125
Қарашоқыдан Жидебайға шейін қатты жортып жүріп еді. Екі аулының
арасында дәл осы күндей шапшаң жеткен күні жоқ. Қалайша оп-оңай келіп
қалғанын өзі де байқамады.
Жидебайдағы ауыл да киіз үйге тегіс шығып алған екен. Биыл Қарауыл
суы мол боп тасып, Жидебай, Мұсақұл үстіндегі кең қорық көк жайқын қалың
шалғын боп келе жатыр еді. Көп үйлі ауыл кеш мезгілінде біртүрлі бейілді,
қоналқаға көңілдене шақырып тұр. Ауыл айналасы қалың қой. Қозы жамырап,
иттер үріп даңғаза боп жатыр екен.
Абай үлкен үйге түсті де, шешелерімен амандасып болған соң көші-қон
жайын айтты. Жылдағы әдет бойынша бұл ел әуелі бауырға қарай, көктемдік
қоныстарға барушы еді. Ұлжан солай көшерміз деп, қыстауда қалдыратын
жүктерін, қоймаларын сайламаған екен.
Жайлау биыл ерте көктеді. Шыңғыстағы ел бауырға көшпей, жайлауға
асығып отыр. Сондықтан бұл ауыл да дүрмектен қала алмайды.
Ол жағын Ұлжан ұқты. Бірақ, баласы ойлағандай тез көше алмайтынын
білдірді. Үй ішін жеңілейту, теңдер буғызу, жатақшының жазғы күнін бейқам
ету, баршасы да бұл ауылды не қылса да бес-алты күн бөгемекке керек.
Абай өз ішінен: «Сүйіндік аулы сыртқа кетіп қалады, жеткізбей ұзап
кетеді-ау» деп тынышсызданып еді. Шынында сыйлас ауылмен немесе достас
жандары бар ауылмен қатар көшкен қандай қызық. Ертелі-кеш бірге көшіп,
бірге қонып отырса, күндіз-түн көрісе жүрудің сылтауы көп. Бірақ шешесінің
байлауы жаңағыдай шаруа жағына келгенде, бұзылмайтын байлау болады.
Ондайда Ұлжан Құнанбайдың айтқанын да орындамай, өз билігімен кететін.
Көңіл қаншалық қиял құшып, аласұрса да, Абай амалсыз көнді.
Кешкі астың алдында Абай Зере мен Ұлжанға Кәмшат жайын айтты.
Естігенінің ешбірін қалдырмай, қатты айтты. Жыласа да, күйзелсе де,
шешелерді аяймын деп Кәмшат жайын бүркеу мүмкін емес.
Зере күрсініп, күңірекіп кеп, Құнанбайды жерледі. Ұлжан үнсіз, жым-жырт,
қиналып отырып-отырып Абайға:
- Осы естігеніңнің бірде-бірін Айғызға айтпай тұра тұр. Онсыз да қан
жүрегі қақ жарылып жүр ғой. Бүгін таңертең: «Түс көрдім, Кәмшат жер ошаққа
жығылып қалып, үсті-басы лаулап жанып барады екен» - деді. Сүйіндіктің
қатыны аналық мейірімі бар кісі. Бәрінен де соның айтқаны тек емес қой.
Шыңғысқа жетейік. Сонан соң өзің қасыңа бір ересек кісіні ерт те, тура
Шырақтың аулына барып, Кәмшатты өз көзіңмен көріп, бар жайын біліп кел.
Айғызға содан кейін айтып, әкеңмен шындап сөйлесейік, - деді.
Байлау осы болды.
Сол кештен он шақты күн өткен шамада Құнанбайдың үлкен аулы
Ақбайтал асуынан асып барып, Шыңғыстың сыртындағы Жігітек, Бөкенші
жайлауы болған Қопаның аузына қонды. Құнанбайдың айтқанындай он шақты
ауыл боп көшіп келіп еді. Дәл бүгін осы қонысқа жеткенше бұл ауылдар өзге
Шыңғыс бөктерінен көшкен Бөкенші, Жігітекті қуып жете алмаған. Ең шабан
көшкен ауылдар болған-ды.
«Алғаш үлкен ауылдың ерулігі» деген табақ-табақ еттер, саба-саба
қымыздар, көп-көп қыдырушы қатындармен ілесе келіп-келіп қалды.
Құнанбайға жұрттың көңілі әралуан болғанмен, ежелгі салт-машық бойынша
126
бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ, Бірақ сыбаға мен ерулік
әкелушілер көп болса да, бұл келгендердің ішінде Бөжей, Байдалыдан немесе
Сүгір, Сүйіндіктен келген белгі болмады. Келіп жатқанның барлығы момын
ағайын. Араз-кұразға ынтасы мен бейілі жоқ, жай шаруаның ауылдары еді.
Үй іші келушінің барлығына ырза болды да, келмегенді санаған жоқ.
Жалғыз Абай ғана өз ішінен әр мінездің мәнін өзінше жорыды.
Шешелеріне берген уәде бойынша Абай Бөжей аулына баруға асыққан.
Қопаға қонған күннің ертеңінде қасына Ғабитханды ертіп, солай жүріп кетті.
Бөжей аулы Қопаның аузынан алыс емес. Батыс жақтағы көк қырқаның
астында Саркөл деген тұщы көлдің басында. Түс шағында екі жас жігіт сонда
келді. Саркөл жағасында жағалай отырған ауыл көп екен. Бөжейдікін
сұрастырғанда, бие қайтарып жүрген асау тайлы бала тап орта тұстағы он
шақты үйлі ауылды көрсетті. Бұл бай ауыл емес, бірен-саран ғана бозғылт үйі
бар. Көпшілігі қоңыр үйлі орташа ауыл тәрізді. Шынында Бөжей бай болған
емес. Орташа, дөңгелек қана дәулеті бар еді. Абайлар Бөжей үйінің сыртына
кеп, аттан түсіп жатты. Қазіргі уақытта бұл ауылда бірде-бір бөгде кісі болмау
керек. Кермеде де, белдеуде де ерттеулі ат жоқ. Жиын болса, көлдің арғы
шетіндегі ақ ауылда болу керек. Саркел айналасындағы топыры кеп ауыл сол
тәрізді. Жас жігіттер Бөжейдің өзін де үйде жоқ болар деп топшыласып еді. Сол
ойлары шын болды. Бөжей анау ақ ауылдағы жиында. Сонда түстеніп отыр
екен.
Аттарын байлап, енді үйге қарай жүре бергенде Абай осы үйдің ішінде
әлсіз үнмен жалынып жылаған кішкене баланың үнін есітті. Ауру баланың
жылағаны.
Абай жүрегі жаман белгіні сезгендей су етіп, қатты аянышпен шаншып
кетті. Үн дәл Кәмшаттың үні сияқты. Абайлар үйді айналып есікке тақай берді.
Бірақ дәл осы кезде жаңағы баланың жылауына ызаланған ұрысқақ дауыс
естілді.
Бар сөзі басқа ұрғандай ап-анық шығып жатқан Бөжейдін бәйбішесінің
даусы.
- Ырылдатпа! Ырылдатпашы анау көзің ойылғыр жетімекті! - деп, зекіп
тастап, долы бәйбіше есікке қарады.
Киіз есік ашылып, екі бала жігіт кіріп келген екен. Абайлар төрге шықты.
Үлкен үйдің іші сыртындай жұпыны емес, жасаулы, кілемді, алашалы екен.
Бірақ салақ үйдің белгісі - сыпырылмаған, төрден олақ жиналған көрпе-
жастықтан көрініп тұр.
Үй ішінде, төсек алдында ұршық иіріп үлкен қара сұр қатын отыр. Танауы
қусырылып, ерні қатты жыбырлаған қара қатын аса бір ұрысқақ қатал жан
сияқты.
Биік төсектің бас жағында жер төсек бар екен. Соның үстінде Бөжейдің екі
бойжеткен қызы кесте тігіп отыр. Жасына жеткен қыздардың пішіндері - сұлу
да, сыпайы да емес. Түксиген, сүйкімсіз. Және шешелеріндей ашушаң, қатқыл
адамдар сияқты.
Осы төсектердің бас жағынан Абайлар отырып, үй ішімен ақырын ғана
амандасты. Мажырасып қарсы алған үй іші де болған жоқ.
|