121
тоқтамаймын!» дегені ғой мұнысы. Қоймас болса сол қолқасын алар. Алмай
тынбас сенің әкең! Осыны айт! Бір мен емес, «Жігітек сәлемі» деп айт осыны!
Ал мына жерін алсын, бір бұл емес, тағы тапсын, тағы алсын! - деп, қолын бір-
ақ сілікті де тоқтап қалды.
Үй іші жым-жырт. От әлі маздап жанып жатыр. Үлкен қазанның астын
қызыл жалын дамыл алмай жалап тұр. Әуелде толтыра құйылған іркіт қазір
бірер қайнап қалған екен. Кемерінен орта түсіп, шымыр-шымыр қайнайды.
Жаңағы Байдалының ашулы сөздерінің тұсында Абай көзі қазан бетіне түсіп еді.
Қоюланып баражатқан ыстық құрттың ортасы
кей кезде көпіршік атып
сақылдап қайнайды. Сол көрініс тап Байдалы ашуындай. Қайнауы жеткен ашу
қызуы жеткен құрттай. Бір жер емес, қазан беті әр тұстан бұрқ-бұрқ етеді. Ол-
дағы осы елдегі әр жерден шаң беріп жатқан Құлыншақ, Сүйіндік, Бөжейлердің
ашулары сияқты.
Шынында жаңағы аз ғана сөз талай терең түкпірдің үстін басты. Талай
түйінді түртіп өтті. Талайдан теріліп жүрген желісі ұзын дау, себебі мықты
кінәлар жатыр.
Абай Байдалы сөзіне орай айтпақшы емес. Бірақ жақсы, жаман деп сыр да
берген жок. Сәлемдерін ұғып болып Байдалыға қош айтпақ болып еді.
Қамшысын ұстап, тымағын киді. Осы кезде Байдалы тағы бір ырғала түсіп:
«Әлі де тыңдап кет!» дегендей белгі етті. Абай тымағын қайта қолына алды.
Қазір Байдалы біржолата өзгерген сияқты: кең, баяу, байсалды үнмен тың
әңгіме бастады. Абайға енді күлімсірей қарайды. Бұл пішіні жаңағы Байдалыға
тіпті ұқсамайды.
Үлкендердің әралуан кең мінезі, терең сыры болатыны бар ғой.
Бірақ тап
мынадай, ашуы мен сабырын оңай жұмсап, оңай тежеп, оп-оңай бұрып салып
отыратын шын ұстамды адамды Абай осы Байдалыдан ең алғаш рет көріп отыр.
Жаңағы ашумен күйген Байдалы енді майда қоңыр үнге түсіп:
- Осы өздерің көріп жүрген Қаратай бар ма? Тап соның ішінде көп қойма
жатыр, не керек! Шіркін, тек қана азғантай Көкшеден шықты ғой. Егер
Олжайдан туса, өрісін көрер ең! - деп, біраз отырды да... - Тақауда әне бір
күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар - барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп
отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы:« Жә,
өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Байсал
күншуақта
жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк түсіп сырт қарап
жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқ-ты. «Мырза кім?» дегенге Қаратай
жауап беріп, «Мырза - Құнанбай» - деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен
кім!» деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен - Құнанбай» - деді. Екі бел асты.
Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап
беріп: «Жақсы - Құнанбай» - деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып,
саңқ етіп: - «Уай, Көкше, не оттап отырсың өзің?» деп, Қаратайға қадала түсіп:
- Мырза Құнанбай екен, шешен Кұнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше
не көкіп алысып жүрміз онымен?» - деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Уәй
тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе?
Жалғыз-ақ «ие қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» деді. Сөз
ұғатын бала сияқтысын ғой! - деп, Байдалы осы тұста Абайға сығырая қарап
отырып, - дәл осы сөзді сенің әкең естімеген болар. Осыны да айта баршы.