілемге көтеріп қарсы алды. Өзіне
арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды.
Осы тойдың нағыз қызып
жатқан шағында, бір өліп тірілген, қараша күркеде
сирағы сыртқа шығып шынжырлаулы жатқан Қарашың батырға Бұрындық келді.
— Қарашың батыр, — деді ол айтайын деген сөзіне бірден кірісіп. — Егер
жаныңды сауға етіп, еліңе жіберсін десең менің шартымды орында.
— Қандай шарт?
— Тоқтар-Бегім сұлуыңды маған тоқалдыққа бересің. Сонда босатам.
— Ау, оның байы бар емес пе? Және былтыр бөпелі болған.
— Байынан айыр. Баласын байына қалдыр, не өзің асыра. Шешесін маған бер.
— Бұл мұсылманның сөзі емес.
— Сенің қарындасыңа мен мұсылман емеспін. Өзінің қылығына қарай
кәпірмін.
— Жоқ, Мұқамет пайғамбардың дініне қарсы болар күнәға мен бара алмаймын.
Одан да менің басымды ал.
— Маған сенің басың емес, қарындасың керек.
Бұрындық ертеңінде де, арғы күні де келді. Есіл-дерті кеше өзін менсінбеген
Тоқтар-Бегімді қатын етіп, өшін алу болды. Қарашыңның «Тоқтар-Бегімнен де
сұлу тағы бір қарындасым, екі қызым бар. Соның бірін ал» дегеніне көнбей қойды.
«Не өзіңнің қаныңды ішем, не Тоқтар-Бегімді
қатын қылам деді, қаныңды бірақ
асықпай ішем, күніне бір қасықтан ғана ұрттаймын».
Түбі құтыла алмайтынын білген Қарашың ақырында еліне, аға-інілеріне кісі
жіберді. Тоқтар-Бегімді Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өзін құтқаруды сұрады.
«Құдыс батыр Тоқтар-Бегімнің сіңлісі Ажар бике мен өзімнің екі қызымның
таңдағанын алсын», — деді.
Шайх-Хайдардың жорығы тек Бұрындық сұлтанның ғана мұратына жеткізіп
қойған жоқ, бүкіл қазақ руларының мұратына жетуіне себепкер болды. Жи-налған
батыр, билер енді қазақ руларының сөзсіз бірігуі керек екенін,
егер бірікпесе
Әбілқайыр хан, не басқа бір хан оп-оңай құл ететінін ұқты. Хан кеңесі қайтадан
мәжіліске отырды. Барлығы келешекте үш жүзге бөлініп, бір ханға бағынуды
мақұлдасты. Іштей наразы болғанмен де, Темір би де бұған сырттай қарсы
болмады. Ұлы жүзге — аға рулар Үйсін, Дулат, Жалайыр, Орта жүзге жер
ыңғайына, әдет-ғұрпы, салтына қарай Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей,
Уақ, Тарақты. Кіші жүзге Еділ мен Жайық бойын жайлаған Алшын, Байұлы,
әлімұлы, Жетіру кірсін десті. Бірақ бұл үш жүзге бөліну мәселесі бұ жолы
аяқталмады. Арада талай толқу болды. Тек осы мәжілістен алпыс жыл өткеннен