Хх ғасыр басындағЫ Әдебиет электронды оқу құралы


Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)



Pdf көрінісі
бет22/58
Дата23.09.2023
өлшемі3,36 Mb.
#182125
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   58
Байланысты:
annotation124256

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920).
Сұлтанмахмұт 
Торайғыров қазіргі Көкшетау облысы, Қызылту ауданында 1893 жылы 
28 қазанда дүниеге келген. 
 
Сұлтанмахмұт шығармашылығының өзекті тақырыбы – оқу-ағарту 
жөнінде. Ақын оқу-білім тақырыбын ақындық жолының алғашқы 
кезеңінен-ақ өз шығармашылығына өзек ете бастаған. «Орнымыз 
медресе оқып жатқан», «Оқу», «Оқып жүрген жастарға», 
«Талиптарға», «Оқудағы мақсат не?» өлеңдері осының айғағы. 
Сұлтанмахмұт оқу-ағартуды арқау еткен өлеңдерінде өз мақсаты мен 
қазақ жастарының мақсатын ұштастыра отырып жырлайды. Ақынның 
үміт-арманы мен білім-ғылым туралы түсінігі, жеке басының ғана 
емес, ұлт қамын ойлаған жанның биік азаматтық мақсаттарымен 
айшықталады. 
Сұлтанмахмұттың бұл тақырыпқа жазған кейінгі өлеңдерінде 
(«Шығамын тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы») лирикалық 
қаһарманның өршіл ойлары айқындала түседі. Ақынның 
романтикалық рухқа толы жалынды өлең жолдары өлең сөзінің 
құдіреті арқылы оқырман көңіліне жылы ұялап, жүрегіне жол табады.
Ақын ретінде қоғамдық өмірдің алуан түрлі сұрықсыз жақтары мен 
ұнамды-ұнамсыз кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, характерлерін, мінез-
құлқын, ішкі жан-дүниесін ашық, айқын, әсерлі көрсетуде асқан 
шеберлік танытады. Суреткер адамның әр түрлі қасиеттерін, сыр-
сипатын бейнелі сөз үлгілерімен бере отырып, жаратылыс 
көріністерін, табиғат құбылыстарын жанды бейне кейпінде бейнелейді. 
Сұлтанмахмұт өз поэзиясына негізгі өзек етіп халықтың бостандық 
сүйгіш ұлы мұратын таңдап алды. Оның ақын ретінде қалыптасуына 
әсер еткен жағдай өз кезеңіндегі халықтың әлеуметтік өмірі, ұлтының 
бостандық жолындағы күресі болса, үйренген мектебі, алған тәлімі 
ұлы Абайдың озық үлгідегі әдеби дәстүрі болды. 


Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиетіндегі өзіндік орнын тек 
лирик ақын ғана емес, қазақ әдебиетінің күрделі жанрдағы көлемді 
туындыларымен байыту арқылы да алған дарын иесі. Оның үлкен 
жанрдағы алғашқы туындысы – 1914 жылы жазылған «Қамар сұлу» 
романы. 
 
«Қамар сұлу» – реалистік шығарма. Романда ХХ ғасырдың 
басындағы қазақ ұлтының әлеуметтік өмірі, тыныс-тіршілігі нақты 
көрініс тапқан. Шығарманың негізгі тақырыбы – әйел теңсіздігі 
болғанымен, 
ол 
қоғамдағы 
жалпы 
әлеуметтік 
теңсіздік 
қайшылықтарын ашуға апарар жол ғана. Қайғылы халге ұшыраған екі 
жастың гүл ашпай жатып солған жауқазын махаббаты – қараңғылық 
пен надандыққа қарсы күрестің жаңа өскіні, жаңа күші. Бір-біріне 
қарама-қарсы екі топ өмірге, қоғамға, адамға деген екі түрлі көзқарас 
арқылы айқындалады. Қамар – романдағы бүкіл оқиғаның желісін 
ұстап тұрған негізгі тұлға. Ақын өз тұсында қазақ қоғамында орын 
алып отырған түрлі қайшылықтар мен алға дамуды тежеп отырған 
кертартпалықты осы кейіпкердің көзімен көріп, соның түсінік ұғымы 
арқылы білдіреді. Қамар – әрекетшіл бейне, өз бақыты жолында 
әлсіздеу болса да, өмірінің соңына дейін күресіп, қарсылық жасауға 
әрекеттенеді. Автор Қамар болмысын өзгелерден оқ бойы оздырып 
тұрған басты белгі оқығандығында деп біледі. Сондықтан да ол – өз 
заманының озық ойлы қызы.
«Кім жазықты?» романына ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 
басында қазақ қоғамында өмір сүрген бір отбасының үш ұрпақ 
буынының өмір жолын көрсету, сол арқылы замана, дәуір жайлы ой 
толғау арқау болған. Сахараның билеушісі Тасболаттың биіктен 
басталып, құрдымға кеткен тағдыры – шығарманың өзекті желісі. 
Тарих сахнасына шығар келесі буын өкілі, әрине, Әжібай. Автор 
шығарманың басты тұлғасын сомдауға көп күш салған. Әжібайды 
көркем әдебиетке тән көркемдік шындыққа сай шыншыл бейне етіп 
шығарған. Оның қоғамдық ортамен қатынасын көрсету арқылы өзіндік 
өсу, жетілу, өмір тану болмысын бағдарлайды. О баста бойында 
жалыны, басында ақылы бар жасты әкесі ұсынған өмір жолының 


соқпағы өзге сүрлеуге салып жібереді. Күнделікті күйкі тірліктің әлегі, 
болыстыққа таласу, көп әйелдің дау-дамайы ақын суреттеуіндегі 
Әжібайды өмір ырқына бағынған бойкүйез жанға айналдырады. 
Ендеше Әжібай арқылы Сұлтанмахмұт замана өзгерісінде өз орнын 
таппаған қазақ жастарының типтік бейнесін жасаған және ол өмір 
шындығынан туып, көркемдік шындыққа айналған. 
Романдағы ұнамды кейіпкер – Байбол. Оқыған, көзі ашық, көңілі 
ояу кейіпкерін автор жаңа заманның жаңа адамы ретінде суреттейді. 
Әжібайға қарағанда ол – оқығанын көңілге тоқыған, уақыт сырын 
ұққан, өмірге бейім ел басшысы. Байбол – ақынның ағартушылық 
идеялары мен оқығандарды ел ісіне араластыру мақсатынан туған 
образ. 
Әулетті де дәулетті отбасының келесі буыны - Әжібай баласы 
Қабыш. Әжібай өзін адам, азамат ретінде сезініп, қалай болғанда да 
әрекет жасап, арпалысса, Қабыш – ондай қасиеттен жұрдай адам, 
қоғамның азғыны. Ол – арақ, темекі, құмар ойынның құлы болып, өзін-
өзі өмірден аластатқан жан. Сөйтіп, бір кезде өздерін даланың тұтқасы 
сезінген құдіретті Тасболат ұрпағының үшінші буыны замана ағысына 
ілесе алмай, жағаға шығып қалады. Оған жазықты кім? Жан дүниесін 
жайлаған надандық кесірінен өмір өзгерісін, уақыттың алмасуын 
сезінбеу, жаңаның жақсылығын қабылдамау тәрізді кесірлі қасиеттер. 
Ақын түсінігіндегі басты жазықтылар осылар, яғни адамның сырты 
емес, ішкі жан дүниесінің өзгермеуі осындай құлдырауға алып келеді. 
Романда жаңа өмірдің озық құбылыстарын жете болмаса да 
біршама түсініп, өркениетті өмірге қадам басуға ұмтылған бейнелер аз 
да болса көрініс тапқан. Олар – Аппақай, Күлтай, Фельдшер, Әнуар. 
Бұлардың тағдыры әрқилы болғанымен, бәріне тән ортақ белгі – қазақ 
қоғамына келе бастаған озық дәстүр, жаңа салтты жіті қабылдап, өмір 
көшіне ілесуге ұмтылуы. Ақын олардағы ертеңнің көшіне ілесер, 
болашаққа үйлесер қасиеттердің өміршеңдігіне сенеді. 
Зерттеушілер Сұлтанмахмұттың алғашқы поэмасы ретінде 
"Таныстыру" атты шығармасын атайды. Поэма 1917 жылдың аяғы мен 
1918 жылдың басында жазылып біткен. Сұлтанмахмұттың бұл 


туындыны жазудағы басты мақсаты – қазақ ұлтының күрескер ұлдары 
мен аяулы қыздарын еліне таныстыру. Ақын поэманы қара қазақ пен 
оқыған зиялы адамның диалогіне құрған. Екеуінің арасындағы пікір 
алмасу арқылы сол тұстағы қазақ қайраткерлеріне сипаттама ретінде 
мінездеме берілген. Ақын Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет 
Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Әлімхан 
Ермеков, Халел Ғаббасов, Нәзипа Құлжанова, Нұрғали Құлжанов, т.б. 
қазақ халқының бір туар ұл-қыздарының тарихтағы орнын айқындап, 
олардың атына жылы лебіздер білдіреді. Ақын мақсаты – құрғақ 
мақтау емес, бұған керісінше, арыстардың еңбегін бағалап, елге 
таныту, солар жайлы өз білетінін ортаға салу, олардың ісін кейінгі 
ұрпаққа өнеге ету. 
Ақынның іргелі жанрдағы кең құлашты қуатын танытатын көрнекті 
поэмасы - " Адасқан өмір" (1918). Поэма "Мен – бала", "Мен – 
жігіт", "Мен тоқтадым", "Мен – кәрі", "Мен – өлік" атты бес бөлімнен 
тұрады. Мұнда жалғыз ғана кейіпкер бар, ол – лирикалық қаһарман – 
"Мен". Оқиға осы "Мен" арқылы баяндалып, соның өмірге, қоғамға 
деген көзқарасы арқылы сараланады. Бір ғұмырдың өмірге келгеннен 
бастап, өмірден өткенге дейінгі пәнидегі тірлігі, түйсігі, ой-танымы 
терең толғаммен жырланып, реалистік шындықпен суреттеледі. 
Поэма жанрындағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың келесі бір 
күрделі шығармасы - "Кедей"(1919). Бұл – лирикалық поэма. "Адасқан 
өмір" мен "Кедей " – бір-бірімен үндес, мазмұны мен идеясы 
тұрғысынан бірін-бірі толықтырып тұрған шығармалар.
Жалпы, Сұлтанмахмұт Торайғыров поэмалары арқылы өзі өмір 
сүрген дәуірдің көкейкесті мәселелерін көтеріп, замана, қоғам, адам 
жайлы толғанысты түйіндер жасап, өркениетті идеяны қозғайтын 
терең ойлы, жаңа мазмұнды шығармаларды дүниеге әкелді. Оның 
поэмалары ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті көркемдік деңгейінің 
биік белесі болып қала бермек 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   58




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет