132
«кеп қалды!» «тиіп кетті», «алды, жұлды!» деген, суық хабарларды күтіп,
елеңдеп ұйқтайтын болып еді.
Зеренің аулы осы дегбірсіздік, мазасыздық үстінде үдере көшіп отырып
Бақанасқа жетті. Қонғаны кеше ғана еді. Маңында он ауыл емес, қазірде отыз-
қырық ауыл оралып қапты. Ертеңді-кеш қалың жиын, қарулы азамат Ұлжан,
Айғыз үйлерін күндіз-түні басып жататын болды. Құнанбай Бақанасқа
жеткенше осы аулынан кеткен жоқ. Топырдың бәрін осында жиып, ұлықтық
әмір бұйрықтарын да осы арадан атқарады. Барлық атшабар, старшын, илер де
бүгіндер Бақанас бойында. Бұл атраптағы
отыз-қырық ауыл тегіс, ендігі бір
өзгеше жиынның ордасы сияқты боп алды. Сияз емес, сайлау емес, ас беріп, ат
шаптырған емес. Не кұдалық береке де жоқ. Сылтаусыз болса да жиын
айықпайтын бір шоқы боп алды.
Абай әкесінің ендігі сырын білмейді. Үлкен кісілер кеп, әке қасын
қоршағаннан бері және Кәмшат өліп, үй ішін, аналар көңлін уайым басқаннан
бері Абай әке қарекетінен, ендігі мақсұтынан шетірек қалғанды.
Бақанасқа бұл ауылдар жеткен күннің
ертеңінде көршілес Жәнібекке,
Тезектің Қарашоқысына, Қазбалаға Жігітек, Бөкенші, Көтібақ та жетсе керек
еді. Бірақ әлденеден олар келмепті. Сұрастырғанда: кейіндеп, Ақтомар,
Қаршығалы, Шақпақ тұстарында қапты деген хабар келді. Егескенде, иінтіресе,
таласа көшетін әдет болушы еді. Бастапқы екпін сондай-ақ еді. Не болды екен?
Немене есеппен бұғып қалды екен?.. Осыны үлкенді-кішінің әрқайсысы: «Бұл
қалай? Неліктен?» десіп сұрасып жүргенде, түс кезінде Бақанас бойына бір
өзгеше хабар шұғыл кеп қалды.
Ызғұттының аулына түсіп, сусын ішіп аттанған Бөкеншінің үш
жолаушысы айтыпты: «Бес күннен бері Бөжей науқас еді. Соңғы күнде сол
науқастың беті бұзылған тәрізді. Бөжей өзі шоши ма? Болмаса, сақтықта
қорлық жок дей ме? Әйтеуір кеше кешке бар жанкүйер
ағайынын шақырып,
арыздасып жатыр дегенді есіттік» - депті.
Бұл жүргіншілердің сөзі ұшқары сөз емес, шын еді.
Бақанастың суык бетке әзірленіп жүрген елінің бүгін күні бойғы аузындағы
сөзі осы болды. «Арыздасып жатыр дейді! Байсал, Байдалы, Түсіптер жыласып
арыздасыпты дейді!», «Науқасының бетінен ағайын шошиды деді!», «Жазым
боп кете ме қайтеді?» - деседі. Далада малшы атаулы бір-біріне кездессе, қосак
басында қатындар кездессе, ат үстінде азамат кездессе, ас үстінде үй іштері -
абысын-ажын күңкілдессе, тегіс сөйлейтін сөз осы болды.
Осы күннің ертеңінде суық сыбыс анық боп, Бөжей қайтыс болды деген
хабар да жетті. Өткен түні, ел жатар кезде жантәслім қыпты.
Бұл хабарды Жұмабай ат үстінде естіп Ұлжан үйіне келгенде, ол үй
таңертеңгі шайын ішіп отыр екен. Үйде Құнанбай, Зере, Ұлжан бар. Балалардан
Абай, Оспан, Тәкежан отыр еді.
Бөжейдің
өлімін есіткенде, үй іші тегіс аңтарылып, селт етті. Бірталай
уақыт жым-жырт отырып, үн қата алмай қалған үлкендер, мынау тосын
хабарды енді-енді, әркім әр түрде сезіне бастап еді.
Құнанбай қатты сұрланып алып, түрулі тұрған есіктен алыстағы көк
адырға қадалып отырып, ернін жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды.