Әдеби KZ
— Шақырт, — деді.
Жаған түрегеліп, талдырмаш мықынын ырғалта, сұлу денесін ойната, аяғын
былқ-сылқ басып барып есікті ашты.
— әбен! — деді сырттағы нөкеріне дауыстап. — Қасымжан мен атекесі Хасенді
шақыртшы! Хан әкесі сөйлесем дейді.
«әйелдің аты әйел, — деді тағы да Жәнібек ішінен ойлап, Жағанның есікті
қалай барып ашқанына сүйсіне, — қашан да болса еркектің көзіне ұнамды жерін
түсіргісі келіп тұрады».
Жаған орнына келіп отырғаннан кейін Жәнібек босаған алтын кесесін
ұсынды.
— Қымызың балдан тәтті екен, тағы да құйшы.
Жаған жадырап сала берді.
— Сабасын Керейлерше ыстатқам. Әдейі өзіңе арнап...
Жәнібек риза боп күлімсіреді.
— Менің бабымды өзің ғана табасың...
Осымен арадағы кірбің бітті. Енді олар бір-біріне жадырай қарасты. Осы
уақытта үйге Қасым кірді. Сәлем беріп, әкесінің оң жағына барып отырды. Жәнібек
баласына көз қиығын аударды да, Жағанға қарады. «Айнымаған шешесі тәрізді.
Тек мұрны мен иегі, қоюланып өсіп қалған мұрты да өзімдікі».
— әкең атекеңмен бірге келсін деп еді ғой, — деді Жаған баласына алтын
кесеге қымыз құйып беріп жатып, — Хасен қайда?
— Екі аптадай болып қалды-ау деймін, қайын-жұртына кеткен.
— ә-ә!
Жәнібек мырс етіп күліп жіберді. «Жаңа Қасымды атекесімен жұбын
жазбайды» деп, Хасенді де шақыртқанда, әдейі менің жаныма тисін дегені екен
ғой. Өткен түннің өшін менен осылай алмағанда қалай алсын, бейшара...
Намысына тиген ерін шымшыған түрі де... Жоқ, жоқ, Хасеннің қайда жүргенін де
білмейді. Демек, бұның онымен еш байланысы болмаса керек-ті...
271
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
— Көке, мені жай шақырттыңыз ба? — деді Қасым әкесінің ойын бөліп.
— Жай емес, Қасым жігіт, — Жәнібек қолындағы кесесін жерге қойды, — үйді
дауыл кезінде емес, бұрын тігеді, ақылдасатын жай бар...
— Дұрыс айтасың, көке. Кигіз жамылған су болмас, ақылдасқан жөн...
— Өзің де байқап жүрген шығарсың, бір қияпат айқас таяп келеді. Бұны қазір
қайта күшейе түскен Көк Орда, Моғолстан дайындығынан аңғаруға болады. Бүгінгі
күні біз де осал емеспіз. Осының бәрі арамыздағы көптен бері келе жатқан
жанжалдың үлкен жанжалсыз бітпейтінін көрсетеді.
— Дұрыс айтасыз, хан ием. Күз келері көктемнен мәлім, Көк Ордадан іргеңді
бөлек салғаннан-ақ, түбі бір ұлы айқастың болары хақ ғой.
— Бірақ бұл айқас тек Көк Орда жағынан ғана көрініп тұрған жоқ тәрізді.
Батысың да, шығысың да қауіпті. Батысыңнан сенің жеріңе көзін тіккен Қазан,
Астрахань, Қырым, Ноғайлы хандары бар. Олардың ар жағында, алыстан тулап
жатқан дариядан — Түрік пен Стамбул сүлесі көрінеді. Екі жағың да жетісіп түрған
жоқ. Бірі болмаса бірі бас салатыны аян. Ал, ондай халге жетпес үшін, біз өзіміз
ерте қимылдауымыз керек.
— Дұрыс айтасыз, хан ием. Кім садақты алдымен тартса, сол жауын бұрын
жаралайды.
— Міне осы жай еді менің сенімен ақылдасайын дегенім, Қасым сұлтан. Не
айтасың?
Қасым көп ойланған жоқ.
— Ақылмен арыстанды да ұстауға болады, — деді ол. — Ақылға салған іс
қашанда жеңісті келеді. Дұрыс істегенсің, көке, жалғыз менімен ғана емес,
Бұрындықпен де, Қамбармен де ақылдасқан жөн...
— Олардың да кезегі келер, өзің не шертесің?
— Менің дерім бір-ақ ой. Жатсам-тұрсам көз алдымнан Әбілқайырдың сұрғылт
жүзі кетпейді. Ол текке жатпаса керек.
272
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |