118
қасында отырған Жуантаяқ Топайдың қартаң адамдарына көз қадап отырып, -
мен деген дос, мен шыдағанша сен де шыда! Тек жалғыз-ақ мен қозданған күні
«бірге қозданам» деп шыда! Соны істесең, құдай ырза, мен ырза. Әзірге менің
қолқа, тілегім осы-ақ! - деп, тоқтап қалды. «Жүрушілерге рұқсат» деген сияқты
қып тұжырып еді.
Бар жиын, төрден босағаға шейін құп-құптап:
- Дегенің болсын!
- Айтканың болсын!
- Серт уәдеміз айтылды ғой!
- Тұр дегеніңе тұрамыз! - десіп, жапыр-жұпыр қостап қалды. Абай өз
ішінен:
«Баталасу сияқты-ау! Бір нәрсеге ел қамдап, серттесу үшін шақырған-ау!»
деп ойлап, жаңағы «дос» деген сөзді есіне алды.
Бірақ төрден босағаға шейін бұ да қарап етіп, бір нәрсеге іштей ойланып
қалды.
Мынау «дос» деп әке атаған кісілері бұрын Абай аз білетін, немесе, тіпті
танымайтын кісілер. Бұрын мұндай жиын ортасында «дос» деген атпен Байсал,
Қаратай, Бөжей, Сүйіндік, Түсіп сияқты кісілер отырушы еді.
...Бүгін оның бірі жоқ. Анада өзі барған Құлыншақ та жоқ. Басқаша бір
екшеу ғой. Олардың үстіне тағы да мол дос жию ма? Болмаса, тіпті соларды
екшеп тастаған ба? Әлде дүмбілез бірдеңелер бар ма?..
Абай Қаркаралыдан қайтқалы ел іші қыстыгүні татулықпен, Кәмшатты
жылатып берумен «бітті, тынды» деп білетін. Содан кейін үлкен сыбыс та
шыққан емес. Ішінара не күңкіл барын сұрастырған да емес-ті.
Қонақтың көбі жүріп кетіп, екі-үш ақсақалды ғана Құнанбай қоналқаға
ұстап қалды. Көпшілік кетсе де әкесі толық босамады.
Абай өзінің Сүйіндікке барған жұмысын көпке шейін айта да алмады.
Ақыры бір әредігін тауып, әкесімен сөйлесіп, міндетін ада қылды. Енді
бүгін мұнда қонбай Жидебайға қайтсам деп ойлап еді. Әкесіне сол ниетін
айтқанда Құнанбай:
- Немене бұ, қуыршақ ойнайтын қыз ба едің сен, шешеңнің қасынан
шықпайтын? Менің қасымнан сол қатындардың қасы артық болды ма? Мұнда
болсаң ел көресін, сөз ұғасын, тәлім-тәрбие аласын. Онда не табасын? - деді.
Абайға бұл сөздер оншалық даусыз хақиқат болып танылған жоқ. Ішінен:
«Сіз ата болсаңыз ол, - ана. Бала, ата-ананың тағылымын бірдей алып өседі»
деп ойлады.
Бірақ әкесіне тура жауап айтқан жоқ.
- Үйде қаршыға бар еді, биыл құс мол екен. Жидебайға барып азырақ
қаршыға салайын деп ем, - деді.
Құнанбай бұл жеріне дауласқан жоқ, түсінді. Бірақ:
- Тағы бірер күн аял қыл. Ертеңдер сені Байдалыға жіберіп алғалы
отырмын. Содан әрі қайтарсың, - деді.
Абай амалсыз көнді.
Байдалы Абайдың көп сөйлеспеген кісісі. Кешелер ол да Құнанбаймен араз
кісінің бірі еді. Енді соған жібермек.
119
Әуелі Құлыншаққа жіберді. Ол Құнанбайға өкпелі. Сүйіндік болса, ол да
бұрыннан ренішті адам. Кеше түні бойғы әңгімеде Абай өз әкесі туралы үлкен
кісілердің аузынан ең алғаш сын сөздерін есітті. Ол әңгімелердің ішінде талай-
талай мәндер жатыр. Сүйіндік те Құлыншақтай өкпелі адам. Ал енді міне, тіпті
Бөжеймен тізе қосып, әрдайым жаулықты мықты ұстап жүрген Байдалыға
жібермек. Оның Құнанбайға қарсы араздығы қатты бекіп қалған тоң сияқты
емес пе еді? Көңілі жібіді ме, қабағы жадырады ма? Абай білмейді.
Енді соған бармақ. «Осы қалай» деп, біраз ойлана түсіп, Абай өз әкесінің
ішін түсінгендей болды. Тегі әкесі өзіне жау адамдарға Абайды әдейі жіберетін
болар. «Жау барын көрсін, түсін танысын. Тани келе, көре келе, әкесіне
достығы, тілеулестігі күшейсін» деген болу керек.
Абай осыны ұқты да, қатты толқып, қиналып ойланды. Шытырман. Бір
сәтке Абай өзі көлденеңнен қарап, шытырман ішіне жалғыз, құралсыз, әлсіз
күйде еріксіз кіріп бара жатқан өзін көргендей болды.
Өзін-өзі ойша екіге бөліп, осылайша көлденең көзбен көре жүретін әдет
Абайда әр кезде болушы еді.
Екі күн өткен соң Құнанбай Абай мен Қарабасты Байдалыға жіберді.
Құлыншақ пен Сүйіндіктей емес Байдалы бұларға жылы шырай бермеді.
Сырты үп-үлкен ақшыл үйге Абайлар кіре бергенде-ақ Байдалының бір нәрсеге
қатты ашуланып, айғайлап жатқан үні естілді.
Үй іші әбігер екен. Босағада малшы қатын үлкен күбіге іркіт пісіп тұр. Бір
жағынан кең қазанда кұрт қайнап жатыр екен. Үй іші ыстық. Дәл Абайлар кіре
бергенде Байдалы бір кішкене қара пұшық қызды май құйрықтан шапалакпен
ұрып:
- Құдай сілегір, кетші былай, құдай сілегір. Тыныштық бермедің ғой, сен-
ақ! - деп, жылатқан бойында итеріп тастады. Қыз отқа құлай жаздап, әрі шошып,
әрі ашуланып булыға жылады. Басында шыр етіп шыңғырса, енді шегі қатып
көкпеңбек боп, долдана жылайды. Көзінің жасы да, сілекейі де шұбырып жатыр.
-Әпкет! Әпкет мынау қараң өшкірді! - деп, Байдалы қатынына бұйрық етіп,
үйден айдап шықты.
Үй ішінің осы жанжалының уақытында Абайлар сәлем беріп кіріп, терге
шығып отырысты.
Байдалы сәлемді оңдап алған жоқ. Амандасуы да солғын болды.
Құрт қайнатып жатқан үйдің қазаны бос болмайды. Ет асқысы келмеген
үйге ол бір жақсы сылтау болатын.
Абай мынау ыстық үйде, мынадай тырысқақ ашушаң кісінің үйінде ет
асым уақыт отыруды өз басына жазадай санап еді. Сондықтан еттің сәті
болмаса тіпті қарсы емес. Ішінен Қарабасты мысқылдап:
«Ал бәлем, шоқ! Түстік болмаса, түбің түсетіндей көруші ең! Көрермін осы
үйден жегеніңді!» - деп, жымия түсті.
Шынында Қарабастың бір қиыны - «түстік» пен «қонақасы» жайын өзге
дүниенің бәрінен бұрын ойлап, өзгеше көңіл бөлетін. Кейде Абайдың қонбайық
деген аулына: «Қонайық, бұл үйдің сүрі мол» деп, тағы бір кезде: «Түстенбейік,
жүріп кетейік» деген жерінде: «Түстенейік, бұл үй қонақасыға мырза» деп,
қайдағы Абайдың ішін пыстыратын көңілсіз, сүйкімсіз бір үйлерге еріксіз
|