Осман империясының әлеуметтік-саяси мекемелерінің қалыптасуы. XV ғ. ортасына қарай Османдық қоғамдық-саяси құрылыстың
негізгі белгілері анықтала бастады. Оның маңызды бөліктерінің бірі
тимар жүйесі болды. Тимар ұстаушы
сипахилер , яғни әскерилер, бастапқыда
тимарлық жерден түскен өнімнің бір бөлігіне ғана құқылы болды. Бірте-
бірте бұл жерлер мұрагерлікпен ұсталатын болды.
Осман мемлекетінің күш-қуатының артуына мемлекет қазынасынан
күнелтетін тұрақты әскердің алғашқы бөліктерінің құрылуы да аз ықпал
етпеді. Бұл әскери жасақтар
янычарлар (жаңа әскер) деп аталды. Мұндай
алғашқы жаяу әскери отряд Орхан тұсында-ақ пайда болған болатын.
Янычарлар корпусының ерекшелігі оның құлдық статустағы, яғни
соғыс тұтқындары мен сатып алынған құлдардан жасақталуында болды.
Өзінің мәдени-діни ортасынан бөліп алынып, туыстық байланыстарынан
айырылған, мұсылман діни ұйымының өкілдерінің тәрбиесіне берілген
(бекташиа сопылық ордені), бекташиа ұйымының ережесін бұлжытпай
орындауға тиіс болған янычарлар томаға-тұйық әскери корпорацияға - сұлтан
гвардиясына айналды. XV ғ. бірінші жартысында сұлтанның асырауындағы
әскер өзара жіктелетін болды: янычарлық жаяу әскермен қоса атты әскер
және артиллеристер корпусы пайда болды. Жаңа, оқпен ататын қарудың
тиімділігіне көз жеткізген осман билеушілері XV ғ. бірінші жартысында өз
армиясын зеңбіректермен және мылтықтармен қаруландыра бастады.
XV ғ. ортасына қарай түрік армиясы ұйымдық жағынан да, жарақтану
жағынан да Еуропа жасақтарынан кем түспеді. Тұрақты әскерден Осман
билеушілері мықты орталық билік пен мемлекет бірлігін нығайту құралын
көрді. Оның көмегімен сұлтандар сипахилердің еркіндігін шектеп, жауланып
алынған елдің халқын бағыныштықта ұстап отырды.
I Баязид билігі тұсынан бастап
қапықұлы («мемлекеттік құлдар»)
жүйесі кең ауқымда дами бастады, бұл жүйе шеңберінде құл статусы әскерде
ғана емес, мемлекеттік қызметте де қолданылған болатын. Қапықұлыларды
толықтырып отырудың бұрынғы көздері жеткіліксіз болғандықтан,
Балқанның бағынышты христиан халқының балалары мен жасөспірімдерін,
ең алдымен славяндар мен албандардың балаларын еріктен тыс салғырт
немесе өзіндік бір «тірі салық» -
девширме ретінде жүйелі түрде алып отыру
басталды. Осман мемлекеті қалыптасуының алғашқы кезінде-ақ пайда болған
мұндай әлеуметтік мекемелер мен қатынастар оның одан арғы дамуында
жетіле түсті.