Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997. 385 б
2. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. –Алматы:Дайк––Пресс.2004.512 б.
3. .Левшин А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» Алматы-1996.
147 б.
4. Рашид ад-дин.. Сборник летописей. Т.І. кн. 1. Москва-Ленинград. Издательства АН СССР,
1952. с 81
5. Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13-14 беттер
6. Артықбаев Ж.О. Историческое наследие М.Ж.Копеева. Павлодар. 2004. с 63
7. Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56 б
8. Дулати М.Х. «Тарих-и Рашиди» Алматы-2003. 144 бет
9. Құдайбердіұлы Ш. «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі». Алматы-1991. 23 бет).
10.Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1, – Алматы. 1998. – 248 б.
11. Қондыбай С. Жауынгерлік рух кітабы. Алпамыс ғаламы.// т.ш.ж. 8 т. Алматы. «Арыс»
баспасы. 2008. -416 б.
12. Қондыбай С. Гиперборея. түс көрген заман шежіресі. Т.ш.ж. 6 том. Алматы : Арыс. 2008.
696 б.
СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ АЛАШТЫҚ ИДЕЯ
Тұрсұн Х., т.ғ.д., профессор
Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында
«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны
белгілі» [1,1] деп тарихи тұлғатанудың басты міндетіне айқындық берді.
Дегенде, осындай
күрделі мәселенің түйіні отандық тарих ғылымындағы тұлғатанудың теориялық-әдіснамалық
мәселелері арқылы тарқатылатындығы белгілі. Ал, қазіргі тарихи тұлғатану бағытының даму
деңгейі, қалыптасқан ғылыми тұжырымдар мен өлшемдер алдағы атқарылатын міндеттерді
іске асыру үшін де жаңа көзқараспен бағамдауды қажет етеді.
Академик М. Қозыбаев отандық тарих ғылымын тарихи қайраткерлермен тұлғалау зәру
мәселелердің бірі екендігін айта келіп: «Күні кешеге дейін жеке адам мен халықтың қатынасы
толық ашылмай келді. «Қайраткерлер» ұғымы қызметкерлер, мансап иесі дәрежесіне
төмендетілді. Қайраткер - жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен
қабыстырып, өз халқын өркениет көгінде жарастырушы болса керек» - деген ойды одан әрі
өрбіткен ғалым «Отан тарихынан кей бір кездейсоқ адамдарды аластап, тарихи тұлғаларды өз
тұғырына қондыру керек» [2, Б.366] деген пікір айтады. Тәуелсіздік жағдайында ұлттық
тарихтың мазмұнын қайта бағалау тұрғысында айтылған бұл пікірдің көрнекті мемлекет
қайраткері,биыл туғанына 125 жыл толып отырған Сұлтанбек Қожановқа тікелей қатысы бар
деп білеміз.
Отан тарихында осы кезге дейін ғылыми тұрғыда игерілмей келе жатқан тақырыптар
да, тұлғалар да аз емес. Ал өзінің тарихи бағасын осы кезге дейін ала алмай келе жатқан
тұлғалар бірі – Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар
226
арнаулы зерттеу еңбектер жарыққа шықты Атап айтқанда өзбекстандық тарихшы Р.Я.
Раджапова, қазақстандық Т. Қожакеев, Р. Бердібай, Б. Қойшыбаев, Ж. Әлмашұлы, А. Шәріп,
Ж. Симтиков, Ж. Уалиханова және т.б. ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектері де осы
қатарды толықтыра түседі. Әйтсе де, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби-мәдени
мұрасын зерттеп, зерделеуде кенжелік, соңын күткен кібіртіктеу байқалады. Оның сыры неде
болды екен? деген сауал әркімді де ойлантуы тиіс. Оның басты себебі С. Қожановтың партия
мүддесінен ұлт мүддесінен жоғары қойған шынайы ұлтжандылығы болды. Тоталитарлық
билік саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға да аса бір сақтықпен қарады. Алғашқы кезекте
коммунистік билікке барынша адал қызмет жасағандар ақталып, олардың тұлғасы кеңестік
тәрбиенің идеялына айналдырылды. Ал пролетарлық интернационализмге ұлттық
құндылықтарды, таптық төзімсіздікке ұлттық бірлікті қарсы қойған Алаш қайраткерлері мен
алаштық рухтағы С. Қожанов сияқты партия қайраткерлерін ақтау кейінге шегеріле берді. Бұл
– кеңестік биліктің саясаты. Тәуелсіз қоғамымызда осы саясаттың тоңы жібігендей
болғанымен де тұлғатану бағытының методологиялық негізінің қалыптаспағандығы мәселені
терең де жан-жақты зерттеуге қолбайлау болуда.
Қайраткердің өз қызметіне қатысты соңына қалдырған деректерінде партиялық
биліктің ыңғайымен бүгіп қалған жайттары жоқ емес. Таратып айтар болсақ, ол мақалалары
мен ресми баяндамаларында өзінің Алаш қозғалысына тікелей қатыстылығын айтудан
тартынып келген. Қазіргі кезде ашық айтылатын мәселе - шын мәнінде С. Қожановтың Алаш
қозғалысының өкілі және кеңестік билік жағдайында өзінің қоғамдық-саяси қызметінде
алаштық идеяны одан әрі жалғастырған қайраткер болғандығы. Осы пікірді тереңірек өрбітіп
көрейік.
1916-1917 ж.ж. Ташкент қаласында қазақ зиялыларының «Кеңес» атты астыртын саяси
үйірмесі жұмыс істеген. Түркістан қаласында С. Қожановпен бірге 1918-1919 жж. бірқатар
жауапты қызметтер атқарған, Ленинмен кездескендігі жөнінде естеліктер жазған Дүйсенбай
Нысанбаевтың деректері «Кеңес» үйірмесінің қызметіне ғылыми талдау жасауға мүмкіндік
береді.
Үйірме және оның қызметі туралы Д. Нысанбаевтың 1925 ж. 31 қаңтарында РК(б)П
Қырғыз облыстық Бақылау Комиссиясына жасаған мәлімдемесінен [3, Б.173-185] аса құнды
мағлұматтарға қанығамыз. Бұл құжаттың деректік құндылығы жоғары болатыны, онда өлкелік
партиялық басшылыққа, ОГПУ органдарына Түркістандағы алашордашылардың қызметіне
қатысты айғақ ретінде түрлі хаттамалар, газет тігінділері сияқты қомақты құжаттық деректер
ұсынылған. Осы жерде құпия хат түрінде жазылған мәлімдеменің тікелей С. Қожановты
әшкерелеуге арналғандығын атап айтқанымыз орынды болар.
Үйірменің төрағасы генерал Сейітжаппар Асфендиаров, орынбасарлары М. Шоқай
және өмірі мен қызметі Түркістан қаласымен тығыз байланысты болған Садық Өтегенов
болатын. Осы саяси үйірме ұлттық идеяларды іске асыруды өзінің бағдарламалық міндеті
ретінде алға қойған еді. Үйірменің баспасөз органы «Бірлік туы» газетінің алғашқы редакторы
М. Шоқай, одан кейін Хайретдин Болғанбаев, ал 16-санынан бастап С. Қожанов редакторлық
жасады. 1917 ж. қарашаның 26 күні Қоқан қаласында Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV
съезі Түркістан мұхтарияты (автономиясы) атты ұлттық үкімет жариялады, «Улуғ Туркистон»,
«Голос Туркестана» газеттерімен қатар «Бірлік туы» осы автономияның қазақ тіліндегі
баспасөз органы болып бекітілді. Осы съезге және желтоқсан айында Алашорда үкіметін
жариялаған Орынбор қаласындағы ІІ Бүкілқырғыз съезіне делегат болып қатысқан С. Қожанов
алаштық идеяны іске асыруға белсене араласты. Бұндай тұжырым жасауға деректік және
дәйектік негіздер жеткілікті. Алғаш рет бұл тұжырым Түркістандағы партия-кеңес
органдарының ресми құжаттарында «Алаш Орданың» түркістандық бөлімі «Бірлік туы» газеті
органымен аттас ұйым болды. «Бірлік туы» газеті 1917 ж. маусымынан Ташкентте шыға
бастады.
Аталған
газетті
ұйымдастырушылардың
тұғырнамасы
дәлме-дәл
алашордашылардың тұғырнамасындай еді» [4, Л.208] деген сипатта негізделді.
227
Жоғары партиялық инстанцияларға С. Қожановтың үстінен жазылған құпия хат
түріндегі арыз-шағымдар бұнымен шектелген жоқ. Мұндай арыз-шағымдарды саяси ұпай
жинау мақсатында әсіресе партия-кеңес қызметкерлері - олардың арасында Д. Нысанбаев
сияқты үзеңгілес серіктері де бар, көптеп жазды. Олардың мазмұны «ұлтшыл,
«алашордашыл», «оңшыл ауытқушы», «топшыл» деген саяси айыптауларға негізделіп, соңы
«қожановшылық» айдарына айналды. Арнаулы органдардың мекемелерінде жинақталған
бұндай компромат тиянақты талдаулармен БК(б)П Орталық Комитеті Саяси бюросының
Құпия бөліміне жүйелі түрде жеткізіліп отырды. Республиканың саяси басшысы болғанымен
оның әрбір ізін аңдыған мұндай әрекетті Орталықтың басқарып отырғаны да жасырын емес.
Осындай жағдайда С. Қожановтың Қазақстанда қалыпты жұмыс істеуі және ұлттық идеяны
іске асыруға еркін кірісуі мүмкін емес еді. Республикадағы саяси басшылыққа кәсіпқой
революционер Ф. Голощекиннің келуі бұл саяси үдерісті өршітіп жіберді. С. Қожанов
Мәскеуге кеткен соң оны айыптайтын саяси науқан кең өріс алды. Осыған байланысты С.
Қожанов Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 ж. ашық хат жазып, ақталуға мәжбүр болған.
Хаттың жазылу мақсаты оның Қазақстандағы қызметіне қатысты өлкелік партия комитетінің
хатшысы Ф. Голощекиннің өршіткен саяси айыптауынан басын арашалау болды. Осы хатты
деректік тұрғыда талдағанда С. Қожанов Қазақстандағы саяси қызметінің сипаты мен
мазмұны туралы өз аузынан баяндалған көп мағлұматқа қанығамыз. Сонымен бірге бұл
құжаттан С. Қожановтың ұлтжандылық қызметіне негіз болған қоғамдық-саяси
көзқарастарының өзегін танимыз.
Ол аталған хатында былай деп баяндайды: «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп
мына мәселелерге белсене қатыстым:
Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға;
Жерге орналастыру және жер-су реформасын жүргізуге;
«Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына;
Орта Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға;
Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға және Қазақстанның
ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым» [3, Б.250 ]. Ұлтжанды
қайраткердің өзі саяси қызметі туралы жасаған бұл қорытындыларының әрқайсына жеке
тоқталып, нақты тарихи дәйектер және дәлелдермен кеңінен таратуға болады. Қайраткер
қызметінің биік шыңдары болып саналатын ол жетістіктерді ғылыми тұрғыда талдап, тарихи
танымның игілігіне айналдыру - таяу күндердің және осы бүгінгі ұрпақтың еншісі болуы
керек.
Қай кезде де тарихи танымның рухани өзегі, ғылыми негізі болады. Кеңестік қоғамда
алаштық үлгідегі қайраткерлердің тұлғасын танудағы рухани өзек таптық-партиялық
құндылықтар болса, оның ғылыми негізі маркстік-лениндік дүниетаным болғаны белгілі. Ал
бүгінгі тәуелсіз қоғамымызда тарихи танымның талабы өзгерді. Мақсат та өзгерді. Қоғам
жаңарды, қоғаммен бірге адам да жаңарды. Ендігі кезекте тарихи таным да жаңаруы тиіс.
Тарихи танымды жаңартудың жөні осы екен деп жергілікті, аймақтық деңгейдегі тұлғаларды
дәріптеу бүгінгі интеллектуалдық тарихқа жараспайды. Тұлғаларды танудағы әрекеттің алтын
арқауы, жібек желісі -ұлттық мүдде болуы керек. Яғни, мәселе тура мағынасында қойылғанда
- ол тарихи тұлға ұлтымыз үшін не істей алды? деген сауалға жауап беруді қажет етеді. Сол
сияқты, кейбір зерттеулерде кеңестік дәуірдегі партия-кеңес қайраткерлерін біржақты
айыптау тенденциясы да жоқ емес. Ал олардың саяси қайраткер ретіндегі қызметіне берілер
баға да оның қызметінен ұлт тағдырына қандай және қаншалықты зиян келді? деген сауалдың
төңірегінде өрбімек. Бұл ұстанымдар тұлғатану бағытына өлшем бола алады.
С. Қожанов Түркістан өлкесіндегі кеңестік билікке дейінгі саяси қызметі өлкедегі қазақ
зиялыларының «Кеңес» астыртын үйірмесінде хатшы, «Бірлік туы» газетінің редакторы
болды. Ал кеңестік билік орныққан кезде Түркістан уездік кеңесінің төрағасы, Сырдария
облаткомының төрағасы, Ішкі істер, Халық ағарту, Жер істері халкомы, Түркатком
төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі қызметтерін атқарды.
228
Оның бірыңғай партиялық саясаттың сойылын соққан кейбір үзеңгілес серіктерінен
ерекшелігі осы қызметтерінде ол алаштық негіздегі ұлттық идеядан бір сәт те қол үзген емес.
Түркістандағы ұлт-азаттық күрес тәжірибелерін өлкедегі Алаш қозғалысының
Оңтүстік қанатын (Түркістан қанаты деп атауға болады) дербес тарихи таным нысаны ретінде
қарастыруға негіз болады. Оңтүстік қанаттың нақты ұйымдық құрылымы болмағанымен оның
қызметінің мазмұны қазақ жеріндегі тарихи құбылыстың құрамды бөлігі болып саналады.
Түркістан өлкесіндегі қазақ зиялыларының Алаш қозғалысы қайраткерлерімен тығыз
байланыста болғандығы жөнінде деректер жеткілікті. Ә.Бөкейханов бастаған қазақ
зиялыларының 1917 ж. Минскіден жолдаған жеделхатында түркістандықтардың да ата
аталады. Сол сияқты түркістандықтар Орынборда өткен Алаш съездеріне де қатысқан.
Орынбордағы шілде айында өткен съезден соң 2-5 тамызы күндері Түркістан қазақтарының
съезі болып өткен. Орынбордағы съездің саяси тұғырнамасымен өткен жиын өлкеде «Бірлік
туы» саяси бірлестігін құру мәселесін күн тәртібінен алып тастаған. Өйткені, Алаш партиясы
құрылғаннан соң өлкеде ондай саяси ұйым құру қажет емес деп тапқан. С.Қожанов осы
жиында хатшы болып қатысты [4]. Өкінішке орай, өлкедегі қаурыт саяси процестер Алаш
партиясының ұйымдық құрылымының қалыптасуына мүмкіндік бермеді. Өлкедегі қазақ
зиялылары ендігі кезекте Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының құрамында саяси күреске
араласты.
Түркістандағы жергілікті халықтардың арасында отаршылыққа қарсы күрестегі
мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысының өкілдері М. Тынышпаев, С.
Лапин, М. Шоқай, Қ. Қожықов, С. Өтегенов және тб. қайраткерлердің саяси қызметінде жаңа
қырынан танылып, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұнын байытты. М.
Тынышпаев, С. Лапин, М. Шоқайдың өлкедегі саяси қозғалыстың және Түркістан
мұхтариятының басшылығында болуы олардың Алашорда үкіметімен байланыс жасауына
мүмкіндік беріп, қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн
тәртібіне қойды. Осы мәселе 1918 ж. 4-9 қаңтардында Түркістан қаласында өткен Сырдария
облысы қазақтарының съезінде арнайы қарастырылды. Алаш Орда үкіметінің басшылары Б.
Құлманов, Т. Құнанбаев, М. Дулатовтар арнайы қатысқан съезд шын мәнінде Алаш қозғалысы
ұйымдастырған ірі саяси шаралардың біріне айналды. С.Қожанов осы съезді
ұйымдастырушылардың бірі болды. Түркістан қазағын алашқа қосу мәселесін талқылаған
съезд жөнінде «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Алаш һәм Түркістан» мақаласында [5
Б.109-111] «Съезде Алашқа қосылмаймыз деген ешкім болған жоқ: кәрі-жас, қарасы-төресі,
байы-кедейі бірауыз болды» деп ұлттық идеяның қолдау тапқандығы жазылды.
Түркістанда мемлекеттік құрылыстың, билік құрылымдарының қалыптасуы күрделі
мазмұн алған. Бұл жерде дәстүр сабақтастығының іске асу қағидасы талап ететін міндетті
түрде сақталуы тиіс қоғамдық шарттар бар. Соған сәйкес кеңес өкіметі ескі қоғамның билік
институттарының мазмұнын мансұқтағанымен әкімшілік бірліктер, басқару құрылымдары
түрінде олардың сыртқы формаларын сақтап қалды. Осы сияқты басқару элитасы орталық
және жергілікті басқару органдары шенеуніктерінің орасан зор бөлігі әкімшілік басқару
дәстүрлерін жалғастырып, жаңа қоғамда мазмұндық, түрлік жаңғыруды бастан өткізді.
Кеңестік қоғамның басқару құрылымдарының негізін құраған ол мемлекеттік
қызметкерлердің басты миссиясы екі қоғам арасындағы байланыстырушылық рөл еді.
Өздерінің тарихи миссиясы бойынша ерекше маңызға ие болған бұл категорияның арасынан
кеңестік қоғамда көрнекті қайраткерлерге айналған ұлттық элитаның мықты өкілдері өсіп
шықты. Олардың қатарында М. Тынышпаев, С. Асфендияров, Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, С.
Қожанов, А. Серғазиев, Қ. Ибрагимов, И. Тоқтыбаев, Б. Аралбаев, Қ. Сармолдаев, С. Есқараев,
О. Жандосов, Т. Жүргенов, Н. Рүстемов, Ә. Палмұхамедов, Ә. Құдабаев, Н. Сатығұлов, Қ.
Болғанбаев, Қ. Қожықов, Қ. Күлетов және т.б. көптеген тұлғаларды атауға болады. Олар
Түркістан республикасының жоғарғы билік құрылымдарында басшылық қызметтер атқарып,
жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға елеулі ықпал жасаған еді. Олардың
қызметіне ғылыми талдау жасағанда саяси көзқарастарымен өмірлік ұстанымдарының әртүрлі
229
болғандығы басты назарда болуы керек. Бірі таптық, бірі ұлттық идеяға қызмет жасағанымен
олар өз заманының перзенттері болатын. Бүгінгі көзқараспен кемшілік деп тануға болатын
олардың кейбір әрекеттерінің сырын қоғамдық қайшылықтардан іздеу мәселеге сыңаржақ
сипат берген болар еді. Тұлғалардың көзқарасындағы қайшылықтар олардың қоғамдық
әрекеттерінен көрініс табатындықтан да мәселеге қарама-қарсылықтың күресі және бірлігі
заңдылығы қағидаларымен баға беру тарихи ақиқатқа жақындата түсері даусыз.
С.Қожановтың Түркістан өлкесінде кеңестік биліктің жоғары эшелонында атқарған
қызметтерінде Алаш идеясын басшылыққа адалдығы көзге ұрып тұрады. Осы қызметтеріне
қатысты мынадай қорытынды жасауға болады: біріншіден: оның алаштық қайраткерлерді
Ташкентке шақырып, қызметке тартуы ұлт мәдениеті мен әдебиеті үшін барынша жемісті
болды. Екіншіден: оның тікелей басшылығымен 1921-1922 жж. Жетісуда жүргізген жер-су
реформасы алаштық идеяның іске асырылуының жарқын көрінісіне айналды. Үшіншіден:
1924 жылғы ұлттық-территориялық межелеу кезіндегі қайраткерлігі қазақ елі мен жерінің
тұтастығын көксеген алаштық идеяның іске асырылуына жасалған қызмет еді.
Елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерді мұғажырлық жағдайда жіті қадағалап отырған М.
Шоқай большевиктер партиясы қатарына енгенімен өздерінің шынайы ұлттық элитаға тән
азаматтық, отаншылдық биіктен төмендемеген қандастары туралы «Смағұл Сәдуақас,
Қожанұлы Сұлтанбек және Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде кеңес үкіметін бірден
жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар, өткен тәжірбиелері көрсетіп отырғандай, Кеңес
үкіметіне тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек
Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол
бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз. Смағұл Сәдуақас та сондай тұлға.
Ал Меңдешұлын өз басым білмейді екенмін. Бірақ оның да Сұлтанбек пен Смағұл тәрізді
қайраткер екеніне шүбә келтірмеймін» [6, Б.60] деп баға береді. М. Шоқайдың саяси тұлғалар
қызметін бағалауда олардың ұлтжандылық әрекетіне баса мән берген бұл пікірін әдістемелік
негіз етіп алуға болатын танымдық қағида деп қабылдауға болатындай.
Әрине «көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір
адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана
емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық
үдерістерге жасайтын ықпалы» [7, С.4] екендігін ескерсек аталған тұлғалар алдағы уақытта да
ғылыми ойдың нысаны болып қала бермек. Осыған байланысты большевиктер көсемі В.И.
Лениннің өзіне тән категориялықпен «Пролетариатқа саяси қайраткерлердің тірісі және өлісі
туралы да шындық керек, өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың
тәні бақилық болса да олар саясат үшін өлмейді» [8, С.8-9] деген тұжырымын қуаттауға
болады. Демек, С. Қожановтың тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасайды. Ұлт
барда ұлттық мүдде бар. Ұлттық мүдде бар жерде оған қызмет етудің өлшеміне айналған С.
Қожановтың тұлғасы менмұндалайды.
Ендігі мәселе қайраткердің қоғамдық-саяси қызметін ғылыми танымның игілігіне
айналдыруға байланысты. Бұл үшін ең алдымен С. Қожановтың өмірі мен қызметіне қатысты
материалдар мен құжаттардың және шығармаларының жинақтарын ғылыми айналымға
ұсыну. Алматы мен Ташкенттің, Мәскеу мен Орынбордың архивтеріндегі құжаттардың басым
бөлігі ғылыми жұртшылыққа жетпей жатыр. Сол сияқты оның әдеби шығармаларының өзі
қомақты дүние болмақ. Оның соңына қалдырған құжаттық деректерінің арасында бүгінгі
ғылыми танымның қажетіне жарайтын, ұлттың рухын көтеруге қызмет ететін дүниелер аз
емес.
С. Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісі болды.
Оның өзінің сан-салалы қызметінде топтық, аймақтық тіпті таптық мүдделердің деңгейінде
қалып қоймай ұлттық, мемлекеттік биліктен табылды. С. Қожанов сияқты ұлтжандылығы
мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған
қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.
230
Отан тарихының мазмұнындағы тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, жекелеген
тұлғалардың қызметін бағалауда ғылыми айналымға ұсынылатын тың құжаттық деректерден
тарихи ақиқатты табу, тану, таныту үшін жаңа әдіснамалық негіз қалыптастыруда ұлттық,
мемлекеттік мүдде басты назарда болуы тиіс. Тарихи ақиқатты бүкпесіз және боямасыз тарихи
танымға ұсынуды талап ететін бұл ғылыми және әлеуметтік фактор отан тарихының мазмұнын
жалпыадамзаттық құндылықтарға сай жаңалайды және қоғамдық ой сананы тұрақтандырады.
Елбасының мақаласында тарихи сана қалыптастыруға қызмет етуі тиіс «Ұлы Даланың ұлы
есімдері» бағытында атқарылатын кешенді жұмыстардың ғылымилығы осындай
методологиялық тұжырымдарға негізделуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |