19
Содан әрі хазіретпен не деп жауаптасудың бабын таба алмаған және тіпті
шүлдіреген, кітапшылаған тілін ұға алмаған Жұмабай тағы бір ойдағы әңгімесін
тұпа-тура, қолма-қол бастап еді.
Онысы Құнанбайдың айтқан сәлемі екен. Сұрап кел деген бір үлкен сөзі
екен. Осы жөндерін айтты да, Жұмабай Абайға бір, хазіретке бір қарап:
- Бірақ ол жайын оңаша, құпия сөйлес деп еді. Балам, сен... - деп Абайға
оқтала бергенде, хазірет те сезіп, Абайға:
- Ибраһим, сіз хазір мәдрәсәгә қайтыңыз, балам. Бәс ауылға қайтмас бұрын
мюңға кіріп, фатихамны алып кетіңіз, - деді. Абай шығып кеткен.
«Соқалап отырып,
ойдағысын жеткізіп, жаңағы фатуаны сонда алып
шыққан екен-ау, бұл» деп ойлады.
Өзін керек еткен сөз бен шырайды көрмеген соң, енді Абай да Жиренше
кеткеннен кейін біраздан соң ақырын сусып, тысқа шықты. Бұл уақытта
Жиренше соңғы атқа шідер салып, отқа жіберіп жатыр екен.
Есік ашылған
жерден Абайды көрді де, ақырын дауыспен:
- Абай, бері кел, мұнда кел... - деді. Абай бұған жетер-жетпестен:
- Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? О не қылған? Айтшы, - деді.
- Қодар жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Борсақ.
- Ол қайда?
- Е, ол мына Шыңғыстың ет бөктерінде, Бөкенші асуының бауырында.
- Ал, ол не қылған?
- Сол биыл қыстыгүні жалғыз баласы өлгеннен кейін, келінімен жақын
бопты дейді. Ана кісілердің сұмдық деп отырғаны сол.
- Жақын? Қалайша?
- Не қалайшасы бар? Шөккен дейді...
- Не дейсің?
- Е, сығыр, шөккенді білмеушімен?.. Бура мен іңгенше?.. Білесің?.. - деп
Жиренше өте бір тұрпайы қозғалыстар жасады. Ол үлкендер арасынан әбден
іші иысып шығып, енді салқын далада азырақ ойнақы күйге кеп тұр еді.
Абайды күлдірмек болатын. Бірақ Абай күлер емес. Көңілінде қатты қобалжу
бар.
- Сол рас па екен? - деп, Абай қадала сұрады.
- Бәсе, сол анық-танығы мәлім емес... Бірақ ел өсек қып әкетіпті.
Сүйіндіктің, жаңағы,
анығын білейік деуі сол ғой, - деп Жиренше салмақты
болып сөйлеп еді.
- Ендеше, бекер жала-дағы?
- Тіпті солай десетіндер де көп. Бірақ әнеугүні Құнекең мына Сыбан ішіне
топқа барса, сонда Солтабай төре осыны бетіне салық қыпты. Мына кісі төреге
насыбайды тастасаңшы дегенде, апау: «мен насыбайымды тастайын, бірак,
Шыңғыстың бөктеріндегі шашты сайтаныңды сен де тыйсаңшы!» деп бетінен
алыпты дейді. Соған намысы келіп, Құнекеңнің қатуланып отырғаны әлгі ғой, -
деді.
Абай әкесінің жаңағы «дарға асу» деген жердегі аяздай суық пішінін еске
алды. Үндемей біраз тұрып, қабағын шытып, қатты күрсінді де, айналып жүріп
кетті. Күрсінуі ауру дененің киналған ыңқылына ұқсағандай болды. Шешесінің