Серік Мырзалы философия оқу құралы



Pdf көрінісі
бет362/521
Дата07.02.2023
өлшемі3,76 Mb.
#167853
1   ...   358   359   360   361   362   363   364   365   ...   521
Байланысты:
Серік Мырзалы Философия

§ 8. Кеңістік пен уақыт
Қозғалыстағы заттар мен неше түрлі үдерістер кеңістік пен уақыттың 
шеңберінде өтіп жатады. Ең жалпы түрде алғанда, кеңістік деп зат-
тар мен құбылыстардың бірінің жанында бірінің орналасуын айтамыз, 
ал уақытқа келер болсақ, ол – дүниедегі болып жатқан уақиғалардың 
бірінің соңынан екіншісінің келуі. 
Кеңістік пен уақыттың табиғаты жөнінде сонау көне заманнан 
бастап осы уақытқа шейін, негізінен, екі көзқарас қалыптасты. Олар: 
субстанциализм – кеңістік пен уақытты дүниенің алғашқы негіздерінің 
бірі ретінде қарайды және релятивизм (салыстырмалы) – кеңістік пен 
уақыт қозғалып жатқан неше түрлі материалдық объектілердің форма-
лары, соған бағынышты.
Бірінші көзқарастың негізін жасаған көне грек философы Демо-
крит болды. Ол өзінің атомистік ілімінде дүниенің алғашқы негізін 
құрайтын екі бастаманы мойындайды: оның бірі көзге көрінбейтін, 
ары қарай бөлінбейтін ұсақ бөлшектер – атомдар және ғарыштағы 
бос кеңістік. Атомдар сол кеңістікте құлдырап келе жатып бір-
бірімен соқтығысып, табиғаттың заттарын тудырады. Яғни кеңістік – 


392
субстанциялық алғашқы негіздердің бірі. Егер дүниедегі атомдар бір 
сәтте жоғалып кетсе, дүние құрымайды – кеңістік алғашқы негіздердің 
бірі болып қала береді.
Сол заманның ірі ойшылы Эмпедокл бұл пікірге қарсы шығып: 
«Судағы балыққа қараңызшы – онда бос кеңістік жоқ, бірақ балық 
қозғалады», – деген пікір айтқан болатын. Яғни ол бос кеңістік идея-
сына қарсы шықты.
Аристотельдің ойынша да, бос қуыс жоқ, кеңістік – дүниедегі 
заттардың алатын орны, ал уақыт – қозғалыстың саны, мөлшері.
Ортағасырдағы ойшылдар кеңістік пен уақытты Құдайдың жасам-
паздық іс-әрекетіне теңеді. Дүние өтпелі болып кеңістік пен уақытта 
берілген, тек Құдай ғана – мәңгілік, олардан тыс жатыр.
Жаңа дәуірде Декарт «бос қуыстық» идеясына қарсы шығып, 
кеңістіктің заттармен толы екені жөніндегі идеясын ұсынды. Олай 
болса, кеңістік пен созылу – бір. Ол ұзақтық пен уақытты айыру 
керектігін де айтады. Ұзақтық заттарға тән нәрсе болса, уақыт – сол 
ұзақтықтың ой өрісіндегі көрінісі. Осыған жақын көзқараста Лейбниц 
те болды.
Кеңістік пен уақыт жөніндегі ерекше ой айтқан Кант болды. Оның 
ойынша, олар адамға априорлық (тәжірибеден бұрын, тыс) түрде 
берілген: кеңістік сыртқы сезімнің, ал уақыт – ішкі сезімнің априорлық 
формалары. Тек солар арқылы ғана адам өз дүние-танымын белгілі бір 
тәртіпке келтіре алады.
Жалпы алғанда, философия және ғылым тарихында ХХ ғ. дейін 
кеңістік пен уақыт жөнінде субстанциялық көзқарас басым болды. 
Оған өз үлкен үлесін қосқан ағылшын ғалымы И.Ньютон болғанды. Ол 
ғылымға абсолюттік кеңістік (шексіз қуыс) және уақыт (таза, біркелкі 
ұзақтық) санаттардын енгізіп, олар материяға да, бір-біріне де тәуелсіз 
өмір сүреді деген пікірге келеді. Сонымен қатар адамның санасында 
салыстырмалы кеңістік пен уақыт жөніндегі түсініктер бар, олар 
тәжірибеге байланысты өзгерісте болуы мүмкін. 
Ньютон тартуылыс заңдарын ашу негізінде алыстан әрекет ету 
теориясын жасайды. Дүниежүзілік тартылыс күші ғарышта сол сәтте 
тікелей шексіз тарап, нысандарға өз әсерін тигізеді. Сондықтан уақыт 
ғарышта барлық жерде біркелкі. Мысалы, жер бетіндегі бір универси-
тетте лекция оқылып жатса, басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда 
сол сәтте басқа зерделі пенделерге де дарыс жүріп жатуы мүмкін. Бұл 
классикалық механикада жасалған тұжырымдар болатын.
Алайда ХІХ ғ. бастап жоғарыда айтылған көзқарастарға күмәндану 
басталады. Электромагниттік үдерістерді зерттей бастаған М.Фарадей 
мен Дж.Максвелл тартылыс күші қашықтықпен қатар, жылдамдыққа 
байланысты және тікелей тарамайды деген пікірге келеді. Ал күштің 


393
тарауы сол сәтте емес, белгілі бір шектелген жылдамдықпен жүреді. 
Соңында, олар сәуле, магнетизм, электр қуатын біріктіріп, электр-
магниттік өрістің әртүрлі көріністері ретінде қарай бастады. 
Сонымен, ғарыштағы күштердің жылдамдығының шектелгені 
Ньютонның алыстан әрекет ету теориясына үлкен соққы беріп, 
А.Эйнштейннің ғылыми жаңалықтарын ашуға белгілі алғышарттар 
жасады. 1905 ж. ол өзінің кеңістік пен уақыт жөніндегі арнаулы салыс-
тырмалы теориясын жасап шығарады. Бұл теорияның негізінде 
ғарыштағы ең асқан жылдамдық – сәуле жылдамдығы 300 мың км. сек. 
деген қағида жатыр. Онымен салыстырғанда, басқа жылдамдықтарды 
0-ге теңеуге болады. Мысалы, жердегі дыбыс жылдамдығы 340 м.сек. – 
сәулемен салыстырғанда тұрақты деуімізге болады. Егерде қайсыбір 
ғарыштағы үдерістің жылдамдығы сәулеге жақындаса, онда оның 
көлемі қысқарып, уақыт баяулап, салмағы күрт өседі. Дүниедегі 
жылдамдық шектелгеннен кейін, ғарышта бір уақытта болып жатқан 
үдерістер жоқ. Ғарыштағы әрбір жүйенің өз уақыт есебі бар. Мысалы, 
жерде жас әйелі мен бір жасар баласын қалдырып, 25 жасар ғарышкер 
сәулеге жақын жылдамдықпен ғарышқа ұшып, бір жылдан кейін қайтып 
келсе, оны 51-дегі баласы қарсы алады екен! Әкесі 26-да, баласы 51-де! 
Өйткені ғарыш кемесінің ішіндегі уақыт баяулайды да, жердегі уақыт 
есебі бұрынғыдай бірқалыпты жүре береді. Әрине, бұл теориялық қиял, 
оның іске асуы мүмкін емес. Ол іске асқан жағдайда ғарыш кемесінің 
көлемі жоғалып бара жатқан нүктеге айналар еді! Екіншіден, ондай 
жылдамдыққа жету үшін, бүкіл дүниенің күш-қуатын жұмсау керек 
болар еді, ал ол – мүмкін емес.
А.Эйнштейн 1916 ж. өзінің жалпы салыстырмалы теориясын 
жасайды. Оның түйіні ғарыштағы орасан зор нысандардың тартылыс 
күші арқылы айнала қоршаған кеңістікті қисайтуы болып табылады. 
Сөйтіп, кеңістік пен уақыттың қасиеттері ғарыштағы нысандардың 
салмағының бөлінуіне байланысты өзгеріп отырады екен. Бұл 
тұрғыдан алғанда, 2000 жылдан артық ғылымда еш дау туғызбаған 
Евклид геометриясының негізгі қағидалары жер бетіндегі адамдардың 
іс жүзіндегі қызметіне бейімделген тұрпайылынған кеңістік теориясы 
болып шықты!
Неміс ғалымы Б.Риман сфералық кеңістіктің (үлкен шардың 
үстіндегі кеңістік) қасиеттерін зерттеп, оның үстінде сызылған тура 
сызықтан тыс орналасқан нүктенің үстінен бірде-бір тура сызыққа 
параллель сызықты жүргізуге болмайды: бары де онымен тоғысады 
деген пікірге келеді. Сфералық кеңістіктің үстіндегі үшбұрыштың 
қосындысы 180 градустан асып түседі! Жалған сфераның геометриясын 
зерттеген орыс ғалымы Н.И.Лобачевский мен венгр Я.Больяй керісінше 
нәтижеге келді: үшбұрыштың қосындысы 180 градустан аз болып 


394
шықты. Сонымен қатар оның үстінде бір тура сызыққа қосылмайтын 
көп сызықтар болуы мүмкін. 
Олай болса, кеңістік пен уақыт жөніндегі мыңдаған жылдар бойы 
өмір сүрген субстанциялық көзқарастың қазіргі ғылыми зерттеу-
лерге қайшы келгенін байқаймыз. А.Эйнштейннің өзі айтқанындай: 
«Мәселенің түйіні мынада: егерде таңғажайып болып дүниеден барлық 
материалдық заттар жоғалып кетсе, кеңістік пен уақыт қала берер еді 
деп бұрын есептеген болатын. Ал салыстырмалы теорияға сәйкес, зат-
тармен бірге кеңістік пен уақыт та құрдымға кетер еді. Яғни кеңістік 
пен уақыттың қозғалыстағы материядан тыс өзіндік болмысы жоқ, олар 
тек оның формалары ғана».
Қорыта келе, кеңістік пен уақытты дүние болмысының ең жалпы 
қажетті формалары ретінде қарап, сонымен қатар оны философия, 
физика т.б. ғылымдардың іргелі санаттарына жатқызуымыз керек. 
Дүниеде еш жерде кеңістік пен уақыттан тыс өмір сүріп жатқан бірде-
бір зат, құбылыс жоқ.
Ең алдымен ескертетін нәрсе – олар шынайы және әділетті, яғни 
адамдардың санасына тәуелсіз өмір сүріп, сонымен қатар танылады. 
Діни философияда кеңістік пен уақыттан тыс өмір сүретін Құдай 
идеясы мойындалады, бірақ ол – ешқашанда дәлелденбейтін ашық 
сұрақ. Ал Канттың субъективтік-идеалистік көзқарасына келер болсақ 
(кеңістік пен уақыт – априорлық сезімдік формалар ғана), ол да қазіргі 
ғылыми сынды көтермейді.
Келесі ескеретін мәселе – кеңістіктің үш, ал уақыттың бір өлшемдігі. 
Кеңістіктегі әрбір заттың орнын анықтау үшін біз бір-біріне тәуелсіз 
үш координатты (X, Y, Z, яғни ұзындық, биіктік, ен) пайдаланамыз. 
Математика саласында көпөлшемді кеңістік ұғымы пайдаланылғанмен, 
оның шынайы кеңістікке қатысы жоқ, өйткені оның координаттары 
заттың температурасын, жылдамдығын, салмағын т.с.с. анықтайды.
Уақытқа келер болсақ, оның өлшемі бір ғана: ол өткеннен қазіргіге 
өтіп, болашаққа бағытталған. Теориялық тұрғыдан алғанда, егер 
жылдамдық Күн сәулесінен де жоғары болса, онда уақыт кері 
ағуы мүмкін. Бірақ ол шынайы түрде мүмкін емес. Уақыттың кері 
қайтпаушылығы – оның бір өлшемдігінен шығады. Кеңістікте қайта 
оралушылық бола береді. Мысалы, біз күнде үйден шығып, кешке 
қайта ораламыз. 
Кеңістіктің біркелкілік (барлық нүктелердің теңдігі) және 
изотроптық (барлық жаққа бірдей тарауы), ал уақыттың тек біркелкілік 
(барлық нүктелер бір-біріне тең болғандықтан, уақытты қай сәттен бол-
сын бастай беруге болады) қасиеттері бар.
Соңғы жылдары ғылымда биологиялық, психологиялық және 
әлеуметтік кеңістік пен уақыт санаттары пайда болып, қазіргі өмірде 
кеңінен пайдаланылып зерттелуде. 


395
Биологиялық кеңістік пен уақыт әртүрлі тіршілік формаларының 
кеңістік пен уақыттың шеңберіндегі өмір сүру ерекшеліктерін, өсімдік 
пен жануарлар әлеміндегі түрлердің ауысуын т.с.с. сипаттайды. 
Мысалы, иттің өмірінің ұзақтығы 20 жылға жуық болса, қарғаның 
өмірі 300 жылға дейін созылады. Дүниедегі ең ұзақ өмір сүріп жатқан 
жануар – қолтырауындар өзгерместен, сонау динозаврлар өмір сүрген 
уақыттан бері келе жатыр.
Ал биологиялық кеңістікке келер болсақ, оңтүстік аймаққа бейім-
делген тіршілік формалары солтүстікте өмір сүре алмайды, әр тіршілік 
формаларының өзінің кеңістіктегі өмір сүру аймағы бар.
Адамның биологиялық өмір сүру ұзақтығына әлеуметтік фактор-
лар өзінің зор әсерін тигізеді. Мысалы, алғашқы қауымдық қоғамдағы 
адам өмірінің орташа ұзақтығы 25 жылдай болса, қазіргі дамыған 
елдердегі көрсеткіш 75-80 жылға дейін жетеді. Ал өмір сүру кеңістігіне 
келер болсақ, адам өзінің саналы іс-әрекетінің арқасында жер бетіндегі 
барлық аймақтарды игерген. Бүгінгі таңда адамның аяғы баспаған жер 
қалмаған болар.
Қазіргі ғылыми деректер бойынша, әр организмнің өзіне тән уақыт 
өлшемі мен ырғағы бар. Мысалы, жылы күз шағында солтүстіктен 
алғашқы суық жел келген кезден бастап, қоян қоңыр жүнін түсіріп, 
ағара бастайды. Егер қар уақытында жаумаса, қара жерде ақ 
қоянды көруге болады. Ортағасырдағы діни философияда «құдайды 
дәлелдеудің» бұл негізгі аргументі болатын, әр тіршілік формасы 
«мақсатқа лайықтылықтың» негізінде өмір сүреді, ал оны тіршілікке 
енгізген – жоғарғы саналы күш. ХХ ғ. ортасына шейін бұл «дәлелдеуді» 
ғылыми жолмен ешкім терістей алмады. Тек совет ғалымдары П.Анохин 
мен Н.Бернштейннің арқасында ғана оның құпиясы ашылған болатын. 
Оның мән-мағынасы мына факторларда жатыр. 
Әрбір организм өзінің айнала қоршаған ортаға бейімделуі бары-
сында шындықты алдын ала бейнелеу дәрежесіне көтеріледі. Оған себеп 
болған ғарыштағы уақыт ритмі: күн мен түн, жаз бенен қыс, Айдың 
тартылыс күші арқылы теңіз суының көтерілуі мен қайтуы, Күннің 
әрбір 11 жыл сайын энергиясының өсуі т.с.с. миллиардтаған жылдар 
бойы тіршілік ритмін анықтап, оның генетикалық бағдарламасында 
жазылып, соған сәйкес өмір кезеңдерін тудырды.
Биологиялық уақыт та организмнің өмір сүруінің әр сатысында 
соған сәйкес өзгеріп отырады. Адамның жас кезінде организмдегі 
«сағат» айнала қоршаған уақыттан гөрі тезірек өтеді де, психологиялық 
тұрғыдан келгенде, адам өмірі баяу өтіп жатқан тарызді болады. 
Карылік келіп, организм қартайған кезде оның «сағаты» қоршаған 
ортадағы уақыт ритмінен қалыңқырап, психологиялық тұрғыдан 
алғанда, өмірдің зымырап тез өтіп бара жатқанындай әсер тигізеді. 


396
Сөйтіп, биологиялық кеңістік пен уақыт та бірқалыпты емес, өмірдің 
ерекшелігіне сай өзгеріп отыратынын анықтадық.
Психологиялық кеңістік пен уақытқа келер болсақ, оның да өз 
ерекшеліктері бар екенін байқаймыз. Ол, негізінен алғанда, – тек адамға 
тән нәрселер. Ол дүниені адами қабылдау мүмкіндіктерімен бірге оның 
іс-әрекетімен тығыз байланысты. Егер сіз өте қызықты шығармашылық 
іспен айналысып жатсаңыз, онда уақыттың қалай өткенін байқамай 
қаласыз. Жалғыздық адам уақытын қорғасын басқандай басып, баяула-
тады. Ағылшындар айтқандай, ісі жоқтық, адамның миын шайтанның 
шеберханасына айналдырып, ақырында адам ішімдікке, нашақорлыққа 
салынып, я болмаса қылмыстық жолға түсіп, өзін-өзі жоғалтып, бір-ақ 
рет берілетін өмірінің быт-шытын шығарады. Өкінішке қарай, бүгінгі 
таңдағы кең етек алған жұмыссыздық қоғамдағы бүкіл әлеуметтік 
ауытқудың негізгі себебі болып отыр. 
Дүниеде тек қана психологиялық салада уақыттың қайта оралу 
әсері бар. Оны алғаш рет көркем түрде көрсетіп, таңғалдырған фран-
цуз жазушысы Марсель Пруст болған-ды. Егер сіз жас кезіңізде 
болған жерге қайта оралып, алғашқы махаббатыңыз оянған жердегі 
қайыңның жанында тұрсаңыз, өзіңіздің көңіл күйіңізге байланысты 
сол балауса кезіңізге қайта оралғандай боласыз. Сол кездегі сезімдер 
мен дүниесезім сізге қайта оралғандай болады. Ол әсіресе адамның 
түсінде, кейбір бейсаналық, транспсихикалық ахуалдарда кездеседі. 
Әрине, психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралғандай әсері өмір 
шеңберіндегі жан-дүниеде өте терең із қалдырған оқиғалармен байла-
нысты екені – түсінікті жайт.
Соңғы әлеуметтік кеңістік пен уақытқа келер болсақ, ол да өне 
бойы өзгерісте. Біржолата және біркелкі берілген әлеуметтік кеңістік 
пен уақыт жоқ. Мысалы, алғашқы қауымдағы әлеуметтік кеңістік 
адамның жаяу біркүндік жолының шеңберіне тең болды, яғни 20-30 
шақырым. Жылқыны үйреткен кезден бастап, әлеуметтік кеңістік ана-
ғұрлым кеңейді. Машина техникасы пайда болған кезде, ол мыңдаған 
шықырымға өсті. Ал қазір сіз Лондонның «Хитроу» аэропортында 
2,5 дыбыс жылдамдығымен ұшатын «Конкорд» ұшағына мінсеңіз, 4 
сағаттан кейін Американың «Дж.Кеннеди» аэропортына қонасыз! Радио, 
теледидар, интернеттің дамуы – бүкіладамзаттық әлеуметтік кеңістікті 
құрады. Күнбе-күн дүниеде не болып жатқанын үйде отырып-ақ біле 
бересіз. 
Әлеуметтік уақыттың да өне бойы өзгерісте екенін байқауға болады. 
Мысалы, Орта ғасырларда өмір сүрген бабаларымыздың уақыты 
тым баяу өтті. Өйткен себебі, қоғам өміріндегі өзгерістер тым төмен 
қарқынмен жүрген болатын. Сонау 4-5-ші аталардың жасаған ісін 
шөберелері мен немерелері істеді: мал бақты, қымыз ішті, сайысқа 


397
түсті, қызды құшты т.с.с. Барлық қарым-қатынастар ата-бабалардан 
қалған әдет-ғұрыптардың негізінде жүре берді, өзгерістер өте аз болды.
Жаңа дәуір дүниеге келген кезде, жағдай мүлде өзгерді. Жүздеген 
қалалар бой көтеріп, мыңдаған жаңа кәсіптер пайда болды, ғылым мен 
техника орасан зор жетістіктерге жетті, солардың барын игеріп, өз бо-
йында қамтуға адамның уақыты жете алмай қалды, сондықтан ол тез 
қарқынды өте бастады. Бүгінгі таңдағы реформалар өмір қарқынын өте 
тез өсіруде. Көп қиын-дықтардың себептерінің бірі осыған байланысты, 
көп адамдар әсіресе жасы келіп қалғандар, оны игеруде өте үлкен қиын-
дықтардан өтуде.
Соңында ескеретін нәрсе – бұл тақырыптың өміршеңдгі, этикалық 
мән-мағынасы, маңыздылығы. Өйткені адам өмірін дүниедегі қайсыбір 
затпен салыстырсақ, оның өлшемін ешқашанда таба алмаймыз. Оны 
жалғыз ғана уақытпен салыстыруға болады. Адам өмірі – «Ұлы 
мәртебелі Табиғаттың», я болмаса Құдайдың бізге берген сыйы, өмір 
уақыты. Уақытында Ибн-Сина айтып кеткендей, біздің бұл дүниеге 
келуіміз де, келмеуіміз де мүмкін еді. Алайда біз келдік. Біле білген 
кісіге, жалғыз соның өзі ғана – үлкен бақыт, ғажап оқиға. Олай болса, 
өмірдің әр сәтін бағалап, оны өте ұқыпты пайдалануымыз керек. Тек 
сонда ғана өмірде үлкен жетістіктерге жетуге болады. Жас уақытын зая 
өткізген адам жасы келгенде қынжылады, өйткені өмірде болған қанша 
мүмкіндіктер іске аспай қалды, ал өткенді қайта оралтуға болмайды: 
ол мәңгілікке кете барды. Олай болса, жас дос, осы бастан әрбір сәтті өз 
дарыныңды дамытуға пайдаланып, алдыңа үлкен мақсат-мұрат қой, ол 
сенің зор күш-қуатыңды оятып, жетістіктерге итермелейді. Осы ізденіс, 
өмірді терең сезіну жолында саған көп табыс тілейміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   358   359   360   361   362   363   364   365   ...   521




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет