Зерттеудің әдіснамасы
Бұл жұмыстың мақсаты 42 500 теңге саяси дискурсы тілінің прагматикалық
ерекшелігін анықтау және осы дискурстағы сөйлеу әсерінің тиімділігін
зерттеу болып отыр. Зерттеу жұмысындағы мәліметтер қазақстандық
«Хабар 24» цифрлы ақпараттық телеарнасының Youtube-тегі арнасынан
алынған, себебі осы арнаға Қазақстан Республикасы Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің брифингтеріндегі
видеожазбалардың бәрі салынған.
Мәліметті талдауға табысынан айырылған жағдайда 42
500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем туралы әңгіме болған
баспасөз конференцияларының жазбалары, сондай-ақ Youtube
пайдаланушыларының осы жазбаларға жазған пікірлері қолданылды.
Жалпы, 2020 жылдың 1 сәуірінен 18 тамызына дейін өткізілген, ұзақтығы
жарты сағаттан бір жарым сағатқа дейінгі жеті брифингтің мәтіндеріне,
сондай-ақ 478 пікірге талдау жүргізілді.
Зерттеуде коммуникативтік-прагматикалық талдау әдісі
пайдаланылды.
30
Ол үшін осы жұмыстың теориялық және әдіснамалық
негізі ретінде Остиннің сөйлеу актілері жөніндегі (1986) және
30 «Прагматика» терминін ХХ ғасырдың 30-жылдарының соңында америка
ғалымы Чарльз Моррис лингвистикалық прагматиканы белгілердің жалпы
теориясында негізгі үш элементтің бірі ретінде көрсеткен кезде енгізген.
Бұл теорияға сәйкес, прагматика дегеніміз – семиотиканың белгі мен
белгі жүйесін пайдаланушының арасындағы қарым-қатынасын көрсететін
бөлімі. Прагматиканың лингвистикалық зерттеулердің жеке бөлімі ретінде
қалыптасуына және әрі қарай дамуына Грайс (Прагматические теории
значения, 1975), Линский, Стросон (Прагматические теории референции,
1964), әсіресе Остин (1986), Серл (1976), Вендлер (1967) сияқты ғалымдардың
сөйлеу актісі теорияларына қатысты еңбектері себеп болған. Прагматикалық
дискурс-талдау деп нақты мәтінге жасалған талдауды ғана емес, сонымен
қатар мәтіннің сөйлеу жағдайының қарым-қатынас жағдайын білу,
әлемдегі жағдайды білу, сөйлеушінің мәтінді құрастырушы ретіндегі пікірі
мен ниеті сияқты құрамдас бөліктері ретіндегі экстралингвистикалық
факторлардан туындайтын көрінісін де талдауды айтамыз. Дискурсты
талдау коммуникацияның дискурсы мен мақсатын зерттейтін мектептерде
(Бирмингем мектебі, конвесацион талдау мен сөйлеу актілері мектебі, т.б.)
коммуникация мен дискурс ұғымдарын қалай түсіндіретініне байланысты
құбылып және өзгеріп отырады. Прагматикалық коммуникация ұғымының
негізінде коммуникативтік контексте тілге қатысты социолингвистикалық
ережелер жиынтығы жатыр.
161
Криворучконың сөйлеу әсері жөніндегі (2014) еңбектерінде аталған
теориялық нормаларға сүйендік.
Сөйлеу актісі теориясы бойынша, коммуникативтік актіге үштараптық
ұйымдасу тән. Остиннің (1986) пікірінше, әрбір сөйлеу актісі шартты түрде
мынадай деңгейлерге бөлінеді:
• локутив акт (пайдаланылатын тіл құралы тұрғысынан);
• иллокутив акт (сөйлеу актісінің белгілі бір контексіндегі мақсаты
тұрғысынан);
• перлокутив акт (адресаттың реакциясы тұрғысынан).
Бұл біздің сөйлеу актісіне қай тұрғыдан қарайтынымызды көрсетіп отыр:
сөйлеу ретінде, адресанттың белгілі бір мақсатқа жету құралы ретінде
немесе адресатқа белгілі бір ықпал жасау құралы ретінде. Сонымен
қатар прагматика сөйлеудің адресанты мен адресаты арасындағы
коммуникатив жағдайларда туындайтын көп мәселені қамтиды (Минина
и Васильева, 2011). Сөйлеу пәні тұрғысынан алсақ, прагматика сөйлеудің
айқын және жасырын мақсатын (Остин бойынша «иллокутив күшін»);
сөйлеудегі жүріс-тұрыстың типін және сөйлеу тактикасын; сөйлеудің
прагматикалық мағынасын (астарын); сөйлеушінің өзі айтып тұрған
нәрсеге көзқарасын зерттейді. Сөйлеудің адресаты туралы айтар болсақ,
прагматика сөйлеудің интерпретациясын, оның ішінде, сөйлеудің анық
емес мағынасының контексін, прагматикалық жағдайды, пресуппозиция
мен сөйлеушінің ниетін міндетті түрде ескере отырып анықтау нормасын,
хабарламаның адресатқа эмоция, пікір, әрекет, хабардар ету, эстетикалық
әсер және т.б. тұрғыдан әсерін (Остин бойынша «перлокутивті әсер»)
қарастырады. Қарым-қатынасқа түсушілер арасындағы байланыс
тұрғысынан алсақ, қарым-қатынастың формасын (достық әңгіме, дау,
ұрыс-керіс және т.б.); сөйлеудің әлеуметтік-этикалық аспектісін (жүгіну
формасы, қарым-қатынас стилі), коммуниканттардың әртүрлі сөйлеу
актілерінің өзара байланысы сияқты аспектілерін зерттейді. Прагматика,
бұған қоса, сөйлеу жағдайындағы қарым-қатынастың тақырыбы мен
формасын қарастырады.
Серль иллокутив актілердің арасынан ассертивтерді, комиссивтерді,
директивтерді, экспрессивтерді, декларативтерді бөліп көрсеткен
(Searle, 1976). Ассертивтер – айтылған хабарламаның шын екеніне
сөйлеушіні сендіруге бағытталған сөйлеу. Комиссивтер – тыңдаушыдан
гөрі сөйлеушіні қандай да бір әрекетті жасауға міндеттеу мақсатындағы
иллокутив актілер. Бұл санатқа ант пен уәде жатады. Директивтердің
иллокутивтігі сөйлеушінің тыңдаушыны белгілі бір әрекетті істеуге
мәжбүрлеу талпынысында жатыр. Экспрессивтер – адресаттың бойындағы
қандай да бір сезімді ояту мақсатындағы сөйлеу актісі. Декларативтердің
мәні пропозиционалдық мазмұн мен шындықтың бір-біріне сәйкестігін
анықтауында жатыр. Әлеуметтік шындық тіл арқылы жасалатынына дәл
осы декларатив мысал бола алады (Рябинская, 2002).
Перлокутив әсерді дискурстың семантикалық, лексикалық,
грамматикалық және синтаксистік тіл құралдары арқылы тудыруға
болады. Криворучко сөйлеу әсерінің осы аталған жүйесіне сүйене отырып
(2014: 54), перлокутив әсерлерді қасақана (жоспарланған) және әдейі
емес (жоспарланбаған) деп бөледі. Перлокутив актінің қаншалықты
сәтті болғаны реципиенттің адресант мақсатына реакциясының қандай
162
болғанына қарап анықталады. Перлокутив сәтсіздік деп сөйлеу әсерінің
мақсаты мен нәтижесі арасының алшақ болуын атаймыз. Ал сөйлеушінің
мақсатынан алшақ болған және жоспарланбаған, күтпеген реакцияны
перлокутив нәтиже деп атаймыз. Перлокутив салдардың тағы бір атауы
– перлокутив ынталандыру: «сөйлеуші жоспарламаған, бірақ адресаттың
бойында туындаған ой, сезім және реакция» (Криворучко, 2014: 55).
Жоғарыда аталған теориялық негіздерді қолдана отырып 42 500
теңге дискурсының кей ерекшелігін анықтадық. Сонымен қатар сөйлеу
әсері жүйесіне сүйеніп 42 500 теңге дискурсын құрап отырған сөйлеу
актілерінің тиімділігін бағалау үшін Үкімет брифингтеріндегі билік
өкілдерінің сөйлеген сөздерін тыңдаған Қазақстан азаматтарының
пікірлерін перлокутив актінің перлокутив әсерге сәйкес болуы тұрғысынан
брифингтің өз дискурсымен салыстырып шығуға мүмкіндік туды.
Достарыңызбен бөлісу: |