Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет22/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
45 
Осы абысын, жеңге, келін атаулының бір машығы - жылына екі мезгіл 
Құнанбай үйлеріне сыбаға әкелуші еді. Бір сыбаға көктемде. Қыстай қыдырып 
араласа алмай жүрсе, жазғытұры ең алғаш сыбайлас қонғанда, Зере отырған 
үлкен үйден бастап осы Күнкенің үйінее де бір-бір келеді. Қыстан сақтап 
шыққан сүрілерін әкеледі. Екінші рет, қазіргідей қыстау-қыстауға айырыла 
көшерде әкелетін. 
Кұнанбай кеп түскенше, жапырлап сөйлеп, күлісіп, әзілдесіп жатқан 
әйелдер, Құнанбайға Майбасар кеп есік ашқанда, жым-жырт бола қалды. 
Еркекетер төрге кеп отырған соң, тек Таңшолпан ғана: 
- Мына шешелерің, жеңгелерің сыбаға әкеп, енді тарағалы отыр, қарағым. 
Кәрі әжеңнің орны бір басқа. Оныкі өз бетімен барып жатыр! - деп, Зерені де 
есіне алды. Барлық үлкен-кіші Зерені «кәрі әжең» дегендіктен Таңшолпан да 
соңғы жылдар өз күндесін осылайша атайтын боп еді. 
Құнанбай үндеген жоқ. Таңшолпан өр шешенің бірі еді. Келіншек кезінде, 
жылқыға жау тигенде, жайдақ атқа мініп, қолына найза ала шапқан ерлігін 
жұрттың бәрі білетін. Өзінде үйелмен-сүйелмен төрт ұл бар. Ондай көп ұлы бар 
тоқал, өзінен-өзі өр боп кететін әдеті, Таңшолпан Құнанбайдың үнсіз 
отырғанын жақтырмай, бір ырғалып қойды да: 
- Сыбағаны Күнкеге әкеп отырғанымыз жоқ. Балам да болсаң бас болдың, 
саған әкелгізіп отырмын. Ертең қыстау-қыстауға кетеміз де, қыс бойы інге 
кіргендей жатып қаламыз. Қатынның күні со да. Жыл айналғанша амандық 
тілеуім, балама берген батам. Содан басқа бізде не болушы еді! - деді. 
Құнанбай шешесіне қарап, үндемей бас изеді. Тағы біраз тұрып: 
- Айрыла көшем деймісің? Ал, тегі айрыла көшпесек, қайтесің? Тағы бір 
сыбаға жеп жүрмелік! - деп күліп қойды. 
Құнанбай күлгенге үй ішіндегі қонақ әйелдердің бәрі күлді. Ұзын бойлы, 
қара сұр, ашаң жүзді Күнке, ерінің жылы шырайын пайдаланып: 
- Мен бүгін теңдерді шешкізіп, ертең үйлерді тіккізбек едім. Осы тағы бір 
көші-қон бар ма? Мынау елді де, өзімізді де екі ұдай еттіңіздер ғой! - деп 
Майбасарға қарады. 
- Екі сыбаға жейді екесін, «екі ұдай» деген сол бола ма екен! - деп, 
Майбасар қайнысы күліп қойды. Жөн айтпады. 
- Теңді шештірме, үйге де әбігер болма! Ертең тағы көшесін! - деді 
Құнанбай. 
- Е, қарағым, ол қай көш? - деп, Таңшолпан таңданып, үңіле карап еді. 
- Бәрің де бірге көшесің. Ертең ерте Шыңғысқа көшеміз. Қоныс қарап 
келдік. Ауылдарыңа соны айта барыңдар! Буынып-түйіне беріңдер, - деді. 
- Айтқандай, ертеңіне Күнкенің үйі алдымен түндігін сыпырды. 
Ырғызбайдың жиырма ауылы тағы да дүрк көшті. Беттегені Шыңғыстың жуан 
ортасы. 
Көштер, үздік-создық болмай топтанып иіріліп алып, қалың нөпір боп 
қозғалды. Әншейінде, көш деген қаз, тырнадай тізбек-тізбек болушы еді. Қазір 
де алғаш жөнелгенде, мынау ел тобына лашын түйілген шүрегей үйректей, 
ұйлығып, қарбаласып, ұйқы-тұйқы боп кетті. Кұнанбай таң атар-атпастан 
асығыс бұйрық беріп: 


 
46 
- Малтықпай тез көшсін! Шұбалмасын! Қатар қозғалсын! Қауырт жөнелсін! 
- деп, қысқа-кысқа әмірді ауыл басы сайын кісі шаптырып айтқызып жатқан. 
Дағдыдан тыс көштің, дағдыдан тыс көрінісі де осыдан еді. 
Қызылшоқыдан Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жағында, 
жағада бір жалғыз төбе бар еді. Құнанбай өз қасына Майбасар, Қамысбайды 
ертіп және өзінің Күнкеден туған үлкен баласы Құдайбердіні алып осы төбенің 
басына барлық көштен, барлық аттылардан бұрын кеп шықты. Астында 
шұбалаң құйрық торы аты бар. Дом боп жарап алған есік пен төрдей ұзын торы 
ат көлденең тұр. Қос кұлағын қамыстай шаншылтып, арттағы нөпірге 
«бассандаршы!» дегендей қарайды. Құнанбай да көш-көштің алдынан кес-
кестеп, бірдеме айтатындай боп тұр. 
Әлі күн шыққан жоқ, елең-алаң еді. Жиырма ауыл жүктерін артып 
жатқанда жым-жырт, үнсіз қимылдаса, енді түйелерін тұрғызып, жөнеліп 
бергенде жамыраған қозыдай неше алуан үнге басты. Біресе, жүк батқан түйе 
бақырады. Енесінен адасқан бота боздайды. Әр ауылдың өш иттері бір-біріне 
арсылдасады. Айғай салып шапқылаған аттылар, жүшкі жігіттер көрінеді. Бала 
жылайды, шешелер ұрысады. Қиқулап айғай салып, мал қайырған малшылар, 
жас-кәрілер үндері әлсін-әлі келеді. 
Көштер қауырт қозғалған уақытта Құнанбай Қамысбай мен Құдайбердіге: 
- Бар, екеуің тез барып осы барлық көштердің басты-басты кісілерін - 
үлкендерін, осында жиып келіңдер! - деді. 
Құдайберді мен Қамысбай бұл бұйрықты ести сала тебіне жөнелісті. Ұзын 
бойлы, қыпша бел жас жігіт Құдайберді мен кең жауырын Қамысбай ойға түсе 
бере, көштің алдын көлденеңдеп, жарысып барады. Екеуі лезде барып, көш-
көштің алдындағы еркектер тобына бір сәт бөгелді де, әрі қарай жосыта берді. 
Бұлар араласқан топтан бір-екі кісі дереу сытылып шығып жалғыз төбеге қарай 
желе текіректейді. Құнанбайдың күтіп тұрғанын көріп, өбектеп қамшыланып, 
асыға жүріседі. 
Құдайберді арғы шеткі көшке жеткенше, Құнанбай қасына жиырма-отыз 
аттылар жиылып қалды. Қоңыр күздің бүгінгі күні желсіз, тынық. Аспан да 
ашық. Соңғы аттылар Құнанбай қасына жеткенде, балқыған темірдей боп 
ұшқын атып жарқыраған үлкен күн, алыстағы Арқат тауының ирек-ирек 
жотасына міне бастады. 
Көштің алдына көлденең түсіп, қатпар-қатпар болып Шыңғыс жатыр. 
Ұзаққа, ұшан теңізге созылып жатқан қалың таудың биік жоталарын күн 
сәулесі бір сәтте алтынға малғандай қып рең берді. Таулар түндіктерін жаңа 
сыпырды. Аспанда бозторғай, қараторғайлар самғап шырылдайды. Көш 
жолынан қашып ұшқан болу керек, қаулап кетті. Көш үстіндегі аспанды мың 
бұралған үнмен кернеді. 
Биікте, көз ұшында, шалқар көш боп қиқулап, «қош, қош» айтқандай боп 
қалықтап, бір топ тырна кетті. 
Құдайберді мен Қамысбай астарындағы екі бозды танауратып терлетіп, ең 
соңғы үш үлкен кісіні ертіп келгенде, жаңғыз төбеде, Құнанбай қасында елу 
шамалы аттылар бар еді. Соңғы келген үшеудің ортадағысы Құнанбайдың тағы 
бір тоқал шешесінен туған Жақып. Құнанбай мұның сәлемін алды да, тебініп 
қап, «жүр!» деді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет