Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



Pdf көрінісі
бет7/42
Дата23.02.2020
өлшемі2,34 Mb.
#58900
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   42

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
58
де оралған тұста өмір сүріп отырған біздің қоғамдастарымызға да 
түсініксіз күйде қалып отырған секілді. Бірлі-жарым оқырманның 
көбірек оқитыны оның махаббат лирикасы ғана. 
 Сөз жоқ, махаббат сезімін Абайдан соң әдемі жырлаған бірден-
бір ақын – Мағжан. Бірақ Мағжанның ой тереңдігі, біздің ойымыз-
ша, оның махаббат лирикасында емес, өмір-өлім тақырыбындағы 
жырларында молырақ ашылған. Бұл жырларда экзистенциалдық 
мұң  толып  тұр,  махаббат  өлеңдеріндегі  буырқанған  шаттық 
сезімнің,  еліне,  ұлтына  арналған  туындыларындағы  биік 
патриотизмнің ізі де жоқ. Не себеп? Оны ақын өмір сүрген қазақ 
қоғамының хал-ахуалынан және Мағжанның ақындық тұлғасынан 
іздеген дұрыс деп ойлаймыз. 
ХХ  ғасырдың  басындағы  қазақ  зиялыларының  қатарында 
болған Мағжан ақын қоғамды өзгерту мақсатында олармен бірге 
саяси іске араласты, ел болашағын өлеңмен өрнектеп, ұлтына де-
ген сүйіспеншілікке толы:
...Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін, –
 Сол елімді сүйемін! [11, 63 б.]
секілді туындыларын дүниеге әкелді. 
Осы  кезеңде  ақын  тұлғасы  екіге  бөлінгендей  күй  кешкен 
секілді. Саясат – ақын айналысатын іс емес. Ақын жаны – нәзік, 
сыршыл,  тылсым  дүние,  ол  саясаттың  қитұрқы  әлеміне  қарсы 
тұра алмайды. Басқа адам мойымайтын нәрсеге ақынның төтеп 
беріп,  морт  сынбауы  сирек.  Бірақ  Мағжан  саясатқа  өз  басының 
қамын  емес,  ұлтының  қараңғы,  надан  қалпын  ойлап  араласты, 
бұл істен шет қалуға ары мен жүрегінің әмірі жібермеді. Ғасыр 
басындағы  саяси  романтизм  бірте-бірте  баяулаған  кезеңдерден 
бастап Мағжан ақынның бойында күдік көбейе бастады. Өзгеріп 
жатқан  қоғам  да,  адам  да  көрінбейді.  Еңбектің  еш  кеткені  ме? 
Осы іске кеткен өмір зая болғаны ма? Бүйткен өмірдің қажеті не? 
Экзистенциалдық сұрақтар қинаған ақын тез сынды. Біресе:

59 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
    
   Өмір осы, бірде ол болар бұлтты,
Қатты желді, дауылды, кейде отты.
Құрып дымың, қайғырып жас төгерсің,
Бұлт ашылар – қайғының бәрі бітті, 
деп үміттенеді [12, 55 б.], біресе өмірге мән берер үмітті де, өмірге 
құштарлық оятар мақсатты да таба алмай:
    
Өтті өмір,
Жүрек көмір. Өлемін...
деп шешеді [13, 177 б.], 
Апырмай. Ауыр болды-ау күнді өткізу,
У жұтып, айдан ұзын түнді өткізу!
Қозғалып, сөйлеп, ойлап, тірі жатып,
Өлем деп жас өмірден күдер үзу, 
 
деп қиналады [13, 142 б.]. 
Ақынның осы өлеңі 1917 жылы «Үш жүз» түрмесінде жазылған 
екен. Өмірден әбден түңілген, өлімнен басқа жол таппаған, өмірді 
де қиғысы келмеген адамның трагедиясы дәл суреттелген. Өлімді 
таңдау  шешімінің  түбіне  үңіліп  қарайықшы.  Филолог  ғалым 
Амантай Шәріп Мағжан мен қазақтың өмірден ерте кеткен тағы 
бір талантты ақыны Бернияз Күлеев поэзиясының ерекшеліктерін 
А. Шопенгауэр мен Ф. Ницше философиясының орыс символизмі 
арқылы  қазақ  ақынының  шығармашылығына  еткен  әсері  деп 
түсіндіреді [14, 3-5 бб.]. 
Бұл  пікірді  теріске  шығаруға  да  болмас,  себебі  филосо-
фия  ғылымында  өмірмәндік  ізденістің  төрт  түрі  көрсетіледі. 
Олар:  конформистік  –  жекелік  ерекшелікті  жоғалту,  қоғамның 
басқа  мүшелерінің  жолымен  жүру;  тоталитарлық  –  диктаторға 
(ол  мемлекет,  саяси  партия,  жеке  адам  болуы  мүмкін)  күштеп 
бағындырылу;  эгоцентристік  –  қоғамда  қабылданған  ережелер 
мен құндылықтарды қабылдамау, оларға деген бітіспес қарсылық; 
суицидтік – өмірдің мәнін таба алмаудың нәтижесінде өмірден өз 
еркімен кету [15, 47 б.]. 
Мағжанның  таңдауы  философиялық  тұрғыдан  талдағанда 
да эгоцентристік сипатқа ие болып тұр. Бірақ Мағжанға Шопен-

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
60
гауэр философиясы күшті әсер еткен күннің өзінде де, ол Ниц-
ше  философиясының  «аса  туған  адам»  идеясымен  қанаттанып, 
жігерленуге,  өмірге  үмітпен  қарауға  тиіс  еді  ғой.  Сондықтан 
да  Мағжанның  экзистенциалдық  трагедиясының  себептерін 
еліктеушіліктен емес, оның өзіндік тұлғасы мен дүниетанымынан 
іздегеніміз дұрыс секілді.
Біздің  ойымызша,  Мағжан  ақынды  түңілткен  басты  нәрсе  – 
өмірлік мақсаттың көмескіленуі. Өмірдің мәні – құнды мақсаттың, 
мақсат болғанда оның кез-келгені емес, абсолютті құндысы болу-
ында. Саяси романтизм кезеңінде Мағжанда бұл абсолютті құнды 
мақсат болды, қазақ елін ояту ісіне Ахмет Байтұрсынов, Міржақып 
Дулатовтармен бірге жұмыла кіріскен оның Людвиг Фейербахтың 
тілімен айтсақ, өлім туралы ойлауға уақыты да болған жоқ, өмірлік 
мақсатты жүзеге асыру жолындағы қызу қоғамдық қызмет оның 
өмірін мәнмен толтырды. Бірақ мақсат бірте-бірте бұлдырланды, 
оны  саналы  түрде  анықтауға  қажетті  еркіндік  те  Мағжан  үшін 
шектеле  бастады.  Еркіндік  қажеттілікпен  алмастырылып,  бұл 
құбылыс кеңес жүйесі тұсында тіпті күшейе түсті.
Еркіндіктің шектелуі нәзік жанды ақынның өмірмәндік гипер-
рефлексиясын  тереңдетті.  Табиғат  адамды  өмірлік  қателіктерін 
әбден кеш, күш-қуаты бойынан кеткен уақытта ғана түсінетін етіп 
жаратқан  екен.  Мағжан  да  осыны  түсінді.  Қоғамдағы  өзгерістер 
ол күткендей болып шықпады, мақсат жоқ, болашақ бұлыңғыр. 
Жеке  бастың  «күйдім-сүйдім»  лирикасы  да  жалпықоғамдық 
астан-кестең  топалаңның  тасасында  қалды,  өмірдің  қызығы  ол 
емес екен. Ақын адасты. Бір ғажабы, жаны сондай нәзік ақын кере-
мет тура, ойын бүкпей, ашық айтады. Өлеңнің мазмұн тереңдігін 
толық жеткізу үшін оны толық жариялауды жөн көрдік:
Артымда қазақ қалың ел, 
Тақтақ жалғыз қара жол, 
Кетіп бара жатыр ем.
Бейнетті бітпес ұзын жол,
Отсыз, сусыз бетпақ шөл,
Мың мехнатқа батып ем.
Жұбаныш – жол біреу-ақ,
Үмітім – алтын айдан да ақ,
Сонымен ойды жоюшы ем...
Далаға өлік, жан салып.

61 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
Әлсін-әлсін ән салып,
Өлеңдетіп қоюшы ем...
Әлдеқайдан шу шықты,
Қып-қызыл қан – ту шықты,
Жердің жүзін түн басты.
Шегір көзді, сары шаш,
Бәрі тырдай жалаңаш,
Жан-жағымды жын басты.
Әлденені бөлісіп,
Ыржиысып күлісіп,
Ән жер, мін жер жалт та жұлт.
Жел ұлиды өкіріп,
Жындар жалп-жалп секіріп...
Қара жолдан сүрлеу жоқ.
Артымда елім бар еді,
Алдымда жолым бар еді,
Ел де жоқ қазір, жол да жоқ...
Табылар жолың, тарылма,
Жылама, жынға жалынба,
Таң атқанша күн де жоқ [12, 106 б.].
Ұлтын жанындай сүйген ақын елінің қасіретін жеке басының 
қасіреті деп қабылдады, өмірдің мәнін жоғалтып, мәнсіз өмірден 
өлім  артық  деп  шешті.  Дәл  осы  кезде  өмірмәндік  рефлексия-
ны жеңу үшін оған күшті рух пен мықты жігер қажет еді, бірақ 
Мағжан  ақын  өмір  үшін  күресуді  қажет  деп  таппады,  өлімге 
мойынсұна берді. Оның Қорқыт жырына бас ұруы да кездейсоқ 
емес еді, алда 30-шы жылдардың топалаңы күтіп тұрған қоғамда 
«Қайда  барсаң  да  Қорқыттың  көрі»  болатынын  ол  күні  бұрын 
сезе  білді,  сондықтан  да  Қойлыбайдың  қобызынан  бата  алып, 
Қорқытпен бірге көрге кіруді армандады. 
 Өзі жырлаған Кенесары мен Батыр Баянның рухынан да ақын 
күш  ала  алмады.  Жаны  күйзеліп,  тығырыққа  тірелген  ақынның 
ішкі  дүниесін  түсінер  достары  да  оның  қасынан  табылмаған 
секілді.  Қазақ  оқығандарынан  әбден  көңілі  қалған  Мағжан  1922 
жылы «Бостандық туы» газетінде: «Оқыған адамдарда ең бірінші 
қасиетті  сипат  сол  –  алдымен  оларда  дүниеге  қараған  белгілі 
бір көзқарас болады, айнымайтын бір белгілі идея меншіктейді. 
...біздің қазақ халқы оқығанға кедейміз. ...Біздің малданып жүрген 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
62
оқығандарымыз, шынын айтқанда оқыған емес. Біз өзімізді өзіміз 
алдап жүрміз. Оқыған атын жүктеуге жақынымыз жоқ, сөз жоқ, 
наданбыз», – деп жазған болатын [16]. 
Мағжанның оқығандықтың, қазіргі тілмен айтсақ, білімділіктің 
белгісі ретінде оның белгілі бір идеяға адалдығын атауы кездейсоқ 
емес. Кешегі көзқарасын бүгін өзгертіп шыға келгендер ол үшін 
мүлдем түсініксіз еді. Басқа зиялылар ел мүддесі үшін өздерінің 
идеяларын өзгертуге мәжбүр болса, ар тазалығын, ой еркіндігін 
бәрінен де жоғары қойған Мағжан бұл қадамға бара алмады. Осы 
кезеңде мемлекет қоғам өмірінің барлық саласында тек өз билігін 
орнату ісін аса күшті қарқынмен жүргізіп жатқан еді. Жеке мүдде 
ғана емес, қоғамдық мүдде де мемлекет мүддесіне бағындырылып, 
адам мемлекет құзырына толықтай көше бастады. 
Тұлғаның бойындағы өзіндік нәрсенің бәрін жою, оның бүкіл 
өмірін қатаң бақылауға алып, еркіндігіне жан-жақты қысым жа-
сау  –  қоғам  мен  мемлекеттің  негізгі  мақсатына  айналды.  Өзінің 
адам ретіндегі құқын, еркіндігін, ең бастысы – ой еркіндігін сақтап 
қалуға тырысқандар репрессияға ұшырап, қоғамнан аластатылды, 
бейшара  күй  кешті.  Осы  түбегейлі  тоталитарлық  өзгерістердің 
бәрі ақын жаны үшін тым ауыр еді, оны бәрінен де қатты қинағаны 
ақынның өмір сүру тәсілі – ойы мен сөзінің тежелуі болды. Ақын 
үшін  бұл  өліммен  тең  емес  пе?  Мағжанның  экзистенциалдық 
мұңының  түп-тамыры,  өлім  туралы  шығармалардың  дүниеге 
келуінің басты себебі осы еді.
Замандастары  Жүсіпбек  Аймауытов  пен  Молдағали 
Жолдыбайұлы оны түсінуге талпыныс жасаған екен. Ақынға 1924 
жылдың  16  мамырында  жазған  хатында  олар:  «...сен  қиналасың, 
күңіренесің,  қамығасың,  күйінесің.  Жылайсың.  Сенің  өжет 
жүрегің мына өмірден жұбаныш таба алмай қиналады. Келешек-
тен  жарық  күн,  қайырлы  үміт  күтпейсің.  Бүгінгіден  безесің  һәм 
сескенесің. Өткенді жоқтап қана жұбанасың. Өкініш пен қайғының 
тұңғиығына  шомып  торығасың.  Бұлайша  күйректікке  бой  ұру 
ақынның  жетілуіне  жәрдем  бере  ме?  Із  салған  соқпағы  жалғаса 
ала ма? Үмітсіз, ықылассыз өмірдің мәні бар ма?» – деп, ақынды 
қайғыдан серпілуге, бойын жазып, еңсесін көтеруге, өмірден күдер 
үзбей, еліне қызмет ету ісіне қатысуға шақырады, шығармашылығы 
арқылы өмірге қайта орала ма деп үміттенеді [17]. 
Шығармашылық адам өміріне мән беруші шарттардың бірі 
екені рас, бірақ оның негізі – өмір сүруге деген махаббат Мағжан 

63 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
ақынның  бойында  біртіндеп  сөне  берді,  ол  енді  қайтып  серпіле 
алмай, қалған өмірі де тірі өлімнен кем болмады. Жарық дүниеде 
жер басып жүр деген аты ғана болмаса, ақын абақтыдан абақты 
ауыстырып, репрессия құрбаны болып өмірден өтті.
Өмірдің  мәнін  анықтайтын  айқын  мақсат  жолымен  жүруге 
тырысқан,  адам  мен  өмірдің  сырын  өзінше  игеруге  ұмтылған 
ойшыл  ақын  Ғұмар  Қараш  еді.  Оның  философиялық  тұрғыдан 
(әдеби  тұрғыдан  да  деуге  болады)  әлі  дұрыс  зерттеле  қоймаған 
шығармашылығы да, өмірі де өте мазмұнды. Қазақ елін көркейген 
жұрттар қатарына жеткізу – Ғұмар Қараштың да алдына қойған 
өмірлік  міндеті  болды.  Бұл  мақсатқа  жетуге  ол  өзінің  бар  күш-
жігерін  арнап,  өмірі  жау  қолынан  қиылған  1921  жылға  дейін 
шығармашылығымен  де,  қайраткерлік  қызметімен  де  тынбай 
күресті.
Оның өлеңдері, өзі «Пәлсапалық ой-толғамдары» деп атаған 
философиялық  жазбалары  –  тынымсыз  ой  еңбегінің  жемісі. 
«Адамның  өмірін,  қазақ  баласының  өмірін  қайткенде  түзеткен 
жөн»  деп  толғанған  ақын  көп  ізденді.  Ізденіс  деңгейі  жағынан 
алғанда  оны  Шәкәрімнен  кейінгі  ойшыл  деуге  болатын  секілді. 
Ғазали, Афғани, шейх Мұхаммед Ғабдуһу, Толстой ғұламалардың 
еңбектерін зерттеуі оның туындыларының философиялық сипат-
та болуына тікелей әсері болды деген ойдамыз. Тарихшы ғалым И. 
Кенжалиев ақынның арғы аталарының бірі атақты Шалкиіз жы-
рау болуы мүмкін деген жорамал айтады, бұл пікірдің де жаны 
бар [18, 74 б.]. 
Ғұмар  Қараштың  адам,  өмір,  өмірдің  мәні  туралы 
философиялық пікірлері қарапайым пайымдаудан басталады да, 
бірте-бірте күрделенеді. Философиялық қорытудың биік шыңына 
жете  қоймағанымен,  тым-тәуір  өмірмәндік  шешімдер  Ғ.  Қараш 
философиясына  тән.  Оның  өмір  туралы  алғашқы  ойлары  қазақ 
халқы әлеуметтік-рухани дағдарысқа ұшыраған қиын кезеңдерде, 
қазақ өмірі мен өз өмірін бақылаудың нәтижесінде дүниеге келді. 
Кеңшілік  пен  тарлықты  да,  дәулет  пен  бейнетті  де  көрген,  Еділ 
мен Жайықтың, Жем мен Сағыздың бойында еркін көшіп-қонған 
қазақтың отар елге айналуы ақынды қатты күйзелтті:
Заманның түрі бұзылды,
Жақсыдан үміт үзілді.
Қайғы басты жүректі
Бермеді тәңірім тілекті [19, 73 б.]. 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
64
Ендігі  өмір  не  болмақ?  Ханы  да,  қазысы  да,  биі  де,  батыры 
да,  дәулеті  де,  білімі  де  жоқ  қазақ  қайтіп  күн  көрмек?  Қадірін 
білмеген өмір болса өтіп барады:
Ерініп жалқаулықта өткен өмір,
Біразы бос жүріске кеткен өмір.
«Қазқуң деп жөнді басты бір ой етпей
Аяңдап ақырына жеткен өмір.
Өз жайын әлі күнге өзі білмей
Еттім деп бір іс үміт еткен өмір.
Жайы бар ажал күтіп жататұғын
Сонда да қайтпас тау неткен өмір?
Қонарсың көзіңді ашып бір жұмғанша
Тарлықта алдың тосып күткен өмір [19, 58 б.].
Өмір туралы қарапайым ғана өлең, философиялық тереңдік 
әлі байқалмайды. Бірақ осы өлеңде Ғұмар Қараштың жалпы қазақ 
жұртының өміріне де, өз өміріне де сыны жатыр. Өзі де, қазағы да 
өмірдің алдын кең көріп, еріншектік пен жалқаулыққа салынды, 
біраз күн босқа өтті. Өмір болса өткінші екен, енді ойланатын кез 
келді, алда тарлық заманның тар өмірі ғана күтіп тұр. Осы өлең 
Шәкәрімнің  «Абай  марқұм  өткен  соң  өзіме  айтқан  жырларым» 
өлеңі  секілді  Ғұмар  Қараштың  өмір  туралы  толғаныстарының 
басы болды ма деп ойлаймыз. 
Өмірмәндік тақырыпқа жазылған өлеңдердің мазмұны бірте-
бірте  күрделене  береді,  бірақ  Ғұмар  Қараш  поэзиясының  бір 
ерекшелігі – заманнан, өмірден, адамнан түңіліп, экзистенциалистік 
сарыуайымға  біржола  түсу  жоқ.  Ақын  айтқан:  «Заман  түрін 
ескеріп,  /Қайғы  етпеген  біз  жаман»  немесе  «Ойлайтұғын  бұл 
елдің / Мұқтажы жоқ, мұңы жоқ» жолдарындағы қайғы мен мұң 
ақылдылықтан туған құбылыс [19, 87 б.]. Үнемі қуанып, шаттанып, 
қамсыз өмір кешетін көбіне ақымақ адам. Ақылды адам қайғысыз, 
мұңсыз болмайды, бұл ойлылықтың, адамдықтың белгісі. Ғұмар 
Қарашты  таңғалдыратын  нәрсе  –  осы  ойлы  адамдардың  ел 
ішінде аз болуы, өзді-өзді алысып, ырылдасып, қабысқан жұртты 
болашағым не болар деп қайғы-мұң ойлауға шақыратын адамның 
табылмауы. Осындай елді түзеудің жолын іздеген ақын оны әуелі 
ғылым мен білім деп түсінді. 
Бұл  пікір  сол  кездегі  қазақ  қоғамының  әлеуметтік-тарихи 
жағдайын екшелеп, сараптаудан туған еді. Қазақты надандықтан 

65 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
құтқаратын  ғылым  мен  білімнен  басқа  жол  да  жоқ  еді.  ХХ 
ғасырдың басында өмір сүрген басқа да қазақ зиялылары секілді 
Ғұмар Қараш та ғылым мен білім қазақ жұртын көркейтетініне 
құдайдай сенді:
Әлбетте, біз айыпты, біз айыпты,
Оқытпай балаларға жәбір еткен.
Оқытсақ біздің дағы ұл, қызымыз
Мақсатқа болар еді барып жеткен.
Алданып жоқ нәрсеге бос қалыппыз,
Біздерге керек еді бұл іс көптен... [19, 70 б.].
Бірақ  «адам  өмірі  ғылым-біліммен  ғана  түзелмек»  деген 
пікірді  Ғ.  Қараш  уақыт  өте  келе  қанағат  тұтпағанын  оның  1918 
жылы  Уфа  қаласында  басылып  шыққан  «Тұрымтай»  жинағына 
кірген  туындыларынан  байқаймыз.  Ақынның  ойлары  толысқан, 
адам өмірі туралы ойлары салмақты да терең. «Өмір пәлсапасы» 
деген өлеңінде:
Мысалы мынау жалған бір жел қайық,
Қылт етіп, қия бассаң кетер тайып.
Тіршілік бес күн небар тиген еншің
Пайдалан мейіліңше қанат жайып.
Аз еншің, өкінішті жолға шашпа,
Келуі қайта айналып алмағайып, 
деп дүние-өмірдің өтпелілігін мойындайды да [19, 122 б.], дүние – 
бос, өлім – заңдылық болса,
 Жаһанға өлмек үшін келмек болсақ,
 Жаратып нетеді екен құдіретім?!
деген «мәңгілік» сұрақты «Жетім сауал» өлеңінде қояды [19, 125 б.]. 
Өмірдің  мәні  туралы  сұрақтың  жауабын  іздеуде  ол  араб  фило-
софиясына  көбірек  жүгініп,  Ғазали,  Афғани  ойшылдардың 
еңбектерін  терең  зерттегені  көрініп  тұр.  Ғ.  Қараштың  дінге  де-
ген  көзқарасы  осы  кезеңде  мүлдем  өзгерген.  Ол  надан  сопылар 
мен  шын  сопылардың  арасын  айырып,  нағыз  дінге  біржола  бет 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
66
бұрғандай.  Ақын  дүниетанымының  эволюциясын  оның  өзінің: 
«Бір тәңірден басқа бар нәрсе өліп, өзгеріп тұрмақ та. Сол себеп-
тен адамзаттың және оның түйсік-сезімі де ылғи бір халден екінші 
халге  өзгеріп  тұрады.  ...Дұрыстан  бұрысты  айыру.  Сол  туралы 
түсініктерді ажырата білу – адамзат ойының негізгі міндеті», – де-
ген пікірі дәлелдегендей [19, 166 б.]. 
Шәкәрім  мен  Сұлтанмахмұтты  мазалаған  «тек  ғылым 
мен  білім  адамды  көркейте  ала  ма?»  деген  күдік  Ғ.  Қарашта  да 
болған секілді. Ғылым мен білім гүлдену негізі болса, жер бетінде 
зұлымдық неге азаймай тұр? Әлде адамға басқа бір нәрсе жетіспей 
жатыр  ма?  Ғ.  Қараштың  бұл  сауалдарға  берген  жауабы  өте 
мазмұнды. Оның ойынша, адамға ең керек қасиет – өзінің рухани 
дүниесін күшейту. Руханилықтың өрісі кең. Руханилық, ақынның 
түсінігінше,  адамшылықтың  белгісі.  Дүниеге  ішіп-жеу  үшін, 
өз  құлқын  ойлау  үшін  ғана  келетіндер  бар,  олардың  көзқарасы 
«адамшылық  дәрежеден  төмен...Олар  хайуандық  халден  шыға 
алмай  қалған»  [19,  171  б.].  Ғ.  Қараш  өмір  сүруге  материалдық 
жағдайлардың  да  қажеттілігін  теріске  шығармайды,  бірақ 
«мағыналы өмір сүру үшін ішіп, жеу керек. Осыдан барып бақыт 
деген  жақсы,  мағыналы  өмір  мұраты  туды»,  –  деп  дұрыс  атап 
көрсетеді. Бұл қорытындыға ол өзі сүйіп оқыған Ғазали ілімінің 
әсерімен келген секілді. 
Ғазали:  «Тән  –  пәни-өткінші,  діл  –  мәңгі-бақи  болар.  ...адам 
денесін  тәрбиелеуге  көңіл  бөліп  қарамаса,  қажетті  қару-
жарақтарынан жұрдай болып, ақырет бақытынан мақұрым қалар. 
Дене – бұл дүниеде үш нәрсені қажет етпеуі мүмкін емес: жемек, 
кимек,  және  мекен-жай.  Ішпек-жемектік  –  тағат-ғибадат  қылу 
үшін қуат пайда қылар. Ал киім денеңді сақтауға қажет, мекен-жай 
ыстық-суықтан сақтап, басыңа пана болар. ...Ал ділдің ең қажеттісі 
– Хақ тағаланың ілімі болар. Егер бұдан айрылса, жоғалғаны деуге 
болады», – деген еді [20, 70 б.]. Адамның жанын жоғары қойып, 
тәнді  оның  қызметкері  ретінде  қарастырған  Ғазали  секілді  Ғ. 
Қараш та адамның күші оның руханилығында, адамшылығында, 
ал адамшылықтың бастауы – дінде деп түсіндіреді. 
«Ешқандай адам дінсіз өмір сүре алмайды», – деген шешімге 
келген  Ғ.  Қараш  ақиқат  дін  халықты  қараңғылықтан  алып 
шығатындығына  сенімді.  Ақиқат  дін  деп  ол  сопылар  дінін  та-
ниды, ал ел ішіне қаптаған, құранды дұрыс түсіндіре алмайтын 
шала  дүмшелер  қоғамға  тек  теріс  әсерін  тигізеді  деп  есептейді: 
«...пасықтықтың  түп-тамыры  ғылым-білім,  оқу-ағарту  істерінің 

67 
I тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының 
рухани мұрасын зерделеудің теориялық-әдіснамалық негіздері
пайда  болуымен  байланысты  емес,  сопылардың  надандығының 
зиянды әсерінен ...Шын сопылардың уағыз, насихаттары халыққа 
пайда келтіретіндігіне күмән жоқ» [19, 167 б.]. 
Адам  болу  ғылымын  осылайша  ислам  дінімен,  сопылар 
ілімімен  тығыз  байланыстырған  Ғ.  Қараш  адамды  құдайдың 
әмірінен  аса  алмайтын  бейшара  етіп  көрсетуден  аулақ.  Ислам 
ғибраттарынан  сусындай  отырып,  оларды  әрі  қарай  дамыту 
адамның  өз  қолында.  Адам  мейлінше  шыншыл,  мейлінше  әділ 
болуға ұмтыла отырып, шамасы келгенше басқаларға жақсылық 
жасауға тырысуы керек. Жақсылық әрбір адамның қолынан келеді. 
Әрбір адам өзін басқалардан зор санаса, тәкәппарлық көрсетсе, 
барлық жаман осыдан шығады. «Адам жеке басының қарекетімен 
ғана  көздеген  мақсатына  жете  алмайды.  Адам  өмірінің  мәні  – 
қауымдастық»,  –  деген  қағиданың  жаңа  өмір  құруға  кіріскен 
қазақ  жұртына  қажеттігін  Ғұмар  Қараш  жақсы  түсінді  [19,  169 
б.]. Сондықтан да ол әрбір адам өз ісін адал атқарса, халқы мен 
Отанының ісіне пайдасын тигізеді деп үйретеді.
Адамның өзімшілдігін жоятын оның ұяты екендігін Ғ. Қараш: 
«Заманымыздың  бір  оқымыстысы:  кісіні  әрбір  осалдықтан  ұяты 
ғана  тияды.  Кісі  өлтірмек,  шіркеу  бұзбақ,  ойнас  қылмақ  және 
басқа  әртүрлі  жаман  істерді  істеу  жеңіл,  ол  әркімнің  қолынан 
келеді. Егер бұл істерге ұяты ара тұрмасаң деген еді. Бұл – өте бір 
дұрыс сөз», – деп көрсетеді [19, 170 б.]. Ғ. Қараш айтып отырған 
оқымысты – Л. Толстой. Ұятты адамшылықтың ең жоғарғы белгісі 
ретінде  түсінген  орыс  жазушысының  бұл  көзқарасын  қазақ 
ақыны  терең  ұғынған.  Ол  адамды  күш,  қысым  көрсету  арқылы 
бұзықтықтан  сақтау  мүмкін  емес,  санасына  сіңген  ар-ұяты  ғана 
адамның тәртібін, жалпы өмірін қалыптастырады, нәпсінің құлы 
болудан сақтандырады деп пайымдайды.
Ғұмар Қараш адамшылық туралы діни ұғымдарды еңбекпен, 
ғылым-біліммен  ұштастырмаса,  намаз  оқып,  ораза  тұтумен 
қазақ  баласы  алға  өрлемейтіндігін  де  жақсы  түсініп,  жастарды 
білім игеруден жалықпауға шақырады, «мешіт, медреседен оқып 
шыққандар  ұзаса  молла,  ишан  болады,  олардан  үлкен  ғұлама 
білімдар  адамдар  шыға  қоймайды.  Сондықтан  олардың  ұлт 
келешегіне де пайдасы шамалы», – деп мешіттерден гөрі мектеп, 
газет-журнал ашқан дұрыс деп ұсынады [19, 177 б.]. Не көп, мешіт 
көп  осы  заманда  ойшыл  ақынның  бұл  пікіріне  де  құлақ  ассақ, 
артық етпейтін секілді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет