5
ынтыға тыңдайтын бала бұрын Байтаспен сырлас, әңгімелес болмаса да,
жаңағының аяғы немен тынғанын білгісі кеп, қызығып келе жатты. Байтастың
құрбыдай қалжыңдағанын пайдаланып:
- Ал, Ойке апаңа не бетіңді айттың сонымен, Байтас аға?.. - деп жабыса
түсті.
Байтас бұған күліп, енді іріленіп қарап:
- Не бетімді айтушы ем? Сорлы қатын алыстан әнмен арыз айтып жатқанға
шыдасын ба? Келсем, алдымнан өзі шығып, атымды байлап жатыр, - деп,
Жұмабай жаққа қарап, иек қағып қойды.
Абай үндеген жоқ. Ішінен «алдаған екен ғой» деп байлады.
Сол әңгіме жүргіншілердің таңертеңнен бергі қатты жүрісін Найманкөктің
ақырын бүлкегіне әкеп салған еді.
Шәкірт бала ауылға асыққан, лепірген күйіне
қайта келіп, тағы да тебіне
жөнелді.
- Уә, қой деймін, бала! Ат зорықтырасың!
- Жапа-жалғыз ұзап кетіп, жауға жем боласың! - деп, екі жолдасы тағы
тежей бергісі келді.
Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді үйіне, ауылға
жетуге асыққан шәкірт бала ол сәздерді тыңдайын деп ойысқан жоқ.
Үлкендер қорыққан Есембай да, тіпті ұрылар да Абайға сондайлық жат,
суық боп көріне алмады. Ұры десе, осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса:
киімдері,
ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай
ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті,
сарытоқым ұры болған - ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері
де ұмытылмайтын. Қайта, бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем
деген, іште жүрген ынтықтығы да болатын.
Ал, «Қарауыл биігі анау, жасырын жырасы мынау» деген Есембай -
Найзатастар болса, ол Абайдың өз аулының аса мәлім қоныстары. Көктем мен
күз уақыттарында, жылында екі рет осы жерлерге
Құнанбай ауылдары келіп
қонып, ұзақ уақыт отырып, жайлап та кететін. Анау көрініп тұрған төскейдің
сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрісі - барлығы да соншалық таныс,
жақын. Тіпті, былтыр боқырауда, күзем үстінде қалаға оқуға кеткенде дәл осы
қоныстан, Есембайдан кеткен болатын.
Сонда тайға шапқан, асық ойнаған
құрбы балаларымен жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы бір ыстық қоныс
осы болатын. Қыс бойы ауылды, елді сағынғанда есінен кетпейтін соңғы
күндері дәл осы Есембайда өткен.
Енді кеп: «бұл жерде ұры бар, сұмдық жер, бәле жатқан жер» деген сөздің
қандайы болса да көңілге дарымайды. Жазықсыз сары биік, көкшіл қоныс, ақ
көделі әдемі өлке мұнарланады. Барлық айналадағы кең дүниеге, әсіресе мынау
өзі туған сахара, өлке белдеріне соншалық бір туысқандық ыстық сезіммен,
кешіріммен де қарайды. Жабыса, сағына сүйеді. Үзілмей, қатаймай, бір
қалыппен желпіп соққан әдемі салқын қоңыр жел қандай рақат.
Осы желмен
құлпыра, толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан алкүрең көде мен
селеу далалары... дала емес - теңіздері қандай! Сол даладан көз алмай, тоя
алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді
құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керіп аймалар еді. Сылап-сипап: