тоғайы, аң-құсы бәр-бәрі қашып барады».
– «Ей, Қызылқұм неге күлесің?»
– «Сені мазақтап... алдыңдағы малдың амандығына мәзсің.
Жалпақ жаһанда не болып жатқанынан хабарың жоқ. ана
самолеттер қайда ұшты? Онымен кімдер ұшуға міндетті?
– «менен гөрі Қызылқұмның тірлігі озық,– деп ойлады
бұдан соң Бархан. – Қыста сұп-сұр боп, қанын ішіне тартып,
кетеуі кетіп жатқанымен, көктем шыға құлпырып, қып-қызыл
қызғалдақтан көйлек киіп сексеуілі мен түзгені, жыңғылы мен
изені жайқалып, азын-аулақ адасып жүрген аң-құсымен ойнап,
қуанышы келте болса да, мәз-мейрам. ал мен, менің түрім
мынау: ес біліп, етек жапқалы көрген қызық, кешкен ғұмыр
– қараша үйдің түтінін түтетіп, арқандаған аттай қотаннан
ұзап шыға алмаймын шырғалап, жоспар орындау, міндеттеме
қабылдау, Сейітқұлмен жарысу, өмір бақи озбайтын жарыс...
Әліқұлдың айғайы... Дегенмен осындай тасбақа тірлікті тастап
кетпей, төзудің өзі – ерлік екен-ау... Өзіңнің адалдығыңа – өзің
сенуің батырлық екен-ау».
Құмтөбенің басында күпісін жамылып, омырауын аңырайта
аша сонау батысқа қарап ой үстінде тұрған Бархан тағы да,
тағы да сол көп кешеуілдемей, салып ұрып келер қыстың
қамын ойлады. Бұл өңірдің қысы қызық, алдамшы болушы
еді. Жер бауырлай сусып соғар үскірік желі құм мен қарды
352
араластыра ұшырып, бұйрат-бұйраттың ықтасынын, сексеуіл
мен жыңғылдың түбін қасат қармен қымтайтын. Құм жалдың
үстін қар жалдары жауып, шымқай құрғақта сары аяз буады-
ай. Жұмсақ жылдары төрт түлікті ылғи тебінмен шығаратын
ел кейде қамсыз қалып, жемшөптің тапшылығынан малын
жұтқа ұшыратып алатын. Жайшылықта отарды неғұрлым
қалың құмның ара-арасына өргізіп, ықтасын қуып, қыстақтан
жылыстай жылы жер, соны тебін іздеп кетер Бархан енді елмен
бірге меншікке тиер жемшөпті сығымдап, қой қоздар шаққа
сақтар сақтыққа көшкен. мұндай ауыр жылдарда төлдемейтін
бойдақ мал болса, қардың шеті тесіле кең жазира, құйқалы жер
арқаға айдап кетер еді. Қарындары жер сызып жүрген саулық
қолды байлайтын.
анау жылдар жақсы еді... ақпан айында май тоңғысыз
жылымық тұратын. Бетін қар қабыршақтары күптеген құмды
көсіп қалсаң, буы бұрқырап, жып-жылы леп шығатын. Әсіресе,
шабылып құм көшкенде қатты суық болмайтын. Егер мелшиіп,
үн-түнсіз тұншығып жатса, екпіні жоқ, өті қатты қара суық
сексеуіл сындыра зәрін шашатын, кәрін тігетін. Жарықтық
құмның ара-тұра көшіп-қонарына не жетсін. Не нәрсе де
қоныс аудармай, жер тағандап жатып алса, көргені де азайып,
қатыгезденіп, жидіп кетеді білем. Ие, көшу керек-ау... Бірақ,
қайда?
Қыста мұның сенері совхоз берген там-тұм азық емес,
анау құмның арасындағы аяз бен қасат қарға ырық бермей
тұрар кемпіршаш, күйреуік, дәндіқара секілді малға жұғымды,
жұмыр шөптер. Биылғы қыстың қандай айбармен келерін күні
бұрын болжау қиын. Түлкі бұлаңға салып алдап кете береді.
Табиғат жарықтықтың да соңғы жылдары осындай бір мінезсіз,
жұмбақтана қылтқып тұрар қылығы кісінің жынына тиетін. ал
совхоз болса, Сейітқұлдың қорасын тотияйындай көкпеңбек
шөпке толтырды да Барханды ұмыт қалдырды. «Беретін
шығар,– деді күбірлеп – кешіксе де жеткізіп берер...»
Құмтөбенің басында тұрған Барханның көз алдынан қара
құйрық жүгіріп өткендей болды. Бұл не, елес шығар... жел
барған сайын ішін тартып, үдей соқты. Отар үркердей үйіріліп,
әне қаперсіз жатыр. Сейітқұлдың қыстағы самаладай жарқырап,
көз шағылыстырады, сайқалдана көңілді қытықтайды. Өзі
қаперсіз ұйқыға берілген-ау, сым шарбақтың ішіндегі қойларды
даланың бөрісі түгіл (егер бар болса), қаланың әккі ұрысы ебін
353
тауып ала алмайды. Ол айтады: «Тордың сыртынан тағы бір
тікенек тор тартамын да ток жүргізіп тастаймын. Сөйтіп, қой
күзету деген ата-баба азабымен мәңгілік қоштасамын», – деп.
Сонда Бархан айтқан: «Қойды күзетпесе несі қызық»
«Тіршілікшіл, әйтеуір арам өлмейтін жігіт» – деді ішінен.
«Тіршілікшіл» жігіттің үйінде қонып қалған Әліқұл
тәлтіректеп далаға шықты. Электр жарығымен шағылысып, от
болып жанған қойлардың көзіне бағжия қарап, арбасып тұрды
да: «Понимаешь, дәл Бархан сияқты бедіреюін» – деп қолын
бір сілтеді де, үйге қайта кірді. Бағана ғана ашық тұрған аспан
да, сол аспандағы сансыз жұлдыз да – жым-жылас, әлдекім
теріп алғандай. Табанының астынан басталып, анау Бетпақ
далаға ұласар шетсіз де, шексіз құм дариясы бейне бір асау
толқынды, асығыс толқынды теңіз жалдарының бақилыққа
қатып қалғаны іспетті, өркеш-өркеш, бұйра-бұйра. Әлдебір
әннің қайырмасын жалықтыра қайталап, күй сандықтың инесі
бір орнында тұрып қалғандай, ызың-ызың үн шығады. Сол үнге
желге бетін берсе де, белін бермей сидам тұрған сексеуілдің
уілі қосылып, Барханнан басқа ешкім ұға алмайтын, әлдебір
әнді шырқағандай. Тіпті бұл өзге жұрттың құлағына ән емес,
жыр емес, толғау емес – зарлаған жоқтау сықылды естілері де
мүмкін-ау. Өзге жұртқа құлазып, тісін шақұр-шұқыр қайрап,
қағынып жатар Қызылқұм – аңызға айналған аңызақ шөл
даланың – кейуана жердің мәңгілік мойымайтын, мәңгілік
өзгермейтін қайратты да қайсар мінез-құлқын танытар ұлы
елдің бел баласы екен-ау... «Осына кенезесі кеуіп, ерні кеберсіп
жатар ен дала – қолқаны қабар жалмауыз құмда не құты қалды
екен бұл елдің? Құдіретті қуатқа толы ғажап сиқыр бар ма?!
Құдая-ау, сол кезде баяғы қытықшыл, жас ботаның телпегімді
ала қашып ойнағанындай қылықтарын күрт өзгертіп, не
буырқанып, ашу шақырмай, жер бауырлап өксіп жатып алғаны
несі? Қайда, кешегі сусылдап, әндетіп, қым-қуыт көшіп қонар
көшпелі құм? Қайда, көшпелі құм?
Барханның ойын тағы да көз алдынан өткен елес бөлді.
алғашқыда селк етіп шошынып қалғанымен, еті үйрене,
шынында да түн ішінде елбеңдеп жүрген не нәрсе дегендей
алыстан өлеусірей түскен шам жарығы сәулеленіп тұрған
маңайына көз талдыра қарады. Үдере соққан жел ызыңынан
өзге дүние қараң. аспаннан айрылған жер ғана қара жамылып
қорқынышпен қарауытады. анда-санда осы етпетінен құлап,
354
талықсып жатар жарықтық деміге ұзақ жөтелгендей, күрк-күрк
үн желге мініп, жетіп келеді. Табиғатта әзірше неге соқтырары
беймәлім беймазалық бар. Түн түкпірінен тағы да әлдене ағараң
еткендей болды да, ақырын ғана мекіренген қара құйрықтың
сүлдесі көрінді. Төбе басында серейіп тұрған Барханнан
үрікпей, еркелей ойнақтап жетіп келді де, етегін иіскелеп,
жып-жылы, жұм-жұмсақ тұмсығымен Барханның қолын
түрткілеп, жалай бастады.
– «Ү-й-й...- байғұсым-ай, сен екенсің ғой. Хайуан болсаң да
қолдан жем берген иеңнің жақсылығын ұмытпаған екенсің».
Қарақұйрықтың арқасын сипап, құшағына қысты. Өткен күзде
әлдекім атып жаралап, қалың түлейдің ішінде жасырынып,
қансырап жатқанын тауып алып еді. ай бойы аяғын емдеп, жем
беріп, Сейітқұлдың төрткөз сарыаяқ итінен торып, асыраған.
Сонсоң қыстақтан тым алыс, Паң далаға ұзатып салған. Содан
бергі уақытта бір жыл өтсе де, қара үзіп кетпей, шырғалап келіп
тұрғаны мынау.
«Хайуан екеш, хайуан да істеген жақсылықты ұмытпайды.
Бара ғой, қозым, бара ғой. Сен анау шамдары түн түндігін
жыртып, ежірейіп тұрған сәулетті қыстаққа жолама. ақылың
болса менен басқа адамға жуыма. Неғұрлым қашық жүрсең,
неғұрлым қорқып, сасып жүрсең – ғұмыр жасың ұзақ болады,
жарқыным. Бара ғой қозым, бара ғой. мен бейбақты іздеп
қайтесің... мен бір өзің секілді оқ ерте тиген мұңлықпын...
Бара ғой...»
Осы сәтте қатты құйын көтерілгендей болды да, жылдар
бойы сіресіп жатқан Қызылқұм айдаһардай ысқырды.
Әлгінде ғана желге арқасын сипатып, жым-жырт қалғыған,
әлгінде ғана тәңіріне табынып, дүниенің бар үзірін баз кешіп,
жалыққандай есінеп-құсынап мантыраған даланың талағы
тарс айрылды. Шабына кім түртті өз-өзінен буырқанып, өз-
өзінен шамырқанып, екі езуі көпіріп бураша бұлқынып шыға
келді. Әлдене құйын боп аспанға шапши тік көтеріліп еді,
енді сол ұйтқыған құйын өзі секілді мың-миллион құтырық
қарабас сарбаздарын мұқым қызыл құмның бойына анталатып,
қаптатып жібергендей болды. Сол, сол-ақ екен, беріштене
қатқан төбе-бұйраттар бүлкілдеп, тісі-тісіне тимей, бақсы
боп сақылдағандай, дірілдеп-қалшылдап безгегі ұстағандай
жынын шақырды. Сонан соң бүған дейін ешқашан естімеген:
өкірген, әлде өксіген үнмен жоқтау айтты, сыңсыды, булығып
355
барып, зар еңіреп жылады – аса бір алапат екпінмен батысқа
бақанын алып лап қойды. Жер мен көк, ой мен қыр - бәрі-
бәрі тұтаса қып-қызыл әлде қап-қара құмның тұтқынында,
бейне бір африкадағы ағайын құмдардай алып қуатпен алға
көше жөнелді. Дәл алдындағы сексеуілден қапелімде шап
беріп ұстауға шамасы әрең келіп көзін жұма етпетінен құлаған
Бархан бұдан әрі не болғанын білген жоқ әйтеуір, қалың шуыл,
зор майданның басталып, үстінен жүздеген жүйрік ат тапалдап
өткендей дәрменсіз халде. Едәуір мәуріттен соң құмның көшуі
аяқталғандай, маңайды тағы да баяғыша жым-жырт құлақ кесті
тыныштық билегендей болған. Құмға тірідей көміліп қалған
денесін зорға ашып, тәлтіректей тұрған Бархан ал дегенде
қыстағына қарап еді, орнында сияқты. Тек Сейітқұлдың
қотанында сайқалдана жымыңдайтын шамдар ғана сөніп,
қою қараңғылыққа тұншығады. Ес біліп, етек жапқалы мұн-
шалық ұрланып келер ұрымтал құйынды көрмеген, қатты
қайран қалды. Иә, бүгін Қызылқұм бөтен мінез көрсетті! Неге
ашуланды, ненің ырымы бұл? Үйіне қарай сүріне-қабына
балаша зыр жүгірген Бархан ашық қотанда бағана ғана бейбіт
жусап жатқан отардың бірде-біреуі жоқ, тақыр таза орны ғана
қалғанын көрді. Есі шыға айғай салды да жын ұрғандай құм
көшкен ізбен дедек қағып, қос өкпесі қабына жүгіріп барады
әне... Әне, Бархан көшкен құмның артынан қуып барады
– Әне, Бархан жеті жүз бас қойын ала қашқан құтырық
құмды өкшелей қуа жөнелді...
Ең болмағанда өзі секілді отыз жылда бір рет мінез
көрсете алмаған ұлының ынжықтығына сақ-сақ күліп, мазақ
еткен Қызылқұм ақ жүрек әрі қара қылды қақ жарған адал
шопанның отарын ала қашқаны рас еді! Бірақ, бәрібір Бархан
қуып жетеді! Өйткені, оның тақымында азап деген арғымақ
бар, жылдар бойы тамшылап жиналып, тас тесер ашу-ызасы,
айта алмаған арманды сөзі бар... Бәрібір Бархан қуып жетеді:
арқа еті – арша, борбай еті – борша, мойны ырғайдай – биті
торғайдай болып ашаруаққа айналар – бәрібір отарын табар...
мұрнының астынан құдықшы Серік үйреткен әнді ыңылдап,
қойын алдына салып айдап, оралар... Жұмагүл «жаным-ау,
тірімісің» деп жымия күліп қарсы алар; жүкке арқасын тіреп,
Нұргүлін тізесіне отырғызып, жұбайы майысып ұсынған құла
шайды сораптап ұзақ ішер; сонан соң үйдің оң жақ іргесі жер
сілкінгендей солқылдар – Бархан Әліқұлдың шақырғанына,
356
құдай біледі, осы жолы бармай, жау түсіріп келгендей-ақ,
аяғының басын қайқайтып, кергіп жатып алар-ау... Не деген
бақытқа, шаттыққа толы өмір?! Тәңірім-ай, қайғысыз қара суға
семіріп, тірлік деген түлкіні жаяу қуғанға не жетсін... Әкесі
құсап ақ бас атанға мініп, көкжиекке сіңіп, жоқ болса, мәңгіге
жоқ болса қайтер еді.
Әне, Бархан, отардың соңынан 42-ші размерлі керзі етігін
сыпырып тастап, жас балаша жалаң аяқ безектеп барады. Бұдан
отыз жыл бұрын он бес жасында дәл осылай кұм кешіп жүгіріп
еді... отыз жыл бұрын...
алқара аспанда самолет ұшып өтті...
* * *
Өзгерген ештеңе де жоқ. Бархан құм құйынмен бірге ықтап
кеткен отарын тауып, аман-есен қыстағына айдап келді. мал
түгел. Жұмагүл қарсы алды. Жүкке арқасын тіреп, маңдайы
жіпсіп, бой-бойы балқып, шай іше бергені сол еді, үйдің оң жақ
бұрышы солқылдап қоя берді. Бархан жаңа ғана ұрттай берген,
шай құйылған кесені асығыс қоя салды да, күпәйкесінің сыңар
жеңін ғана киіп, есіктен ата жөнелді. Әйелінің: «И-и, бейшара-
ай, өстіп жүріп өлесің-ау» – деп күрсінгенін, көзіне жас
алғанын естіген де, көрген де жоқ. Упр баяғы орнында жатыр
екен. Жүзі сынық. Барханның сәлемін ернінің ұшымен алды
да, күреңіткен қалпы бір нүктеге қадала, көп ойланып барып:
– Да-а... – деді даусын соза – Понимаешь, беда деген аяқ
астынан. Бұлай боларын кім білген, үш ұйықтаса ойымызда
бар ма тәйірі. Да-а... жиырма бес қой, тфу, безобразие, ішпей-
жемей...
Әліқұлдың осыншалық жүйке тоздырар таусыла айтқан
жұмбақ сөзі ішін кептірді білем, Бархан шыдай алмай:
– Не болды ағасы? – деді. – Өңіңіз сынық қой, Сейітқұл
қайда?
– Ол ит, қой сойып жатыр, – деді саусағымен алдындағы
столдың шетін шертіп.
– Тағы да қонақасы ма?
– Осы жолғы қонақасыға сойылған қой бүкіл совхозға
жетеді. Түнгі құтырған құйын жиырма бес қойды жайратып
кетті. Осы итке қаншама рет қақсадым, понимаешь, артық
пысықтық маңдайға сыймайды деп... Түрмеге қамағандай,
357
қотанның сыртын темір сыммен қоршап... енді міне, дауылға
шыдай алмай, өре түрегеліп ыққан отар сым шарбаққа
қыстырылып, бірінің үстіне бірі шығып, бастырылыққан да
қалған. Жиырма бес саулық тіл тартпай кетті он шақтысының
кірпігі ғана қимылдап жатыр.
– Да...а.. жаман болған екен, – деді Бархан басқарманың
мақамымен. Әдейі айтқан жоқ, шын жаны ашып, толқығанда
байқамай қайталап алған.
– Нендей ақыл бересің?
– Білмей отырмын, аға... Ел емеспіз бе, бір амалын ойлас-
тырайық.
– Ендеше қазір сен Сейітқұлға барып өлген қойды сойыса
бер. Терісіне пышақ тигізіп, бүлдіріп алмаңдар,– деді де ауыр
денесін ып-ықшам сезініп, орнынан ырғып тұрып кетті.
– Жүріңіз, Бәке, әлгі балаға көмектесіп жіберейік, мұрны
пышылдап, шамасы жетпей жатқан шығар.
Екеуі қыста қой қамайтын жабық қораға беттеді.
Сейітқұл ақ тер, қара тер боп, бастырылып, арам өлген
қойдың ішін жарып, терісін сыпырып жатыр екен. Барханды
көріп ұрлығы ашылып қалғандай алғашында сасып-ақ қалды.
Қолындағы жезмойын мүйізсап қан-қан пышақ қапелімде
сусып түсіп кетіп еді, ақтарыла бүлкілдеп, буы бұрқыраған
қойдың қарнына кірш етіп кіргенде жыны бырқырап, мүңкіп
қоя берді.
– Көзіңе қара, о, несі-ей, сасқалақтап... Бұдан үлкен қылмыс
жасасаң, ажалыңнан бұрын өлерсің, понимаешь. ауылды үйдің
ұрлығы жата ма, тәйірі. Бархан бөтенің емес, өз ағайың. Кеше
ғана емес пе еді, түтініңді бөлек шығарған. Тумаса да туғандай
болған ағаңның меселдесін қайтарып, екі жастың біріне келмей
кердеңдейсің... понимаешь...
Сейітқұлдың әншейінде кірпідей тікірейіп тұрар түгі
судан шыққан тышқандай жығылып, сүмірейіп-ақ қалған
екен. Кірпігін жыпылықтатып, жасқаншақтана қарайды. Үсті-
басының бәрі қан мен жынға былғанып, кеспірі кеткен. Ел аман,
жұрт тынышта жиырма бес қойды жайратып тастау жанына
батпайды дейсің бе? Қой өлсе, орнына қой қосар, не болмаса
он жыл жинап-терген «көк кнежкесін» берер – бірақ жігіттің
артынан «шаруаға қыры жоқ» деп сөз ергені қинайды. Қазір
ел құлағы елу емес, жүз болып тұрғанда ертең-ақ «Сейіткұл
қойын қырып алыпты» деп ереуілдеп шығар.
358
Бархан кісесінен бәкісін алып, қайрақ тасқа жанып-жанып
жіберді де теңкиіп, іші кебе бастаған қойдың бірін жәукемдей
жөнелді. Қимылы шапшаң. мықынын таянып, өрт сөндіргендей
сызданып тұрған Әліқұлдың екі көзі Барханда. Таңқала басын
шайқады.
– Әй, Бәке-ай, мына қарқыныңмен Сейітқұлдың бір қора
қойын бір сағатта сойып шығатын түрің бар-ау. Понимаешь,
ха-ха...– деді өзі-өзі болып тауып айтқан сөзіне масаттанғандай.
Бархан қаракетінен қол үзбей жауап берді:
– Үйренген кәсіп қой... Өлмеліге – өткір пышақ...
– Әліқұл сөз төркінін түсінген жоқ. «Тауып айттың» деп
қарқылдап күлді. Іле іске кірісіп:
– ал, не ақыл айтасың, Бәке. Ініңізді төтенше келген
зауалдан қалай құтқарамыз,– деді қарнын салбырата жүрелей
отырып. Бархан осы кезде келесі қойдың ішек-қарнын ақтара
беріп еді, бөлімше басқарушының төңкерілген ішіне көзі түсіп
кетті де, баяғыша мырс етіп күлді. Бірақ осы жолы Әліқұл
«Неге күлесің?» деп жер тепкілеп сұраған жоқ. Желдеген иттей
шоқиып отыра берді.
– ақыл мен сана – ата-бабадан да үлкен деген осы, – деді
Бархан ұйып қалған белін жазып. – Не кеңес берейін... Туғалы
бері ақыл-кеңес сұрап келген алғашқы адам өзіңіз. Оның
ішінде де бақа-шаян, құрт-құмырсқа емес, арыстай азамат
- бөлімшенің басқарушысы... Қиналып тұрмын, бір түрлі ұят
сияқты...
– Енді сен бүгіннен бастап ұялмайтын бол, понимаешь.
– рас, өз ұятымды өзім бауыздап тұрғандаймын...
Баяғыдан бері құнжыңдап, танауы шуылдай, қой сойып
жатқан Сейітқұлға үн бітті. Даусы қарлығып, бала әтештің
шақырғанындай жарықшақтана шықты.
– Отағасы десе, «ешкінікі күнде ашылса шам емес, қойдікі
бір күн ашылса шам» деген емес пе, қазекем. Қиналып тұрмын.
Білген ақылыңызды аямаңыз. Жақсылық жерде қалмас...
– Сіңірген еңбек табалдырықта қалады да, күдік пен күмән
төрге шығады деген екен баяғыда біреу...
– Әкесінің аузын... күдік, күмәнді қайтеміз, басымызды
ауыртып. Не істеу керек? Соны айт бізге, – деді Әліқұл кеше ғана
үйретілген аюдай алдында билеп тұрған Барханға ала көзімен
ата қарап. Одан артық суырдың айғырындай шақылдауға, сең
359
бұзар екпінімен баяғыша омыраулауға арты белгілі – сайтанның
жаны құйрығында дегендей...
– Отағасы десе, сіз не бұйырасыз, сол – заң, – деді Сейітқұл
әлі де даусы дірілдеп. «Бөрі арығын білдірмес, түгін сыртқа
қампайтар». мына бала әккі қу ма десем, басына күн туса
беліне қамшы тиген жыландай қайқаң қағатын борпылдақ
осал екен-ау» – деп ойлады Бархан. Сыр берген жоқ, сыр берсе
үндемегеннен үйдей пәле шығарға жорыр.
– Өзің жегенді итке де тастай отыр, тіпті ол сені қапқан ит
болса да, – деген екен баяғыда біреу.
Әліқұл күйіп кетті білем.
– Ей, сен бізге мораль оқығанды қой, понимаешь. ақыл айт,
понимаешь, «баяғыда біреу, баяғыда біреу»... баяғыда ол біреу
болып осыншама ақыл айтса, біз үшеуміз...
– рас, отағасы десе...
– Жарайды, – деді Бархан белін жазып дем алып.– Жамандық
жасау жағдайы күніне жүз рет туса, ал жақсылық жасау реті
жылына бір-ақ рет келеді деген екен баяғыда біреу.
– Опять «баяғыда біреу», жарқыным-ау өзің мына сен...
с-с-с-ен не айтасың!– Әліқұл орнынан секіріп тұрып кетті.
Сонсоң өз елгезектігіне өзі таң қалғандай ары-бері қаздаңдай
қораның қиын бұрқыратып шапшаң жүре бастады.– апыр-ай,
осыншалық ұшан-теңіз пәлсапаны бұрын неге айтпаған.
– Сіз сұраған жоқ едіңіз! – деді Бархан бәкісін саспай жанып
тұрып. – аузымды ашсам– алқымға жармастыңыз. Тіпті «неге
күлесің?» деп қамшы үйірдіңіз. «Неге малың өлмейді, неге
жүзіне 115 қозы аласың» – деп ат ойнаттыңыз... Бәрібір орденге
ұсынбаймын» деп қорыққаннан бұрын жұдырықтап байбалам
салдыңыз... маған сол сіз алып берген жалған атақтың бес
тиынға керегі жоғын білмедіңіз.
– Құдай-ай, үндемегеннің бәрі ақылды деген осы. – Әліқұл
ерсілі-қарсылы жосықсыз жортуылын доғарды да, Барханның
жанына келді, көзіне тура қарап:
– ал сен жеңдің, мен жеңілдім, ризасың ба? Егер саған
керегі сол болса.
– маған керегі ол емес.
– Енді не, ойбай?!..
Сейітқұл да пышағын тастай беріп, ұмтылды:
– Отағасы десе, қалағаныңыздың құлы болайын.
360
– маған керегі екі-үш мая шөп. анау жеті жүз тұяқ
шуылдаққа шашымды жұлып бермеймін. Биылғы қыстың
қатты боларын түндегі құмның көшуі сездіріп кетті.
– Уай, батыр-екем-ай, соны да бұйымтай деп. Соны да
жұмбақтап, бәлдеп. мал сенің меншігің емес, өкіметтікі ғой,
қырар дейсің бе, ертең-ақ қораңды шөпке толтырайын.
– Отағасы десе, менің маямды алыңыз,– деді Сейітқұл
құрақ ұшып.
– Жоқ, сенікін алмаймын, сенікін алсам герой бола алмай
қаласың. маған жұрттікі жұқ болмайды, керек емес, өзіме
тиесілі заңды дүнием керек.– Ол осы сөзді айтты да, қанданған
қолын кесіліп-кесіліп көзі ақшия домалап жатқан қойдың
басына сипай сүртті. «мен қазір келем» деп сыртқа шықты.
Есік көзіндегі діңгекке тартылған сым-темірді қолына құрық
алып ұрып-ұрып қалып еді, үйінен атып шыққан әйелі Жұмагүл
бұған қарай құстай ұшты. Екі өкпесін қолына алып, жүгіріп
жеткен әйелі ыржия күліп тұрған өз күйеуі Бархан екенін жаңа
байқап:
– Түу байғұс-ай, не көрінді, Упр ағай екен деп қалсам.
– Шай қоя бер, бәйбіше, – деді арқасынан қағып. – Упр ағаң
шөлдеді білем.
Қорада қалған екеудің:
– мына малғұн шпион болып жүрмесін, әкесі, қалай-
қалай орағытады. «Жуастан-жуан шығады» деген осы,– деп
сыбырласқан әңгімесі Бархан келе сап тиылды.
– Шаршап, қаталаған шығарсыздар, біздің үйге жүріп, шай
ішіңіздер, – деді.
– Отағасы десе, келініңіз түннен тоңазып тұрған етті
жылытып жатыр.
–Жо-жоқ, сенің етіңнен тіс сарғайды, Бәкеңнің үйіне
барайық, – деген Әліқұлдың өзі бастап қасқая жөнелді.
Жұпыны ғана қос бөлмелі үйдің табалдырығынан едірең
қағып аттай берген бойшаң Әліқұл төбесін маңдайшаға
оңдырмай соғып алды. Қарақұстан тиген ауыр соққыдан тілін
тістеп, есі тана ауырсынса да, сыр берген жоқ.
– Есігің аласа екен, Бархан, – деді де төр алдына көлденеңдей
сұлап жатты. Жұмагүл әперген екі-үш жастық шынтағына жұқ
болған жоқ, бір уыс болып шипасы шырылдады да қалды.
Жан-жағына соңырқай қарады да, жұпыны ғана шопан үйінің
байлығы көңілін тоғайтпағандай әдетінше: – Да-а... – деді.
361
Үйіне Упрдан үлкен қонақ келмеген, жайшылықта аяғына
бас ұрып кіргізе алмайтын ел ағасының құдай айдап өзі келіп
қалғаны Жұмагүлдің есін алды. Қанша тырысса да шаруасының
қиюы қашып, қолы дірілдей берді. Әйтеуір өлдім дегенде түтіні
басылмай, бықсып тұрған ақ самауырды жеткізді.
Құдай қосқан қосағының әзірейіл көргендей осыншалық
дірілдеп-қалшылдауы Барханның жынына тиді. «Не болды,
байғұс», – деп құлағына сыбыр етіп, мықынынан түртіп қалса
да толқуы басылмаған. «Жап-жас боп Сейітқұлдың әйелі
қандай пысық», – деді ішінен. Сосын Әліқұлдың кесесін
әпере беріп: – Бұл үйден ішкілік тапқаннан, Қызылқұмнан
құдық қазу әлдеқайда оңай, – деді жадырай сөйлеп.– Өзіміз
ұрттамайтын, ешкім келмейтін болған соң, әуре болып сатып
алғанды қойғанбыз. Әйтеуір Сейітқұл інім іргеде тұрғанда
ешкім келіп, мазамызды алмайды. Жә, уәде құдай сөзі, іске
көшейік. Сонымен, менен ақыл сұрайсыңдар, ә... Қызық. мен
осы күнді көптен тосқанмын. Сонымен былай жолдастар,
жеп-ішсеңіздерші, барымен базар деген, дастарқанның
берекесі болмай отыр-ау, бәлкім. Қайтеміз көлдей көңіл болса,
аяқтай қарын қайда барар дейсің ағасы. Сый-құрметке бұл
шаңырақсыз-ақ бөленіп жүрсіз ғой. Баяғыда біреу «үнемі
рақаттану – мүлдем рақаттанбаумен бірдей» деген екен...
Әліқұлдың шыдамы шарт сынды. Онсыз да әйнекте
отырғандай еді:
– Шырағым, «баяғыда біреуді» қойып іске көш демедік пе,
понимаешь. Ол не деген ащы ішектей таусылмайтын – «Баяғыда
біреу».
– ағасы-ау, ақыл сұраған өзіңіз емес пе, ендеше былай,
жолдастар: арам өлген жиырма бес қойдың жарасы жеңіл.
Дұрыстап тұрып бақшалап соялық, сосын автоклубқа тиеп,
сонау Шу шаһарына аттану керек. Құмырсқаша быжынап,
біреуді-біреу танымайтын қан базарында бұл қойдың, иә, һарам,
иә һалал өлгенін ешкім білмейді. Килосын үш сомнан, тіпті бес
сомнан пышақ үстінен үлесіп аларына кепілдік беремін.
Сейітқұл мен Әліқұл аузынан суы ағып, еміне түсті.
– Иә, сонсоң?..
– Сонсоң қыруар ақша табасыздар. Оны қалтаға мықтап
басасыздар.
– Ибай-ау, жиырма бес саулықтың орнын қалай жабамыз
деймін. – Упр жастықтан басын қақшаң еткізіп жұлып алды.
362
– асықпаңыз ағасы, Сейітқұл Талдыға барсын да, әлгі
ақшаның азын-аулағына ғана тілеу тілесін. Бөтен ешкімге
дабырламай, ауыл толған осының ағайыны «ер басына күн
туды» деп жұқалап шақырып, помощь сұрасын, яғни жылу-
сатал дейміз. Екі жүз грамм ішкен соң, шекесі қызған туыстар
бір-бір қойын сүйреп, өздері келеді. Кейбіреуі тоқты да әкелуі
мүмкін. Әрине, сіздерге керегі тоқты немесе тұсақ емес, туатын
саулық қой. Ендеше, ағайыннан зекеттеп жинаған тоқтының
мойнына қоңырау қылып, бір-бір «экстра» байлайсыздар да
осы совхоздың көңілдес әр шопанын сауғалап, бас-басына
базына айтып шығасыздар. Әрине, онша тереңдетпей, шулатпай
– әзіл-қалжыңға шаптыра жіңішкелеп бастайсыздар сапарды.
Сонда деймін-ау, өлген жиырма бес қойдың бесеуінің-ақ құнын
шығын етіп, отардың олқылығын толтырасыздар. арам өлген
жиырма қойдың құны өз қалталарыңызда қалады.
– мынау бір керемет ақыл екен! – деді Сейітқұл көзі
жайнап.
– Ұят емес пе, – деді шай құйып отырған Жұмагүл. Тар-
сылдап қолқасына тығылған жүрегі байыз таппағандай. – арам
өлген қойды алдап сату – имансыздық.
– Ол жағын өздері шешсін. менің иманым – қысылғанда
ақыл беру ғана, – деп, Бархан кесесін төңкеріп, дастарқан
басынан кері ысырыла берді.
Әліқұлда үн жоқ. Тегі әлгі ақылды ойша қорытып, алды-
артын тұжырымдап, пысықтап алмақ-ау.
– Ой, – деді бір уақытта. – Әбден табылған ақыл, молодец,
– Бәке, ризамын. Дәл сен айтқандай жасаймыз. Дегенмен,
есіңде болсын, пісміллә дегенде өзіңнен көмек сұраймыз.
Сен берер көмек сол болады – осы операцияны тістеріңнен
шығармайсыңдар.
– мақұл – деді Бархан. – Өз қолымды өзім кесемін бе? Тек
қысқа жететін жем-шөппен қамтамасыз етсеңіз болғаны.
– Әкел қолыңды!
– мінеки!
Бөлімше бастығы мен шопан сарт-сұрт қол алысты.
айдаладағы Қызылқұмның қойнауындағы отырған қыстақтың
үстінен тағы бір самолет құйрығы жылтылдап, ұшып өтті...
363
* * *
Қыс өтіп, көктем шықты. ал дегенде алынбас қамалдай
боп көрінген қыраулы қысты артқа тастағаннан бермен де
Барханда бәрібір маза жоқ. Бел шешіп, аяқ суытар шақ көзден
бұлбұл боп ұшқалы қашан. Бірінің артынан бірі иін тіресіп
келіп, желкеңе мініп алар қойшы тірлігінің таусылмас шаруасы
қанша жалықтырса да, қашып құтыла алмас - шаңқай түстегі
өз көлеңкесі іспеттес еді. Шаңқай түс демекші - қырықтың
бесеуіне шыққан Бархан өз ғұмырында да ертеңге ауар сәті
тым жақын қалғанын алғаш рет есіне алды. Есіне алмас та
еді, қой төлдету науқаны басталып, сақманшылыққа келген
бүлдіршіндей үш қыздың бірі - Бақшагүл мұның жылдар бойы
мұз сіреу болып қатып-семіп келген көңілін ептеп, түртіп
оятқандай-тын. Дүниедегі бар пәлені тақылдап сұрап, маза
бермейтін зар жақ қыз «ой, ағай-ай...» деп қойып... тот басып,
тозаңданып қалған сырды қазғылайтын.
Төл алу науқаны, шүкіршілік, ойдағыдай өтіп жатыр.
Отары қыстан күйі таймай шықты. Қарашадағы уәде бойынша
Әліқұл екі мая шөп жеткізіп берген. Содан бермен көршісі
Сейітқұлдың да бұл дегенде жаны қалмай, сыйлайды. Обалы
қане... рас, Упр Барханнан гөрі оған екі төлшіні артық берген
екен, енді қайтсін, бір малы екеу болсын дегені де... алайда,
осы ерлік деген не? Осы жасына дейін Барханның түсіне алмай,
дал болып жүргені осы. Өзіне тапсырылған жұмысты табан
ет, маңдай термен адал да абыройлы атқару емес пе? «Сайып
келгенде, – деп ой түйетін – батыр болу дегеніміз, ең әуелі адал
болу».
Кеше кешке қызық оқиға болды. Күндізгі төл алу, қора
тазалау сияқты кәдімгі қойшы қаракетінің жамыраған тірлігі
бәсеңсіп, шам жана орынға отырған тыныш сәтінде үлкен
бір әңгіменің ұшығы көрінген. Үстеріндегі саталақ-саталақ
жас қозының тоңғағы жабысқан киімдерін сыпырып тастап,
жуынып-шайынып шайға отырған үш қыз Қызылқұмның
көктемгі қызғалдағындай құлпыра қалып еді. Қара көздері
шам сәулесімен боталап, күлкі үйірілген. Бархан осына он
сегізге жаңа шыққан уыздай пәк қыздардың жүзіне бұрынғыша
ұялшақтамай, қымсынбай тұңғыш рет тесіле қарап еді.
Сонда ол қарындастары қаншама жадырап, жайнаң қағып
отырғандарымен, күлкі көлегейлеген дидардың ар жағында,
тереңінде тұнып жатқан мұңның көлеңкесін көрген. Сол мұң
364
ертеден қара кешке дейін дамыл таппай жылбысқы төлмен
төбелескен қыздардың қой көзіне шаба бастағанын, егер
дәл осылай ойын-сауық, күлкі-қуанышсыз ертеңді қара кеш
безектей берсе, арман-мақсаттарынан ерте, тым ерте тоналып,
жасына жетпей шау тартары үшін өлердей аяған.
«Ертеңгі күндерің не болар екен, қарақтарым, не болар
екен...»
– Ой, ағай-ай, – деді түйеден түскендей Бақшагүл. – Неге
осыншама қадала қарадыңыз? Жеңешеме айтып, сабатамыз...
Сонсоң үшеуі де сыңғырлап таза күлді. Дастарқан қамымен
жүрген Жұмагүл де мырс етіп, шыншыл көңілмен әзіл
тастады.
– ағаңның қырықтан асқалы жасаған ұрлығы ғой, сендер
өкпелемеңдер, мен кешірдім, – деді.
Бархан қызарақтап қалды. Сейітқұл «бензин таусылды»
деп бүгін «движогін» от алдырмаған соң, шамға кересін құйып,
соның болар-болмас жарығымен отыр. Шаңырақсыз шам шалқи
жанып, қоңырқай күйге шақырады. Балалардың алды ұйықтап
қалды да, өзгеше бір тыныш, әрі жуас хал меңдегендей еді.
– Ой, ағай-ай, – деді тағы да сол үнсіздікті бұзған Бақшагүл.
– Сіздің мына қоңсыласыңыз түк ұнамайды маған. Бағана
қорасының жанынан өте беріп едім, қозысын алмай жатырқап
тұрған саулықтың басына бар пәрменімен теуіп жіберді. –
Бархан жауап берген жоқ.
– мен білсем ол алдыңғы күні жоғалтқан егіз қозының
сыңары. Соны теліп тұр, – деді екінші қыз. Бархан одан әрі
шыдамады білем:
– Қойыңдар, айналайындар, кісінің сыртынан ғайбат сөз
айтпаңдар, – деді.
– Біз ғайбаттап отырған жоқпыз, шындықты айтып отырмыз,
– деді шашын қырықтырған үшінші қыз. Бұдан соң бәрі тым-
тырыс отырды.
– Қой енді қызыл сөзден не пайда түге. Ертең ерте тұру
керек, жатып демалыңдар, – Жұмагүл төсек қамына кірісе
бастады. Қыздар ыдыс-аяқ жиып, күйбеңдеп жүрді де, жым-
жырт жатып қалды.
Бархан шошып оянды.
Үйдің бұрышы дыңғырлағандай болып еді, елегізген екен,
бөтен дыбыс сезілмейді. Сырт киімін шешпей, дастарқан
басына қисая салғандікі ме, быршып терлепті. ақырын басып,
365
алдыңғы бөлмеден өте беріп еді, баудай тізіліп, көрпеден
бастары қылтиып, башпайлары көрініп, ұйықтап жатқан
қыздардың бірі: «Конкурстан өте алмадым» деп ұйқысырап
аунап түсті.
аспан ала бұлтты екен, терістіктен жел бар. Биыл көктем
ерте шыққанымен, суықтың сына қоймаған беймезгіл шағы
еді. Қар әлдеқашан қашып құтылған. Оңтүстіктің көктемі ұзақ
болады. ақпанның аяғынан жер қарайып, шілденің басына
дейін жалықтырмас әдемі кезең келетін. ыстық түспей,
жайлауға көшіп, жан сауғалайтын малшының рақаттанар күні
болады десек, ол да сол жайлауға жетіп, қонғанда ғана туатын.
Қызылқұмның жаз жайлауы паң дала – арқа жақта: таулы,
ағашты, сай-салалы болмағанымен, қалың шалғынды, ауыз
суға зарықтырмайтын құйқалы жер. Қазіргі былығып, ластана
бастаған қыстақтан екі жүз, үш жүз шақырым ұзай көшіп, тек
қоңыр күзде ғана мекеніне қайтып оралар қойшының – үлкен
қала, дүбірлі жаңалықтан құлақ үзер уағы бұл. Көп ұзамай ол
күн де туар...
аспаннан тағы бір самолет ұшып өтті...
Жайлау әсіресе, Барханның зарығып тосар – бақытты
шағы. Көш қамын елден бұрын сайлап, қалайда бұрынырақ
жетіп, із тимей тұнып жатқан жап-жасыл даланың самалын
қызғана жұтып, ал қызыл, ал сары гүлдерін елден бұрын
қызыға жұлатын; ешкім қарап тұрған жоқ па дегендей жан-
жағына жалтақтап алып балаша тызылдап, жалаң аяқ, жалаң
бас жүгіретін, жүгіретін... бұл баяғыда, бұдан отыз жыл бұрын
ақ бас атанға мініп, көкжиекке сіңіп кеткен әкесінің соңынан
қуған аянышты халдей емес, мүлдем басқа, басқа жүгіріс;
Барханда балалық шақ болған жоқ, оны ерте жоғалтқан...
ерте... сол батысқа, жаудың бетін қайтаруға аттанып кеткен
балалығымен тек жарықтық жайлауда жолығып мұңдасатын,
ағыл-тегіл жыласатын, сосын мәз болып күлетін, күліп жүріп
гүл теретін; жайлау дегенде, байғұс Жұмагүлдің де есі қалмаушы
еді; сондықтан осыдан бес жыл бұрын күйеуі ауданға барғанда
сатып әкеп берген қызыл ала жалғыз көйлегін киіп, бейне бір
той салтанатына жиналғандай бір жасап қалушы еді; Бархан
екеуі бір-бірінің көңіл-күйін айтпай түсініп, қол ұстасқан,
қолтықтасқан қалыпта көкпеңбек теңізді армансыз кешер еді,
көкпеңбек шалғын шалқарын қатар жүзіп бара жатар ерлі-
зайыпты қойшы өздерінше шырқап, өздерінше ән салатын; ол
366
ән шыншыл да сезімтал жүректің, бұйығы әрі тар арнадан асып-
төгіліп, еркіндігін, көптен аңсаған бостандығын бозала таңда
енді-енді ғана алғандай, әуелеп алысқа... әлдеқайда жыраққа
шығандап, шымшымдай тарап жатар еді; әншейінде әнді қойып
бір ауыз әңгіме айтпайтын адамдарға кең тыныс қанаты талмас
қиялмен әуелете шырқаған әнін ұйып тыңдағандай әрі бас иіп,
тағзым ете таңырқағандай жайлаудың мың-миллион гүлдері
ырғалып, әдемі әуезге қосылғандай болушы еді; ал, Бархан мен
Жұмагүл болса осынау кең жайлау – жасыл бесікте жылына
жалқы рет құшақтасып, өзінің жұбы жазылмас жұбайлар екенін
еске алысатын; сонда Бархан қыздай қосылған қосағының
қуаныш пен мұң араласқан шаршаңқы көзінен мөп-мөлдір
таза жасты сұқ саусағының ұшымен сүртіп тұрып: «Жұмагүл-
ай, сендей әйелі бар менде арман бар ма екен» – деуші еді;
осына жылына жалғыз рет қана айтылар әрі келте, әрі терең
сөзден кейін Жұмагүлдің де бақытында шек болмайтын; бұл
өмірде бар екенін сезінетін, жылдың төрт мезгілінде осы
сөздің қуатымен жүретін, жылдың төрт мезгілінде осы сөзді
сағынып, санамен сарғая тосатын... Жұрттың көзінше жаласып,
ал түні бойы төбелесіп, бет-ауыздарын тырналап шығатын
кейбір замандастарынан ала-бөтен өзгешелігі осы десек те,
былайғы ағайын «осыларды да күйеуім бар, қатыным бар деп,
қарқ болады-ау» – деп өсектеуші еді. Былтырғы жазда Бархан
Сейітқұлдың әйеліне бір буда гүл теріп әкеп берді қырдан.
Қоңсыласының бұл қылығын естіген Сейітқұл: «Шал шатасқан
шығар, – деді миығынан күліп. – Шалдың делебесі жаз шыға
қозатыны рас».
ала бұлтты аспанның жыртық тесігінен сығалап тұрған
жұлдыз ғана бүгінгі түннің шырақшысы. Бүгінгі түннің
шырақшысы ол ғана емес, қолына май шам ұстап, қой қораны,
қозы қамаған үйшікті аралап жүрген Бархан еді. Қой түгелге
жуық төлдегенімен, он шақты саулық тумай кешеуілдеп қалған.
Қуаныштысы сол биыл егіз қозылаған аналық көп болды.
Қыстан екі мая шөптің арқасында қоңды шыққан малдың іш
тастауы, өлім-жітімі болмады. Оның бер жағында жемшөп
мол екен деп отарды қотаннан шығармай тырайып жатып
алған жоқ, ашық шуақты күндері үнемі өріске маңқыстатып
тебіндетіп қайтатын. мал екеш мал да далаға шығып, бой жаза
сергігенді жақсы көруші еді. Бұрынғы жылдарда сыңар айыр
шөпсіз бір тұяқ шетінетпей, әйтеуір ілдалдалап қыстан шыға
367
беретін. Бархан совхоз екі мая шөп түсіріп бергенде соғыста
өлген әкесі тіріліп келгендей қуанышы қойнына сыймаған.
Енді міне, Құдайға шүкір жер аяғы кеңіп, күн жылынды. Ендігі
жыртың-жыртың ұрымтал соғар боран-шашынға ырық етпейді.
Кеше кеште қоздаған он қойды жеке бөліп қамап еді, қолында
ауа ұрып қалтыраған май шамы бар Барханға көздері жаудырай
қарады, сонсоң өз иесі екенін таныды ма, біреусі мекіренді.
мекіренген қойға жақындап еді, алдында қап-қара боп буы
бұрқырап жатқан қос қозыны көрді. Тегі, әлгінде ғана туса
керек, саулықтың шуы түсіп үлгірмеген. Бархан сәби секілді
мөлдіреп, су-су болып шарбыға оранып жатқан төлдің мұрнын
сығып, құлағын үрледі де енесінің алдына қайта салды, жалап,
аяқтандырсын дегендегісі. Туа салып ала қашқан қозыны енесі
жатырқап алмай, әуре-сарсаңға түсіретіндері де толып жатыр.
май шамды сөндіріп, қораның бұрышына қалдырды да далаға
қайта шықты.
ала бұлтты аспаннан гүрілдеген тағы бір самолеттің даусы
естілді...
Бархан қалтырай тітіренді де, рақаттана есінеді. Есіне
әлдене түскендей үйдің сыртындағы құм төбеге көтерілді.
Оның санасынан сонау қарашада қағынып, көше жөнелген
қызыл құмның оқыс мінезі кетпей-ақ қойды. Неге, неге мінез
көрсетті! Жылдар бойы нығызданып, дөң айбат жасап жатып
алған қиқар құмның аяқ астынан ер-тоқымын бауырына
алып, тулауы қайран қаларлық. Құйын болып көтеріліп,
құйғыта шапқан қызыл құм тырбиып енді-енді өсе бастаған
бұта-қараған, шөп шаламды жалғыз-ақ түнде жаба салды да,
ирелеңдеген мап-майда құмнан шашу шашты. Кешелер ғана
шымдауыттана бастаған жер беті енді, міне сиыртаңдайланып,
қиялыңды тербеп, алысқа шақыра көз қытықтағандай болады.
«Жарықтық қызыл құмның бой жасағаны шығар... Енді қайтып
долданып, енді қайтып ашу шақыра шамырқанып, мінез
көрсете алмайтын шығар... Жарықтық мәңгілікке көз жұмып,
өлген шығар-ау...» Бархан өз ойынан өзі шошып кетті.
«Өлгені несі... Құм марқұм болар ма... Жаман ырым неге
ғана иектеп алды мені... Өлгені несі... Құмның жаны жоқ...
мүмкін адамдар ұға бермес нағыз тіршілік иесі, нағыз адам
айналайын алтын құм болар...»
маңай жым-жырт ауыр ұйқының құшағында. Тек Бархан
ғана ояу, мынау өзгермелі өмірдің мәні, ертеңгі атар таңы
368
жайлы ойлады. Сонау бір қарашадағыдай бойы мұздап, көңілі
жүдеген жоқ. азапты шақ, ауыр еңбек артта қалып, адал істің
нәтижесін көрмек. Иә, енді бір аптадан соң санақ болады.
Қозыны совхозға өткізеді, енді бір аптадан соң сақманшы үш
қыз да жыл құсындай үйлеріне қайтады... Үш қыз... Барханның
көз алдына құмнан шыға-шыға келгендей қаз-қатар тұра қалған
елес-қыздардың маңдайынан сүйгісі келді. Екі беті бейне бір
сүтке тамған қан секілді шырайланып тұрар Бақшагүл әсіресе,
жеті қат түн ішінде қалың түлейдің ортасынан шыққан от
секілді жанып тұр-ау, лапылдап тұр. ал, екінші қыз ше? Біртоға,
тындырымды... Үшінші қыз еліктің лағындай моп-момақан,
көп сөйлемейді, көбінесе іштей тынып жүретін ақылды бала...
«Ертеңгі күндерің не болар екен, қозыларым, не болар
екен?»
Әліқұл осы үшеуін автоклубтың ішіне салып алып,
даңғырлатып-дүңгірлетіп келгенде, Барханның көңілі толмай
нәумез болып қалған. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздарға
сенбеп еді алғашында.
– Саспа, – деді Упр Барханның қырын қабақ түріне қарап.
– Саспа, әлі осылар озады... Қарашы өзің... үшеуінің де
мемлекеттік сапа белгісі бар. Ә, понимаешь, – деп қарқылдап
кеп күлген.
Көз алдынан әлде не ербең еткендей, ізінше қарасы
болжанды. Иесін жазбай таныған хайуан сексеуілдің тамыры
секілді тарбиған қолын иіскелей бастады.
– «Қоңыр қозым-ай, – деді көңілі босап. – Тірі екенсің ғой,
тірі... Жаман әкеңді ұмытпаған екенсің ғой», – қара құйрықтың
басынан сипап, бауырына қысты.
«аман жүрші, қозым. Сен барда мен жалғызсырамаймын.
Күлге аунаған қотыр түйедей болып жүдеп-жадағандай болсам
көңіліме медет болар жұбанышым бол. адамның қолы қанат
емес, ұшуға жаралмаған. Ұшып жүргендерді атып түсіру
оңай деуші еді, қаңғыған оқ, қаңғырған аңшыңнан сақтан,
жарығым».
Түн пердесін қақ тіліп, Талды жақтан жалғыз жарық
көрінді де қыстаққа қарай жұлдызша ағып келе жатты. Сол бір
тіміскіленген жарықты Барханнан бұрын сезген қарақұйрық
тұра атылып, зыта жөнелді. Қас қағым сәтте құшағындағы
сәбиінен айрылып қалған әке түн жамылып, суыт келе жатқан
машинаны мықтап тұрып сыбап алды. Кім болды екен?!
369
Әлгі жарық құмтөбенің басында тас батырдай қасқайып
тұрған Барханға түсті де көлеңкесін ұзарта-ұзарта алып адамға
айналдырды. Тура жанына еңкілдете келіп, зырқ етіп тоқтағанда
ғана Сейітқұлдың машинасын таныды. Үлкен шамын өшіріп,
асықпай аяңдап, сөйлей жақындаған озат шопан аңдығандай
алдынан шыққан көршісінің осыншалық құс ұйқылығы
қытығына тиді. Әйтсе де әбігер сезімін сездірмеуге тырысты
білем, бекерден-бекер жеңілтектеніп, күлген сымақ болды.
– Отағасы десе, құмнан соққан мүсіндей боп неғып тұрсыз.
Хор қызындай үш сақманшы келгелі ұйқыңыз қашып жүр-ау
осы,– деді де, қол беріп амандасты. Бархан жігіттің орынсыз
қалжыңына шамданған жоқ, бәз салмақтылықпен «онысы рас»
деді де қойды.
– Өзің қайдан келесің, түнделетіп?
– ауданға барып айналып қалдым. То анау, то мынау деп
көр-жерді сұрап, кісінің басын қатырды. Сайлаушыларға есеп
бер дей ме-ау, – алдымен қозының санағын өткеріп алайын
дедім.
Жел жақта тұрғандікі ме, Сейітқұлдың аузынан ашқылтым
иіс мүңкігендей болды. Осынысын сезді ме, ойысып Барханның
ық жағына шықты.
– Отағасы десе, – биыл жүзінен қанша айналатын сыңайы
бар? Егіз туғандары көп деп естідім бе...
– Қайдан білейін, маңырап жатыр ғой, әйтеуір.
– Әй, сауысқаннан сақсыз-ау, отағасы десе. Шыныңызды
айтпай-ақ келесіз. Бірақ сізге ризамын, жиырма бес қойдың
ақылын тауып, абыройымды асырдыңыз.
Осы кезде анадай жерде тұрған қызыл «москвичтен» қозы
маңырады. Екеуі бірдей елең етісіп қалды.
– Інішек, – деді Бархан күліп,– немене, сенің машинаң да
қоздайтын болған ба. Ілгері басқанның иті оттайды деп.
– Жоқ, отағасы десе, өрісте туып қалса керек тауып алдым.
маған бөлінген сақманшы қатындар салақ, еттері үйреніп
алған, әбден бастары ісіп, ертеңді қара кеш ұйықтай береді...
Бағана отарды жайылымға шығарғанда байқамаса керек, жә, не
тұрыс, үйге қайтайық, – деп машинасына беттеді.
«москвичтің» жүк салғышында маңыраған жас қозының
дауысын алып қашып, қыстағына беттеген Сейітқұл әлденен-
дей күдікті ой тастап кетті. Бүгін сақманшы әйелдердің отарды
370
қырға шығармағаны белгілі. Сонда бұл қу қозыларды қайдан
әкеле жатыр?
«Е-е, білдім-білдім. Сауғалап, сауын айтып, әр қойшы, әр
ағайыннан жинап-терген жетім қозылар-ау. Бәрі де жүз қойдан
– 150 қозы алудың қамы да... Әй, құдай-ау, атақ қуу не істетпейді
дейсің адамға».
алқара аспаннан самолеттің даусы естілді. Неге екені
белгісіз Бархан дәл осы самолетке тас лақтырғысы келді-ақ.
Сапырылысып жатқан жабағы бұлтты көкке қарап: «Ей аспан
сенің, ей адам сенің қулығыңда түп жоқ»– деп күрсінді.
Төл алу науқаны аяқталып, сақманшы қыздар ауылына
қайтатын болды. Құм теңіздің ортасына адасып келіп қонған
үш аққу ұшатын болды; құм даланың бетінен ойда-жоқта
сылдырап аққан үш бұлақ суалатын болды; аспаннан құлап
түскен үш құс – үш жұлдыз секілді жапан дүзде жетімсіреп,
жаһанның көп-көп қызығынан қаға беріс қалған қыстақты
базарға айналдырған; суығандай, ұмытылғандай жүдеу тарта
беретін көңілдің көк тоңын жібіткен – үш тотыдан айырылатын
болды. Күзде құдықшылар келіп, сезімнің шаң басып тұрған
қос ішегін дыңғырлатып-дыңғырлатып кеткендей еді, ал қыздар
сол иесіз қалған шешен домбыраны армансыз тартқан еді;
бұл әлемде жақсылық-жамандык, уа құмырсқаның илеуіндей
қайнаған қаймана халық барын гәй-гөйлегендей еді; Бархан мен
Жұмагүлдің өгейсіген өмірін қағып-сілкіп күн нұрына жайып,
дегдіткендей еді; өздері де осына айрандай ұйыған семьяның
шырықты тірлік, жас балаша талпынған ыстық жүрегінің
жылуына бөленгендей еді. Құм теңіздің ақ желкені секілді
алыстан ағараңдап, бірте-бірте мәңгіге ұмытылған – келте
таныстық, қысқа білістіктің күрмеуге келмес жалғыз сәттілігі
қинады да. Қиналмай қайтеді, сыңғырлаған күлкі, әсем ән, «ой,
ағай-ай!» деп наздана естілер үн баяғыша... мұнан отыз жыл
бұрынғыдай... мұнартып, жұмбақ күйде сақиналанып тұрған
көкжиекке сіңіп, бәлкім, бақилыққа жұтылар... жоқ болар...
Енді қайтып көре алмас, енді қайтып ести алмас арманды бейне,
өкінішті шақтары қандай көп еді адамның! Кімге ерте, кімдерге
кеш келер болымсыз қуаныштың тәттілігі, ұмытылмастай
құны да сол – қысқалығында ма екен. Пенде дегенің жалғыз
аяқ жолмен жүреді, сосын әлденені тауып алады, бәлкім ол
371
күніне жүз рет көрген заты шығар, бұрын елеп ескермеген
шығар, бірақ осыншалық қадір-қасиетін енді ғана аңғарып,
қуанышына шек қалмай алақайлайды.
Ол не сонда? Ол – өмірдің өзі екен? Дүниедегі ең құнды да,
ең құнсыз да сол адамның өз өмірі-ау. Жас бала жарық дүниеге
көзін жұмып туады, бәлкім атысып-шабысқан сұрқиялық пен
сұмдықты көргісі келмегені де... ал, сол бала ер жете келе,
өмірдің бар кереғар бақыты мен қайғысына еті үйрене келе –
қимай қиналады. Жалғыз ғұмырды тастап, арғы дүниеге аттана
алмай – көзін ашып өледі... Өліге де, тіріге де төсек болған қара
жер ғана тентек пендесін теңестіреді. Бархан кейде қой жайып,
анау сұлап жатқан бетпақ далаға қарап отырып ойлайтын:
«табиғаттан әділетсіз не бар, бір жерге бар байлығын: суын,
ағашын, тау-тас, аң-құс, орман-тоғайын төгіп бере салады; енді
бір жерді бір жұтым суға, тіс шұқыр ағашқа зарықтырып қояды;
бір адамдарға көрікті де, талантты да аямай сыйлайды, енді
біреуді... енді біреудің басын таз, аяғын ақсақ қылып қойдың
соңына салады, қойманың күзетіне қояды. Әділетсіздіктің өзі
табиғаттан жұққан екен-ау».
Қыздар аттанатын болған соң, қоштасу дастарқаны
жасалған. Жұмагүл осы үйде не бар, түгел жайып салып, өз
әлінше ақ түйенің қарнын жарған екен. Науқан бастала жемге
байлаған қарабас тоқтыны Бархан таңғы сағат алтыда алып
соққан. Буы бұрқырап, төре табақ ет келгенде бәрі де жамыраса
күліп, жыртық үйдің құдайы барды еске түсірген. Жәукемдеп
ет турауға кіріскен Бархан бастың екі құлағын кесіп Екінші
Қыз бен Үшінші қызға бөліп берді де таңдайын сыпырып
алып Бақшагүлге: «ал, айналайын, таңдайды саған берейін,
тақылдаған шешен өзіңсің, алақаныңды тос», – деді күліп.
Бақшагүл алақанын тосып, Бархан «ал ұста!» деп алғаш соғып
қалғанда-ақ қақшып түсті.
– Түу, ағаның қолын жұлып әкете жаздадың ғой, – деді
Екінші қыз.
– ағаңның қолын Бақшагүлді қойып, трактор да жұлып
ала алмас, – деді Үшінші қыз. Таңдай жеп отырған Бақшагүл
айтты:
– Ой, ағай-ай, сіздің көрсеткішіңізді қайталар бұл «Талды»
совхозында бір қойшы шыға қоймас. мақтанып, атақ-даңқ
372
алам деп жанталасып жүрген Сейітқұлдың өзі 140 қозы ала
алса, үлкен ерлік болар еді. ал, сіздің отарда құдай біледі деп
айтайын, жүзінен 150-ден бірақ секіреді. рекорд деген осы!
– Өздеріңнің арқаларың, қарақтарым, – деді бастың
мүжуірін әйеліне жөнелте беріп, – құтты қыздарым келгенде
қойым егізден тапты. Жұмагүл риза – мен риза.
– Егер оқуға түсе алмасақ, келер жылы тағы да сізге
келеміз,– деді Екінші қыз шын пейілмен.
– Оқуға түсуге жазсын. мені қойшы... мен... ептеп-септеп
отыра беремін ғой. Сендер болмасаңдар, басқасын жіберер.
Ендігі тапсырар аманат – шамаларың келсе де, келмесе де
оқыңдар. Тіпті мына жеңгең екеуміз үшін де оқыңдар.
– Ой ағай-ай, – деді Бақшагүл, – қай қазақ шыққан тауым
аласа болсын дейді. Жолымыз болмай жүр де. Әйтпесе,
мектепте төрт пен беске оқығанбыз. мына екеуі мұғалім
болсақ дейді, ал мен КазГУ-дің тарих факультетіне түскім
келеді. Сонсоң жоғарғы партия мектебін бітіріп, осы ауданға
секретарь болсам деймін. Егер алда-жалда түбі секретарь бола
қалсам, ең әуелі сіз секілді цифр үшін емес, сана мен сапа үшін
күресетін азаматтарды қолдап көтерер едім...
Ертеңінде қыздар совхоз арнайы жіберген машинаға
отырып жатты.
Жұмагүл қыздарды шығарып салып тұрып, беттерінен
алма-кезек сүйіп, көзіне жас алды. Бархан түндегі әңгімеден
соң ләм деп аузын ашқан жоқ болатын. Ұмыт қалдырып, есіне
түсіре алмай басы қатқан қимасын іздегендей меңірейді де
жүрді. Жылымық сәуле шалып, жіпсігендей болған көңілінен
ел көшіп, жел кеуледі. Тағы да томаға-тұйық, бітеу өмір
басталарына іші удай ашиды да.
Қозғала берген машинаның кабинасын тоқпақтап тоқтат-
қан Бақшагүл қораптан секіріп түсті де, құстай ұшып келіп
Барханды құшақтай алды. Құшақтаған күйі бетінен сүйді,
сонсоң, тағы еңкейіп бетінен сүйді! «ағатайым, көріскенге
жазсын»,– деді. Сонсоң ағыл-тегіл жылап, жүгірген бойы
машинаға қайта секіріп мінді... Әне, жаулығы желбіреп ұзап
барады, ұзап барады... Енді бір сәтте құмға сіңіп, көзден
тасаланды...
Үйінің бұрышынан тартылған сымды бар пәрменімен
ұрғылаған Барханның жанында долы да дабылды дауыл
басталған еді...
373
аспаннан тағы да самолет ұшты. Қайдан ұшты, қайда
қонады, бәрі-бәрі жұмбақ...
«Самолетті қойшы... Бұл жалғанда мәңгілік шешімін
таптырмай кететін жалғыз-ақ жұмбақ бар. Ол – адам жаны,
адамзаттың ойы десек, оған да шабуыл жасар күн алыс емес-
ау. Егер ой аулайтын құрал табылса, ақырзаман орнағаны да,
басқаны қойып, өзіңнің не істеп, не қоятыныңды бал ашып,
біле аласың ба? адам өткенімен емес, тек қана ертеңімен өмір
сүретінін сезе тұра бүгінгінің – бір күнінің мұңсыз-қамсыз
тыныштығын неге көксей береді екен? Ендеше, ертеден кешке
дейін еңбек етіп, атар таңды жүз беріп, аман-есен қарсы алсаң,
одан үлкен бақыт бар ма? Бақыт деген не өзі? Бақыт дегеніміз
атақ па, байлық па, әлде самолетке мініп, жер шарын шыр
айналып шығу ма? «мені жұрттың бәрі біледі, мен кереметпін»
дейтін шақырымпаздарға, «мені тірі жан білмейді, мен жай
ғана қарапайым қойшымын» деп қарсы жар салуға хақымыз
неге жоқ. Әлде менен басқа елдің бәрі «атағы, алтыны бардың
кемтарлығы білінбейді», деген қағида үшін күресе ме?
Бархан өз ойынан өзі шошынып қалды. Бес жылға бір-ақ
қартайғандай талықсып ұйықтап кеткен еді. Оны бақыты мен
қуанышы мәңгі алмасып отырар ертең, тағы да ертеңгі мазасыз
күн күтіп тұрған.
...Бархан түс көрді: «Құмнан құйып жасаған терең зынданда
шалқасынан түсіп жатыр екен дейді. Сонсоң сол түпсіз де,
суық... жанға жат зынданнан шығамын деп қаншама жанталасса
да әурешілдік – қысыр үміттің қылша мойнында қыл арқан
болып оралуы ғана еді. Тырнағының көбесі сөгіліп, дал болып
қанағанша тырмысады, сұп-суық, сұп-сұр қабырғаны тағы да
тырмалап өрмелеген болады, сусып қайта түседі, жұдырығымен
тоқпақтайды, аяғымен тепкілейді, бар даусымен айғайлайды
– тіпті тісімен тістемек те болады, бәрі бекершілік. Осы кезде
құм құдықтың... сонау... сонау ернеуінен Сейітқұл мен Әліқұл
сығалайды; мұның төбесінен тас жаудырып, қарқылдап күледі
екен дейді; бір қызығы әлгі жоғарыдан зулап төмен қарай
құлаған тас қаншама құлдырап, Барханның үстінен жаңбырша
жауып зымырағанымен, жетпей-ақ қойды... Бархан қорғанған
күйі әні-міне мыжидымен бұғып көп отырды... Тас әлі құлап
келеді... Осы кезде самолеттің гүрілдеген даусы естілді. Сонсоң
құм зынданның дәл аузына кеп тоқтаған әлгі вертолеттен
бір адам сығалайды да, бұған қарай аппақ арқан лақтырады.
374
Басқыш арқаннан шап беріп ұстаған Бархан алқынып, жан-
дәрмен жоғары көтеріле бастайды. Самолеттің есігін ашып,
ішіне кірсе, құдая, әкесі отыр екен дейді. «Ұлым, шаршадың
ба?», «Шаршадым, әке», «Ендеше кетейік, енді сені ешкім
құм зынданға қамап ұстай алмайды» – дейді де вертолетін
аспандатып, қалықтап ұша жөнелді. Әкесінің арқасында
өмірінде тұңғыш рет аспанға ұшқан Бархан көкпеңбек боп
тұрған көкке, сонсоң көк мұнардың астында тып-тыныш болып
жайрап жатқан айналайын Жерге қарайды. «Биіктен қараса не
нәрсе де кемшіліксіз, әдемі болып көрінеді білем. Сондықтан
да мені байқамайды екен-ау» – деп ойлады. Самолеттің дөп-
дөңгелек терезесінен өз қыстағым көріне ме деп көз талдыра
үңіліп еді – тек қана кілкіп жатқан көк мұнар дүниені көрді.
Көк мұнар дүние! «Құдая, биіктен қарағандарға мен тіпті
құмырсқадай болып та көрінбейді екем ғой, бұған дейін қалай
ғана байқамағанмын». Биікте жүргендерге көріну үшін – өзінің
де сөзсіз биіктеуі керек екенін жаңа ғана ұққандай болған
Бархан самолетті басқарып келе жатқан әкесіне: – Әке, мені
қыстағыма апарып тастаңыз, – дейді. «Неге ұлым?». «мен
енді қалай ұшу керектігін және неге ұшу керектігін үйрендім»,
– дейді. Құлағында уілдеген мотор үні.
Шошып оянып еді, үйдің оң жақ бұрышын әдетінше гүріл
тербеп тұр екен. «айында-жылында түшіркеніп ұйықтайын
десең, өстіп маза бермейді. Бармаймын не қылар екенсіңдер»
– деп күбірледі де іргеге қарай аунап түсіп, басын бүркеніп
жатып алды. Бұрыш тағы гүрілдеді. Енді Бархан дауыстап
тұрып сыбады да, келесі жамбасына аунап түсті. Сәтке сап
болған сым темір тіпті ойбайлап қоймаған соң атып тұрып,
тез-тез киінді. Далаға шығып еді, Сейітқұл көйлегі ағараңдап
жүгіріп келе жатыр екен.
– Отағасы десе, сізді Әлекең мен совхоздың бас зоотехнигі
шақырып жатыр.
– Тәулігіне бір сағат тыныш ұйқыны да қимайды.
Әлгіндегі түстің әсерінен айыға алмай, мең-зең халде
Сейітқұлдың артынан дедек қағып ере берді. Қоңсыласы
самбырлап сөйлеп келе жатыр.
– Отағасы десе, мені кінәлай көрмеңіз, өзімді де сирағымнан
суырып оятты.
«апырай, осы жігіт мінезін ұстатпай-ақ қойды. Судағы
балық секілді жалт-жалт, жылт-жылт... Сырттай қарасаң қойдан
375
жуас, дөңгеленген қара торы жігіт. Жұп-жұмыр жұмыртқадай-
ақ. Бірақ ұстайтын жері жоқ» – деп ойлады Бархан көршісін
өкшелей қуып келе жатып.
– Отағасы десе мен сіздің алдыңызда... мәңгі борыш-
тымын.
міне түн жамылып дегендейін...
Бархан оның сөзін естіген жоқ, өз ойымен өзі әуре...
«Бастықтар неге шақырды екен?»
– Отағасы десе, биыл сіз ерледіңіз. Бүкіл ауданда алдыңызға
түсер ешкім жоқ көрінеді.
«Бастықтар неге шақырды екен?»
Упр өз орнында әдетінше жамбастап жатыр. Оң иығын
ала малдас құрып отырған ашарық, бадырақ көз бас
зоотехник осы совхозға былтыр күзде ғана келген. Содан бері
Барханның үшінші рет көруі. Пәлендей өзгермеген екен. мал
мамандарының көбі төртпақ, іркілдеген семіз болып келуші еді,
осына отыздың үстіндегі жігіттің бойына шыр жұқпай; жұлған
тырнадай болып жүргеніне таң қалды. Барханның таң қалғаны
ол ғана емес, Әліқұлдың бұл кіріп келгенде қалбалақтап,
орнынан ұшып тұрып, қос қолын бірдей ұсынғаны, арқасынан
қағып сол жағынан орын бергені, бала-шаға, бау-шарбақ, үрім-
бұтағынан түк қалдырмай жездей қақтап есендігін сұрағаны,
сонсоң биылғы қыстан ырқ етпей шыққанын, жалпы Бархан
Егемқұловтың іштен қойшы болып құтты таяғын ала туған
сұңғыла талантын жарты сағат бөстірген. Барханның таң
қалғаны, бөлімше басқарушысы осыншалық керемет, ес білгелі
естімеген мақтау сөздің құлағын оңды-солды бұраған сайын,
бас зоотехник басын шұлғи қостап, қолпаштап, ымырласып
отырғаны еді. «Қай жағымнан ықтап барып шығар екенсіңдер»
– деп ойлады. Тоқ етері Әліқұл алып-қашып ауыздығын
шайнаған арғымағының басын мынандай қазыққа байлады.
«Бағанадан бері айналып шапқанша төтеден тартпаймысың
осылай», – деді ішінен.
– Общем былай, жолдас, – деді Упр, – мына Сейітқұл
деген жігіт қой өз ұяңнан ұшырған балапаның, сулы жерде
асып, сусыз жерде қуырып жеуге хақың бар, қолыңнан ешкім
алмайды. Ендеше осы жаман ініңнің бағы тасып, тасы өрге
домалап жатса – сенің де абыройың, бөтен шаңыраққа емес,
ырыстың өз үйіңе қонғаны.
376
«...мынауың қалай-қалай орағытады», – деп ойлаған Бархан
Әліқұлдан осыншалық жүйелі сөз күтпеген еді. Иланғандай
ұйып тыңдады.
– Олай болған жағдайда понимаешь, екі торының өзге-
шелігі жоқ, сен – кім, ол – кім, жақтан басты айыра алмайсыз.
«алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген қазақ.
Ендеше, мынау басы салбырап, жүн жеп, жабағы саңғытып
отырған ініңіздің айқындаушы жылдағы көрсеткіші оңбай тұр.
ал, біз, бүкіл аудан бұл жаманды үкілеп, үстіміздегі жылдық-
тың қорытындысында наградаға ұсынайық деп дабырлап,
бөркін қара қазандай етіп алдық та, аяғы сымпиып қалдық...
Әрине, Сейітқұл Тәңірқұлов күш-жігерін іркіп қалған жоқ,
аянбай еңбек етті. амал не, фактінің аты – факті: жүзінен 140-
ақ. Бізге керегі жүзінен – 150.
– менің қолымнан не келеді? – деді Бархан сиырдың
сілекейіндей созылып алған әңгімені тұжырғысы келіп.
– Тфу, Беке-ай! Тіпті кейде аяқ астынан аңқаусып қаласыз-
ау,-деді Әліқұл быж-тыж болып. – Сіздің анау түйенің
табанындай қолыңыздан бәрі келеді. Ұзын сөздің қысқасы,
ініңізге қырық қозыны қарызға бере тұрсаңыз, келесі жылы
қайтарып береді...
Бархан төбесінен жай түскендей сұлқ қалды. Үйді үнсіздік
жайлады.
– аспаннан былғары жауса құлға оқшантайлақ тимейді
деген осы, – деді де терең күрсінді. Барханның бұл сөзін тек
бас зоотехник ұққандай, әрі-бері қипақтап, тамағын кенеп, сөз
бастады.
– Отағасы десе, – (құдай-ау, деді ішінен Бархан. Бұл да:
«отағасы десе», осы сөз менің түбіме жетер.) – Отағасы
десе, сіздің ересен еңбегіңіз әлемге әйгілі, сіз жүдә, баяғыдан
батырсыз. Бірақ мына қисынсыздықты сезесіз бе? Сіздің та-
бысты еңбегіңіздің нәтижесі қағаз бетіне кеп түсіп, жиналыстар-
да, пленумдарда айтылмаған, әншейінде қақсап, құлақ етін
жейтін, яғни газет, радио да жұмған аузын ашпапты. Және де
сіздің еңбек жолыңыз болғанымен, жариялы атағи өсу жолыңыз
жоқ, яғни мақтау грамотасы, медаль, ордендермен бұрынды-
соңды наградталмағансыз... Демек, көзге түспегенсіз.
– Кімнің аузына ілігіп, көзіне түсуім керек еді, – деп айқай
377
салды Бархан. – астымда машина, үйімде телефоным тұр
ма, қит еткенді ауданға жерден жеті қоян тапқандай жеткізіп
отыратын.
– Отағасы десе, жәй айтыңыз, осы үйде саңырау ешкім
жоқ. мен бар шынымды ақтардым. Бұл маған дейін жіберілген
кемшілік. Енді постепенно-постепенно сіз боп, біз боп түзейміз.
ал, қазір көршіңізге қырық қозы бермеуге амалыңыз жоқ. Қой
– мемлекеттікі.
– Неге? мен ғана ма?
– Отағасы десе, жат жұрттыққа дабырлағымыз келмеді. Сіз
енді, былайша айтқанда, туған ағасы секілдісіз ғой. ренжімеңіз,
өзіңізді ұсынбақ болдық, ешқандай тізімде жоқ, жоғары жақ
бұрын білмейтін, аспаннан түскен озат шопанды қайдан
таптыңдар,– деп шыбын жанымызды шырқыратар болған соң,
осындай шарасыздыққа тіреліп...
– Сен бірден секіріп кетейін деп тұрсың, – деді манадан бері
тісін шұқып, әңгімеге араласа қоймаған Әліқұл. – Көрсеткіштің
біртіндеп эволюциялы өсіп отыруы абзал. Сонда ағайын,
награда не саған, не оған жоқ... далада қалайын деп тұр.
– Отағасы десе, сіз өйтіп ауа жайылып кетпеңіз, – деді бас
зоотехник. – мемлекеттің үлестіре алмай далада жатқан атақ-
құрметі бар дейсіз бе?.. Қайдағыны айтады екенсіз. Жалпы
естеріңізде болсын, түймедейді түйедей ететін дәнеңе жоқ.
Сейітқұл Тәңірқұловтың бес жыл бойы көрнекті табысқа
қалай жетіп, аудандағы ең озат шопан аталып келгенінен менің
абсалютно хабарым шамалы. Үстіміздегі жылғы көрсеткіші
сіздікіне жетпей тұр, отағасы. ал, сіз жайлы бұдан бұрын ешкім
білмей келгені және рас. мұқым аудан бойынша социалистік
жарыста озып шығып, озат шопан атанған малшы үкімет
наградасына ұсынылуы керегі тағы рас. Сонда не істеу керек?
Әрине, сіз мені кешіріп қойыңыз, отағасы. Сондықтан сізге де,
бізге де шегінер жер қалмай тұр.
Бас зоотехник сөзін түйіліп барып, кілт үзді де Әліқұлға
қарады. Ол алдында мөлдіреп тұрған қырлы стақандағы араққа
қолын енді ғана соза беріп еді, өкілдің суықтау жүзінен тайсап,
іркіліп қалған. Сонсоң созған қолын не ары, не бері апара
алмай сәл қаңтарылып қалды да жолай соғып, бауырсақ ала
кетті. Зоотехник: – Жігітім, мынау асай-мұсайларды жиып ал,
378
тойға келгеніміз жоқ. Әлі ертерек...– деді сол салқын қалпын
сақтап. Сейітқұл жозы үстіндегі арақты лып еткізіп, жинап-
теріп әкетті. Әліқұл тамағын қырнап, бір нәрсе демек болды,
бірақ шытынаған күйі дым сызбады. Бархан суалған қара күрең
жағын сипап, ой үстінде отырған.
– Не ақыл айтасыз, отағасы,– деген зоотехниктің сөзі жаңа
ғана қаймақши бастаған тыныштыққа тас лақтырды. Барханнан
жауап болмаған соң:
– Сізді келесі жылы ұйымдаспақ жас шопандардың
комсомол-жастар бригадасына ұстаз етсем деймін, отағасы,
қарсы емессіз бе? – деді жүзін жылыта.
– Оны уақыт көрсетер. – Бағанадан тілі кесілгендей жұмбақ
отырған Барханның үзілген сымы қайта жалғанғандай болған
соң, бәрі-бәрі елең етісті. – алатын қозыларыңды таңертең
санап берем. Тек ақырғы рет болсын.
– Немене, бұрын да алып па еді, отағасы.
– Бірінші жылы – бес қозы, екінші жылы – он, үшінші
жылы – жиырма, төртінші жылы – отыз, енді мінеки – өзің
келіп, шырағым, қырық қозы сұрадың.
– мынау сұмдық екен! – деді бас зоотехник ұялы көзі лап
етіп. – масқара екен!
– Ешқандай сұмдығы жоқ, қанша төл берді, ақшасын да,
қосымша ақысын да Барханның өзіне жазып келеміз. Жалпы,
ағайынның арасына жылбысқы бес қозы, он қозы деген сөз
болып па? ат та, атан да, алыс-беріске еленбей жүре бермеуші
ме еді.– Әліқұл атына қайта мінді.
– адамды қаралайтын ондай ағайындықтың енесін ұрайын!
Таңертең қырық емес, елу қозы санап берем. Шығатын тауына
– шыға берсін, иығымды төсеймін!– деп есікті тарс жауып,
бұлқан-талқан шыға жөнелді. Бұл Барханның Бархан болғалы
өз байламын тік, бетің-жүзің демей, пышақ кесті айтқаны-
тын.
Бархан сөзінде тұрды. Ертеңінде елу қозыны санап берді.
Әліқұл ауданға «Сейітқүл Тәңірқұлов әр жүз аналықтан
– 150 қозы, әр бас қойдан 3,5 кг. жүн алып, міндеттемесін
артығымен, абыройлы түрде орындады» деген мәлімет әкетті.
Сол күні кешке облыстық, ал үш күннен соң орталық радиодан
айтылып, құмның арасындағы ең шалғай қыстаққа тілшілер
сауыт-сайманын арқалап, сау ете түскен.
379
Көп ұзамай сессияға аттанатын болды. азамат жолға
жүргелі жатқан соң, Бархан қош деп қалайын деп, көршісіне
келді. Су жаңа кремплин костюмін киіп, жуынып-таранған
Сейітқұл тығыршықтай әп-әдемі жігіт болып шыға келген екен.
Төртбақ, жұмыр денесі, дөңгелек жүзі, көзіне міне орналасқан
қою қара қасы – бәрі-бәрі жарасым тауып, ұялмай көрінетін
озат пошымға енген. Әсіресе, кеудесінде сылдыраған орден,
медаль көркіне көрік қосып, салиқалық танытқандай еді.
Ол-пұлын жинастырып, сусылдап жүрген әйелі Данагүлдің
қимылына көз ілеспейді. Дәу қара чемоданында не бары
белгісіз, ыңырандырып апарып, «москвичтің» жүк салғышына
әрең сиғызды.
– Қаладан не базарлық әкелейін, отағасы, – деді Сейітқұл
ма-шинасын тілмен жалағандай етіп сүртіп тұрып.
– Не әкелесің... Есен-сау оралсаң – одан үлкен олжа бар
ма?
– Е, аман болмағанда жау алар дейсіз бе? Қалаға жаңа бара
жатқаным жоқ, – деп тойына сөйледі, – елу қозының карымта-
сын қайтарам, отағасы. Ер мойнында қыл арқан шірімейді.
– Жо-жоқ, ол не дегенің. азаматтың абыройына садаға да.
– Бархан бағанадан бері байқамапты, анадай жердегі күресінде
Сейітқұлдың төрткөз, сарыаяқ иті ешкінің лағы секілді бір
нәрсені жұлғылап жатқан. Ол не болды? – деген әуестік жеңдеп,
жемтікке жақындай берген Барханды ырылдап, маңайлатқысы
келмеді. Бірақ иттің жұлқылап жатқаны қарақұйрық екенін
жазбай таныған. Иә, былтыр жарасын емдеп жазған өзінің
асыранды хайуаны! Жүрегі зырқ ете түсті. Қапелімде аузына
сөз түспей, делдиіп қалды да даусы қалтырап:
– Сей-іт-құл, – деді, – Жолдыаяқтың жеп жатқаны не?
– Қайдан қаңғып жүргенін білмеймін, таңертең ерте тұрып,
жол жүретін болған соң қора жақты болжасам, анау сіздің
құм төбеңізде қалқайып тұр. малапулкамен құлақ шекесінен
көздеп, басып едім, қалпақтай ұшты. ажал айдап келген екен,
былтыр оң аяғынан жараланып, қашып кетіп еді... (қарқ-қарқ
күлді).
Барханның көзіне қан толып, басы айналғандай болды,
енді-енді құлап кетердей буынын зорға бекітті де:
– Онда... күнәсіз сәбиде әкеңнің құны қалып па еді! – деп
айғай салды.
380
– Отағасы десе, немене даланың аңын да қызғандыңыз
ба? Керек десеңіз облыстық табиғат қорғау қоғамының
мүшесімін...
– Ой, сенің... соқырлар қоғамының, пахорон бюроның мү-
шесі шығарсың бәлкім, сенен ол да шығады. Тұрған жеріңде
атып тастайын ба осы, әбден жүйкелетіп біттің. – Ұмтыла
берді. ал дегенде жасқанып қалған Сейітқұл ілезде күшіне
қайта мінді.
– Дауыс көтермеңіз, отағасы. Заң кімнің жағында екенін
ойлаңыз.
– менің өз заңым бар. Оған ешкім қол сұға алмайды.
– Бархан шәнтиіп тұрған Сейітқұлдың жағасынан ала түсті
де, омырауындағы наградаларды бытырлатып, жұлып-жұлып
алды.
– Әкеңнің аузын ұрайын. «Өз асыраған күшігім өз басыма
қарғыды» деген осы. Быртиып алып, ішің толған сасық қулық
пен сұмдық. Қайтер екен, жас қой, ақыл кірер ме екен десе,
қайтеді, әкемнің шоты шапқан сайын дамып... міне, мына
медаль да, мына орден де бәр-бәрі менікі. мына маған тиесілі
сый-құрмет! Сен ұрлап алдың, саған тартып әперді анау Упр
ағаң. Енді, мен сенен тартып аламын оны. Бар, баратын жеріңе!–
қарсыласып қолына жармаса берген Сейітқұлды шықшыттан
бір періп құлатты да «москвичтің» доңғалағын бір теуіп жүре
берді. «Ойбай, өлтірді!» деп жау жеттілеп аттандаған Данагүл
күйеуінің басын сүйеп, үйге алып кетті. Осы көріністі басынан
бағып тұрған Жұмагүл ара түскен жоқ, ерінің қырықтан
асқандағы қауқарын тамашалай күліп, жоламаған. Ол тіпті
Барханнан жылдар бойы сарғая, сағына күткен ашуды енді
танып, жоғы табылғандай қуанған да еді.
Сейітқұл өз мұрнын өзі періп қанатты да, омырауын
саталақтап сорғалатқан күйі, су жаңа костюмінің әр жерін өзі
былғап, жыртып алып, ауданға тартқан.
Бархан мінез көрсетті...
ала бұлтты аспаннан тағы бір самолет ұшты...
Бархан қойдан шығып, расында шығарып тастап, ауылға
көшетін болды. Тіпті сотталып кете жаздады. Себеп белгілі,
онсыз да құлағалы тұрған тауға қой жайған соң оңсын ба.
Бас зоотехник қанша барын салып, ара түскенімен, алып қала
381
алмады. Тек шығарып салып тұрып: «Қамықпаңыз аға, бір
жыл дем алыңыз, мал бақпай отыра алмайтыныңызды білем.
Пәле-жаладан аман болсақ, келесі жазда ұйымдасатын жас
шопандардың бригадасына жетекші, яғни наставник қылып
жіберем» – деді жұбатып. алғашында бадырақ көз арық жігітті
суқаны сүймеп еді, қазір іші жылығандай болды.
Совхоз жіберген машинаға жүгін тиеп жатқанда, өз орнына
шопан болған қағылез жігіт «Урал» мотоциклін дырылдатып
жетіп келді. Иненің көзінен өткендей жылпылдап тұрған
пысық екенін Бархан амандық айтысқанда-ақ танып үлгерген.
– Жасың нешеде, шырағым? – деді білекті сыбанып жіберіп,
ешкім айтпай-ақ іске кірісіп кеткен бұйра бас жігітке.
– Жиырма бестемін, аға, – деп тақ ете қалды. «менен
жиырма, Сейітқұлдан он жас кіші екен» деп ойлады.
– Қойға алғаш шығуың ба?
– Бұрын оныншы класты тәмәмдаған соң, екі жыл көмекші
болдым, сонсоң ауылшаруашылық техникумын бітіріп,
өзіңіздің жұртыңызға жолдамамен келдік дегендей...
– Оның жөн екен, бірақ қызмет істемедің бе? Дипломың
бар ғой.
– Ой, аға, веттехник болып жалтақтап, жек көрінішті
болғанша, өз қотырымды өзім қасымаймын ба? аға, сіздің
біліміңіз қанша еді?
– Білімің қанша еді дегенше, қулығың қанша еді деп
сұрамайсың ба? Шынымды айтсам, сегіз-ақ класс.
– ал, анау көршіңіздікі?
– Сейітқұлды айтасың ба? Ол онжылдықты бітірген.
Бұдан әрі екеуі де үнсіз жүк тиеп, сөйлеспеді. аттанар
алдында Бархан:
– ал, шырағым, жүр қорадағы қойды санап ал,– деді. Бірақ
осы сөзді әлденендей бір терең өксікке толы, өкінішке толы
көңілмен айтқандай болды. аса бір қимасымен мәңгілікке
қоштасардай қиналып айтты.
– Сізге сенем ғой, аға.
– Жоқ, ол болмайды, шырағым. Әкең болса да жауапты
нәрсені түгендеп алу керек. – Қой – тауық емес.
– аға, – деді жас шопан салмақпен. – Сіз аға, алданбасаңыз,
алдамайды деп бас зоотехник айтқан маған. Екі кештің
382
арасында санап, әуре болып қайтеміз. Қараңғы түспей ауылға
жетіп үлгеріңіздер.
– Ендеше не айтайын, шырағым. Ұстаған таяғың құтты
болсын. анау қоңсыласың тым жаман жігіт емес, тату-тәтті
сыйласып тұрыңдар.
– Сізді қандай дәрежеде құрметтесе, сол үдеден мен де
шығармын, аға. Болашақ көрсетер, бақ шаба ма, бап шаба ма...
Бархан көзі от шашып, атылатын арыстандай ырғып-ойнап
тұрған бұйра бас, ат жақты жігітке үрке қарады.
машинаға отыра беріп, Сейітқұлдың үйі жағына елеңдеп
болжап еді, ешкімнің төбесі көрінбеді.
– Енеңді ұрайын, қош деуге жарамадың-ау, – деп өкінгендей
болды. Өкпеге қиса да, өлімге қиған жоқ. Сейітқұлдың ертеңін
ойлап, қатты аяды...
Барханның жүгін тиеген машина құмға сіңіп, көзден таса-
ланғанша, төбенің басына шығып, қасқайып қарап қалған жас
шопан Сейітқұлдың үйін меңзеп: «Көрерміз! – деді даусын
шығарып. – Көрерміз... кімнен кімнің озарын...»
аспаннан тағы бір самолет ұшты...
Руза, 1976 ж.
383
Мазмұны
атау-кере
(Қауіпті будан)
Роман......................................................3
Бәрі де майдан. Повесть .............................................................216
Құм мінезі (Бархан). Повесть......................................................332
«Ел-шежіре» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының
президенті Дидахмет Әшімханұлы
Оралхан Бөкей
Шығармалары
2-том
Роман, повестер
редакторы
Сәуле Үкенова
Техникалық редакторы Ниязбай Оразымбет
Суретшісі Бауыржан Байділда
Компьютерде беттеген Гүлмира Өтенова
ИБ № 126
Теруге 10.05.2013 ж. берілді. Басуға 05.06.2013 ж. қол қойылды.
Пішімі 84х108
1
/
32
. Қаріп түрі «Times New Roman».
Басылымы офсеттік. Шартты баспа табағы 20.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №
«Ел-шежіре» қоғамдық қоры. 050009. Алматы қаласы.
Абай даңғ. 143, 517 бөлме
«Полиграфкомбинат» ЖШС
Алматы қ., Мақатаев көшесі, 41
Достарыңызбен бөлісу: |