9
Әжесі түсінді де, аз ғана босаңсып:
-
Балам-ай, әжеңде қуыс кеуде болмаса, не сымбат қалды? - деп, өзінің
дағдылы мұң-шыңына қарай беттеп еді. Баласы қимады.
- Жазыла ма өзі? Емдесе қайтеді? - деді.
Үй іші де, әжесі де құр күліп қана қойды.
Кәрі шеше күле отырып, баласының талабы қайтпасын дегендей қып:
- Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады, - деді.
- Үшкірсе, мына балаң молда боп келді ғой. Үшкірт балаңа, - деп, Айғыз
күлді.
- Үшкірсін, баласы үшкіріп берсін.
- Сорлы кәрінің көңліне о да болса демеу ғой!.. - деп үйдегі үлкендер,
әсіресе, жеңгелер Абайдан шын бірдемені дәметкендей.
Абай бұған ішінен ыза болды. «Үшкіру, ішірткі жазу, қасида оқу»
молдалықтың ел үйренген дағдысы екені рас. Бала көңліне қатты жиренішті
көрінетін балгер,
құшынаш сияқты, бақсымен тең молда, қожа аз емес. Абай
соны еске алып, өз жайын мысқылдағандай болып, аз күлімсіреп отырды да, бір
кезде оқыстан, әжесінің басын құшақтай ап, сыбырлай күбірлеп, бір нәрсені
шұбырта жөнелді. Жұрт аңыра қарап отырып, басында дұғалық оқып жатыр
екен деп еді. Кәдімгі молдадай шарт жүгініп алып, түсін
томсартып жіберіп,
шешесіне төніп отырып:
Юзі раушан, көзі гауһар,
Лағылдек бет ұшы ахмар.
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың, құдрәт, қоли шиға. -
деп, көпшілік ұға қоймайтын өлеңді шұбырта беріп, даусын «тәбәрәк»
оқыған молдаларша ұзайта созды.
Мұбада болса ол бір кәз
Тамаша қылса юзма-юз...
Кетіп қуат, юмылып көз,
Бойың сал-сал бола нига? -
деп кеп көзін жұмып, ернін жыбырлатып, әжесінің құлағын ашып «су-ф!»
деп қойды. Бұл өзінің, биыл осы көктемде Науаи, Фзулиді оқып жүріп
жазған
өлеңі болатын. Отырғандар әлі де дел-салда. Күдік етушіден де шын дұғалық
екен деушілер көп. Бала солардың шама-шарқын танып, мысқыл еткендей боп
алдаңқырап келді де, енді шынын танытпақ боп,
даусын ашық етіп қатайтып
алды. Тағы да көзін жұмып, түсін томсартып, құран аударған молдадай, ілгері-
кейін теңселе беріп:
Ұшады бозша торғай көдені ықтап,
Басасың аяғыңды нықтап-нықтап,
Кәрі әжем естімейді, нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап... -