39
басқалардан жекелеп, ерекше көзге түсерлік етіп көрсетуге тырысады.
Ол үшін ең алдымен керекті жайт – жеке адамға тән мінез.
Әдеби мінез
(ли тературный характер) жайшылықтағы мінезден
анағұрлым те рең, анағұрлым кең. Жайшылықта біз біреуді жеңіл мінезді
не салмақты, ауыр мінезді кісі дейміз. Мұның негізінде де бір адамды
екінші адамнан айыру, жекелеу жатыр, бірақ ол толық емес, адам
мінезінің тек бір-ақ жағын көрсетеді.
Көркем әдебиеттегі жеке адамға тән мінез: адамның мінез-құлқын,
нанымын, сенімін, ой-пікірін, өмірге көзқарасын, психологиясын,
күйініш-сүйінішін, басқаларға қарым-қатысын, сөздік қорын, тіпті оны
қолданудағы ерекшеліктеріне шейін қамтиды. Осылардың бәрін бір
адамның бойына сыярлық сипат етіп шебер суреттеудін негізінде сол
адамның бейнесі, образы, айнаға түскен сәуледей, біздің көз алдымызда
тұрады. Осыны образ не адам образы деп атаймыз.
Жазушылар жеке адамға тән мінездерді жасағанда адамның өмір
жолдарын, іс-әрекеттерін баяндайды, сол арқылы оның мінезінің қалай
қалыптасқандығын елестетеді. Жақсы не жаман мінез бір күннің не бір
жылдың ісі емес, талай жыл, талайғы өмір соқпақтарының нәтижесі
екендігін аңғартады. Көркем шығармадағы кейбір әдеби мінездің
қалыптасуы өмірдің, өз ортасының әсерімен біртіндеп өсе келе мүсінделуі
де, кейбірі белгілі қайшылықтардан кейін ғана қалыптасуы да мүмкін.
Шығарманы ой көзімен оқыған кісіге мұны аңғару қиын емес.
М.О.Әуезовтің «Абай» романындағы Құнанбайды алсақ, жазушы
оның мінезінің сан алуан жақтарын суреттейді. Құнанбай қатыгез,
мейірімсіз, бекінгеніне берік, ойланған мақсатын орындамай тынбайтын
бірбет, сұмдықты әріден ойлайтын зымиян, басынан бақайшағына
шейін ескілікке берілген кертартпа; сонымен қатар ол ойлы, ақылды;
қимылдың, істің адамы, сөзге шешен, тілге жүйрік, қолы ашық мырза.
Қысқасы, оның мінезінің сан алуан жақтары бар. Әйтсе де солардың
ішінен, ең бірінші орындағы, ерекше көзге түсіп, мәңгілік есте қалатын
мінездері – қаттылық, мейірімсіздік, ел тізгінін өз қолында ұстауға
шебер, әккілік, әріден ойлайтын зымияндық, беріктік. Оның мінездерінің
басқа жақтары сол негізгі мінезін толықтыра түсетін, көмекшілік қана
жұмыстар атқарады.
Жазушы Абайдың әр алуан мінез-құлықтарын сипаттап, оның
мінезінің ішінен адамгершілік, жаңашылдық, демократтық, патриоттық,
мейірбандық, ойшылдықтарды оған тән негізгі мінез, сипаттар деп
бірінші орынға қояды. Оқушыларының есінде берік сақталатын да Абай
мінездерінің осы жақтары.
Достарыңызбен бөлісу: