Ббк 84 Қаз 7-44 б 78 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет19/31
Дата10.10.2019
өлшемі1,85 Mb.
#49622
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   31
Байланысты:
Oralkhan B 1257 key 2 tom

еді.  Кеспелтек  ағаштың  үстінде  «арқарын»  асықпай  тартып 
отырған Шал жігітті жанына шақырды.
− Қой сойып, бас тартпады деп, күрең қабақ болып тұрған 
жоқсың ба, шырақ?
− Жоқ, аға.− Шал бағана жасын айтқан соң, өзінен он бес 
жас-ақ үлкендігін біліп, «ақсақалды» «ағаға» ауыстырған.
− Қайдан білейін, сыңайың нәумез секілді.
− Оқтан-текте меңірейіп алар әдетім барын ескертіп едім-
ау. Туғаннан бері арнайы сойылар малға бата жасап, бас ұстап 
көрмеген пақырмын.
−  малға  бата  жасау  дегеннен  шығады,  баяғыда  осы  өр 
алтайда мақажан деген өлеңші болған, естуің бар шығар. Сол 
кісі  төменгі  жаққа  –  Үлкен  Нарын  өңіріндегі  андағұлдарға 
жолаушылай барыпты. Елге еркелеп еркін жүретін ақын Қатпа 
деген  болыстың  үйіне  түскен  екен.  «алыстан  алты  алашты 
аузына қаратқан мақаң келді» деп, қонақасына серке соймақ 
болады  да,  ақынның  алдына  көлденең  тартып  бата  сұрайды. 
Қойдан  гөрі  ешкі  етінің  жеңіл  екенін  айтып,  сырғақсыған 
болыстың  сараң  сыңайын  таныған  мақажан  бұл  да  болса 
олжа  дегендей,  қанағат  тұтып,  үндемеген  көрінеді.  Тамақ 
пісіп, алдарына тартылған табаққа қараса, бағанағы серкенің 
басы тым кішірейіп қалғанын байқаса керек. «ал, ақын, бата 
жасаңыз», − деген Қатпа байға былайша өлеңмен бата беріпті:
Заман, заман, заман-ай,
Жылдан-жылға заманы
Жұмбақ болған заман-ай,
Сарқыраған өзені
Бұлақ болған заман-ай,
алғаш қонақасыға келгенде,
атан ақ серке еді,

179
Тамақ болып піскенде,
лақ болған заман-ай
аллауакпар, − 
деп, бетін сипапты.
Қайткенмен  Қатпа  болыста  сөз  төркінін  ұғар  намыс  бар 
екен, түн ішінде қотаннан қой алдырып сойдырыпты дейді.
− мақажан ақын менің атам, әкемнің әкесі... − деп міңгірлеп 
төмен қарады.
Шал:
−  рас  па,  шырақ.  асылдың  сынығы  екенсің  ғой,  −  деп 
қайран қалды. − Бәсе, бәсе, тұқымы бар деуші еді. «алты күн 
аш отырсаң да, ата жолын ұмытпа» деген қазекем, ұят болды-
ау.  Бүгін  балаларды  әуре  қылмай-ақ  қоялық,  ертең  де  еру 
бол, атаулы малыңның басын мүжі. мақаңның аруағынан ұят 
болар...
− рақмет, аға, еттен еттің жорғасы бар дейсіз бе, жедік қой 
бұйырғанын.
− апыр-ай, ә. − Шал шыншыл көңілмен сабырсызданды.
−  Ең  өкініштісі  сол,  аға,  ел-жұрттың  аузында  жүрген 
мақаңның бір ауыз өлеңін жатқа білмеймін. Әлгінде сіз айтқан 
өлеңді  мен  де  ішіп  алып  шоқырақтататынмын,  бірақ  кімдікі 
екеніне мән берген емеспін. Ол кісіні көруге жазбады. Әкеден 
де  ерте  айырылдық.  Білім  қуып  алматыға  кеттік.  Есім  бүтін 
кезімде ауылға барған жоқпын. арақкеш атанып, аузымызды 
ит  жалап  жатқан  жерімізден  Ерік  тауып  алды.  Онысына  да 
ризамын,  осы  өзіңіз  көріп  отырған  кейіпке  келдік.  Еріктің 
шешесі Нюра шешеміз мықты адам екен, сол кісінің арқасында 
ғана аман қалдым. атамның аққұла ақын болғанын сол кісіден 
алғаш  естідім.  Кірерге  жердің  тесігін  таппай,  бетімнен  отым 
шықты...
−  Ой,  ол  көк  көз  кемпір  мық-т-е-е,  −  деді  Шал.  −  Білем, 
естігем, ұлы өзіне тартпаған.
− Ерікпен неге дүрдаразсыздар, алтайдың тауы мен ағашын 
бөлісе алмай жүрсіздер ме?
− Оны өзім де білмеймін, әйтеуір, әлекедей жаланған соны 
көрсем, ит көрген ешкідей боламын. Бәлкім, дүниеқоңыздығынан 
қоңсылас бола алмайтын шығармын.
− Дүние жиса, бір діттеген ойы бар шығар. ағайын-туғаны 
жоқ. Ол да жалғызілік жігіт қой, жасқа аға, ақылға сақа үлкен 
адамсыз, артық-ауысын кеңдікпен кешіре салмайсыз ба...

180
−  Сен,  шырақ,  бітімшілікке  келгеннен  саумысың.  менің 
жаныма  бататыны  –  байлығы  деп  кім  айтты.  алдына  келсең 
тістер, артынан келсең тебер қазымыр шошқа мінезі де. ана 
жылы үсті-басына бал жағып барып, көрші омартаның бір рой 
арасын ұрлап кетіпті.
− араны қалай ұрлайды? − деп таңдана сұрады Таған.
− Ол оңай. Балдың балауызын үстіңе жапсырып ұясына жақын- 
дасаң,  ара  біткен  жапырлап  тәттіге  қонады.  Сол  қалпымен 
үйіне алып келіп өз жәшігіне кіргізеді. адам баласына қайыры 
жоқ. Не орыс емес, не қазақ емес, өгей неме...
Таудың түні шапшаң түседі. Жерошақтағы от қана шоқтана 
жылтырайды.  маралкөлден  салқан  саулады.  Көлден  шығар 
шүмек-судың  даусы  естіледі.  Әзерше  бөтен  үн  жоқ.  Балалар 
үйшік-үйден  кіріп-шығып,  тісқақты  тіршіліктерімен  жүр-ау. 
Көшелі  әңгімеге  шөліркеп  қалған  Таған  тағы  да  не  айтады 
дегендей,  Шалға  жалтақтай  қараған.  асыр  салып  ойнаған 
балалардың күлкісі естіледі.
−  Оу,  Қозы,  Баян,  ыдыс-аяқты  жинап  болсаңдар,  ұйық- 
таңдар,−  деп  дауыстады  Шал.  −  Күз  де  жақындап  қалды, 
байқайсың  ба,  түн  суыта  бастаған.  −  Шоқтанып  қалған  отқа 
көсеп-көсеп бұтақ тастады. − Таудың түні осылай, шырағым, 
алдың терлеп, арқаң мұздап отырасың.
−  Әсіресе,  қыста  қиын  болатын  шығар,  аға.  ат  бұза 
алмайтын ақ қар, ақырған аязда қалай жан сақтайсыздар?
−  Қар  қалың  түсетіні  рас,  оған  шаңғымыз  сайлаулы.  ал 
ақырған аяз тау ішінде болмайды. Жан аман болса, жан сақтау 
деген не, тәйірі. Чукчалардың да тұқымы суықтан құрып кеткен 
жоқ қой.
− Бұл тіршілігіңізден әрі қорқамын, әрі қызығамын...
−  Оның  несіне  басыңды  қатырасың,  адам  баласының 
таңдап  алған  тағы  бір  ғұмыр  жолы  да...  Дүниенің  бәрі  лас 
болып  ластанып  жатқанда,  ағаңның  қашып  тығылған  үңгірі 
де.  Жоқ,  шырағым,  мен  қара  басымды  сауғалап  келгенім 
жоқ  бұл  қу  мекиен  жерге;  анау  екі  қозымның  амандығын 
ойлап,  солардың  дені  сау,  рухы  таза  өссін  деп  келдім  бұл 
жерге;  жарықтарымның  айналып,  аумалы-төкпелі  заман- 
ның залымы болып кетпесінші деп келдім бұл жерге; жалған- 
ның үзірінен, бірін-бірі алқымынан алып шайнап тастар қаскөй 
бірлігінен  не  пайда,  күндердің  күні  болғанда  адамның  өзін 

181
опат етер ілім-білімнен не пайда... аспанға ұшып асыққаннан, 
арпалысып  қаруланғаннан  не  пайда;  апыр-ау,  осыншалық 
асыққанда қайда барамыз, қойторы аяңмен мың-миллион жыл 
ғұмыр  кештік,  енді,  міне,  әбден  кемелімізге  келіп,  болдық-
толдық,  табиғаттың  барлық  құпиясын  білдік,  ғылым  мен 
техниканың  самғау  биігіне  шықтық  деп  айдарымыздан  жел 
есіп мақтанған сәтте – табиғаттың жарты ғасырлық ғұмырын 
ұзартуды көксеп уайымдап отырмыз...
Шалдың  шалқып  бір  сөйлеген  сөзінен  іштей  үндестік 
тапты  ма,  Таған  жанған  отқа  тесіле  қарап,  үндемей  тыңдап 
отыр. Түн суытты.ай әлі шыққан жоқ. Қыркүйектің алғашқы 
күні  жаңбырсыз  басталғанмен,  көп  сағындырмай  келетін 
жаңбырдың хабаршысы кісінеп жатыр. Ол орман күшігені еді. 
Көл көрінбей қалды. Таудың бүкір белі де тегістеле сүлделеніп, 
тек қарауытқан қара жоны ғана болжанады. Оттың жарығы от 
басындағы  екеудің  сұлбасын  ажарлап,  жанарларында  жалын 
жанып, бозарыңқы тартқан боз дүние кешкендей мұңлы да жуас 
кейіпте.  «Бұл  дүниеде  қашып  тығылатын  жерің,  сыбырласар 
сырласың,  еркелетер  елің  болғанға  не  жетсін»  деп  ойлады 
Таған.
− Бәйбішем қайтыс болған соң, қайтып үйленбедім, − деді 
Шал «арқарын» отты шаламен тұтатып, − бала көтермеген кісі 
еді. Кінәлі ол емес – мен. менде емес – соғыс... Он жетіге толмай 
әскерге  алды.  Колхоз  бастығы  өз  ұлының  орнына  жасымды 
үлкейтіп мені аттандырып жіберді. Бізді Сталинград қырғынына 
салды.  Екі  солдатта  бір  мылтық.  Жаныңдағы  мылтықтасың 
өліп,  өз  қолыңа  қару  жеке  тиген  сәтті  армандайсың  –  күнәлі 
болсаң да армандайсың. Біз әншейін маскировка екенбіз. Нағыз 
майдан, негізгі күш басқа жақта жүріп жатыпты. Ол жойқын 
күштен  бейхабар  жау  барлық  қаруын  бізге  жұмсап,  ажал 
бүркіп төпелей берді. Осы кезде, әбден әлсіреген Паулюстың 
ту  сыртынан  айналып  өтіп,  қоршауда  қалдырады  ғой.  ал 
дұшпанның  мешені  болған  біз  қынадай  қырылдық.  Әне,  сол 
алапат  арпалыста  қатты  жараландым.  Ер  адамға  ең  керегі  – 
белден айырылдым. Ұрпақсыз қалдым. Қайтейін, бір әулеттен 
түрегеліп дәрет сындырар бір өзім едім...
Жігіт жұлынына біз сұғып алғандай селк етіп, жалт қарады. 
Шалдың жанарынан саулаған жас сақалын суарып жатыр екен. 
Жұбатқысы, жылы сөз айтқысы келеді. Жұбату мүмкін де емес 

182
еді.Шырқын,  шыншыл  әңгімесін  бұзғысы  келмеді.  Өзінің  де 
кеңсірігі ашып, жүрегі шымырлап, ұзын кірпіктері дымданды.
− Әне, шырақ, ат төбеліндей аз қазақтың тұқымы осылайша 
азайған.  Кім  кінәлі?  Тауып  көр...  Бұл  жалғанның  қитұрқысы 
сонда – мынау кінәлі деп ешкім айта алмайсың. айтқан адам 
ғана нағыз кінәлі болып шығады. Сондықтан да үндемейміз. 
Үндемейтін себебіміз – үйдей пәлеге қаламыз. ал енді үндемеу 
жағынан қазақтар алдына жан салмайды. Ішқұса болған жұрт 
жұдырығын жұрағатына жұмсайды, бірін-бірі бауыздап жатқан 
ағайынға айдаладан қызыға қарап тұрған озады түбінде... Ең 
сорлылығымыз  сол  –  жауды  сырттан  іздейміз,  өз  ішімізде 
жүргенін ескермейміз.
−  Сіздің  жау  маралкөлдің  ар  жағында  ғой,  −  деп  еріксіз 
айтып қалды.
− Сол екені рас, жасырмаймын, шырақ.
«Ұлттың азуын ұлттан көруге болмайды ғой». Бірақ Таған 
бұл ойын дауыстап айтқан жоқ. айтпаған себебі: «Енді кімнен 
көреміз?» деп Шал шақшия қалар...
−  Көп  мыжымай  жатсақ  қайтеді,  шырақ,  −  деп  орнынан 
тұрды Шал.
− Ошақтағы отты сөндірейік. Өрт кетер...
− Тиіспе, өзі-ақ өшеді. Өз оттарыңды өздерің сөндіріп, әбден 
жаман үйренген екенсіңдер... – Егер етекке түсіп, елге қайтқың 
келмесе, мен саған ақыл айтайын. мынау қарсы беттегі таудың 
үстінде, осы жерден алыс та емес, осы заманның патшасына 
арнап  салынған  ағаш  үй  бар.  Бір  кезде  астанадан  азулы 
азаматтар келіп, аң аулайды деп, әшекейлеп қиған керемет үй. 
алтай жаратылғалы ондай әдемі үй салынған емес бұл өңірде. 
Тіпті  Шыңғысханның  да  түсіне  кірмеген  шығар.  Сол  үй  бос 
тұр. Облыс басшылары жалғыз рет вертолетпен ұшып келді де, 
неге екенін білмеймін, жым-жырт болды. Қазір иесіз. Қатын ал 
да, сол сарайда сайран сал. маған көрші бол. Қауымдасайық. 
аңшылар қосшысын құрайық. Осылайша ел болайық...
− Ойлану керек екен...
−  Сен  ойлама.  Әрекет  жаса.  адам  баласын  құртатын  сол 
ой.
− адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық шығар, аға.
−  Ендеше,  жағыңды  таянып,  тамсан  да  отыр.  Ондай 
ойсоқтыларды біздің жақта ләуқи дейді.

183
Шал үйге кіріп кеткен соң, Таған ежелгі әдетінше сыртта 
қалды. Шалдың әңгімесі шым-шымдап бойына тарап, жанын 
жадылап  тастағандай,  жабырқау  хәлден  айыға  алмады. 
Болмыстың  болар-болмас  тірлігіне  алданып,  арпалысып 
өте  шығар  адам  өмірінен  аянышты  не  бар  бұл  жалғанда. 
Шал  ағасының  сараптай  айтқанынан  ұққаны:  мәңгіліктің 
алдында  пенде  шіркін  әрқашанда  ұтылары,  жеңеміз  деп 
жеңіліс  табатыны,  сөйте  тұра  кештік  ғұмыры  үшін  түстік 
мал  жиятындығы.  Бұл  дүниеден  кімдер  өтпеді:  қаһарынан 
қан тамған хан, байлықтан бастау ағызған бай, мұқым әлемді 
аузына  қаратқан  ғұламалар...  Кәне,  солардың  мың  жасағаны, 
кәне, солардың о дүниеден қайтып оралғаны? Сонда не үшін 
өмір  сүру  керек?  Бәлкім,  ұрпақ  үшін,  ұлт  үшін...  бірақ  сол 
ұлтқа  мен  секілді  «алқаш»,  жоқ  болмаса  Ерік  секілді  топас 
та  тоғышар  ұрпақ  керек  пе?  НЕГЕ  БІЗ  ОСы  ұрпақтың  рухы 
мықты, дені сау, даулескер де күрескер, ана тілін ғашығынан 
да артық ардақтайтын асыл тектілігі үшін, ізгілікті әрекеттер 
үшін  тәрбиелемейміз?  азап  шегіп,  жарымжан  да  жарымес, 
делқұлы  да  дүбәра  ұлтқа  айналып,  азып-тозып,  азғынды 
құрып кеткені ләзім-ау... ал Шалдың әрекеті ше? Тығырықтан 
шығудың жалғыз жолы осы ғана ма? Жо-жоқ, бұл амалсыздың 
күйін кешкен тым-тым жіңішке жол. Сонда не істеу керек? Егер 
қаладағы  қазақтардың  қалың  ортасына  барып,  былай  десек: 
«Оу,  ағайын,  ес-ақылдарыңды  жиыңдар!БІЗ  қатыгезденіп 
барамыз. БІЗ имансызданып барамыз. БІЗ айналайын анамыз- 
дың  ақ  сүтін  ақтай  алмай  жүрміз,  бір  күнгі  қызды-қызды 
қызыққа  мастанып,  тасыраңдап  кеттік,  көзімізді  шел  басты, 
көңіліміз  көр,  жігеріміз  құм  болып,  құрдым  дәуреннің  әләу- 
ләйін  шырқап  жүрміз;  тамаша  өмірдің  тасқынымен  ығып, 
ығысып ағамыз келіп, ағысқа қарсы жүзу не жағалауға қарай 
ұмтылу жоқ. Өмір сүрудің ең оңай тәсілін тауып алдық та, жер 
бетінде  өзімізден  артық  адам  жоқтай  жоқтан  өзгеге  сілеміз 
қатқанша  күлеміз,  сілікпеміз  шыққанша  бір-бірімізге  үреміз. 
Оу, сондағы мақсатымыз не? Тірі жүру, тіміскі өмір сүру ме? 
Ел  болудың  еңбір  оңтайлы  сәтінде  оспадарлық  танытсақ, 
етегімізді  жел  көтеріп,  еңкейіп  шапқылай  берсек,  берекесіз 
де  бекер  ішіп-жемнің  құлы  болсақ,  БІЗ  үшін  жалғыз  жанын 
садақалаған  ата-баба  аруағынан  ұят  емес  пе?  Иә,  аруаққа 
адалдық, өткенге иман болмайынша, тірілерге салауат жоқ, тіпті 

184
дүние дүр сілкініп жаңара алмайды да. БІЗ күні бүгінге дейін 
ұлттық  адамгершілік,  имандық  бет-бейнесі  мен  болмысын, 
келбеті  мен  лайықтылығын  анықтай  алмай  жүрміз.  Әсіресе, 
қазақтардың... Ең әуелі бізге кімдер керегін, яғни ұлтымыздың 
ар-ождандық идеалын білмейміз. мінездік ерекшелікті артық- 
шылығымыз  деп  асыра  мақтанамыз,  ал  рухымызды,  жады- 
мызды  жаңғыртпаймыз  немесе  біліктілігіміз  аз,  жалған 
білімімізді  солақай,  рәсуа  пайдаланамыз.  Бұл  менмендік, 
әсіресе,  тарихшылар  мен  философтарға,  сонымен  қатар 
орысша оқып, ойлап, жазатындарға немесе өз ұлтын тым-тым 
сүйетіндерге тән сипат. меніңше, ұлтты жақсы көру дегеніміз 
– тек жақсылығын ғана көру емес. Ұлттың рухани түлеуі мен 
өсуі  үшін  оның  жетістіктеріне  таңдай  қаға  тамсану,  ұдайы 
табыну ғана ма? Кемшіліктерін де көріп, қайтып қайталанбауы 
үшін  күресу  емес  пе...  мұны  орыс  ғұламалары  әлдеқашан 
мойындаған.  мәдени  топырағы  құнарлы  қазақ  халқы  абай, 
Шоқан, мұхтардың сәулесін ғана теріп, ыңғай-ылғи жарылқана 
берген жоқ, сұрқиялары мен сатқындарының да сан алуан түрін 
көрді, көріп те жүр. Олар осы тауда да бар... Төтеден төнген 
қысым да, қауіп те жоқ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған 
мамырстан  заманда  биікке  шыққанымызды  күндеп,  етекте 
қалғанымызды тілдеп, ішегімізге қыл айналмайтын қызғаныш 
отына  жылынып,  қызара  бөртіп  жүре  береміз  бе?  анау, 
тағдырдың  таланына  таланған  Шал  БарлығымыЗДы 
мансұқ етіп неге кетті? ал мен неге қайтпаймын ел-жұртыма? 
Неге?!  Жамандықтан  құтылудың  жолы,  сол  жамандықтың 
батпағын кешіп жүріп күресу емес пе еді. мен тазардым! мен 
енді ішімдік атаулыға қарғыс айтып өтемін. Дүниедегі ең киелі 
нәрсе – әйелге берген ант. мен түзелдім, ағайын! Осымен бүкіл 
халықтың  дені  тазарып  кетті  ме?  Осы  ойларымды  халықтың 
ортасына барып, жар салып айтайыншы – ақылынан алжасты 
деп ақымаққа балар. адам қараптан-қарап ақымақ болмайды, 
ақымақ етер адамдар... Кемшіліктің киімін киіп ешкім тумайды, 
кемшілікті үйрететін үлкендер. Ішімдікке салыну, ана тілінен 
жеріну,  дәстүр  мен  салтты  саудалау  да  солай...  Үйретеді, 
үйренеді... алдымда үш жол бар: бірі – осында қалу; екіншісі 
Еріктің үйіне бару; үшіншісі – ауылға қайтып, бар-барлығын 
қайта  бастау;  айтпақшы,  алматыны  ұмытып  кетіппін-ау, 
балықтың басын тазалау керек екен-ау, оған енді қалған құлаш 

185
бойы ғұмырым жете қояр ма екен, әуре болмайын, онда да оң 
жамбасымен  тұрған  азаматтар  бар  шығар,  онда  да  оң-солын 
танып  қалған  есті  жұрт,  еңсесі  көтерілген  жігерлі  жігіттер 
жүрген шығар...»
Таған санасының сау кезіндегідей сартылдап істей баста- 
ғанына  қуанды.  Бейне  тоқтап  қалған  сағатты  бұрап  қайта 
жүргізгендей.  Қара  шапанды  түннің  етегін  түріп  ай  шықты. 
Дүние сүттене бастады.
* * *
Ерікті  тоса-тоса  таң  алдыңда  көзі  ілініп  кеткен  айна  өз 
түсінен  өзі  шошып  оянды:  ағаш  бөлменің  іші  салқын  болса 
да, ақ тер, қара терге шомылып, ауа жетпей қысылып оянды. 
Жүрегінің соғысы қатты естіледі. Көрпеге оранған күйі, көрген 
түсін есіне түсірді... Жап-жасыл дала, сол далада астарына сары 
ала  сырмақ  төсеп,  қымыз  сапырып  ішіп  отырған  анасы  мен 
енесі жас ботадай тәй-тәй басқан айнаны аймалап толғанып, 
қаз тұрғанын қызықтайды. Тұсауын кеседі... Енді бір мезетте 
екі бірдей ананың арасында мәз болып күлген қос ана аспан 
төсіне сіңіп, көзден ғайып болды... айна жылады... Зар еңіреп 
жылап оянды...
Нүрке  кемпір  терезенің  пердесін  сиыра  ашып  тастап 
көгілжім  тартқан  әйнектен  далаға  үнсіз  телміріп  отыр  екен. 
Төргі бөлмеден шыққан келінінің сыбдырына бұрылған. Шашы 
қобырап, көзі жасаураған айнаның ұйпа-тұйпа ұсқынына бөтен 
әйел шыға келгендей, үрке қарады.
− айналайын-ау, не болды саған?
−  Түсімнен  шошып...  −  сөзінің  аяғын  жұтып  қойды. 
Енесінің  алдында  ешқашан  да  жалаңбас  жүрмейтін  әдетінің 
әдібін  сөгіп  алғаны  енді  ғана  есіне  түскендей,  «ой-буу,  ұят-
ай» деп, шашын баса төргі бөлмеге кіріп кеткен. Нүрке кемпір 
келіннің ибалығына сүйсіне жымиды. Жаулығын байлап кері 
оралғанда:
−  Түс  –  түлкінің  боғы,  беті-қолыңды  суық  сумен  шайып 
жібер,  қалқам,  −  деді.  Өзі  төсекте  отырған  күйі  күбірлеп, 
намазын оқуға кірісті.
айна есік алдына шыққанда, әлемді әктеп тастаған аппақ 
шықты көрді. Күндегіден де бүгін қалың түскен екен. Түн суық 
болғанға  ұқсайды.  Биылғы  күздің  ұзақ  әрі  жауын-шашыны 

186
аз  боларына  осы  таңғы  шықтың  тым  қалың  түсуі  кепілдік 
бергендей... Кеше аң қарауға аттанған Еріктен де, Шалды іздеп 
кеткен Тағаннан да сыбыс білінбейді. «Бәлкім, ұйықтап жатқан 
шығар»  деп,  қойма  сарайдың  жыртиған  сыңар  терезесінен 
үңіліп  еді,  келімсек  жігіттің  белі  кеткен  жайдақ  нары  бос 
көрінді.  маңайда  жан  баласы  жоқтығына  еркелей  еркінсіп, 
рақаттана  есіней  керілді.  Таңғы  салқын  ұрған  денесі  сәл 
қалтырағандай болып, үйдің бұрышын айнала беріп еді, аппақ 
болып теңкиіп, шық үстінде тыр жалаңаш жатқан кісіні көрді. 
ал дегенде таңғалды, қорқыныштан гөрі әуестік билеген. Өлі-
тірісі  белгісіз  сұлық  жатқан  кісінің  екі  жағында  қыбырсыз 
құлаған  екі  баланың  анадан  туғандай  қызыл  шақа  денесін 
байқағанда, бақыра шошып кері шегінді. Өңменіне мірдің оғы 
тигендей,  ес-ақылдан  айырыла  шалқалай  құлады.  Шалқалай 
құлағанда,  өкшесінен  қаққан  дөңбек  те  себепші  болып  еді. 
Талып  түсті.  «ап-а-а-а!»  деген  айқайға  Нүрке  кемпір  қанша 
елеңдесе де, орнынан қозғалар дәрмен жоқ. «Не болды, құдай, 
не  болды?»−дей  қарманғаннан  өзге  қайранға  бара  алмаған. 
«апалаған» дауысты әжетханада іш босатып отырған Ерік те 
естіді.  Бірақ  табиғи  қажеттілікті  өтегенше  тырп  етпеген.  Ол 
жортуылдан  құлқын  сәріде  оралған.  Кеше  кешке  сәті  түсіп 
атып өлтірген кірекейдің екі қонжығын қоса өңгеріп сүйрелеп 
жеткізгенше,  таң  атып  еді.  алғашында  орман  ішінде  сойып, 
терісін  сыпырып  алып,  денелерін  тастап  кетейін  деп  тұрды 
да,  етін  қимады.  Етінен  бұрын  жараға  мыңда  бір  дауа  өтін 
бүлдірмей алу керек еді... Содан үйдің іргесіне әкеліп сойған... 
терілерін шелдеп тазартып, тұздап жайған соң, «уһ» деп жаңа 
ғана отырған беті еді...
«апа»  деген  дауыс  қайтып  қайталанбады.  Жым-жырт. 
Қатын өзені де мұз болып қалған секілді ме-ау... Жоқ, сол ғана 
шеке тамырыңды солқылдатып арқыраған. Әдеттегі үйректей 
шайқалып  басар  жүрісіне  салып  үйге  жақындай  берген  еді, 
аюдың  ар  жағында  жайрап  жатқан  әйелін  көрді.  Дегенмен, 
жүрісін,  өзгерткен  жоқ,  асықпай  адымдаған  қалпы,  жанына 
келіп тұрды.
−  Әй,  не  болды  саған,  ішіп  алғаннан  саумысың?  −  деп, 
қаздиған  қалпы  аса  бір  қатыгездікпен  аяғымен  түртті.  айна 
қимылсыз.  Жүрелеп  отырып  тамырын  ұстады...  Саспас,  міз 
бақпас мінезімен үйге кірді. Есіктен кірген ұлына алая қараған 
шешесі:

187
− айна неге мені шақырды, қол жұмсағаннан саумысың? − 
деп қадала сұрап еді... 
− Білмеймін, талып жатыр. аюдан шошыған секілді, − деп, 
дүңк-дүңк жауап берді.
− Құдай-ау, аюы несі... Не деп міңгірлеп тұрсың. Ұшықта, 
ойбай, ұшықта! − деп, зарлаған анасының сөзінен тез құтылғысы 
келді ме, бір аяқ су алып шыға берген.− Сүт араластыр, сүт. 
Тәңірім-ай, осыншалық неге тоң мойын ғып жараттың екен...
−  Басталды,−деді  суға  сүт  құйып  тұрған  Ерік.−Көздеріңе 
күйік  болып  жүрген  мен  болсам,  қарамды  батырайын... 
Күндерің не болар екен!
−  Құдай  үшін,  тез  баршы,  ұшықташы.  Әкелші  менің 
қасыма!
Еріктің  бетіне  бүркіп  жіберген  қыламық  суы  әсер  еткен 
айна  денесі  дір  етіп,  көзін  ашты.  Құп-қу  болып  кеткен  жүзі 
жан  кіргендей,  сәл  лыпығандай.  Күйеуі  ұртын  толтыра 
ұрттаған  суды  тағы  да  бүркей  берем  дегенде,  басын  шайқап, 
өте әлсіз үнмен: «Керек емес, − деді, − қолтығымнан сүйеші, 
тұрайын». Ерік қапсыра құшақтаған күйі тік көтеріп алды да, 
үйге  жөнелді.  Еріктің  мығым  мойнынан  құшақтай  асылып, 
әлдеқандай  бір  әлди  билеп  көзін  жұмып,  осы  бір  тәтті  сәтті 
көксегендей әсерленді. «Саған еркелеу үшін анда-санда талып 
қалу  керек  екен»,  −  деді  баяу  да  жұмсақ  үнмен  құлағына 
сыбырлап.  «Ерегістірме,  тастай  саламын».  «Тастасаң  таста, 
енді арманым жоқ». Көтерген қалпы айнаның «апамнан ұят 
болады, түсір» дегенін тыңдамай, шешесінің жанына жатқыза 
салды. Нүрке кемпірдің ызыңын естуден зәрезептенді ме, лезде 
шығып кетті.
айна  енесінің  омырауына  бетін  басып,  өксіп-өксіп 
жылады-ай... – Сұмдық қой, сұмдық қой, адамнан айнымайды. 
Емшегінен сүт ағып жатыр...
Келініне күбірлеп дем салып, шашынан сипаған кемпірдің 
де жанары шыланып еді.
аюдың  ішін  жарып,  өтін  алған  Ерік  жонарқасына  тығыз 
біткен майын да далаға тастағысы келмеді. Сан етінен де кесіп 
алып, тұздап, самырсынның бұтағына ілді. Бұдан соң қалған 
мүшелерін  қонжыққа  қоса  сүйреп  ағаш  арасына  апарды  да, 
жер қазып көмді. Осы қарекетті бейне соғым сойғандай аса бір 
ықыласты ниет өте пысықтықпен атқарған соң, қолының қанын 

188
жуып,  үсті-басын  тазалады.  Қандай  іс  болмасын  тиянақты 
істейтін  Ерікке  ерген  адам  ешқашанда  ерігіп,  жұмыссыз 
қалмайтұғын.  Нанын  жеп,  жалықпай  жасар  еңбектің  игілігін 
көріп, өзінше рақат дәнін де тастап көрген жоқ. Әйтеуір, бір 
ұшы-қиыры  жоқ,  көзің  жұмылғанша  таусылмас  шаруаның 
қойторысына  міндің  екен,  өзің  секіріп  түсіп  қалмасаң... 
мөңкіп жығып кетпесі тағы хақ. Ерік ең әуелі өз тірлігінің, өз 
мақсатының  (егер  мақсат  десек)  құлы  еді.  Дүниедегі  ең  азап 
та сол – біздіңше, өзіңді-өзің құл ретінде пайдалану. ал оның 
қаншалықты пайдалы іс екенін сана сарабына салмаудан озған 
жетесіздік жоғы және рас. менің кейіпкерім өзін ешқашанда 
«қателестім»  деп  есептеген  емес  және  «осының  қате  емес 
пе»  деген  адаммен  тап  жауындай  алысады.  алайда  айнала 
шашырай қоныстаған біраз көршілестерімен тек осы пиғылдың 
атбайларына келгенде айырылысты, көрместей болып кетісіп 
тынды. Бұған батыра айтатын, бетіне баса айтатын шешесі ғана 
еді, соңғы кезде ол кісінің гөй-гөй ақылын да қаша тыңдайтын 
құлаққашты  мінезге  мінген.  Үйге  көп  аялдамай,  нендей  де 
амал  тауып,  көбінесе  түзде  жүретіні  де  сондықтан  ба  екен... 
Бойда  қуаты  мол,  тірі  жанға  жалынышты  емес,  ісі  түспейтін 
емін-еркін жігіт әрқашан да өзімшіл келеді ғой. Соңғы он бес 
жылдың жүзінде көпшілік, ел-жұрт дегенді білмей, саяқ кеткен 
Ерік желді күнгі қара қарғадай шулаған топырлақтардың топтап 
баққан қойдан айырмасы шамалы, әрі біреу бақпаса, айғайлап 
қайырмаса, бет-бетімен ит-құсқа таланып кетер берекесіздерге 
балап  мойындаған  емес.  Өзін  қыран  құсша  сезінетін.  ал 
қырандар  әмісе  жалғыз.  Өзін  алтайдың  аюына  теңейтін.  Ол 
да  топтанып  жайылмайды.  Тіпті  табиғатта  мықты  нәрсенің 
бәр-бәрі жалғыз-жалғыздан... Жалғыздық – күштілік! амал не, 
адамдардың әмісе бақыты, әрі соры да сол... сол... сол... – күш 
ертең алдында не күтіп тұрғандығын білмей білімситіні еді...
менің  кейіпкерімнің  алабөтен  әдеті  бар  еді.  Қабағат 
жұмыстан қатты шаршаған сәтте, шалқасынан түсіп, екі аяғын 
шалжайта жатып дем алатын. Бұл шақта оны трактормен сүйреп 
тұрғыза алмайсың әрі маңына жолап мазасын алған адам үшін 
аса қауіпті де, қауып жіберуі мүмкін. Әуелі аспанға, не төбеге 
телмірген күйі үнсіз жататын да, біраздан соң жанары жабылып, 
шүр  ете  түсер  еді.  Қандай  себептен  қырынан,  жоқ  болмаса 
етпетінен емес, шалқасынан жату сырын тірі жан, тіпті өзі де 

189
білмейді.  Қазір  де  үйге  барса,  тыныштық  бермейтін  болған  
соң, қойма сарайға кіріп, «қонағына» арнаған нарға ұзынынан 
сұлай  жатты.  Тақтай  төбеге  тесілді.  Ең  әуелі  ойына  Таған 
оралған. «Шалмен ауыз жаласайын деген екен, араларына от 
жақпаса болмас... бірігіп алып, өзіме шабуыл жасары ғажап емес, 
олардан күтуге болады. Коллектив құрып, құқай көрсетпесіне 
кім кепіл, сол итті бекер, бекер-ақ ертіп келген екенмін... Онсыз 
да  өзімнен  артылар  қабағат  жұмыс  жоқ  еді  ғой.  Шешем  де, 
байқаймын, әйелім де сол сорлының ыңғайында секілді. Өп-
өтірік жаны ашығансиды... Сенбеймін... Біреуге біреудің шын 
жаны  ашырына  иланбаймын.  Көлгірсиді.  Жақсы  атанғысы 
келеді. Жо-жоқ, ондай өлі мен тірінің ортасында аяққа оралғы 
боп  жүретіндерді  өлтіріп  тастау  керек.  Құдай-ау,  әлжуаздан 
құтылу, көзін құрту, сөйтіп, тазару – табиғаттың барлық жан-
жануар, орман-тоғайына тән емес пе. Шіріген ағашты да жел 
соғып  құлатып  кетпей  ме,  қойдың  да  ақсағын  қасқыр  жемей 
ме?  Ендеше,  осы  жаратылыстың  заңдылығын  адамзат  неге 
мойындамайды,  неге  қолданбайды?  БІЗДЕрден  өткен  эгоист 
жоқ  жарық  дүниеде;  маған  салса...  анау  алжыған  шалды 
алқаш Тағанға қосақтап байлап, Қатын суына ағызып жіберер 
едім... Иә, бұл өмірде ағызып жіберетін керексіз адамдар көп, 
тым  көп...  Көп  болған  соң  да  білінбей  ме?  Осы  «көп»  деген 
сөзден  қорқатыным-ай...  Бәлкім,  өмір  дегеніміздің  өзі  –  көп 
пен  ЖалғыЗДыҚТыҢ  мәңгі  бітіспес  майданы  шығар...» 
Есінеді. Көзіне ұйқы тығылды. маужырады. Ойы үзіліп-үзіліп, 
басы бірікпей ірімтіктене бастады. «Құрысыншы бәрі. Денім 
сау  болса,  көрсетермін  әлі...  НЕГЕ  БІЗ  ОСы?  Сайтан  алғыр, 
Тағанның  былшылы  қайдан  түсті  есіме,  құрысыншы  бәрі»... 
Ұйықтап кетті.
Ол  ойлағандай,  дүниенің  бәрі  құрыған,  тіршілік  қуарған, 
су  суалған  жоқ  еді.  Өмір  өз  бетінше,  жекелеген  адамдардың 
өкпе-наз,  нала-мұңымен  санаспай-ақ,  ағысын  ағыл-тегіл 
жалғастырды-ай!  Өмір  өзекті  жанға  бір  өлім  екенін  қанша 
рет  дәлелдесе  де,  осы  пәлсәпаның  мәнін  түсіне  тұрып,  өр 
серпитіндерді мазақ еткісі келгендей қасақана дамитын, өсіп-
өркендейтін,  барған  сайын  аласапыран  қызығын,  алдамшы 
қызылын  алға  тартып,  үміт  жібімен  байлап-матап,  дуалап, 
тастар  еді.  Өмір  –  ол  да  бір  апиын  іспетті  еркіңнен  айырып, 
есірік күй кештіретін. Табиғаттың ең ақылды да саналы түлегі 

190
болып есептелетін аДам, ең бір аңқау да ақымағы еді. БІЗДІҢ 
ақымақтығымызды  жаратқанның  басқа-басқа  мүшелері  –  
жанды,  жансыз  күн-күн,  жыл-жыл,  ғасыр-ғасыр  сайын  көзге 
шұқып  көрсетіп  жатса  да,  жанкешті  айқас  пен  айға  шабар 
арынымыздан  арылған  емеспіз.  Түп  атамыз  Түркіден  бермен 
түсінде,  үнін  де  өзгертпей,  мәңгіліктің  қыл  қобызы  секілді 
алтайды  күйге  бөлеген  Қатын  өзені-ақ  БІЗДІҢ  бейшара 
тірлігіміздің  мазақшысы  емес  пе.  Енді...  енді  сол  қаһарлы 
Қатынға  қыл  бұрау  түсіп,  дәл  бауыздауынан  бөгеп  ГрЭС 
салмақ. Бұл хабардан осы өңірдің өр кеудесін жайлаған қазақ- 
тар  хабарсыз  еді.  Өйткені,  жоспаршылар  жойқын  құрылыс 
саларда,  жергілікті  халықпен  ешқашан  санасқан,  ақылдасып, 
кеңескен  емес.  Есептемейді  де,  есептесе  есептен  жаңылады. 
алтайдың қос бұрымы бар десек, бірі мынау Қатын суы болса, 
екіншісі  Бұқтырма  болатын.  Сол  жарықтық  Бұқтырманы 
бұрқытып  бөгерде  де  сөйткен,  тұрғылықты  жұртшылықтан 
рұқсат  сұраған  емес,  ал  енді  сол  бөгесіннен  пайда  болған 
жасанды теңіздің астында не қалмады: атамекен, бабалардың 
бейіті,  екі  ауданның  егістік  жері  қалды.  Тәңірім-ау,  толайым 
тарихымыз  су  астында  қалды!  Кәне  осы  сорақылықтан 
дүниенің қылшығы қисайғаны?! Әне, Қатынға да қауіп төнді. 
асыл Қатын бұғауланбақ.
Шалдың үйінен ертелетіп шығып, өзеңді жағалаған Тағанға 
мұндай ой келді ме, келмеді ме, білмеймін, әйтеуір, табиғаттың 
қазіргі  сұлулығын  қызықтай  құлдаған-ды.  Газет  оқып,  радио 
тыңдамағалы  не  заман...  Жүз  жыл  өтіп  кеткендей-ау.  Жан 
тыныштығы  үшін  оқымаудан  озған  ештеңе  жоқ.  Жүйкең 
жіңішкермейді  еш  нәрсені  ойлап  алаңдамайсың,  төрткүл 
дүниеде  болып  жатқанынан  бейхабар  даланың  аңындай 
далбаса  күй  кешесің.  Бәлкім,  мұның  өзі  –  Ерік  секілді  еркін 
өмір  сүрудің  таптырмас  тәсілі  шығар.  Әсіресе,  денсаулыққа 
пайдалы ма деп қалды...
Әлі есінде, алтай тарихына қатысты, яғни онда мекендеген 
уранхайлықтар  туралы  бір  кітапты  оқып  отырып,  көзі 
қарауытып басы айналып кеткені. Қан қысымы көтерілді ме, 
неге екені белгісіз көпке дейін ес-ақылын жия алмады. «В 1862 
году  десять  семейств  уйманских  раскольников  (река  Уйман 
–  один  из  двух  истоков  –  реки  Катунь.  Долина  ее  издавна 
заселена  была  раскольниками)  вышли  в  Улукемскую  степь 

191
и  обосновались  на  р.  Урон...»  деген  сөйлемдерден  солтүстік 
алтайдың,  яғни  россия  құрамындағы  алтайдың  тарихын 
танығандай болған. ары қарай құмарта оқып келе жатып: «В 
дело  русской  колонизации  Криссанского  края,  роль  искали 
«Беловодья»  имели  выдающееся  значение»  деген  тұсқа  кел- 
генде,  өз  ауданындағы  ақсу  –  Беловодья  аталар  ауыл  есіне 
түскен.  Сол  жерді  қоныстанған  кержақтар  тарихын  танып, 
түп-төркініне үңілгендей болған. ал енді «Вся история россии 
представляет  из  себя  картину  постепенного  продвижения 
славянского  племени  на  восток  и  ассимиляции  им  менее 
культурных  народностей...»дегенін  қалай  түсінуге  болады? 
Совет өкіметі орнаған тұста жазылған, басылған бұл кітаптың 
әр  ұлттың  өз  ерекшелігі  мен  тілін,ділін,  генетикасын  сақтау 
керекке саятын лениндік методологияға қайшы емес пе? Оны 
былай қойғанда, «Земля тому – кто ее отрабатываеттың» кері 
емес  пе.  Ой  айтудағы  концептуальдық  қателік  әрқашанда 
ұлт  наразылығын  тудырарын  ескере  бермеуіміз,  әлбетте, 
өз  нәтижесін,  қайғылы  нәтижесін  бермей  қоймайды.  міне, 
Тағанның  қан  қысымын  көтерген  де  осынау  тұжырымдар 
еді.  Ендеше,  тарихты  терең  білген  сайын,  денсаулықтан 
айырыласың...
Иә, Таған екінші рет жазған ғылыми жұмысына «алтайды 
мекендеген ұлттардың тарихын» тақырып етіп алғанына және 
өкінген. Өкініші сол – мұны «ұлтшылсың» деген жалғыз сөзбен 
басқа  ұрып  қызыл  табан  қылып  қаңғыртып  жіберген.  Таған 
болса...  «мен  ұлтшыл  емеспін,  ұлтжандымын,  екі  ұғымның 
арасы жер мен көктей» деп шырылдап бармаған жері, ашпаған 
есігі жоқ. Бір күні КГБ-ның жігіттері шақырып алып, қысып-
қысып  жіберген  соң  ғана,  байырқалап,  аш  құлақтан  тыныш 
құлақ,  басы  ауған  жаққа  безіп  еді...  Өлердей  ішіп  еді...  таз 
кепешін қайта киіп еді.
«Қызық,  өткен  өмірімнің  барлығы  біртіндеп  орала  бас- 
тағаны  қалай»  деп  таңданды  Таған.  Қолындағы  балқарағай 
жаңғағының  қабығын  аршып,  дәнін  суырып  шағып,  аузы 
тыным таппағанмен, ойы баяғысын баяндайды.
ағалар-ау,  мен  осы  диссертациямдағы  мысалдардың 
бірде-біреуін  өз  жанымнан  шығарғаным  жоқ,  түгелдей  орыс 
ғалымдарының  еңбектері  ішінен  «история  русской  коло- 
низационного  движения»  деген  сөйлем  алсам,  ол  да  сол 

192
қалпында  орысша  текстен  көшірілген  және  менің  айтып 
отырғаным  –  Советтік  емес,  патшалық  россияның  саясаты 
ғой».
«Өйтіп  көлгірсіме.  Өз  бидайын  өздеріне  қуырып  бергің 
келеді  ғой.  Не  айтпақ  екеніңді  білеміз.  Тапқан  екенсің  ақы- 
мақты», − деп зекіді.
«Ұлт  мәселесі  жөніндегі  лениннің  еңбектерін  қайда 
қоямыз?»
«лениннің айтқандарының барлығы бірдей заман талабына 
сай келе бермейді» деген сөзді өзі құдайдай табынып жүрген, 
ғұлама тарихшыға балап жүрген ағасының аузынан естігенде, 
талып  қала  жаздаған...  Дүние  біткен  екен  деп  ойлады...  Сол 
күні  «русская  водканың»  бір  шөлмегін  бір  өзі  ішіп  алып, 
партия мектебінің маңдайына ілінген Брежневтің дәу суретіне 
жабыса  ұйықтап  қалыпты...  Он  бес  күн  жатып  шықты...  Он 
бес күн арақтан аузы босап дем алып шықты... мас болғаны 
үшін емес, әрине, ұлы қайраткердің суретінің дәл түбіне құсып 
қойып, «саяси хулигандық» жасағаны үшін. «мен үлкен кісіні 
жақсы көргендіктен, құша сүйіп түбіне түнеп шығып едім» деп 
жалтармаса, сотталып кетуі ғажап емес еді.
Сыртылдатып  балқарағай  шағып  келе  жатқан  Таған 
өз-өзінен  жымиып  күлді.  «Сол  бір  емес-ау,  екі  рет  жазған 
диссертациям  қайда  қалды  екен?»  Есіне  түсіре  алмады.  Енді 
керексіз  деп  ұйғарды.  Тазарған  өмірінің  ендігі  мақсатын 
айқындау керек, тек тезек теріп кетсе де, ғылыми жұмыспен 
айналыспайды. Ол алғаш рет: «Шалдың мемлекетіне кіріп, екі 
баласына білім берсем қайтеді?» деп ойлады да, оқыс шешіміне 
мәре-сәре қуанды.
рас, Шалдың «мемлекетіне» подданство алу керек...
Тихой өзеншесін белуардан кешіп өте шыққанда, алдынан 
аламойнақ  көлденеңдей  еркелеп  қарсы  алды.  Үй  жақ  жым-
жырт. Әншейінде көйлегі көлеңдеп есік алдында тыным таппай 
жүретін айнаның да төбесі көрінбейді. Осын-о-а-ау қазақтың 
ит  өлген  жер  деп  алыссынатын  алтайдың  ұры  қойнауын 
мекендеген жалғыз үйдің бар тіршілігін үрлеп жағып отырған 
айна екеніне Тағанның көзі жетіп, көңілі сене түсті. Қазір сол 
осы  өңірге  өң  беріп  жүретін  әйел  көрінбеген  соң,  маңайдың 
барлығы  жансызданып,  иесінен  айырылған  иен  үйдей  тым-
тырыс, өлі күй кешкендей тым жүдеу, тым сұрықсыз да сұсты. 

193
Жетімсіреген.  Ошақ  оты  сөнген.  ылғи  есік  алдында  буы 
бұрқырап,  екі  иінінен  будақ-будақ  дем  алатын  самаурын  да 
жоқ, әне, төрт тұяғы аспанға қарап, қазық басында төңкерулі 
тұр. аламойнақ қанша ырбаңдаса да, адамсыз өмірдің ажарын 
аша  алмады.  «апыр-ай,  айна  ауырып  қалған  жоқ  па  екен...» 
деп ойлады Таған. Жүрісін шапшаңдата түсті.
асығып-үсігіп үйге кіргенде, енесінің төсіне басын қойып, 
бір қырындай, тар төсекте таласқандай болып жатқан айнаны 
көріп, көңілі орнына түсті.
−  Тү-үу,  зәрем  қалмады  ғой.  Есік  алды  жым-жырт... 
Есенсіздер ме?
−  Шайды  өздерің  қойып  ішпесеңдер,  келіннің  шамасы 
жоқ, шошынып ауырып жатыр,− деді қабағы салыңқы Нүрке 
кемпір.
− Неден?!
− Оны досыңнан сұра. Әй, еркектер-ай, есер қылықтарың 
ғой әйел затын зәтте қылатын.
Бұдан  әрі  делдиіп  тұра  берудің  ешбір  реті  жоғын  сезген 
Таған  ептеп  басып  шығып  кетті.  Нүрке  кемпірдің  де  таңғы 
оразасын  ашпағанын  білді.  Тоңқайып  тұрған  самаурынды 
алып, су құйды. Жерошаққа от жақты. Осы шақта оның көзіне 
қашада  жаюлы  тұрған  аюдың  терісі  шалынды.  Әуестікпен 
ұстап,  әсіресе,  екі  қонжықтың  терісіне  жаны  аши  қараған. 
«Дегеніне жеткен екен,− деп ойлады.− Өлтіріп тыныпты».
Өзінің  үйреншікті  сарайына  салдыр-гүлдір  кіргенде, 
нардың үстінде шалқасынан кәперсіз жатқан Ерік атып тұрды. 
Оқыс оянған ол тыныштығын бұзған Тағанға жауыға қарады.
−  Қайда  жүрсің?  –  деді  өгей  баласына  ұрысқан  әкедей 
зекіп.
− аңшы Шалға барып қайттым.
−  Өзім  де  сезіп  едім.  ақыры  су  ішкен  құдыққа  түкірген 
екенсің ғой.
− Түсінбедім...
− Жыланның жусағанын білетін білімің қарапайым нәстені 
түсінуіңе  жетпей  қалады  екен.  Шал  –  менің  ата  жауым.  ал 
сен менің дәмімді аттап, сол «жаумен» ауыз жаласасың. Осы 
есіргенің, осы семіргенің жетер, есің барда еліңді тап.
−  Бұл  бопсаңа  тағы  да  түсінбедім.  Қыс  жақындағанда, 
тамаққа  ортақ  қылмай,  ұядан  айдап  шығатын  еркек  ара 
болғаным ба?

194
− Бұл – бопса емес. Бұйрық. Қар жаумай тұрып қайқай.
− мен үшін қиын шаруа емес, соңғы бұйрығың орындалады, 
− деп есікті сарт жауып шығып кетті.
− Қайта ашар есігіңді қатты жаппа! − деп соңынан айқай- 
лады Ерік. – Жаман айғырға жал бітейін деген екен. Көзіне көк 
шыбын үймелетермін әлі. Бәлем тоқтай тұр. – Ендігі жатыстың 
мазасы  болмасын  сезіп,  өзі  де  тысқа  шықты.  Омартасын 
аралады. аралар күннің қызуын күтіп әлі де тым-тырыс жатыр 
еді.  Ұяның  қақпағын  ашып,  раманың  бірін  суырып  балын 
тексерді. Балауызданған раманың өн бойына жабысқан аралар 
жыбыр-жыбыр  қыбырлап,  уақсыз  уақта  тыныштығын  бұзған 
адамға лағнет айтқандай. «Енді бір аптадан соң балын шайқау 
керек екен», − деп ойлады Ерік.
Біздің  кейіпкеріміздің  көп  замандастарында  бола  бермей- 
тін қасиеті дейміз бе, ерекшелігі дейміз бе, әйтеуір, өз жұлын-
жүйкесін жұқартпас тағы да бір тамаша ғадеті бар еді. Қанша 
тұлан-тұтып ашуланып кетіссе де, миын шаршатпайтын. Болған 
дүрдараздықты пышақ кескендей тез ұмытып, басын ауыртып 
тереңдеп ойламайтын. Еш нәрсе болмағандай, мүлдем басқа-
басқа нәрсенің қамына көшіп, өзегін күйдірген уайымды өзге 
дүниемен ауыстыра салатын.
міне,  қазір  де,  ара  деп  аталар  бағып-қағу  арқылы  байып 
отырған «малының» қамын күйттеуге кірісті. Санасында – тек 
ара. Сыртқы болмыстың бүкіл тыныс-қимылын тұла бойымен 
сезетін  аралардың  ала  жаздай  арпалысқан  шаруасының 
шалғайы  жинақталып  қалғанға  ұқсайды.  Еркек  аралардан 
кәдір,  расында  да,  кеткен  секілді,  бүрсиіп-бүрсиіп  босағада 
жабысып  отыр;  кейбірі  өлген,  кейбірі  тырмысып  ұяның 
ішіне  кірмек  болады  да,  ар  жағынан  теперіш  көреді  білем, 
сүйретіліп  кері  шығады.  «Еркек  жазғанның  көрер  күні  осы, 
− деп ойлады Ерік, − тіршілікті жалғастырушы ұлы күш бола 
тұра,  құрбандыққа  шалынасың  немесе  қадіріңнен  айырылып 
керексіз болып қалмақсың. Қарашы енді... әлгі Таған сұмпайы 
айтпақшы, қыстай тамаққа ортақтасады деп, тепкілеп шығарып 
тастағанын. Енді біраз күнде үсіп қатып өледі де, жел айдап 
ұшырып әкетеді бұл бейшараларды. Иә, еркек ара... обал-ақ... 
Өзім де жетісіп жүргем жоқ».
Қаз-қатар  тізілген  ағаш  жәшіктерді  әлдекім  ұрлап  әкет- 
педі  ме  дегендей,  қақпағын  ашып  түгендеп  шықты  да,  кері 

195
оралды. Үйге кіруге зауқы болмады. аспанға қарап еді, қошқыл 
бұлт  батыста  жатыр  екен.  Шығыс  жақ  көкжиек  ашық,  көп 
ұзамай шығар күннің шапағы байқалады. Таңғы шық тұтасқан 
күйінде жатыр. Жүрегі сазып, өз-өзінен жүдеу тартты. алғаш 
рет жалғызсырағандай болды. Жіңішке сағынышпен ауылдағы 
көңілдесі  Бекзатты  көкседі.  Әсіресе,  асап  қоярдай  қомағай- 
лана  өліп-өшіп  аймалайтын  қылығы  мен  мезі  қылмас  төсек 
ләззатының рақатын аңсады-ай... Осы өмірдің қожасы өзі бола 
тұра,  жалғыз  артық  адам  өзі  секілді  ыңғайсыз  күйден  жеріді 
ме,  қашада  жаюлы  тұрған  кірекей  мен  қонжықтың  терісін 
керіңкіреп  жайып,  баяғы  бір  үйреншікті  жолына  –  жасырын 
махаббат соқпағына түсіп, Қатын суын жағалай құлдаған. ақ 
боз  атқа  мінген  көк  көйлекті  Қызбен  бейне  бір  уағдаласып 
қойғандай-ақ,  дәметкіш  көңілдің  жетегінде  кеткен.  Жалпақ 
жаһандағы  жалғыз  көз  қуанышы,  жапа  шеккен,  жалыққан 
жанының  қалтасында  қалған  ендігі  жұбанышы  да  осы  –  сол 
еді...
Таған  Қатын  өзенінің  жиегінде  бүктетіле  аққан  толқынға 
қарап ойланып отыр. Оның да шұрық-шұрық тесілген көңілі 
көлеңкеленіп,  енді-енді  ғана  қарақотырлана  бастаған  жарасы 
қайта  сыздап,  уайымның  уысында  тыпыршығандай  сүліңкі 
хәлде. адамның жаны – сірне. Тағдыр табанына салып, уақыт- 
тың оты қанша шыжғырғанмен, майын ерітіп тауыса алмайды 
екен.  адамның  жаны  топырақтағы  өсімдіктің  дәні  іспетті, 
қанша рет тілгіле, айғыздап жырт; бетін өрт шалып, көк сіреу 
мұз бассын – айналайын күннің сәулесі бойына жылу таратып, 
аспаннан  таңдайына  тамшы  тамып,  тыныштықтың  заманы 
туа  қалғанда,  тереңде  қалған  дән  қайта  қаулап,  желпілдеп 
көк шығады. Тек дән өлмесін, дән аман болсын, жоғалмасын. 
Ендеше,  Таған  тауқымет  тасын  жарып,  қайта  көктер  дәнге 
шүкіршілік  айтып,  дәнекер  күтер  еді...  Дегенмен,  жасына 
жетпей  жасық  тартуынан  ғана  күдіктенеді.  Табиғат  сыйға 
тартқан  талантын  таптатып  алғаны  да,  күрескерлік  рухының 
әлсіздігінен емес пе еді... мұртынан айырылған ара іспетті күн 
кешіп жүрген сандалбай шағы артта қалып, азапты күндерден 
арылдым-ақ  деген  сәтінде  Еріктің  есігін  торып  күй  кешу, 
әрине, азаматтың намысын найзалады-ақ, амал не, ат құйрығын 
кесісіп ауылға – Үлкен Жерге аттанып кетуге тәуекелі жетпеген. 
Тәуекелі  –  бұл  үйден  алыс  кетуге  жеткенімен,  бұл  өмірмен 

196
өкпелесуге жетпеген. Қиналса да қимады. Неге? Не үшін? Өзі 
де саналай алмады. Бәлкім... көзінде үнемі бір мұң жасырынып 
жататын  айнаны  қимайтын  шығар.  Ол  –  күнә.  Оның  аюдай 
ақырған күйеуі бар. Олай болса, махаббат атты әркімнің илеуіне 
көне берер көне де мәңгі сезімді желеу етіп, адамгершіліктен 
шығандауға  болмайды  ғой...  Ол  тектілік  емес,  әрқашанда 
себеп-салдары  сай  тұрар  тентектік  қана.  Тіпті  айна  үшін 
қыздай қосылған қосағынан айырылу – ақырзаман орнағандай 
ақирет екені де әлемге аян. Ерік – айнаның ақтық махаббаты, 
күйеуі емес... Тек қойным құр жатпасын дер күйге ғана баласа, 
осына  тағы  таудың  қойнауында  байласаң  тұрмасы  тағы  да 
аян.  Не  істеу  керек  сонда?  аңшы  шалдың  посольствосына 
барып,  сол  мемлекеттің  азаматтығын  қабылдау...  Осы  ойды 
тұжырымдаған  Таған,  дегенмен,  әлі  де  екі-үш  күн,  егер  Ерік 
басы-көзге  сабалап,  бағанағыдай  абалап  қуаламаса,  алғашқы 
қар түскенше, аялдай тұруға тиянақтатты ойын.
Күн  шықты.  Қызусыз.  Еш  нәрсе  өзгерте  алған  жоқ. 
Тұмса  өмірдің  туырлығы  тұтас  күйінде.  Суықсыраған  денесі 
енді  қайтып  –  келер  көктемге  дейін  мазаламасын  сезгендей, 
салқын  сазарады.  Сары  ала  күзден  сән  кетіп,  әшекейі  мен 
айшығы  біртіндеп  оңып,  өзенді  қуалай  өскен  тал-қайыңның 
жапырағы ақырғы әнін айтып қалғысы келгендей, сумақылау 
желдің өтінде дәрменсіз дірілдейді. «ағаш жапырағы азайып 
қалған екен-ау»деп ойлады Таған. Біртіндеп мінтеліп, тоналып 
бара  жатқан  табиғат  көркі  адам  сезімін  де  ойлы  жадаулыққа 
жетелер еді... Өз-өзінен сезіктеніп артына жалт қараған Таған 
күйеуінің  шолақ  қара  тонын  жамылып,  үнсіз  тұрған  айнаны 
көрді.  Әншейінде  мәңгілікке  ұялғандай,  бүкіл  жер  бетіндегі 
әйел атаулы үшін жалғыз өзі ұялғандай қызарып тұрар бетінің 
ұшынан қан қашқан, жұқалаң ерні де көгіс тартқан, тікесінен 
тұр  демесең,  әлдеқашан  өліп  қалғандай  –  көзге  жат,  көңілге 
салқын.  Құлындай  құлпырып  жүретін  ай  сипатты  келіншек 
айналдырған  аз  уақытта  бар  ажарынан  айырылып,  күзгі 
ормандай  қуаң  да  сидам  тартуы  жымысқылана  тақап  қалған 
елестей, үндемей тиісер үрейдей... алтайдың қырмызы гүлін- 
дей  көздің  жауын  алар  сұлулық  су  сорған  салынды  дерсің... 
жалғыз-ақ күнде солған, үнемі жанып тұрар тостағандай көзі- 
нің  аясы  одан  ары  ауқымдана  бақырайып  тұнжырағаны  бол- 
маса,  нұры  сөнген.  Орашолақ  мүсінші  асығыс  оя  салғандай, 

197
қорқыныш  шақырғаны  болмаса,  баяғыша  көрген  адамның 
көңіліне  құрт  түсірмейді.  Жалғаннан  жалыққан,  әбден  сілік- 
песі  шығып  шаршаған  жанның  күдерсіздігі,  сенімсіздігі, 
алғы  өмірден  үмітін  үзген  сергелдең  мүскіні  ғана  қалғандай 
қалжыраңқы;  енді  қайтып  ешкім  уата  алмас,  басынан  сипап 
жұбата  да  алмас  қайғының,  нала  мен  өкпенің  өксігі  кептеп, 
баз  кешер  ғұмырды  бақилықтың  оралмас  сапарына  айыр- 
бастағандай...  Ішін  кеулеп  құрт  жеп,  тек  сырты  ғана  бүтін 
қалқайып  тұрар  қарағайдай...  Қапелімде  не  дерін  білмей, 
шошына сұқтанған Тағанға сұлық та суық қараған қалпы:
− Жүріңіз, шай ішіңіз,− деді. Осы сөзді айна емес, мүлдем 
жат та бөтен біреу айтқаңдай, тіпті ерні де қозғалмап еді.
−  рақмет,  айнам,  рақмет,  қазір,−  деп  сасқалақтап  тұрған 
жігіт келіншекке енді бір қараса талып қалатындай, қалбалақтап 
алдына түсті.
Шай үстінде мардымды әңгіме болған жоқ. Нүрке кемпір 
өңі сынық, қабағы қатулы.
−  Бір  жаққа  барып  қайттың  ба,  балам,  кешеден  бері 
көрінбедің ғой? − деді шырайын бұзбай.
− аңшы Шалдың мекен-жайын көріп қайттым.
−  Иә...  Жұрт  ауыстырмақ  ойым  бар  деші...  Оның  да  жөн 
шығар...
− Сіздерге, әсіресе, сізге алғысымды айтайын, апа. Егер сіз 
болмасаңыз, адам болуым...
− Жә-жә, жетер,− деді кемпір қолын көтеріп.− мен шешең 
жасаған жақсылықтың мысқалын да қайтарғаным жоқ.
− Жақсылық қарызға жасалмайды ғой.
−  Ендеше,  осыны  ұқсаң  болды.  атаңның  атына  кіркел- 
тірмеуден артық не бар бұл жалғанда. Тек саған екі тілек айтам: 
енді қайтып басыңды кесем десе де арақтан татып алмайтын 
бол,  басыңды  құра  –  әкеңнің  түтінін  сөндіре  көрме.  Шалға 
еремін деп те шал болып қалма. Ерік екеуінің жайың жарасатын 
түрі жоқ, қайтам десең, батамды беремін, жолың болсын. Тек 
екі-үш күн аялдай тұр.
−  Өзім  де  солай  ойлап  отырмын.  Ерік  досым  ғой,  өкпеге 
де,  өлімге  де  қия  алмаймын,  шошқадай  батпақтап  жатқан 
жерімнен тауып алып, ертіп келді. рақметтен басқа не айтайын. 
Татуласып аттансам деп едім.

198
Осы кезде вертолеттің дүрілі естіліп, үшеуі бірдей елеңдей 
қалған.
Қатын  суының  жағасында  басын  суға  малып,  тамыры  
адырая  құлаған  самырсынды  атша  мініп,  арғы  жағалаудан 
көз  айырмай  отырған  Ерік  те  аспанда  арқыраған  вертолеттің 
дырылын  естіген.Естіген  бойы  орнынан  атып  тұрып,  үйіне 
қарай сүріне-қабына жүгіріп еді. Өзеннің арғы бетіне қаншама 
көз талдыра қараса да, ақ боз атты Қызды көре алмай, қоңыр 
күздің соңғы күнін аңдығандай, жылдың дәл осы уағында нұр 
бейнесін жалт еткізіп бір көрсетіп кетер әдетін бұзғанына налып 
отыр еді; азапты ойдан әуелеп ұшқан вертолет үні құтқарған. 
Қызға  деген  сағынышы  келте  қайырылды.  Ұшқыш  досы 
Прохордың өз уәдесінде тұрар жігіттігіне риза сезім жан адамға 
сездірмей жүрер жасырын махаббатын лезде ұмыттырған.
Қапалағы  зырылдаған  алып  «инелік»  үй  алдындағы 
алаңқайға дәл қонды да қалшылдап, дірілдеп, барып үні өшті. 
Кабина  терезесінен  әуелі  басын  қылтитқан  ұшқыш  ыржия 
күліп,  қолын  бұлғады.  Бұл  кезде  екі  өкпесін  қолына  ала 
жүгіріп Ерік те жетіп еді. айна мен Таған есік көзінде қарап 
тұр, орындарынан қозғалған жоқ. Вертолеттен қарғып түскен 
Прохор александрович пен Ерік бір-бірін аса сағынып қалғанға 
ұқсайды,  адал  да  айнымас  достарша  қауыша  құшақтасып, 
арқаларынан  қағысып  амандасты.  Екінші  пилот  тым  жас 
көрінді.  Ол  да  қол  беріп  есендескен.  Вертолеттің  қапалағы 
тудырған дауыл қонған тұстағы шалғынды жапырып тастады. 
алғашында  үрке  едірейіскен  түлік  мал  мотор  үні  сап  болған 
соң...  «е,  өзіміздің  кісі  екенсің  ғой»  дегендей,  жайбарақат 
жайыла  бастаған,  тек  құйын-перен  зыта  жөнелген  құлындар 
ғана енесінің маңына сақтықпен жақындап, құлағын тіге әлі де 
тосырқап тұр. Жас жігіт вертолеттен жүктерді түсіре бастады. 
Екі дос оған қайырылып қарамады да, шүйіркелескен күйі үй 
жаққа  беттеді.  Қашада  тұздап  жайып  қойған  аюдың  терісін 
көргенде, Прохор есі қалмай қуанды.
−  Какой  ты  молоток,  Ерик...  Это  мне?  −  деп,  таңырқап, 
тамсанып, қонжықтың терісін сипалап мәз болды.
− Да, тамыр. Это все тебе. мой подарок.
−  Вот  это  подарок!  Не  знаю  даже,  чем  отблагодарить!  − 
Ерікті  қайта  құшақтап  бетінен  сүйді.  Осы  көрініске  қарап 
тұрған айна шұғыл бұрылып үйге кіріп кеткен.

199
− Ей, Таған, көмектес ана жігітке, − деп дауыстады Ерік. − Жүк- 
тердің бәрін сарайға кіргізіңдер.
Тағанның  таң  қалғаны:  дүкеннен  алған  қалпы  аузы  әлі 
сөгілмеген  қап-қап  ұсақ  қант  болды.  расында  да,  бір  ауылға 
қыстай  жетер  мол  еді.  «Бұл  аралардың  қысқы  азығы  болар» 
деп  ойлады.  Жас  жігіт  екеуі  қант  салған  қапты  қоймаға,  ал 
қоймадағы бал құйылған флягтарды вертолетке тасып, зілдей 
ауыр  тәттілердің  орнын  ауыстырам  деп,  әбден  сілелері  қата 
шаршады.  айна  әйелдік,  қонақжайлық  әдетінен  танған  жоқ. 
Қысқа  әрі  көңілсіздеу  есендіктен  соң,  шай  қамына  кіріскен. 
Үйге кіріп Нүрке кемпірге сәлем беріп шыққан Прохор:
− айнаша не в настроений? − деп жұқалап сұрап еді, Ерік:
− «Болеет», − деп жалғыз сөзбен жауап берді.
Қонақтар  көп  айналған  жоқ.  Зырянь  қаласына,  одан 
ары  Өскеменге  баруымыз  керек  деп,  шайды  асығыс  ішті  де, 
қожайын сыйлаған аюдың терісі мен қол арақты дорбаларына 
салып, қоштаса бастаған.
− Енді бірер аптадан соң қайта соқ. Биылғы жылдың ақырғы 
балы шайқалмай тұр ұяда, − деді Ерік ере сөйлеп. – мылтықтың 
жаңа түрін тапсаң... қарастырарсың.
− родной мой, если ты прикажешь, автомат доставлю,− деп, 
тісін  ақсита  күліп,  мойнынан  құшақтады.  «Да,−  деді  ішінен 
Таған,−  вот  где  обитает  настоящий  интернационализм».  Бұл 
сөз неге орысша есіне түскеніне өзі де түсінбеді.
Вертолеттің қапалағы қайта айнала бастағанда енді ғана ес-
ақылын жинаған құлындар қайта үркіп, тырағайлады.
айна үйден шыққан жоқ. Ерік қол бұлғап, желден шашы 
дудырап, үлкен жүректі достықпен шығарып салды.
моторлы «инелік» тік көтеріле ұшып, омартаның үстін бір 
айналып шықты. Бұл да қазақ досына деген құрметтің үлкені 
еді...
Вертолет ұшып кеткен соң, Таған:
− Ерік-ау, қап-қап қантты жейтін ие табылар-ау, көп мыл- 
тықты қайтесің? Өзіңде де бес-алтауы бар емес пе, соғысқа дайын- 
далып жүргеннен саумысың?− деп өзімси әзілдеді. Татулыққа 
шақырғансымағы.
− Иә, дайындалып жүрмін...
− Кіммен соғысасың?
− Сендермен... анау, қырт Шалмен...

200
− Ол сенен де өткен мерген деп естідім ғой...
− Көреміз оны.
− мұны «братоубийственная война»дейді...
−  «Братоубийственная  войнаның»  көкесі  «гражданская 
войнада» болмап па еді... Несіне мүләйімсисің, тарихшым, − 
деп  қойма  сарайға  кіріп,  Прохор  әкелген  жүктерді  түгендей 
бастады.
− Иә, − деді Таған, − ағайын болып атысу үшін бас-басына 
мылтық ұстау керек шығар қазаққа...
Ең соңғы шуағын қызықтасын дегендей, күн бүгін өрескел 
ашық болды. Жарықтық жаз қайта шығатындай тау салқынын 
лезде  түре  қуып  тастады  да,  елжіреген  жылылық  жайлап, 
маужыратады-ай... айнаның өңі әлі сынық қалпында, әйелдің 
тиесілі  қарекетін  зауықсыз  болса  да,  күйбең-күйбең  істеп, 
қабағы  ашылмаған  қалпы  бір  кіріп,  бір  шығып  жүр.  Бағана, 
таңертең, күреңқабақ ішілген шай үстінде Ерік «бүгін күннің 
ашығын  пайдаланып  бал  шайқаймыз»  деп  ескерткен.  Бұл  – 
биылғы  қырманның  соңғы  жиын-теріні  еді.  Әншейінде  сөзге 
араласпай отыра алмайтын Нүрке кемпір де ұлына өкпеледі ме, 
кім білсін, ләм-мим жақ ашқан жоқ. Осы таңның жалғыз сөзін 
Еріктің өзі айтты да, типыл болды. ара ұяларына түтін салып, 
балы мен балауызы ылжыраған ағаш рамаларды суырып әкеліп 
Тағанға  береді,  ол  болса  бал  шайқайтын  аппаратқа  салып, 
құлағын бұрап, шүмектен сорғалаған таза балды қотарып алып 
тұр. Келісім бойынша ол ақырғы рет қолғабыс тигізіп, ертең 
ерте аттанбақ.
Күннің  бүгін  тым  жанға  жайлы  болып  тұрғанын  білген 
Нүрке кемпір, бұлар бал шайқау науқанына кіріспес бұрын, бір 
өтініш айтқан. Онда да ұнжырғасы түскен ұлына емес, келіні 
мен Тағанға қаратып айтқан.
−  Қарақтарым,  бүгін  күн  ашық  екен,  келер  күзді  көрем 
бе,  көрмеймін  бе,  оны  бір  алланың  өзі  білер,  мені  тысқа 
шығарып  отырғызыңдар,  намаз  арасында  шуақтайын,−  деді 
үні  дірілдеп.  Әрқашанда  ажарлы  да  айбынды  отыратын 
қарттың жас баладай жаутаңдап айтқан сөзі Тағанды толқытып 
жіберді. Осына қара шаңырақтың бақыт құсына оқ тигендей, 
суықтау ой ұялап, секем алғандай болды. Кемпірдің екі аяқ, екі 
қолтығынан  көтеріп,  далаға  шығарып  отырғызғанда,  күннің 
шымқай жарығы қарықтырып, көзі қарауытып, басы айналды. 

201
Жан-жағына жалақтап қарап, өңім бе, түсім бе, дегендей сәл 
тосырқады да: «Е, құдіреті күшті Құдайым, мен осы дүниеден 
аттанып кетсем де, осылайша масайрап тұра бересің-ау»,− деп 
күрсінді. Бұл жасарын жасаған, асарын асаған қарияның жарық 
дүниенің  жақсылығын  өзгелерден  –  өзінен  кейін  қалатында- 
рдан  қызғанғаны  емес,  бұл  дүниенің  ешкімге  де  мәңгіліксіз- 
дігін, бейопалығын мойындағаны еді... Күннің шуағы сұрлау 
тартқан  жүзін  жуды  ма,  Нүрке  кемпірдің  ажары  ашыла 
түскендей,  шүңірек  тартқан  көк  көзі  де  табиғаттың  нұрын 
сіміріп, шоқ түскен тамыздықтай ұшқындана бастаған.
−  апа-ау,  керемет  әдеміленіп  кеттіңіз,−  деп  күле  әзілдеді 
Таған да таң қалғанын жасыра алмай.
− мені айттыратын адам жоқ енді... Қыз кезімнен қалған 
жұрнақ  шығар.  Қараңғыда  қамалған  қаздай  қаңқылдап  отыр 
едім,  далаға  шығып,  жаным  жарылқанып  қалды-ау.  ал  еңді 
сендер  жұмыстарыңа  барыңдар.  Ерік  іздеп  жатқан  шығар,− 
деді серги сөйлеген кемпір.
міне, енді сол аралар әулетінің арпалысып тірнектеп жина- 
ған  шырынын  аузынан  жырып  алу  қарекетіне  кірісіп  кеткен. 
Бал  айырғыш  аппараттың  құлағын  бұрап  тұрған  Таған  анда-
санда кемпір отырған жаққа қарап қояды. анадайдан басында 
кимешек-шылауышы бар, ақ шатырдай болып көрінген Нюра 
апасы Қатын суының сарынына құлақ қойғандай, қозғалмастан 
арғы  бетке  телмірді-ай.  Не  ойлап  отыр?  Кім  білсін...  Еріктің 
қолындағы  түтіннен  үріккен  аралар  тынымсыз  айналсоқтап, 
тыныштығын  бұзған  бұзақыны  нәлеттегендей  гу-гу  етеді. 
Кейбірі ұзап ұшады, кейбірі Тағанды жағаттап, мөлдірленген 
балға қонып, малтығып қалады. Ондай сәтте еппен қанатынан 
сүйреп  шығарып,  былайырақ  тастайды.  мұның  да  басында 
бетіне  перде  тұтқан  ақ  қақпағы  бар-ды,  абиыр  болғанда, 
ешбіріне  шақтыра  қойған  жоқ,  қанша  төңіректесе  де,  пісіп 
алар саңылау таба алмаған өн бойынан. «Егер баяғыдай тұла 
бойымнан арақ мүңкіп тұрса, мұқым ара біткен маған шабуыл 
жасар еді» деп ойлады.
Бал  алу  кезегі  америкадан  келген  «қауіпті  гибридтерге» 
жетті. Бұлармен аса сақ әрі сыпайы қарым-қатынасқа көшпесе 
болмайды.  Бағанадан  бері  тор  перденің  шалғайын  қайырып 
тастап,  жүзін  ашық  ұстап  жүрген  Ерік  еріксіз  маскасын 
түсіруге, қолына қолғап киюге мәжбүр болды. Ұяның қақпағы 

202
ашылғаннан-ақ,  атойлаған  ноян  аралар  ал  дегеннен-ақ  
анталаған  шабуылға  көшіп,  айна  мен  Еріктің  ес-ақылын 
шығарып  жіберген.  амал  не,  қымтаулы  қорғаныста  тұрған 
ерлі-зайыптылар  тісіне  жұмсақ  бола  алмады.  Сонда  да 
шебін  бұзбастан,  қара  бұлттай  қаптап  көпке  дейін  дуылдап 
тұрып  алды.  Бірен-сараны  ғана  төңіректі  барлауға  кетті. 
Екеу-үшеуі  Тағанды  тексеріп  қайтты.  Жергілікті  аралардан 
едәуір  өзгешелігі  бар  будандарды  бұл  да  бірден  байқаған. 
«Капиталистік тұқым сен боларсың... қандай шапшаң ұшады 
жауыздар» деп ойлаған да, бұл да қымтана түскен. Бұл жақтан 
оң жамбасқа келер оңай олжа таппаған соң, самғай зулап Нүрке 
кемпірге беттеген. алғашқы келген бірен-саранын қолындағы 
өне бойы тастамайтын бет орамалымен «кіш-кіштеп» жасқап 
жіберген-ді. Жалғыз-жарымы түк бітіре алмайтынын сезді ме, 
шырқай  ұшып  негізгі  әскеріне  оралып,  болған  жайды,  яғни 
кемпірдің  қару-жарағы  жоқ,  алаң-ашық,  бейқам  отырғанын 
хабарлаған. Содан не керек, бұл табиғаттың құдыретіне дауа 
бар ма, адамзат түсінбейтін тілмен түсініскен жәндік-жендеттер 
жалғыз-ақ секундта Нюра Фадеевнаға қарай «уралай» қаптап 
лап берген. мыңдаған араның әп-сәтте ғайып болып кеткенін 
омарташы  ерлі-зайыптылар  жұмыс  бабында  тұрып  байқамай 
қалды. ал «жауыздар» болса алтайдың бұршағындай көшіп, 
түйілген  қалпы  қапысыз  кемпірдің  шат-шәлекетін  шығарды. 
Қанша  қайрат  көрсеткеніне  қарамастан,  бет-аузын,  қолын 
сау-тамтығын  қалдырмай  шағып  тастады,  ішінара  болған 
шығынға  пішту  деген  жоқ.  «Ойбу,  балалар,  әй,  айна,  Ерік, 
айдап әкет мына иттеріңді!» − деп азандады, бірақ жан даусын 
шығара  айқайламаған.  Енесінің  үніне  елеңдей  қараған  айна: 
«Ойбай, апамды аралар опалап жатыр» деп тұра жүгірді, тұра 
жүгіріп барып кері оралды да, делдиіп тұрған Еріктің қолынан 
түтіндеткішті жұлып алып, қайта безілдеді. Таған да тарғаяқтай 
ұмтылған. «Бұлар жынданған шығар», − деп күңк еткен Ерік 
раманы қаперсіз суыра берген. «ара шаққаннан өлген кісінің 
бейітін көргем жоқ бұл жақтан».
...«Қауіпті  будандардың»  бетін  түтін  қайтарды.  амал  не, 
көмек тым кеш жетіп, кемпір әлсіреп-ақ қалған екен. Жарықтық 
сүйегі  мықты  адам  ғой,  сонда  да  сыр  білдірмей  сұлық  отыр 
– құламады. ара талаған беті мен қолыңда ине шанышқандай 
ноқат  қара  дақ  қалып,  айналасы  домбыға  ісініп  бара  жатты. 

203
айна мен Таған көтеріп үйге кіргізіп төсекке жатқызғанда, кісі 
танымайтын болып ісініп кетіп еді... Тіл-аузы байланып қалды 
ма, әлде ендігі арыздасып, қоштасардың түкке қажеті жоғын 
сезді ме: «апатайым-ау, енді не істейміз, қандай дәрі-дәрмек 
қолданамыз», − деп зар еңіреп басында отырған айнаның бірде-
бір сұрағына жауап қатпай, ағаш үйдің бел ағашына телміріп 
үнсіз жатқан. Өз қолы өзіне артық көрініп, қоярға жер таппай 
серейіп тұрған Таған да дегбірсізденіп құр жаны аши қарағаны 
болмаса, лажсыз еді. Сырттан асықпай, адымын санап басып 
Ерік кірді. Кірген бойда:
− Кім сендерге пысықсып далаға шығар деген?! − деп айғай 
салды.  −  ала  жаздай  аман-есен  үйде  отырғанда,  астынан  су 
шыққандай жылы орнынан қозғап... ісім сендермен болсын!
Төбеге  телміріп  жатқан  кемпір  айғайды  құлағы  шалды 
білем,  ұлының  ұрысына  нәумез  болды  білем,  ендігі  сәтте 
Ерікті  көздей  бағжия  қараған.  Сұп-суық  жанары  өңменінен 
өтердей  қорқынышты  еді,  адам  танымастай  ісініп  өзгеріп 
кеткен шешесінің оқтаулы көзінен жасқана шегініп: «Әне, тағы 
да мені айыптап жатыр», − деп, күңкілдеген күйі үйден шыға 
жөнелді.
Өзі құлағалы тұрған тауға қой жайғандай, айна көз жасын 
көлдетумен болды.
− Бұлай тұра берудің реті жоқ, не ем-дом жасаймыз? − деді 
Таған бәйектеніп.
− Білмеймін, аға, білмеймін... апамның түбіне ара жетеді 
деп кім ойлаған?! апамның өзі біледі, айтпай жатыр...
«Жарықтық,  өлімге  біржола  дайындалған  шығар,  −  деп 
ойлады Таған. − Нюра Фадеевнаның түбіне жеткен әншейін ара 
емес,  будандар  екенін,  әр  тұқымның  қосындысынан  шыққан 
«жауыздар»  екенін  қайдан  білсін  айна».  Бұдан  ары  не  ары 
жоқ, не бері жоқ делдие берудің қисынын көре алмады ма, бұл 
да тысқа шықты. арғы бетке қарап ойланып, қашаға сүйеніп 
тұрған досының қасына барды.
− Не істейміз? рация жоқ па, вертолет шақыртайық, − деп 
сұрады Еріктен.
−  Сенің  не  қимаң  қышып  барады,  −  деп  күңк  етті  ол.  − 
Осының бәрі сенің кесірің. айрандай ұйып, шәй деспей отырған 
шаңырақтың ойран-ботқасын шығардың... Әттең, әттең, бекер, 
бекер-ақ ертіп келдім...

204
− Демек, өзің де кінәлісің... Бір-бірімізді айыптағаннан түк 
шықпайды.  апамызды  ажалдан  арашалап  қалудың  амалын 
іздейік.
−  Ол  бәрібір  адам  болмайды,  берген  дәріңді  ішпейді  де. 
Көрмейсің бе сөйлей алады, қырсығып тіліне тиек салып, үнсіз 
жатыр.  маған  деген  қысастығы.  Жалғыз  ұлын  осыншалық 
жек көретін шешені көрсемші... Құдай-ау, менің жазығым не? 
Үстінен  құс  ұшырдым  ба,  тамақтан,  киер  киімнен  тарықты 
ма? Екі сөзінің бірінде «ел, ауыл» деп, зарлайды да отырады, 
сол  елінде,  сол  ауылда  құшақ  жайып  қарсы  алатын  ағайын, 
туғаны  отырғандай;  сол  көксеген  елі  емес  пе  еді,  осырған 
сиырдай мүйіздеп айдап шыққан. рас, сол өтінішін орындаған 
жоқпын,  басқа  жазығым  қайсы?  мұндай  боларын  білгенде, 
кеше  вертолетке  салып  жіберер  едім  ғой...  Ішім  сезеді,  енді 
беті бері қарамайды, маған өсиет сөзін айтып, қоштаспасын да 
білемін...
− «аман жүр, ұлым» деп айтпайтын ана жоқ жер бетінде, 
− деді Еріктің сөзіне толқыған Таған. Неге екенін кім білсін, 
досы үшін өзі жылау керегін сезді. Жанарында жас бар еді. ал 
Еріктің беті бүлк етпестен, асқан төзімділікпен сөйлеп тұр.
−  менің  сорым  шығар,  арылмай  жүрген  қырсығым 
шығар  осының  бәрі  де.  Бостандыққа  шығайыншы,  азат 
ғұмыр  кешейінші,  жаманаттан  қашайыншы  деп,  құлақ  естіп, 
көз  көрмеген  жаққа  саяқтанасың,  бәрібір  сені  қуып  жетеді, 
іздеп  тауып  алады...  Қыл  аяғы  туған  анаң  өз  қағынан  жеріп, 
әр  басқан  қадам,  еткен  еңбегіңнен  харамдық  іздейді.  Кімнің 
егініне түстім, кімнің бермесін тартып алдым, табан ет, маңдай 
теріммен  тапқан  дүниемді  есеп-шотқа  салып,  көзге  түрткі 
қылатындай күпірлігім болды ма? Әне, беттің арын белбеуге 
түйіп,  мемлекеттің  байлығына  белшесінен  батып  жүргендер 
не  ұсталмайды,  не  сотталмайды,  оларға  бәрі  кешірімді,  бәрі 
жарасымды... түсінбеймін.
− Шынында да, сен түсінбейтін бір сыр бар шығар...
−  Ей,  кетші  ары  өзің  сәуегейсімей,−  деп,  қолын  бір-ақ 
сермеді.−  апам  бізге  жоқ  енді,  жыла-сықта,  фактінің  аты  – 
факті.
−  ал,  сендер,  айна  екеуің,  өп-өтірік  өкіре  беріңдер.  Па, 
шіркін-ай,  қаңдай  үлкен  жүректі,  кең  пейілді  гуманиссіңдер-
ей.  ана  сендерге  емес,  мына  маған  керек,  ендеше,  монтаны 

205
да  жалған  жоқтауларыңның  керегі  жоқ  маған.  Жақсы  көрген 
болып,  сыйлаған  болып,  сып-сыпайы  мінезбен  өлтірген  де 
екеуің, мен емес. ап-аман, таспиғын санап құдайына құлшылық 
жасап отырған адамды сүйрелеп далаға шығарғаны несі-ай... 
Құныкерім – сендерсіңдер!
− Ол кісі әлі тірі ғой, өтпей жатып өлдіге жорығаның не?
−  Өлмесе  –  өледі.  Тағы  да  мүләйімсіп  тұрсың.  −  Көзі 
қанталаған  Ерік:  −  Сенімен  тәжікелесіп  несіне  тұрмын  осы, 
одан да анам мәңгілік мекен етер жайлы жер іздеймін.
− астапыралла, − деді тыпыршыған Таған жағасын ұстап. − 
Жынданған шығарсың.
−  Кімнің  жынданғанын  ертең  таңертең  білерсің,−  деді  де 
анасын қоятын жер іздеуге жөнеді.
Тағанның  көңілі  ойран-асыр.  Досының  мінезін  тағы 
бір  қырынан  таныды,  алайда  кім  екенін,  қай  ұлттың  ұлына 
жатқызарын білмеді. Білуі мүмкін де емес еді... Оның білетіні 
– осындай дүбәра жандардың жиырмасыншы ғасырдың соңғы 
ширегінде жер бетінде тым көбейіп бара жатқаны ғана... амал 
не, ауырмай есінен жаңылып, шатасып шаң жұтып жүрген өзі 
секілділер де аз емес еді бұл дүниеде.
Біраздан  бері  берекесі  қашқан  үйдің  түтіні  дәл  осы  күні 
ұшқан  жоқ:  от  жағылмады,  самаурын  қойылмады,  қазан 
көтерілмеді  –  онсыз  да  жұқарған  жүйкеңді  мезі  қылар  ауыр 
тыныштық  орнаған.  Бір  кіріп,  бір  шығып,  тағат  таппаған  – 
тек  Таған  ғана.  Досының  кінә  артқан  айыптау  сөзінен  кейін, 
расында да, Нюра Фадеевнаның оқыс әлсірегеніне өзі себепші 
болғандай,  осы  үйдің  артық  адамы  екенін  сезінді.  айнаның 
жанары  жастан  тыйылған  жоқ.  Сусын  әкелсе  де,  шипалы 
шөп нәрін ұсынса да, енесі бас шайқаумен болды. анасының 
арғы дүниеге ықтиярлы екенін білген, білсе де ақтық парызын 
өтеуден  танбай,  аялаумен  құрақ  ұшқан.  Енесінің  көңілінде 
тас  болып  байланған  қара  қазандай  өкпе  бар...  Неге?  Кімге? 
Осының сырын ұға алмаған келіні кездейсоқ келген кеселдің 
бір  ұшығын  өзінен  іздеген,  тілін  алып  далаға  шығарғанына 
өкінген де... адам өмірінің бақилық емес екенін білсе де, жер 
жаһандағы  пенде  шіркіндердің  ғұмыры  бір-біріне  байлаулы, 
ауру  меңдеп,  ажал  алды  дегеннің  өзінде  бірінің  өліміне  бірі 
себепшілігін  саналаған.  Бәлкім,  айнаньң  таусыла,  егіле 

206
еңіреуі де осыдан шығар... өз анасы қайтқанда да, дәл осылай 
жыламаған. 
Нюра  Фадеевнаның  әлі  де  болса  суішкілігі  таусыла 
қоймағанмен,  кірпігі  ғана  қимылдап  жатыр.  маңайында, 
тысқарыда  болып  жатқан  оқиғадан  хабардар  секілді,  анда-
санда сол былайғы құбылыстың әсеріне елегізгендей... ежелгі 
сезімталдықпен түйсінгендей... анда-санда көзі бұлдырап, бір 
заттың өзі екеу, кейде үшеу, одан да көп болып кетер-ді. Өне 
бойының  мың-миллион  құмырсқа  талағандай  дуылдағаны 
болмаса,  жаны  қиналып,  ауырған  да,  ес-ақылдан  айырылып 
әлсіреген де жоқ еді... Санасын дел-салдық жайлаған; мәңгілік 
бір  терең  ұйқы  шақырғандай...  Тынысы,  тамыр  соғысы  баяу, 
анда-санда  ғана  тіршіліктің  ішегін  шертіп  қалғандай.  Нүрке 
кемпір  «алланың  ақ  өлімін»  іштей  мінәжат  айтып  тіледі-
ай.  Сөйлеуге,  тіл  қатуға  қуаты  жетерін  біліп-ақ  жатыр,  бірақ 
мынау пәни жалғанмен бақылдасар сәтте аһылап-үһілеп, арыз-
арман  уағыздап,  балаларының  үрейін  алғанды  жөн  көрмеді. 
Естір  құлақ,  ұғар  зерде  болса,  ақыл-кеңесін  баяғыдай  айтып 
келеді,  енді  мына  жантәсілімін  берер  шақта,  әлдекімдердей, 
шаңырақтың  шаттығын  бұзбау  жайлы  сөз  бастаудың  өзі 
күзетіп  отырғандарды  күйзелткеннен  басқа,  өсиет  болып 
жарытпайтынын  сезген  еді.  Бәр-бәрін  де  жаратқан  иесіне 
аманаттайды да... Ол тіпті қазіргі өлі мен тірінің арасындағы 
мүшкіл халінде иманын ғана ойша қайталағаны болмаса, тірілер 
қамын қаперіне алмады да. Оқта-текте көзін жұмып, көзін жұмса 
болды,  көз  алдына  көлеңдеп  шыға  келетін  аруақтармен  ғана 
тілге келеді, сол арғы әлемнің адамдарына бар ынта-ықыласы 
ауып, сол үйір – сол топқа кешіге бермей қосылуды көксеген-ді. 
Әсіресе, жарықтық ақ сақалды атасы мен Шешесінің жайлана 
жараса сырласып отырғанын байқады... адам о дүниеге көшкен 
соң,  дініңе,  тіліңе,  діліңе,  нәсілге  бөленбей,  бар-барлығы 
жамырасып,  ұрыс-керіс,  бақталассыз,  жалғыз-ақ  ізгілікпен 
«өмір сүреді» екен-ау... ақиретке оралған соң ғана, ақыл кіріп, 
әділетті  «ғұмыр»  кешеді  екен-ау;  иә-иә,  арғы  дүниенің,  ұлты 
мен  түзігі  мен  қисығы,  тектісі  мен  әулеттісі  болмайды  екен-
ау;  иә-иә,  өлімнің  осыншалық  рақатын,  қызық-қуанышын, 
жаның жай табатын інжілдігін кім білген, кім сезген? Әттең, 
сол жұмақта жүрген жұртқа жете алмай қор болып жатырмын-
ау, жатырсың-ау...

207
«НЕГЕ БІЗ ОСы?...»
Ерік  үйге  қас  қарая  кіріп,  анасының  тамырын  ұстады, 
алақанын  маңдайына  басты.  Нүрке  кемпір  ұлының  қолын 
сезді.
− апа, не айтасың маған?.. – Шешесі басын шайқады.
− артық-кемім болса кеш, анашым. – Қанша қатыгез десек 
те, үні дірілдеп шықты. Шешесі басын изеді.
Шамның сәулесі кемпірдің ашып-жұмып жатқан жарымжан 
жанарын  тіміскілей  берген  соң,  Таған  газетпен  көлегейлеп 
қойды.
Бұл күні ешкімнің де мардымды ұйқысы болған жоқ, тек таң 
алагеуім тартқаңда, әбден қалжыраған екі жігіт тысқа шығып, 
үйдің екі бұрышында жүрелей отырған. Талай уақыттан бері 
мүлдем ұмытып кеткен ескі әдеті – темекі мен арақты аңқасы 
кебе  қайта  іздеген  Таған  шыдамай  тықыршып,  қалтасынан 
тастамай жүретін қарағайдың шайырын аузына салып шайнап, 
әпігін басты.
айнаның жөні бір басқа... Дүниедегі ең қимас затын бай- 
қамай  сындырып,  енді  қайтіп  құрай  алмай  діңкесі  құрыған 
шарасыздық  бар;немесе  ең  аяулы  адамы  көзден  бұлдырай 
алыстап, қалың тұманның арасына сіңіп бара жатқандай; немесе 
маралкөлді кешіп біртін-біртін суға батқан адамның ел-жұр- 
тына  енді  қайырылмас  қаттылығын  ұққандай.  Жанарындағы 
жасты  жылап  тауысты  ма,  енесінің  қасында  жылжымастан 
сазарып отыр. Бір нәрсесін ұмытқандай, айналсоқтап жүрген 
Тағанға да, әлгінде ғана кіріп, шешесімен қоштасып шыққан 
күйеуіне  де  мойын  бұрмады,  ләм  демеді.  Нүрке  кемпірдің 
қазіргі  неге  болсын  белін  буа  бекінген  сазарыңқы  халі  бұған 
да жұққандай. Таң сыз бергенше, көз ілген жоқ. Қаракөлеңке 
бөлменің мұңды да жым-жырт тыныштығы – өлім тыныштығын 
еске  салып,  салқын  сабырға  шақырады.  Ол  –  айна,  шеше 
орнына  шеше  болған  енесінің  ақтық  түнін  күзете  отырып, 
бұған дейінгі жүріп өткен бүкіл өміріне шолу жасап еді. Есінде 
қалып,  есіне  алғанда,  езу  тарттырар  аяулы  сәттері  аз  болған 
екен.
Осындайда  –  көңіліңді  қырау  басып,  жаның  жаураған 
мезетте,  анасының  омырауын  іздеген  перзенттей  қарман- 
ғанында,  ойша  таусап  еміп,  ашыққан  рухыңа  медет  болар 
жақсы ма, жайсаң күндердің мол болғанына не жетсін, шіркін! 

208
амал  не,  тағдырының  тарантасы  өңкей  тастақты  жолмен 
жүріп, селкілдеп өткенін неге байқамаған... Құдай-ау, осындай 
селкілдек ғұмыр кешкенше, неге ғана сол арбадан секіріп түсіп 
қалмаған.
«НЕГЕ БІЗ ОСы?...» 
...итжандымыз,  басқа  қаңқ  еткізіп  теуіп  жіберсе  де,  қың- 
сылаған күйі «иеміздің» етегіне оралып, аяғын жалаймыз. 
«НЕГЕ БІЗ ОСы...» 
...көр  соқырдай  қалай  жетелесе,  солай  ере  береміз...  Кім 
үшін,  не  үшін  өмір  сүрерімізді  ақыл  таразысына  салмай 
сандаламыз. адамның қателігі – кемшілік жіберуінде емес, сол 
кемшілікті  кешіктірмей  түземеуінде.  «мүмкін,  осының  бар- 
лығы  жастай  жетім  қалып,  жасық  та  жалтақ  болып  өскенім- 
нен  шығар-ау,  −  деп  күрсінді  келіншек,  −  Бәлкім,  басымнан 
сипап,  бауырына  тартар  ананың  ыстық  ықыласын  сағынған, 
көксеген  сәтте,  Нюра  Фадеевнаның  ақ  босағасына  тап 
болуымнан шығар. Баласынан қалған көңілді анасы иітіп, бір-
бірін толықтырған соң, алданып жүре бердім бе? мен Ерікті 
адал сүйдім, табындым. Дүниедегі ең қиын нәрсе – шын сүйген 
адамыңнан қалған көңіл; ол – шыққан жан, кешірімі мен кеңдігі 
болмайды  екен.  «Сүю  дегеніміз  –  сол  сүйген  адамыңның 
ғұмырын кешу», деп бір данышпан сәуегейсіпті... ал, кештім... 
ақыры не болды? Осылай аяқталмақ. Жо-жоқ. Сүю дегеніміз 
–  әсте  де  сүйген  кісіңнің  құлы  болу  емес...  емес...  емес... 
менің Ерікпен өткізген он жылым күң болумен өтіпті...» Көз 
еті ашып, жанары әлсін-әлі жұмыла берді. Жанары жұмылса 
болды: жылқылы ауыл, бие сауып отырған анасы, жайлаудың 
жайқалған қып-қызыл қырмызы гүлі елестейді...
− айнаш! ау, айнаш! − деген үннен селк етіп оянды. Бірер 
минут көзі ілініп кетсе керек. Әлгі өзін шақырған үн қайдан 
шыққанын білмей, жан-жағына қарады. Ешкім жоқ. Енесі көзі 
ашық, тіпті сау кезіндегідей ажарлы.
−  айнам-ау!  −  дегенде,  зәре-құты  қалмады.  −  Қорықпа, 
келінжан,  мен  ғой.  Су  жылытпалап  әкелші,  дәрет  алайын,  − 
деді қимылдап.
−  Қазір,  апатай,  қазір.  –  Қатты  қуанды.  Сауыға  бастады 
деген иланым биледі бойын.
Бұл – Нүрке кемпірдің бой жасағаны еді.

209
асықпай дәреттеніп, ақтық дәм – атау-кере суын ішіп болған 
соң, аллатағалаға мінәжат білдіріп, рахымына көнетінін, төтеден 
жіберген  дертіне  мыңда  бір  алғысын  айтып,  ұзақ  күбірледі. 
Бұдан соң «бисмилла рахман-рахим» деп, екі қолын кеудесіне 
қойып, шалқалай жатып көзін жұмды. Енесінің әрбір қимылын 
қалт жібермей аңдып отырған келіні тынысы үзілгендей үнсіз 
сұлаған  апасынан  шынымен-ақ  айырылып  қалдым  ба  деген 
қорқынышпен үңіле түсіп еді, қарияның жүрек соғысы әлі де 
әлсіз білініп жатқанын сезген.
Нюра  Фадеевнаның  тұла  бойы,  саусақтарынан  бастап, 
суына  бастағаны  рас-ты.  Бірақ  шыбын  жаны  ұшып  кете 
қоймаған...  Оның  дәл  осына  өлім  арбасына  мінер  тұсында, 
қандай  құдіреттің  күші  екенін  кім  білсін,  құлағына  шіркеу 
қоңырауының үні естіліп, тау-тасты жаңғырықтыра күмбірлеп 
ала  жөнелген.  Балиғатқа  толмаған  баланы  шешесі  жетелеп, 
шіркеуге апарады екен дейді. Ескі діншілдер шіркеуге бармау- 
шы  еді  ғой...  анасының  мынау  кержақтар  сенім-нанымына 
мүлдем  қайшы  оқыс  қылығына  кішкентай  Нюра  таң-тамаша 
қалды. Түкке түсінбей, өне бойын діріл биледі.
Бірақ мінәжатханадан қара сақалды поптың «во имя отца 
и  сына  и  святого  духа»  деп  басталатын  қоңыр  да  құдіретті 
даусы жап-жас қызды шошытқан жоқ... анасының қапталына 
тығылған  күйі,  шіркеу  табалдырығынан  аттаған.  Көзінің 
астымен  жан-жағына  қарап  еді,  мұнда  кілең  кержақтар  ғана 
емес,  қаптаған  қазақтарды  да  көрді.  Таң  қалды...  мұқым  иін 
тірескен  ел  шоқынып  тұр.  Шешесі  қызықтағандай  аңтарыла 
тұрып  қалған  қызын  бүйірден  түртіп:  «Крестись,  отпускай 
свой грех», − деп күбір етті. Нюра екі саусағын біріктіріп алды 
да,шоқына  бастады...  ананың  сүтімен  рухына  сіңген  сенім 
түптің-түбінде бәрібір жеңіп шыққан еді.
...Енесінен көз алмай отырған айна бір уақта... жаңа ғана 
қыбырсыз  жатқан:  бұл  түсінбейтін  орысша  әлденені  айтып 
күбірлеп, бұл түсінетін «о, господи, прости своего грешнего...» 
деген  сықылды  сөздерді  араластыра  сөйлеп,  шоқына 
бастағанын  көргенде...  иә-иә,  көргенде...  екі  көзі  шарасынан 
шыға  шошынғаны  соншама,  «апатайым-ау,  мұның  не?!»  деп 
айқайлап  барып  құлады.  Талып  қалды.  Бұл  –  айнаның  өз 
өмірінде екінші рет оңбай қорыққаны, талғаны еді.

210
...Әне, Нюра Фадеевнаның алдынан ескі діндарлар (старо- 
веры) жұмағының есігі айқара ашылған... Ол мәңгілікке сапар 
шекті.
Үйдің  бұрышында  шөкелей  отырып,  сәл  көз  шырымын 
алған Таған әлдекім түртіп жібергендей, селк етіп оянып еді. 
Күн  бұлыңғыр,  аспанда  тұтасқан  бұлт  бар.  Сондығынан  ба, 
таң атса да, маңай қаракөлеңке. Кемпірдің жағдайың білмекке 
үйге кіріп еді, өліп жатқан кемпір мен талып жатқан айнаның 
үстінен түсті. Жан ұшыра Ерікті шақырды.
Келесі күні түске таман Нюра Фадеевнаның сүйегін Қатын 
өзенінің жағасын жерлейтін болды. Өзі өмір бойы көксеп өткен 
туған  ауылынан  бір  уыс  топырақ  бұйырмады.  Жер  мойны 
қашық, мәйіт шыдас бермейтін болған соң, анасының арманын 
орындай  алмады  Ерік.  «ақсақалды  үлкен  адам  ғой,  аңшы 
Шалды  шақырайық»  деген  Тағанның  өтініші  аяқсыз  қалды. 
Сонымен, жас қабірдің басында үшеуі ғана тұрды. Дегенмен, 
осынау үш адамның иығында үш жүз адамның қасірет-мұңы 
бар еді. амал не, қайғырудан қайтып оралған пенде жоқ. Неге 
екені белгісіз, өлікті үйден екі жігіт көтеріп шығарғанда, айна 
анасына арнап жоқтау айтты, бірақ көзінен жас шықпаған. Зор 
да зарлы үнпаздықпен қабір басына жеткенше тоқтамаған.
Ел жайлауға қайқайды-ай, 
Шаппай да жорға тайпалды-ай, 
апатайымнан айырылып, 
маңдайдан бақыт шайқалды-ай...
арғымақ келер ағылып, 
Жібектен шылбыр тағынып, 
асыл да туған апам-ай, 
Келінің жүрер сағынып.
Қатынның суы тасыды-ай, 
Кемерінен асады-ай, 
апатайдан айырылып, 
Сүйегім менің жасыды-ай...
Жылай-жылай күн кешкен 
Ешкі маңырап су кешкен...

211
−  Жә,  зарлай  берме,  сай-сүйегімді  сырқыратып.  Үндемей 
жыла!− деп, Ерік зекіп тастады.
Қара су болды лайлы, 
Көзінің жасын бұлайды. 
Бір бұл емес, апатай, 
Келінің талай жылайды-ай...
«Соңғы  жоқтауды  өз  жанынан  шығарды,  −  деп  ойлады 
Таған. − апыр-ай, артында аңырап жоқтаушың қалса, қандай 
бақыт. Нюра Фадеевна армансыз, әрі иманды адам».
Түнде бас алмай жауған биылғы күздің алғашқы жаңбыры 
осы  әзірде  ғана  толастаған.  арты  қалың  тұманға  айналды. 
Таудың  боз  тұманы  маңайдағы  барлық  затты  тұмшалап 
тастаған. Қабірдің топырағы нөсер суымен малшынып, аяққа, 
күрекке  жабысып,  сарсаңға  салады.  Жол  бойы  қыңсылап, 
аяққа оралып, мазаны алған аламойнақ шоқиып отыра қалып 
ұлыды-ай... Ерік «өзіңе көрінсін» деп, қолындағы күрегін ала 
ұмтылып  еді,  тұманның  арасына  сіңіп  кеткен.  Әлдеқайдан, 
бозғылт  дүниенің  әйтеуір  бір  тұсынан  ұлыған  үні  бәрібір 
естіліп  тұрды.  Нюра  Фадеевнаны  жерлеу  рәсімі  аяқталған 
соң,  екі  еркек,  жалғыз  әйел  томпайған  топырақ  үйіндісіне 
салбыраңқы  қабақпен  қарап,  үнсіз  ұзақ  тұрды.  Әрқайсысы 
өзінше  қайғырды,  өзінше  бақылдасты.  алтайдың  жамбасқа 
жұп-жұмсақ  қойнауы  қойнына  алған  Нүрке  кемпір  қанша 
діндар болса да, не мұсылманша, не христианша жерленбей, өз 
иманын өзі айтып, өз жаназасын өзі шығарып, жарық дүниенің 
бар азабынан осылайша бақилыққа азаттанып еді...
Жер беттеніп, кімге екені белгісіз, кекті сыңаймен түйілген 
Ерік  шұғыл  бұрылып  кете  берді.  Енді  Таған  мен  айна  ғана 
қалған қабір басында. Басына ораған қара шәлісінен бет пішіні 
сәл  ғана  көрінген  келіншек  көз  жасының  суалып,  ағыл-тегіл 
жылар шағында кеуіп қалғанына қайран... Таған болса не істерін 
білмеген.  Жасқаншақтана  жақындап,  айнаның  қолтығынан 
ұстады: 
–  апамыз  келмеске  кетті,  өткенше  өкін,  өткен  соқ  бекін 
деген,  жүр  қайтайық,−деп  икемдеп  еді,  келіншек  міз  баққан 
жоқ.  Ендігі  тұрыстың  лажын  таппаған  соң,  ол  да  үй  жаққа 
аяңдады.  Жас  қабірдің  басында  тұманға  тұмшаланып  айна 
жападан-жалғыз қалды.
Түн аса суық болды. 

212
Ертеңінде шөп басын сілбі басып, кешегі жаңбыр мұздақтап 
тастап еді. айлақта отырған жалқы омартаның түтіні бұл күні 
шыққан жоқ, тіршіліктің барлығын кемпір өзімен ала кеткендей 
өгейсіген өмір басталды. Ежелден аз ұйықтап, көп жортатын 
Ерік таң қылаң бере, атын ерттеп, мылтығын өңгеріп аң қарап 
кетті!  Түні  бойы  дөңбекшіп,  ұйқысы  қашып,  көрер  таңды 
көзімен атқызған Таған тауық шақырарда ғана тыншыған. ал 
айна мүлдем көз ілмеді. Енесінің киімдерін жинастырды, төсек-
орнын сілкіп, бөлмені аршалады. Енесінің оны-мұны салынған 
сары  ала  сандығын  алғаш  рет  ашқан.  Қақпағын  ашарда  неге 
екенін  өзі  де  байқамай  «бисмилла»  деген  сөз  аузына  түсті. 
Сандықтың ішінде өзінен жасырған мол «байлық» жоқ екен, тек 
ең түбінде шетін кестелеген ақ орамалдың орауын жазғанда, өз 
көзіне өзі сенбеді, адамзатқа бақырая қараған көнетоз иконды 
қолы қалтырай алып, бұрышқа апарып сүйеп қойды.
Ерінің ертелетіп аттанғанын көрген. Тәуекелге бел байлап 
үйден шыққан. Омартаға барды. Оқыс түскен суық аралардың 
да зәресін алғандай... америкадан келген будандардың ұясын 
іздеп  тауып,  ара  кіріп-шығар  танадай  тесігін  шүберекпен 
мықтап  бекітті.  Құшақтай  ырғап  орнынан  көтеріп  алған 
күйі  өзен  жағасына  апарды.  Екіншісін  де  жеткізді.  Үйден 
шелекке құйып керосин әкеліп аямай лақылдатып төкті ағаш 
жәшіктерге.  Бұдан  соң  шырпы  тұтатып  от  қойды.  лап  еткен 
жалыннан  жасқана  шегініп,  «жауыз  араның»  жанғанына 
рақаттана  қарады-ай...  Сөйтіп,  енесінің  қазасына  себепкер 
болған капиталистік шыбынды шырқырата құртқан еді... амал 
не, алтайдың ана аралары ОлармЕН әлдеқашан шағылысып, 
«жауыздардың»  ұрпағы  анау  қаптаған  ұяның  әрқайсысында 
қыбырлап  жатқанын  сезген  жоқ  еді...  амал  не...  білген  жоқ 
еді...
Осы кезде Таған да оқыс оянып, далаға шыққан. Ең әуелі 
көргені  –  өзен  жағасында  жанып  таусылуға  айналған  отқа 
қақтанып тұрған айна. алғашыңда істің мән-жайын түсінген 
жоқ. Қасына барып білейінші деп беттей бергенінде, теріс қарап 
сұлық  тұрған  келіншек  жалт  бұрылып,  Тағанды  көрген  соң, 
«бұл  қайдан  шыға  келді»  дегендей,  Қатын  суына  қарай  тұра 
жүгірді. Жүгірген бойы екпінін бәсеңдетпестен, жарқабақтан 
суға секірді... «айна! Тоқта!...»− деп, айқайлай ұмтылған жігіт 
ағын ала қашқан әйелдің денесін қуа, жар жағалай безектеп, 

213
алдынан  шыға  ол  да  секірген.  мұздай  суға  қақалып-шашала 
малтып, айнаның киіміне қолы іліккен соң, сыңар қолдай жүзіп 
жағаға  сүйреледі.  Құтқарды.  Өлі-тірісін  білмейді.  Сілкілеп 
жұтқан,  қойны-қонышына  толған  суды  ағызды.  аяқ-қолын 
кергілеп, жаттығу жасатып дем берді... 
Әйел есін жиғанда, қуанышында шек қалмаған. Көтерген 
күйі  апарып,  киімін  ауыстырды.  Пешке  от  жағып,  бөлмені 
жылытты.
Енесінің ағаш төсегінде безгегі ұстағандай дірілдеп жатқан 
айна өз-өзіне келген соң, көзін ашып айтқаны:
− Бекер құтқардыңыз, аға... Бәрібір бұл дүниелік емеспін.
− Не басыңа күн туды, айнам. Битке өкпелеп, тоныңды отқа 
салғаның не?
−  Бит  емес-ау,  итке  өкпелеп...  Қарызыңыздан  құтыл-
дыңыз...
− рас, мені де ажалдан ағытып алып едің... ыстық шай ішесің 
бе?
− Әуре болмаңыз... Сіз маған мынаны айтыңыз: өлімге қима- 
дыңыз,  ендеше,  өлімнен  де  бетер  қорқынышты  осы  қарғыс 
атқан  үйге  тастап  кетесіз  бе...  бәрібір  бұл  жерде  тірі  жүруім 
екіталай...
−  Не  істеуім  керек,  айнам...  Еріктің  асын  ішіп,  аяғына 
түкіргендей  боламын  ғой...−  деп  күмілжіді.  Ұяң  да  ұятты 
келіншектің неге бекініп, қандай іске бастағанын аңдаған соң, 
жаз бойғы арманының берекесі қашып, солқылдай бастаған.
− Олай болса сізге өкпем жоқ... Жолыңыз болсын. − Сәл үнсіз 
жатты да: – мен сізге сөз салып, маған үйлен деп, қолқа артып 
жатқаным жоқ, мынау қасіреттен құтқарар адам баласы бар ма 
деп,  қорланып  жатырмын...  Әйтеуір,  сүйемелдеп  тау  асырып 
тастасаңыз болды... өзіме өзімнің шамам жетер емес... араға 
таланып өлгенше, алтайдың аюы жегені иманды шығар...
−  Олай  болса,  мен  дайынмын!  −  деді  ұлы  тәуекелге  бел 
буғандай  ширыққан  Таған.  –  Құдай  да,  адам  да  кешер  бұл 
ісімізді.
− Бұл жалғанда сенерің, сүйенерің, құтқарарың, қол ұшын 
берерің  болғанға  не  жетсін,  −  деді  басын  көтеріп,  орнынан 
тұрған айна сергек үнмен.
Таған  келіншектің  су-су  шашынан  сипап,  алғаш  рет 
маңдайынан иіскеді.

214
−  Сен  болмасаң,  менің  де  сау-саламат  жүруім  екіталай, 
айнам, ішіп-ішіп өліп қалар едім.
−  Қызық  екен,  аға,  −  деп  әнтек  жымиды.  –  Бұрын  сізден 
ішімдіктің иісі шығатын, қазір сәбидің бе, сәби жөргегінің бе, 
әйтеуір, жаныңды жарылқайтын өзгеше бір таныс та бейтаныс 
иіс сезіледі...
Тихой өзеншесінен айнаны көтерген күйі, белуардан кешіп 
өткен Таған Шалдың «мемлекетіне» жетелейтін білте жолмен 
алтайдың қара орманына сіңіп бара жатты...
Оң сапар тілейік, ағайын...
«НЕГЕ БІЗ ОСы...»
аңнан  кештетіп  оралған  Ерік  келіншегі  мен  маскүнем 
досының  жым-жылыс  жоғалып  кеткенін  білді,  сезді,  іздеген 
жоқ.  Салқын  қандылықпен:  «Жетісер!»  −  деді,  тісін  сақұр-
сұқыр қайрап. Содан соң «Жетісерсіңдер, жетісерсіңдер! − деп 
жын ұрғандай, тауды басына көшіре сақылдап күлген. – Прохор 
келсін, вертолетпен Бекзатты алдырамын. маған бәрібір, қатын 
болса – болды».
Ертеңінде  әлемді  аппақ  кебінге  орап  қар  жауды.  Биылғы 
жылдың алғашқы сонары...
«аңға шығу керек, − деп ойлады ширыққан омарташы. − 
Дүниеде одан қызық та қымбат не бар? Қалғанының барлығы 
қараң қалсын!»
* * *
Келер жылдың көктемі шығып, жабағыланған сіреу қар еріп 
таусылып, арқырап өзен тасып ағаш бүрлеп, гүл бас жарғанда, 
Ерік жылдағы әдетінше Қатын суын құлдап, тарихи мекеніне 
барған. арғы беттегі шынарға жанарынан су аққанша қарады. 
Әне, көрінді! Сол! Өзі! ақбоз ат мінген сұлу! Омарташының 
ғашығы!  аттан  түсіп  жетелеген  күйі,  өзен  жағасына  келді 
– тым жақыннан көрінді. Қолын бұлғады. Ерікте ес қалмады. 
Суға түсердей болып, жағалауға мінбелей ынтыққан. «а, құдай, 
араға айналсам екен, ара болып арғы бетке ұшсам екен» деп 
тізерлей отырып, қолын аспанға соза, бар болмысымен тіледі-
ай, тұңғыш рет зар еңіреп жылады-ай...
Құдайдың  құдіретімен  омарташы  араға  айналды...  бірақ 
бал арасына емес, малға тыныштық бермейтін көкбас сонаға 
айналды.  айналуы  сол  екен,  арғы  жиектегі  Қызға  зымырай 

215
ұшқан.  Ұшқан  қалпы  ғашығына  жетіп,  иығына  қонды.  Не 
болғанын білмей сасып қалған Қыз қолындағы екі бүктелген 
қамшымен сескене салып қалғанда, енді ғана арманына жеткен 
«Ерік-Сона» қанатын серпуге шамасы жетпей, тырапай асып 
домалап түскен... мәңгілікке... 
Қатын суының айлағындағы керемет үй, көл-көсір байлық, 
қора толған мал, бал аралары иен қалды. Қалса – қалсын, көп 
ұзамай  Қатынға  тоған  орнатылып,  су  көтерілгенде,  бәрібір 
шіріп астында қалады...
Су  астында  Нюра  Фадеевнаның  жетімсіреген  зираты  да 
қалады...
«НЕГЕ БІЗ ОСы...»

216


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет