Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет18/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
36 
Оспан енді байқады. Шешесінің үлкен, толық денесі қайта қозғала бастады. 
Ол тұрғалы жатыр екен. Тағы бір тықырдың болатынын біліп, шешесі тұрып 
болғанша Оспан төсектен ырғып түсіп: 
- Ойбай, бау-рем Абай! Абай! Абай! - деп есікке қарай атқып берді. 
Шешесі тұрып алып ұмтылайын деп еді, болмады. 
- Әй, кім барсың? Ұста! Ұстап әкелші жындыны! - деп еді. Оспан есік 
алдында қайқаңдап, секіре-секіре түсіп, шеткі үйлер жаққа қарай зыта жөнелді. 
Тыстан шешесінің бұйрығын естіп, мұны ұстап келгелі тап берген үлкен ағасы 
Тәкежанды көріп қапты. 

Абай осыдан бірталай, ұзақ ауырды. Алғашқы күндер біреу - «ұшынған» 
деп, біреу -«соқпа» деп, тағы біреуі - «сүзек» деп, әртүрлі топшылағанмен, дәл 
басқан ешкім болған жоқ. Әсіресе, ем істелген жоқ. 
Жалғыз-ақ, алғаш жығылған күннің ертеңінде, әжесінің бұйрығы бойынша, 
бір қартаң қатын, күн батарда Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың 
өкпесімен қақты. Бетіне су бүркіп, үшкіріп: 
- Кет, бәлекет, кет! Көш, баламнан, көш! - деп, батып бара жатқан қып-
қызыл күнге қаратып қойып, бірдеме ем істеген болды. Ұшықтағаны еді. 
Абай, буындары қалтырап, басы айналып зорға шыққан. Көзі бұлдыр 
тартқаннан ба, әйтеуір қазіргі бар дүниенің қызылы бұрын бұл көрмегендей 
біртүрлі ерекше көрінді. Ертегі ме, түс пе? Әйтеуір бір басқаша ғаламның 
өзгеше суреті тәрізді. 
Екі күн өткен соң, ауыл Көлқайнардан Шыңғысқа қарай көшті. 
Бірталайдан бері, ел-елдің үлкендері, шаруа иелері «жайлаудың тоңы 
жібіді ме екен? Көгі жетілді ме екен?» деп, өткен-кеткеннен ылғи сұрау 
салумен болған. Бауыр, бөктер көктегенмен, Шыңғыстың сырты тез жылына 
қоймайтын да, ерте көктемейтін. 
Қар қалың түсетін биік сырт. Бар Тобықтының мол сулы, кең жайлауы ұзақ 
өріс, мол қоныстары сол Шыңғыстың ар жағында. 
Құнанбай ауылы көшкен шамада, айналадан өзге қалың ел де дүрк көшкен. 
Ойдағы мол шалғынды қыстаулық жер. Жидебай, Мұсақұл, Шүйгінсу сияқты 
қорықтардан да ағылып көшіп жатыр. Әр ел, тұс-тұсындағы Ақбайтал, 
Көлденең, Жігітек, Шатқалаң, Бөкенші сияқты асу-асуларға қарай беттеді. 
Шыңғыстағы кей асулардың аттары таудың сол тұсын иемденген ру атымен 
аталады, «Жігітек», «Бөкенші» деген сондай аттар еді. 
Бөкенші асуына Қодар қыстауы мен Жексен қыстауының аралығындағы 
кең сайды өрлеп баратын. 
Сау болса, Абай көшті көңілді өткізіп асыр салар еді. Көктемде Шыңғыс 
асып жайлауға көшу, үлкен атаулыга, әсіресе шаруа адамдары мен жоқ-жітікке 
соншалық ауыр, үпәд бейнет көрінгенмен балаларға сейіл сияқты. 
Абай да бұрынғы жылдар осы Көлқайнардан, сонау алыс, сырттағы 
Байқошқар өзеніне жеткенше он шақты көшіп баратын сапарды қызығы бітпес 
қанбазардың көшкеніндей көретін. 


 
37 
Биыл да көшу солай. Жолдағы белгілі қоныстар: Талдыбұлақ, Барлыбай, 
Қызылқайнар. Кей қонысқа таңертең кеп қона сала, кешке тағы көшеді. Үдере 
көшу. Кей қоныста бірді-екілі күн отырар-отырмастан кетеді: үлкен үйлер 
тігілмей - «ұраңқай», «абылайша», «жаппа», «итарқа» деген кеше түрлі кішкене, 
тар, аласа күркелер тігіледі. Әркім өзі сүйген үйшігін тұрғызады. Жалпақ ел, 
бар ауылдар осы жайлауға көшу сапарында балалардың «ауыл-ауыл», «күрке-
күрке» деген ойынын ойнап жүрген сияқтанады. 
Қыс пен көктем, күзеуде бір-бірінен алыс жүретін ауылдар осы сапарда 
қоныс жағдайымен әлдеқайдан түйісіп, қым-ғуыт араласып қонысады. 
Адамдары, малдары, күркелері де қосылып, бір ауылдан бір ауылды айырып та 
болмайды. 
Өзгеге жеңіл болса да, осылайша болған көшу қойшы, қозышы, 
жылқышыларға аса бір тынымсыз бейнет, масыл күндер болушы еді. Біреудің 
жылқысына көш аттар, саяқ-сандырақтар кетіп қалған. Біреудің қойына бір 
ауылдың қозысы жамыраған. Қоймен қой араласып, шатасып кеткен. Осындай 
қарбаласта «бармақ басты, көз қысты» боп, талай момынның тоқты-торымы 
сотқар ауылдардың жемі боп жүреді. 
Өзінікін жеуге үнем қып, кісіден кірген «қоспа», «кірме» болса, соны түн 
баласында ақтармалап, шикілі-пісілі домалатып, қылғып салып отыратын, 
талай пәле басы атқа мінерлер болады. 
Осы сапарда көп елдің қауырт көшімен қатар жаңағыдай үйіле қонуына 
себеп болатын тағы бір нәрсе: сыртта, алғашқы күндерде қасқыр қатты болады. 
Елсіз болғандықтан осы өңірде тау сыртында күшіктеген қасқыр, ел келгенше 
тышқан, суыр аңдумен күн көріп жүрсе, енді мал қаптаған уақытта, түн 
баласында тыным бермей құйындай соғатын. Көп ауылдар түн бойы 
қотандарын атпен күзетіп, ауыл-ауылдың шеттеріне үзбестен лапылдатып оттар 
жағып отырып, айғай-шумен таңды таңға ұратын. Осының бәрі жайлауға көшу 
сапарын жайшылықтағы, өзге мезгілдегі, өзге тұрмыстың баршасынан басқаша 
қып жібереді. Күндіз болса барлық жұрт ат үстінде. Еркек атаулы көш бойында 
қолдарына найза, сойыл, айбалталарын ұстай жүреді. Бұл көріністе, жалпы 
көшу сапарын жортуыл-жорыққа, шеру мен аттанысқа ұқсатады. 
Бірақ, дәл биылғы жыл, жылдағыдай қайталаған осы көштер. Абайға ең 
бірінші рет соншалық мазасыз бейнет боп өтті. Оны меңдетіп жеңген ауру да 
жоқ. Бірақ сау да емес. Жүрейін десе көзі қарауытып, басы айналып, құлап 
қалады. Бұның ауруына қарап, көшпей отыруға болмайды. 
Үш күн, төрт күнде Ұлжанның үйіне бір-ақ соғатын Кұнанбай, көбінесе, 
сұлу тоқалы Айғыздың үйіне қонады. Оқта-текте бәйбішесі Күнкенің қасында 
болады. Ол бөлек ауыл. Соның көшімен жүріп кетеді. 
Баласының сырқатын алғашқы кезде бір рет сұрастырды да, кейін ұмытқан 
сияқтанды. 
Абай атқа міне алмайды. Жүк артқан түйеге мінгізуге: «жүк құлап, түйе 
жығылса мерт болады» деп шешесі оған да мінгізбеді. Кәрі әже мен Ұлжанның 
ортасында жалғыз арба бар еді. Тегі, бұл ел көшпелі болғандықтан арба дегенді 
білмейтін. Тобықты ішіне ең алғаш келген арба осы Зеренің - Құнанбайдың кәрі 
шешесінің көк арбасы десе де болады. Құнанбай аға сұлтан сайланған 
сапарында шешесіне: 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет