Шығарманың идеясы.
Қандай шығарма болсын, белгілі бір
идеяны үндейді. Тақырып, оқиға және оның құрылысы, шығармада
қатысушылардың араларындағы тартыс, оларды суреттеу әдістері,
түптеп келгенде – жазушының сол шығармадағы айтайын деген идеясына
бағыныңқы.
Ал қандай идеяны үндеуі жазушының өмірге көзқарасына, дүние
танушылығына негізделінеді. Шығармадағы суреттелетін өмір
құбылысын, күрес-тартыстарды образ арқылы оқушылардың көз алдына
елестете, ой-сезіміне әсер ете отырып, жазушы оларды өзі меңзеген
бағытқа жетектейді.
Көркем шығарманың идеясын айқындау тек оның мазмұнын ғана
айту емес, сол идеяны образ арқылы (адам образы) оқушыларының ой-
сезіміне қалай жететіндігін ашу.
Шығармадағы оқиға байланысы, дамуы, дәлелденуі, шарықтау шегі,
шешуі, қысқаша айтқанда, құрылысы, адам образы, олардың жасалу
жолдары – бәрі шығармадағы негізгі идеяны оқушыларға жеткізу
үшін керек екендігі сөзсіз. Әйтсе де щығарманың идеясын ашу үшін
осылардың ішінде шешуші орын алатыны адам образы. Олардың өзара
күрес-тартысын, іс-әрекетін, наным-сенімін, мінез-құлқын суреттей
келе, жазушы оқушыларының ой-сезіміне әсер етеді және өзінің ойын
ең алдымен сол образдар арқылы жеткізеді. Мысалы, Отан қорғау
тақырыбына жазылған шығармалардың негізгі идеясы – патриотизм, өз
елі, өз жеріне шын берілген ерліктерді көрсету, соны басқаларға үлгі ету,
бірақ осыны біз жазушының қаламынан шыққан көркем шығармаларда
тек ақылымызбен болжап, біліп қана қоймаймыз, сезінеміз. Совет
адамдарының Отанына шын берілген ерлік істері бізді сүйсіндіреді,
ойымызға мақтаныш, көңілімізге қуаныш, жүрегімізге жылылық пайда
болады. Көркем шығармадағы әлдеқандай жасырын күш сезіммен бірге
ойыңды да билеп әкетеді. Бұлардың бәрі сол образдың, көркемдіктің
күшімен байланысты.
Шығармаларды талдағанда бұл жайттарға біз айрықша көңіл
аударуымыз керек.
Есте болатын бір нәрсе, шығарманың негізгі, жетекші идеясымен
қатар сол негізгі идеяны толықтыра түсетін қосымша идеялар да болады.
|