Бекіту сұрақтары:
1. Араб елдерін Осман түріктерінің жаулап алуының алғышарттарын көрсетіңіз.
2. Османдар қол астындағы араб елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау
жасаңыз.
3. Түріктер билігіндегі Солтүстік Африка елдерінің әлеуметтік-саяси дамуы?
4. Кейінгі орта ғасырлардағы араб елдерінің діни дамуы туралы эссе жазыңыз.
XVII ТАРАУ
XІV – XVII ҒҒ. ОСМАН ИМПЕРИЯСЫ
Османдар мемлекетінің қалыптасуы.
Ортағасырлық Түркия тарихын
екі кезеңге бөліп қарастыруға болады: селжүктер және османдар дәуірі,
екеуінің арасын «бейліктер дәуірі» деген атауға ие болған ерекше кезең ( ХІІІ
ғасырдың екінші жартысы – XV ғасырдың бас кезеңі) бөліп жатыр.
«Бейліктер дәуірінде» маңызды саяси және этникалық өзгерістер орын алды,
бұл өзгерістер негізінен моңғол шапқыншылығымен және соған байланысты
Анадолыға түркілердің екінші рет қоныс аударуымен (миграциясымен)
байланысты болды.
Монғолдардың 1243 жылы Кіші Азия селжүктеріне берген соққысы
мемлекеттің екіге бөлінуіне алып келген болатын. Қызыл Ырмақ өзенінен
шығысқа қарай жатқан Анатолия территориясы хулагуиттер империясының
құрамына енді. Ал Кіші Азиялық селжүктер монғол хандарына вассалдық
тәуелділігін мойындағанмен, Орталық және Батыс Анатолияның үлкен
бөлігіне формалды болса да билігін сақтап қалды. Алайда олардың иеліктері
тез-ақ бірқатар әмірліктерге (бейліктерге) бөлініп кетті. Бұл жаңа саяси
бірлестіктердің қалыптасуы ең алдымен шекаралық аудандарда (удж), яғни
Кіші Азияға енді ғана келіп қоныстанып жатқан көшпелі және жартылай
көшпелі тайпалар арасында орын алады.
ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырдың жартысында Батыс
және Орталық Анатолия жерінде 20-ға жуық әмірлік пайда болды. Олардың
бірқатары көп ұзамай жойылды, ал кейбіреулері ұзақ өмір сүріп, Түркия
тарихында ерекше рөл атқарды. Соңғыларының қатарына ХІІІ ғасырдың 60-
шы жылдарында Киликиялық Армян патшалығынан батысқа қарай жатқан
Тавр тауы ауданында құрылған Караман бейлігі, сондай-ақ Византиямен
шекарада қалыптасқан Гермиян әмірліктері болды. Бұл екі әмірлік те
христиан мемлекетімен шекаралас орналасқандықтан, сол жерлерге ғазауат
соғысын жүргізу арқылы өз территориясын тез-ақ кеңейтіп алған болатын.
Кіші Азияның бүкіл батыс жағалауын өзіне қаратып алған осы бейліктердің
экономикасының басты көзі теңіз қарақшылығы мен құл саудасы болды.
Түрік қарақшыларынан Еуропа елдерінің зардап шеккені соншалық, олар бас
біріктіріп крест жорығын ұйымдастыруға бел буады. Еуропалықтар Эгей
теңізінің Кіші Азиялық жағалауындағы ірі портты қала Смирна (Измир)
портын алу мақсатымен 1343-1344 жылдары крест жорықтарын
ұйымдастырды. Еуропалықтардың батыл әрекеттерінің нәтижесінде Эгейлік
әмірліктердің әскери және экономикалық потенциалы айтарлықтай әлсіреп,
олардың сыртқы саяси белсенділігі төмендеп кетті.
Шекаралық бейліктердің тағы бірі – Вифинияда (Кіші Азияның
солтүстік-батыс бөлігі) орналасқан, Осман бей (1288–1324) негізін қалаған
бейліктің тағдыры басқашалау қалыптасты. 1219-1221 жж. монғолдардың
Орта Азияға жорығы кезінде Ертоғрыл бастаған қайы түркмен тайпасы
түркмен даласынан батысқа қарай жылжып, ХШ ғ. 30 ж. Кіші Азияға жеткен
болатын. Ертоғрыл Селжұқ сұлтанынан икта ретінде жер алып, сол үшін
шекараны күзетуге міндеттелді. 1281 ж. Ертоғрылдың ұлы Осман Кіші
Азияда Осман әулетінің негізін қалады. Осман бейлігінің басқа әмірліктерден
жері бойынша да, әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша да деңгейі
төмен болды. Алайда оның географиялық орналасуы (монғолдардан
алыстығы) және XIV ғасырдың басына қарай Кіші Азияда қалыптасқан саяси
жағдай оның тез арада күшеюіне және жерінің кеңеюіне алып келді. Осман
әмірлігінің тез өсуіне ықпал еткен маңызды фактор оның Византиямен
көршілігі болды. Бейлік көсемдерінің Кіші Азияның әлсіреп бара жатқан
империясына қарсы бағытталған әскери қимылдары оның шекарасын
айтарлықтай кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге «кәпірлерге» қарсы
«қасиетті соғысқа» қатысу үшін Анатолияның басқа әмірліктерінен үнемі
жаңа күштердің келіп отыруына ықпал етті.
Османның ұлы Орхан тұсында (1324-1362) мықты бекіністі қала
Бурсаның маңындағы жерлер, сондай-ақ ірі Византия қалалары – Никея
(Изник) мен Никомедия (Измит) алынды. Осман билеушілерінің басқа да
көптеген Кіші Азия бейліктерінің арасында жетекшілік рөл атқаруына оның
Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы жаулаушылық саясаты ықпал етті. Түрік-
османдар бұл бағыттағы өздерінің алғашқы жаулаушылықтарын 1352-1357
жылдары Византия тағына әртүрлі үміткерлердің одақтастары ретінде шыға
отырып іске асырды. Балкан түбегіндегі күрделі саяси жағдайды пайдалана
отырып, олар 30 жыл ішінде түбектің айтарлықтай бөлігін өздеріне қаратып
алды. Олар өз астанасын Кіші Азиядан Балкандағы Адрианопольға (Эдирне)
көшірді. Константинопольды тылда қалдыра отырып түрік әскері
солтүстікке, Сербияға аттанды. Шешуші шайқас 1389 жылы Косово
даласында өтіп, серб патшасы Лазардың әскері жеңіліс тапты. Сербия
сұлтанның вассалына айналып, салық төлеуге міндеттелді. Косово даласында
І Мұрат серб патриотының қолынан қаза тапты. Сұлтан тағына оның ұлы І
Баязид отырды.
1393 жылы түрік–османдар Болгарияның астанасы – Тырнов қаласын
басып алды. Болгария түрік провинциясына айналды.
Сербия мен
Болгарияны алғаннан кейін түріктер Венгрияға көз тікті. Венгр королі
Сигизмунд түріктерге қарсы крест жорығын ұйымдастырды, оған венгр
жауынгерлерінен басқа француздар, ағылшындар, немістер және чех
рыцарьлары тартылды. 1396 жылы Дунайдың оңтүстігіндегі Никополь
қаласының түбінде венгрлер, валахтар, болгарлар мен еуропалық кресші-
рыцарьлардың
біріккен
әскерімен
болған
шайқаста,
түріктер
еуропалықтардың біріккен күшін ойсырата жеңді.
Бұдан кейін түріктер
Македонияны, Фессалияны, Салоникиді, Кориноны, Патрусьті, Оңтүстік
Албанияны басып алды.
Осман түріктерінің Балканға экспансиясы мемлекеттің құрамына
әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы бойынша да, этно-
конфессиялық жағынан да түріктердің өзінен ерекшеленетін әртүрлі
халықтардың қосылуына алып келді. Мемлекет ішінде мықты экономикалық
және әлеуметтік байланыстардың жоқтығы билеушілерді соғыс ісінде ғана
емес, рухани бірлесудің маңызды факторы ретінде ислам дініне ерекше көңіл
аударуына итермеледі. Сондықтан да Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы жаңа
қосылған жерлерде ислам дінін таратуға айрықша маңыз берілді. Жергілікті
халықтар арасында ислам дінін күштеп енгізуден гөрі, вакуфтық меншік
негізінде діни-мәдени орталықтар ашу жолымен іске асырылып отырылды.
Осман сұлтандығының осы кезде күш-қуатының артуы (Осман бейлігі
Орханның ұлы І Мұрат (1362-1389) тұсында сұлтанатқа айналған болатын)
Кіші Азияның көптеген басқа да бейліктерін өз билігіне қарату жолындағы
күресті бастауға мүмкіндік туғызды. Сатып алу, әулеттік неке және тікелей
басып алу жолдарымен олар бірте-бірте Кіші Азияның үлкен бөлігіне ие
болды. І Мұраттың ұлы Баязид (Балкандағы шайқастардағы жылдамдығы, тез
арада жеткен жеңістері үшін Найзағай – Йылдырым деп аталып кеткен)
Осман мемлекетін империяға айналдыруға тырысты. Ол Константинопольді
жаулап алуды жоспарлады. Алайда бұл жоспардың жүзеге асуына 1402 ж.
Кіші Азияға басып кірген Ақсақ Темір кедергі жасады. Баязид жау әскерін
Анкара түбінде қарсы алды. Шайқастың нәтижесін өз отрядтарымен Темірдің
жағына шығып кеткен Кіші Азия бейлерінің сатқындығы шешіп берді.
Баязид әскері ойсырата жеңіліп, сұлтан мен оның екі ұлы тұтқынға түсті.
Ақсақ Темірдің шапқыншылығы Кіші Азияны қансыратып кетті. Осман
сұлтандығының болашағына қауіп төнді, өйткені Темір Қараман және басқа
да ірі бейліктерді қалпына келтірген болатын. Барынша қысқарып кеткен
Осман иеліктерін Баязидтің ұлдарына бөліп берді. 1404 ж. қаһарлы
жаулаушы Орта Азияға оралды. Ол кеткеннен кейін Баязидтің ұлдары
арасында кескілескен күрес басталды. Күрестің нәтижесінде Баязидтің
көптеген ұлдарының ішінен тек Мұса мен Мехмед қана тірі қалады. 1413 ж.
болған шешуші шайқаста Мұса жеңіліс тауып, басы алынды. Осыдан кейін
Мехмед (1413-1421) Еуропа мен Кіші Азиядағы Осман иеліктерінің бірден-
бір билеушісіне айналды.
Мемлекеттегі өз жағдайын нығайта отырып, Осман билеуші тобы
Балкан мен Анатолиядағы жаулаушылық жорықтарын және Кіші Азиядағы
Темір қалпына келтірген бейліктермен күресін қайта бастады. 1425 ж. Кіші
Азия бейліктерінің қайта жауланып алуымен «бейліктер дәуірі» аяқталады.
Осы дәуір шеңберінде Осман мемлекетінің қалыптасуы аяқталып, негізінен
сыртқы экспансияға бағытталған сұлтанат қалыптасты.
Достарыңызбен бөлісу: |