Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет19/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
38 
- Көшкенде осыған мін! - деп, Қарқаралыдан әдейі әкеп еді. 
Таулы жерде атпен жүру бұл күнде Ұлжанға да қиын болатын. Ол ұлғайып, 
еті ауырлап қалған. 
Енді Абай жайын ойлай келгенде, Ұлжан өз тыныштығын қойды да, арбаға 
әжесінің қасына Абайды мінгізетін болды. Өзі бір жуас торы биеге мініп, ылғи 
осы арбаның қасында жүріп отырды. 
Жайлауда Құнанбай аулының көбірек орнығып отыратын қонысының бірі - 
Ботақан ошағы. Көлқайнардан осыған кеп жеткенше жиырма шақты күн өтті. 
Сол жиырма күн ішінде жол бойы сүле науқас қалпынан айықпаған Абай, енді-
енді ғана анықтап тәуір бола бастаған сияқты. Өздігімен түрегеп жүруге, кіріп-
шығуға да жарады. 
Енді көңілі де айығып, бұрынғы балалык шаттығын да, ойын-ермегін де 
тапса керек еді. Бірақ, ғажап! Биылғы жыл, әсіресе, соңғы көп күндер ішінде 
Абай балалықтың қызу ермегінен, қызығынан шеттеп, салқындап қапты. Тіпті 
балалығынан айрылыңқырап қалғандай. Әлде, аурудан тұрғандығы ма? Немесе 
соңғы уақыттар көңілінен кешкен ауыр сезім, терең азап салдары ма? Әлде, 
тіпті балалық өтіп, үлкендікке қарай бой ұрғандығы ма? Аралықта белге 
соққандай бір дағдарыста қалған сияқты. 
Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. 
Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз 
ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық 
қалпына бейімденген. Бірақ, әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. 
Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей ескен, реңі солғын, бойшаң 
ғана өсімдік бейнелес. 
Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазір де қаладан 
қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозғылданған. Сұйықтау 
қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. О да 
ауырғандық пен күн кезінде болмағандық белгісі. 
Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше 
үйлесті. 
Ол атқа мініп жүруге жарағанымен үйден көп шықпайды. Өзге баладан 
гөрі басқа бір ермек, бөлек бір дос тапты. Онысы, әсіресе, әжесі. Одан қала 
берсе шешесі. 
Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. 
Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. 
Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен 
әңгіме айтуды сұрады. Сонда, ол ойланып отырып: 
- Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? - деп, кішкене 
тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда 
әжесін тізесінен ақырын қағып. 
- Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? - деп, тағы да 
әңгіме тілегенін білдіруші еді. 
Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», 
«Құла мерген» - барі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті 
көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. 


 
39 
Бертін келе, тәуір болып алған соң әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол 
осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. Ел 
мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты. Осыдан жиырма-
отыз жыл бұрын Найманның осы елге, осы ауылға шапқанын, сонда Бостанбек 
деген өзінің асыранды баласы өлгенін және Найман қолынан осы ауылға 
тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожамберді деген ақын жайын 
айтады. Соның көп өлеңін шұбыртады. Басқа да «Қарашор шапқан» сияқты 
шабысты, жортуылды айтады. 
Тағы бір күндер Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын да айтып берді. 
Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын. Кейде әжесі шаршап, 
айтпай қойса өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Және ол 
көбінесе, өлеңді сөзді жиі айтады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, 
білдірмей, сақтап жүрген зейініне таң қалады. Нелер ескі заман жырларын, 
айтыс, өсиет әзілдерін де көп айтып береді. Екі анасын көңілдендіріп тағы 
айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен: «Жүсіп-
Злиха» сияқты қиссаларды оқып береді. Әндетіп мақалдап қояды. Шешелеріне 
ұғымсыз болған түрік тілінің жеке сөздерін жолшыбай қазақшалап отырады. 
Осымен қайта көңілдендіріп алып, ескі әңгімелерді тағы айтқызады. 
Зере ел шабысын әңгіме еткенде, сол істердің бәрін ел басына әлек салған, 
ұлардай шулатқан, кесел күндей айтатын. 
Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала осы жазда, тіпті, көп 
есітіп, көп біліп алған сияқты. 
Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл 
үйге екі бөгде қонақ келіп қонды. Бірі - қартаң, бірі - жас қонақ. Жасын Абай 
біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауда келіп, осы үйде үш 
күндей жатып, «Қозы Көрпеш - Баянды» жырлап берген Байкөкше деген 
жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенмен шешесі әбден таниды 
екен. 
Қонақтармен жай сұрасып, амандасып болған соң Ұлжан Абайға қарап 
жымиып: 
- Ал, балам, әжеңмен екеумізді қажай беруші едің, әңгіме-жырдың дүкені 
міне, жаңа келді. Мына кісі Барлас деген ақын! - деді. 
Шоқшалау ғана ақ сақалы бар, келбетті келген, зор дауысты ақ сары кісі 
Барлас Абайға салғаннан ұнады. Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отырған өзге 
үлкендердей емес. 
Барлас іле сөйлеп кететін жарқылдақ, ашық. Осы үйде талай күннен жатып 
жүрген, ауыл адамы сияқты. 
- Е, балам, «шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген» дегендей, 
сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел - ел-дағы. Тыңдауға өзің жалықпасаң, 
айтуға Байкөкше жалықпас! - деп, жас жолдасына қарап күліп қойды. 
Жайлауға келіп қонғалы бөгде қонақтар келгіш еді. Барлас Сыбан болатын. 
Жайлауға қоныстары жақындаған соң жылдағы дағдысы байынша осы 
ауылдарға амандаса келген екен. Жолшыбай, Мамай ішінен Байкөкше 
қосылыпты. Ол Барластың ақын шәкірті. Жылда осылайша қасына еріп, 
бірнеше айларды бірге өткізуші еді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет