29
-Өй, бала!.. Ой, сен өзің? - деп тұрып, дауыстап: - Мен бе екен?.. Ер болсаң,
әне... әкең! - дей берді.
Жұрт: «О не, о не?» десіп жатты. Абай жылдам басып атына жетті.
Белдеуден атын шешіп жатып, осы үй ішінде жылап отырған көп жанның
үндерін есітті. Әйелдер көрінеді. Бірі солқылдап, бірі ыңырсып, бірі сыбырлай
сөйлеп жылайды. Дауыстарын шығара алмай, қыстығып жылаған қатындар.
Еркектер бұл ауылдың бар әйелдері мен баласын осы үйге
ерте бастан
қаматып койған. Солар екен. Қатты қорқытып қойған болу керек, дауыстарын
шығара алмай жаншылып, егіліп жылайды. Бұ да Абайға оқтай тиді. Тыңдауға
дәті шыдамай атына міне берді.
Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айғайлап:
- Ей, кұдай ұрған, тұра тұр! Көрермін бәлем! - деді. «Ұстаңдар, алып
келіңдер» деп айта алмай калды. Абай атына міне сала, ауылға қарай шаба
жөнелді.
Артынан мұны қуып жеткен Жиренше:
- Әй, Текебай тентек... Текебай тентек! - деп ат қойып апты.
Бұлар ойға
қарай жосытып кете барды.
Жиын болып, кісі өлтіріп, ел ортасында құлақ естіп, көз көрмеген
сұмдықты өз қолдарымен істеп шыққан топ, атқа міне сала,
жан-жаққа
шашырай тарады. Үнсіз, жым-жырт айрылысты.
Жалғыз-ақ, Бөжей ғана Сүйіндік, Қаратаймен бірге үшеуден-үшеу боп
оқшау кетіп бара жатып, күрсініп:
- Ер өлтіргенге құн сұраушы ең. Енді құн сұрамақ түгіл, өкпе-кінә қылар да
мұршаң жоқ. Өлтірген өзіңсің. Қырық рудың адамы кесек атып өзің өлтіріп
отырсың, не бетіңмен үн шығарасың? - деді.
Қаратай танып келеді, Бөжейдің түп есебінің көбін Құнанбай бұзып кетті.
Бөжейге, әсіресе, Құнанбайдың осы айласы батқан тәрізді. Қаратай соны
ескеріп:
- Шариғаттың шын бәлесін түпке сақтапты ғой. Бұл шариғат та айлаға
құрық бере беретін болды ғой. О да Құнанбайдың қойны-қоншында десейші, -
деді.
Сүйіндік басылып, шошып қалғандай екен:
- Құрсын! Тек бәле осымен бітсін, тынсын десеңші! - деді.
Бөжей, көп арбасқандықтан Құнанбай тәсілін түкпірлей танушы еді:
- Біту, тыну ма? - деп күрсінді де: - Бөкенші, Борсақ,
қашан айттың деме,
шылбырды Қодар мойнына салған жоқсың. Бұйырса, осыменен өз мойныңа да
салған боларсың, жазған! - деді.
Әрқайсысы да осы ойдың соңында еді. Үндемей салбырап кете барысты.
5
Абай мен Жиреншенің бүгін бұл бәленің үстінен шығамыз деген ойы жоқ
болатын. Үлкендер тегі көпшілік құлақтанбасын деп, бүркеп ұстаған болу керек.
Ешбір ауылда бұндай сыбыс айтып, сыр берген жан білінген емес.
Жиренше таңертең Құнанбай аулына бір әдемі тарғыл тазы ертіп келді.