IV ТАРАУ
КОМПОЗИЦИЯ ЖӘНЕ СЮЖЕТ
Композиция.
Композиция (латын сөзі – kompositio – құрастыру,
тәртіпке келтіру) – көркем шығарманың құрылысы.
Көркем әңгіме не поэма, не роман оқысақ та алуан сюжетке
құрылады.
Сюжет
дегеніміз – шығармадағы адамдардың бір-бірімен
байланысы, қарым-қатысы, күрес-тартыстары – шығармадағы оқиғаның
дамуы. Ендеше оқиға қалай болса солай суреттелмейді; белгілі бір
тәртіппен дамиды. Бір оқиға себебі болса, екіншісі оның нәтижесі.
Адамдардың арасындағы күрес-тартыстар тек кездейсоқ нәрсе емес,
өмір шындығы, өмірге екі түрлі көзқарас, екі түрлі мінездің түйісуі
екендігі аңғарылады. Оқиғаның белгілі бір мекенде, белгілі мезгілдерде
болғандығы көрсетіледі.
Әңгіме адамдар туралы болғандықтан, олардың сыртқы пішіні,
кескіні, мінез-құлқы, іс-әрекеті, күйініш, сүйініші, сөйлеген сөзі,
қысқасы, өмірдегі адам қандай болса, көркем шығармада да біз
тап сондай адамдарды кездестіреміз. Сөйтіп шығармада кездесетін
оқиғаның осылар тәрізді, әр алуан бөлшектердің қалауын тауып жазушы
асқан шеберлікпен қиюластырып, бір бүтін нәрсе етіп шығарады. Міне,
осыны шығарманың композициясы, құрылысы деп атайды.
Композиция (құрылыс) – көркем шығарманың барлық түріне
бірдей қатысы бар ұғым. Ал сюжет тек оқиғалы шығармаларға ғана
қолданылады.
Образдардың жасалу жолдары.
III-тарауда образ–тип дегеніміз не,
олардың мәні қандай, т.б. бірнеше мәселелердің бетін ашуға тырыстық;
енді сол образ–тип қандай жол, қандай әдістермен жасалады деген
сұраққа тұжырымды жауап беруге біз міндеттіміз. Бұл – бір.
Екінші, шығармалардағы кейіпкерлер композиция, сюжет
мәселелерімен байланысты тарауда көп сөз болады, сондықтан адам
образдарын жасауда ақын-жазушылар қандай әдіс, қандай шеберліктер
қолданады, осы мәселенің сырын ашуымыз керек. Сонда біз жоғарғы
екі тараудың тілегінен туатын сұрақтарға да жауап береміз.
Образдың жасалу жолдары сан алуан, бірақ солардың ішіндегі ең
негізгілері: портрет, мінездеу, адамның күйініш-сүйініштерін суреттеу,
қатысушылардың сөздері және жанама мінездеу. Бұлар бір-бірімен
нық байланысты. Шығармалардың құрылысында бірі ол жерде, бірі
бұл жерде келсе де, жиынтығында кейіпкерлердің бейнесін айқындап,
оларды ерекше көзге түсерлік образ–тип дерлік дәрежеге жеткізу
жұмыстарын атқарады.
|