Құстардың қаңқасында да ұшуға бейімделгендік белгілер көптеп кездеседі. Құстардың
қаңқасы жеңіл әрі берік болады. Іші қуысты жіліктерінде ауа болады, яғни жілік майлары
болмайды. Ұшатын құстардың
төс сүйегі жалпақ және
оның қыры (киль) жақсы жетілген.
Жүгіруге бейімделген қырсызтөстілердің (түйеқұстардың) төс сүйегінде қыры болмайды. Ал,
жүзетін құстардың (пингвиндердің) төс сүйегінде шамалы қыры болады.
Құстардың төс сүйегіне және оның қырына ұшқан кезде қанаттарды жоғары көтеріп, төмен
түсіру қызметін атқаратын жақсы жетілген жұп кеуде және бұғанаасты бұлшық еттері бекінеді.
Құстардың қабырғаларының құрылысы да ерекше. Құс қабырғалары бұрыш жасай отырып,
оның бір шеті төс сүйегіне, ал екінші шеті арқа омыртқаларымен байланысады. Қабырғалардың
арқа бөлімінде болатын ілмек пішінді жалпақтау келген өскіндері артқа қарай созылынқы түрде
келесі қабырғаға жапсарласа орналасады да, кеуде қуысының тыныс алу кезінде бірде кеңейіп,
бірде тарылып тұруын қамтамасыз етеді.
Құстардың омыртқа жотасы – мойын, арқа, бел, сегізкөз және құйрық бөлімдерге бөлінген.
Мойын бөліміндегі омыртқалар бір – бірімен өте қозғалмалы байланысқан. Омыртқа жотасының
арқа, бел, сегізкөз және құйрық бөлімдерінің омыртқалары және жамбас сүйектері бір – бірімен
тұтасып, бір ғана
күрделі сегізкөз деп аталатын сүйекке айналған. Жамбас белдеуіндегі екі шат
сүйегі бір – бірімен байланыспай арасында бос кеңістік болады. Бұл құстардың жұмыртқа
салуымен байланысты.
Құс қанаттарындағы білезік, алақан және саусақ сүйектері күрделі өзгеріске ұшыраған. Ал,
аяқтарындағы сүйектер бір – бірімен буын арқылы байланысып сан, сирақ, жіліншік және саусақ
сүйектерінен құралған. Құстардың толарсақ және табан сүйектері тұтасып бір ғана ұзынша
жіліншік сүйегіне айналған.
Құстардың бұлшық еттерінің көпшілігі төс сүйегінде орналасқан. Қабырғааралық
бұлшықеттер де жақсы жетілген. Құстардың аяқтарындағы 35–ке жуық бұлшықеттер жақсы
дамыған. Әсіресе саусақтарын бүгетін бұлшықеттер ағаш бұтағына қонып отыруын қамтамасыз
етеді. Жүгіретін құстардың (түйеқұстардың) аяқтарының бұлшықеттері өте жақсы дамыған. Бұл
бұлшықеттердің көмегімен жақсы жүгіреді және жауынан қорғанады.