32
Жиреншеге көз жасын көрсетпегісі келді. Анау да шапты. Бірақ, Абай
жеткізетін емес. Ол оқ бойы ұзап кетіп бара жатып, өз-өзіне ерік беріп, өксіп-
өксіп жылап келе жатыр.
Көп жылдан бері Абай жылаған емес еді. Тоқтай алмай егіліп жылады.
Ағындап ұшып келе жатқан бестінің екі жағында көделі, бетегелі кәк дала,
тасқын судай зулап жөнеліп артқа қарай құлдырап ағып кетіп жатыр. Екі
кұлағын бітіргендей боп, дыңылдап соққан екпін желі Абайдың көзінен аққан
жастарды, қат-қат тамшыдай, жаңағы көде мен бетегеге ұшырып түсіріп келеді.
Абай бұрынғы жас бала күнінде мұндайды аңғарып сезінген де, таныған да
емес. Енді байқады. Көздің жасында адамды барлық әне бойымен өзіне қарай
құлата тартқан бір өзгеше ыстық күш бар екен. Үлкен құз биіктің басына
шыққанда, бір сәт ойға қарай құлап кеткің келетін сияқты, өзіне тартқыш,
ұғымсыз күш. Бала жүрегінде бұл шақта көп сезімнің алай-түлей құйыны
соққандай.
Бұнда қорлықпен өлгендерге барынша жан ашыған мейірбандық та бар.
Өлтіргендерге ыза меп қарғыс та бар. Сонымен бірге, әсіресе, бір-бірімен
шарпысқан сезім: «әке» деп жамандыққа қимау бар да және сол «әкеден»
шошып, үрку бар.
Барлық ішін теңселте сіліккен бала жанын ойран етіп, сескенте тітіреткен
сезім.
Жылап егілуі, бір сәтте, медіресе, дін халфелер айтуы бойынша -
айыптылардың күнәсіне өтесін сияқты, соның көшірімін тілеген сияқты
жалбарынудың жасы ма? деп еді. Бірақ, одан тез түңіліп кетті.
Ол емес!
Үйткені олар дін атынан, әсіресе, имам берген фатуа бойынша істеп отыр
ғой. Кімге шақпақ? Құлазығандай жапа-жалғыз! Өзін бір ең панасыз, ең сорлы
жетімдей сезінді. Іштен тағы да бір үлкен, ауыр толқын бүктетіліп, булығып
кеп, бала жүрегін жаныша ұрғанда, ол бұрынғысынан да қатты, аса қатты бір
өксікпен, солқылдап жылап жіберді.
Дауыстап жылады. Жиреншеге білдірмеймін деп, әлі де ағызып шауып
келе жаткан.
Сол шабыс қосылды ма, болмаса өзінің бала көңілінің сенделуі сондай ма,
Абай бір уақытта жылау үстінде лоқсып-лоқсып булығып кеп, құсып-құсып
жіберді. Аш өзегі ақтарылғандай. Жаны да, денесі де қатарынан қатты азап
шекті.
Бірақ сонда да тоқтаған жоқ. Аттың жалын құшып алып, тек қана құлап
қалмасты ойлап, шаба берді.
Жиреншеге жеткізбеген күйінде Көлқайнарға жетіп, шешесінің үйіне кеп
түсті.
Ұлжан тыста тұр екен. Баласы үйге тақай бергенде, өңіне көзін салып,
тіксініп қалды. Абайдың түсі құп-қу, қатты өзгерген. Тіпті Абай сияқты емес.
Ұлжан: «көзім бұлдырап тұр ма?» деп кірпігін жиі қағып, қайта қарады. Абай.
Бірақ, тіпті жат реңді. Баласы атын байлап қасына келгенде, жаңа байқады. Көзі
де қып-қызыл боп ісіп кетіпті.
- Өй, Абайжан, қарағым, не болды? Біреу тиген бе? - деп, ішінен «әкесі
ұрды ма?» деп те ойлап қап еді. Далада өзге кісі жоқ екен, Абай үндемей
33
шешесін құшақтай алды да, баурына кіріп, өзінің ып-ыстық басын анасының
төсіне басып, жабысып тұрып қалды. Жетімдіктен құтқарғандай анасы бар екен!
Жылау артынан ықылық атқандай, денесі дірілдеп, солқ-солқ етті. Бірақ бұл
кезде Абайдың көзінде жас жоқ-ты. Бәрін жылап тауысқан. Енді жыламасқа,
көз жасын ешкімге көрсетпеске бекініп, іштен қатты түйініп алған.
- Жөніңді айтшы, қарағым, не болды? Әкең ұрды ма?
- Жоқ, ешкім де ұрған жоқ, кейін айтам... Апа, төсек сап берші, жатқызшы!
- деп Абай шешесін құшақтап қысқан бойда, үйге қарай аяңдады.
Сабырлы Ұлжан осыдан әрі ешнәрсе сұрап тақымдаған жоқ. Үйде әжесін
де, өзгені де үркіткен жоқ. Абай жәйін бір жанға білдірмеді. Үлкен ақ үйдің оң
жағына әкеліп, әжесінің жер төсегін жайлап берді де, шешіндіріп жатқызып,
өзінің мол пұшпақ ішігімен жауып, қымтап қойды. Әжесі:
- Немене, қарағым? Ұшындың ба әлде, - деп бірдене білгісі келіп еді,
Ұлжан:
- Ұшынған ғой. Тимейік. Жатып ұйқтап тұрсын, - деп, малшы қатын
Қатшаны шақырып ап:
- Түңлікті жауып, есікті түріп қойшы. Абайға күн түспесін, - деп ақырын
ғана айтты.
Әжесі іргеге қарап жатқан Абайдың сыртына қадалып отырып, қабағын
түйіп, тамсанып қойды. Ернін үнсіз ғана қыбырлатып сыйына бастады.
Таңертең Абайды ертіп кеткен Жиреншенің қайда екенін Ұлжан білмеп еді.
Тыста бағанағыдай тағы да ит шулаған соң, «тазысымен келген сол болар ма?»
деп үйден шықты. Жиренше қонақ үйдің сыртына түсіп, атын байлап жатыр
екен. Ұлжан үлкен үйдің жанында тұрып, Жиреншені өз қасына шақырып алды
да, жөн сұрады.
Жиренше таңертеңгі қоян куғаннан бастап Жексен аулында көргенін де,
жолшыбай не болғанын да тегіс айтып болып:
- Абай қайда өзі? - деп еді, Ұлжан Абайдың жатып қалғанын айтып,
Жиреншеге біраз наразы салқын жүзбен қарады.
- Шырағым, сен бала емессің, естиярсың. Өзің барсаң бір сәрі. Ондай
жаман, сұмдық жерге Абайды несіне апардың? - деп, «жаман», «сұмдық»
дегенді шынымен баса айтып: - Бала емес пе? Шошынар деп ойласаң нетті? -
деді.
Жиренше сөз таба алмай ұялып, қысылып қалды:
- Ұят болды. Өзім де өкіндім. Бірақ құдай ақына өлігін көреміз деп ойлаған
жоқ ем!
- Жарықтығым, ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрме! Тіпті, басың
жас, үлкеннің ондай бәлесінен өзің де аулақ жүр! Өзімен кетсін! Көріп-біліп
нетесің? - деді.
Талай үлкеннің ішінде сөзін осындай байсалды қып айтқан, сондай өтімді,
салмақты қып айтқан кісіні Жиренше бұрын көрмегендей болды.
Ұлжанның жай, салқын айтқан сөзі бұған ұрысқаннан да, ұрғаннан да
жеңіл тиген жоқ.
Қысылғаннан, біраз жер шұқып тұрып, қонақ үйге қарай қайта бұрылды.
Ұлжан да өз үйіне беттеді. Жиренше ешнәрсеге айналып бөгелместен атына
мініп, тазысын жетектеп алып кетіп калды.
|