Енді ауызша тілдің негізгі түрлеріне өтпес бұрын типологиялық топтарына
тоқталып өтсек. Ауызша тілдің типологиялық топтары оларды таптастыру
критерийлеріне байланысты түрліше болып келеді. Әдетте, топтарға бөлуде
коммуникацияның экстралингвистикалық факторларын басшылыққа алады.
Сонымен, ауызша тілдің типологиясын жасауда төмендегілер кең таралған
белгілердің қатарына жатады, олар:
1) тікелей немесе қашықтықтан жүзеге асқан ауызша тіл;
2) монолог / диалог / полилог;
3) ресми және бейресми;
4) сұхбат немесе шаршытоп алдында сөйленетін сөз;
5) дайындықты және дайындықсыз ауызша сөз;
6) ауызша тілдің өзге функционалды стильдердегі көрінісі;
7) ауызша тілдің өзіндік жанрлары;
Е.Земская бұл белгілердің жүзеге асуы үшін коммуникативтік актінің
мынадай компоненттерін маңызды санайды:
- коммуниканттардың туған жері мен өскен аймағы;
- білімі;
- жасы;
- жынысы;
- коммуникация кезіндегі рөлі (мысалы: жүргізуші – жолаушы);
- коммуниканттар арасындағы қарым-қатынас деңгейі (бейресми, ресми,
бейтарап);
- коммуниканттардың аялық білімі;
- коммуниканттар саны;
41
- адресаттың сипаты: (таныс, бейтаныс, көпшілік, ұжым т.б.);
- коммуниканттардың коммуникация кезіндегі қарым-қатынас түрі:
визуалды немесе виртуалды [62, б.237].
Осыдан кейін ауызша қарым-қатынас сипатының мәтін типтеріне сәйкес
жасалған классификациясына тоқталайық. Бұл бөліністің авторы – ауызша
тілді зерттеуші Б.Зандиг ауызша коммуникацияның 3 белгісін атап көрсетеді:
оның ауызша форматта болуы (А), машықсыз болуы (М1) және монологтік
сипатқа ие болуы (М2). Ғалымның айтуынша, ауызша мәтіндердің типтері осы
белгілердің комбинациялық қосындысынан туындайды. Оларға мысал
келтірсек:
1) +М2+А+М1: адамның өз-өзімен сөйлесуі;
2) +М2+С–М1: дәріс, шаршысөз, радиобағдарлама, діни уағыз;
3) –М2+А+М1: әңгіме айту, телефонмен сөйлесу;
4) –М2+А–М1: ғылыми дискуссия, дөңгелек үстел т.б. [63, б.160].
Ғылымда көп қолданылатын тағы бір классификация бар. Ол
классификацияның негізі ауызша қарым-қатынастың әлеуметтік аспектісіне
құрылған. Оның авторлары неміс тілші-ғалымдары – Г.Хенне мен Г.Ребока
болатын. Олар әрбір әлеуметтік топ арасындағы ауызша коммуникацияны оның
типтеріне жатқызады [64, б.13]. Мысалы, зерттеуімізге сай мұғалім мен
оқушының арасындағы ауызша коммуникацияны ғалымдар бөлек типке
сәйкестендіреді.
Ауызша сөз типтерінің жинақталуынан оның түрлері қалыптасатындығы
белгілі. Оның түрлері қазақ тіл білімінде Р.Әмір, Н.Уәли, Р.Сыздық
еңбектерінде біршама айтылады. Айталық, академик Р.Сыздық: «Ауызша
сөздің өзі ауызша әдеби тіл және ауызекі сөйлеу тілі деп екіге бөлінеді де,
олардағы сөзқолданыстарында айырмашылық болады» деп көрсеткен [11, б.15].
Соның ішінде ерекше ауызекі сөйлеу тіліне былайша тоқталады: «Ауызекі
сөйлеу тілін анықтап тұрған – ауызекі деген атрибуты, яғни бұл – екі не одан да
көп адамның ауызба-ауыз (жүзбе-жүз, құлақпа-құлақ) отырып сөйлесулері,
сөйлеулері. Мұны тұрмыстық тіл деуге де болады. Адамдар жүзбе-жүз
тілдескенде дыбыстап (ауызекі) сөйлейді (сөйлеседі), ал тілдің бұл көрінісі
жазба әдеби тіл машығынан да, оның ауызша қолданысынан да бөлек. Оның
лексикалық құрамында да, морфологиялық, әсіресе синтаксистік жүйесінде де
әдеби тілдің жазба түрінен де, ауызша түрінен де бөлек (ерекше) қолданыстар
едәуір көрініс табады [65, б.19]. Ал аты аталған ғалымдардың зерттеулерін
жалғастырушы Қ.Күдеринова қалыптасқан жіктеулерді дамыта келе, ауызша
тілді таптастырудың мынадай жүйесін ұсынады: «Тіл ауызша және жазба тіл
арқылы көрінеді. Ауызша тіл ауызекі сөйлеу тілі (отбасы, аула т.б.), бейтарап
ауызша әдеби тіл (БАҚ тілі, шешендік сөз, дәріс, жиналыс) және ауызша
әдеби тілге (мектеп бағдарламасы, ғылыми конференция баяндаулары т.б.)
бөлінеді. Әдеби тіл көркемсөз стилі, шаршысөз стилі, ғылымисөз, ресмисөз
стиліне ажырайды. Ал жазба тіл де жазба ауызекі тіл (хат, қолхат, интернет
тілі) және жазба әдеби тілге (көркем әдебиет, публицистикалық, ғылыми,
ресми ісқағаздар стилі) бөлінеді» [51, б.44].
42
Сурет 5 – Ауызша және жазба тілдің бөлінісі
Зерттеуші Қ.Күдеринова аталмыш ауызша және жазба тілді олардың
түрлеріне сәйкес бала санасында қалыптасуын өте жақсы сипаттап өтеді.
Оныңайтуынша, адам ауызекі тілді бала кезінен бастап отбасында, аула,
қоғамдық орындардың кейбір түрлерінен үйренеді. Мектепке барып, оқи
бастағанда жазба тілді алдымен ауызекі тілдің деңгейінде қабылдайды. Оны
мектепалды, бірінші сынып балаларының сөздерді естілуі бойынша жазуы
немесе кітаптағы мәтіндерді үлкендерге ауызша айтып беруін өтінуінен
байқауға болады. Бір қарағанда, ауызша сөйлеуді біраз меңгерген бала мектеп
табалдырығын аттап, сауат ашқанда жазба тілді оңайлықпен игере қоймайды.
Әріптерді дыбысқа айналдырып, буын құрай алмай, буынды сөзге «айналдыра
алмай», едәуір қиналады. Ал естіген сөзді әріптер арқылы құрастырып,
таңбалауды сауатты түрде меңгеру ұзақ уақытқа созылады. Сөзді буынға
жіктеп, тұтас оқу қиындығы белгілі. Сол секілді оқыған мәтінін бірінші ауызша
тілге аударып, алып, сосын өз түсінігін айтуға келгенде қайта әдеби тілге
айналдыруға тырысып, бірнеше мәрте дайындалады. Себебі ауызша сөйлеу
мәнерін де жазба мәтінге лайық сөйлеу нормасына «айналдырып» үйрену
керектігі шығады. Ауызекі тілде толымсыз, жақсыз, жалаң сөйлемдер,
қарабайыр сөздермен, экспрессивті сөздермен, кинесикалық амал-тәсілдермен
ойын жеткізіп, үйреніп қалған бала жазба мәтін арқылы ойын қалай берерін
білмей қиналады. Жазба дәстүрді игеруге уақыт көп кетеді. Ауызша құрған ой
жазба тілге «аударылып», жазылған мәтін ауызша тілге аударылып қана
түсінікті болады. Осыған орай, белгілі ғалым Л.Щерба: «Кез келген мәтінді
түсіну үшін алдымен оны сөйлеу тіліне аудару керек» [66, б.30] деген болатын.
Басқаша айтқанда, өз тілінен басқа екінші тілді үйренудің қиындығы сияқты.
Осы кезде теледидар, түрлі мәдени орындар арқылы бейтарап сөйлеу тілін де
қатар меңгере бастайды. Сөйтіп 7-8 сыныпқа дейін бала көркем
шығармалармен танысып, эстетикалық талғамы қалыптасып, өз ойын
көркемдегіш құралдар арқылы жеткізуге дағдыланады. Кейін 9-11 сыныптар
аралығында бала сол шығармаларды талдау арқылы, сыни көзқарасы
43
қалыптасып, публицистикалық стильге төселеді. Ал жоғары оқу орнында
жүргізілетін дәріс пен сабақтардың арқасында ғылыми стильді игереді. Содан
соң жұмысқа тұрғанда ресми сөйлеуді үйренеді [51, б.43].
Кез келген адамның сыртқы қоғаммен қарым-қатынасы өзіндік МЕН-інен
басталады. МЕН-нің айналасындағы жақын кеңістікті таныс орта деп атаймыз.
Ал МЕН-нен алыстай бастаған кеңістікті таныс-бейтаныс орта және
бейтаныс орта десек болады. Сонда адам таныс ортада ауызекі сөйлеу тілін,
таныс ортадан алшақтағанда, яғни таныс-бейтаныс ортада бейтарап сөйлеу
тілін, ал бейтаныс ортада әдеби тілді қолданады екен [61, б.141].
Сурет 6 – Сөйлеу тілінің адамның жеке МЕН-іне қатынасы
Енді жоғарыда берілген бөліністі жеке-жеке талдап өтейік. Ауызекі сөйлеу
тілі – күнделікті тұрмысқа тән. Анық емес артикуляция, дыбыстар мен сөздерді
«жұтып қою», тез екпінмен сөйлесу – бұл тілге тән ерекшеліктер.
Бейтарап сөйлеу тілі – жеткілікті түрде анық артикуляциясы бар, бірақ
дыбыстарды аздап «жұтып қоюымен» (редукция) ерекшеленеді. Айтылу екпіні
– жылдамырақ, орташа. Іскерлік әңгімелер, келіссөздер және басқа да іскерлік
қатынас түрлері осы бейтарап сөйлеу тілінде жүргізіледі.
Толық әдеби сөйлеу тілі – барлық дыбыстардың анық, түсінікті, асықпай
жай екпінмен айтылуымен ерекшеленеді. Бұл сөйлеу тілінің үлгілерін
тәжірибелі шешендердің көпшілік алдында сөйлеулерінен, радио мен
теледидардың кәсіби дикторларының сөздерінен көреміз [8, б.19].
Көріп отырғанымыздай, адамның тілді меңгеруінің алғашқы сатысы
ауызекі сөйлеу тілі болып отыр.Ауызекі сөйлеу тілінің сыртында қарапайым
сөйлеу тілінің де ұшырасатыны мәлім. Ауызекі сөйлеу тілі деп қарабайыр,
дөрекі, былапыт сөздер араласпаған, өзге тіл элементтері – варваризмдерді
қолдану белгілі бір көлемде әдет болып кеткен, жаргон сөз жоқ, әдеби тіл
44
нормасынан ауытқу айқын көрінетін, диалект сөз бар өзара жақсы таныс,
өздерін бөтен санамайтын ортада қолданылатын тіл болса, қарапайым сөйлеу
тілі өзге тілдің сөз саптаулары, тіркестері, грамматикалық тұлғалары есепсіз
қолданыла беретін, дөрекі, былапыт сөздер молынан ұшырасатын, белгілі бір
шағын әлеуметтік ортаның коммуникациясында пайдаланылады.
Ауызекі сөйлеу тілінің ауызша коммуникацияда мынандай қызметтерін
атап өтуге болады:
- коммуникативтік;
- коммуниканттардың МЕН-ін айқын көрсетеді;
- ұлттық тілдің негізі, себебі ауызекі сөйлеу тілінің сапасы әдеби тілге өз
әсерін тигізеді;
- коммуниканттардың әлеуметтік тең ортасын қалыптастырады;
- ауызша тілдегі ресмилікті азайту үшін қолданылады [67].
Ауызекі сөйлеу тілінің қолданылу аясы отбасы, туған-туыс, дос-жаран,
көршілер арасындағы коммуникация екенін атап өткен болатынбыз.
Ядролық кеңістігі: ОҚҚ – отбасы қарым-қатынасы, ТТҚҚ – туған-туыс қарым-
қатынасы; Перифериялық кеңістігі: ДЖҚҚ – дос-жаран қарым-қатынасы, КҚҚ
– көршілер қарым-қатынасы.
Сурет 7 – Ауызекі сөйлеу тілінің қарым-қатынас кеңістігінде орналасуы
Аталған қарым-қатынас түрлерінің релевантты сипаттары ретінде ерікті,
машықсыз және дайындықсыз болуды, жағдаятқа тәуелділікті, көбінесе
диалогқа негізделуді, әңгіме тақырыбының еркін өрбуін, тілдік құралдардың
талғамай қолданылуы және бейвербалды амалдардың көптігін атауға болады.
Жалпы ауызекі сөйлеу тілінің қарым-қатынас кеңістігіндегі орнын төмендегі
кестемен негіздеп өткенді жөн көрдік:
Кесте 10 – Сөйлеу тілінің қарым-қатынас кеңістігіндегі орны
Қарым-қатынас аясы
Ядролық кеңістік, перифириялық кеңістік: күнделікті тұрмыс
Қарым-қатынас
коммуниканттары
Ядролық кеңістік. ОҚҚ: отбасы мүшелері, үй жануарлары
(қазіргі кезде адамдардың өз үй жануарларына сөйлеуі жиі орын
алуда); ТТҚҚ: алыс және жақын туыстар, қандас бауырлар.
Перифериялық кеңістік. ДЖҚҚ: достар, құрбылар; КҚҚ: көрші-
қолаң.
Қарым-қатынас орны
Ядролық кеңістік. ОҚҚ, ТТҚҚ: үй
Перифериялық кеңістік. ДЖҚҚ: достар мен құрбылардың көрісуі
мүмкін жерлер; КҚҚ: аула.
45
10-кестенің жалғасы
Қарым-қатынас уақыты
Ядролық кеңістік. ОҚҚ: отбасы мүшелерінің үйде болатын
уақыттары; ТТҚҚ: демалыс, мереке күндері.
Перифериялық кеңістік. ДЖҚҚ: демалыс, мереке күндері;
КҚҚ: күнделікті.
Қарым-қатынас мақсаты
Ядролық кеңістік. ОҚҚ: үй шаруасымен айналысу, бала
тәрбиелеу, отбасы мүшелерінің бір-бірін психологиялық
қолдауы т.б.; ТТҚҚ: туыстық қарым-қатынасты нығайту.
Перифериялық кеңістік. ДЖҚҚ: бірге уақыт өткізу, қолдау
көрсету; КҚҚ: ортақ үй шаруаларымен айналысу, фатикалық
мақсатта – әңгімелесу.
Қарым-қатынас сипаты
Ядролық кеңістік. ОҚҚ: коммуникативтік-прагматикалық;
ТТҚҚ: коммуникативтік, куммулятивтік.
Перифериялық
кеңістік.
ДЖҚҚ:
коммуникативтік,
психологиялық; КҚҚ: коммуникативтік, әлеуметтік.
Сөйлеу ерекшеліктері
Ядролық кеңістік, перифириялық кеңістік: тілдік жағдаят
маңызды, формадан мазмұн ізделеді (әдеби тілде мазмұнға
арнап форма ізделеді), нақ осы шақта түсінікті болуды
қалайды, сөз синкретті сипат алады, жағдаят пен сөз тұтасады,
жаңа лексемалар жасалымпаз, қысқартулар, ықшамдаулар
басым, экспрессивті-бағалауыштық реңк күшті, назар аударту,
ден қойдырту мақсатында бір синтаксистік тұтастықта
қайталап айтушылық орын алады, сілтеу есімдіктерінің
коммуникативтік қызметі басым, өз ойын өзі мақұлдайтын
қызметтегі шылаулар, қыстырынды сөздер көп, семантикалық
байланыс күшті, аналитизм мен инверсия басым.
Ендігі кезекте ядролық және перифериялық кеңістікте орналасқан әрбір
ауызекі сөйлеу түріне қысқаша тоқталып өтсек. Отбасы шағын әлеуметтік топ
ретінде психология, әлеуметтану, педагогика, экономика, заң секілді ғылым
салаларында терең зерттелуде. Қазіргі кезде лингвистика да отбасы тілін өз
зерттеу нысан етіп алып отыр. Кейбір шетелдік ғалымдардың айтуынша,
отбасында қолданылатын ауызекі сөйлеу тілі тілшілердің назарына тек ХХ
ғасырдың басында ғана іліне бастады [68, б.460]. Әсіресе бұл салада зерттеуші
М.Серевичтің еңбегін ерекше атап өтуге болады [69]. Орыс тіл білімінде де
отбасы ауызекі сөйлеу тіліне байланысты бірқатар еңбектер жазылған болатын.
Солардың ішінде А.Занадворованың «Функционирование русского языка в
малых социальных группах (речевое общение в семье)» [70], А.Байкулованың
«Устное неофициальное общение и его разновидности» [58], В.Анохинаның
«Коммуникативный и адаптационные аспекты речевого общения в семье как в
малой социальной группе» [71], О.Черничкинаның «Коммуникативная
инициатива в межличностном общении (на материале супружеского дискурса)
[72] еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Мысалы, А.Занадворова өз
зерттеуінде отбасындағы ауызекі сөйлеу тілінің өзін іштей топтарға бөлуге
болатынын айтады: 1) ерлі-зайыптылар, 2) ата-ана>кішкентай балалар, 3)
кішкентай балалар<ата-ана, 4) балалар – балалар. Ғалым бұл түрлердің
әрқайсысының жанрларға бөлінетінін жазады [70, б.384-387]. Сондай-ақ отбасы
46
іші тілін бақылау барысында күнделікті қайталанатын стереотип-жағдаят,
хронотоп-жағдаят және табан астында пайда болатын тілдік жағдаяттардың
болатынын байқадық. Сонымен қатар әр отбасының белгілі бір сөздік қорының
қалыптасатындығы анықталды. Ғалымдар ол сөздерді «фамилизм» деп атауды
ұсынады [73, б.175]. Ол «сөздік қор» отбасы мүшелерінің құрамы, олардың
адамгершілік қасиеттері мен жас-жыныстық ерекшеліктері, психологиялық
және коммуникативтік құзыреттіліктерінің деңгейі секілді факторлармен тығыз
байланысты [74, б.48]. Тағы бір қызық факті ретінде отбасы ауызекі сөйлеу
тіліне оның мүшелерінің мамандықтары да әсер ететінін айтып кетуге болады.
Бұл үйдің отағасы әскер адамы болған отбасының ауызекі сөйлеу тілін зерттеу
барысында анықталды. Бақылау кезінде отбасы ауызекі сөйлеу тілінде
төмендегідей құбылыстар байқалды:
1) Отбасы мүшелерінің сөйлеу мәнері әскер адамының сөйлеу мәнеріне
жақын. Оны 14 жасар қызының құрбылары тым дөрекі сөйлейтінін ескертуінен,
бірақ қыздың «ол – дөрекілік емес, тек өзінің қалыптасқан сөйлеу мәнері»
екендігін айтуынан көре аламыз;
2) Күнделікті өмірде де әкесі әскери лексиканың элементтерін қосып
сөйлейтіні байқауға болады. Мысалы: таңертең балаларды «Рота, подъем!» деп
оятуы, ал жатқанда «Отбой!» деп бұйрық беруі, әр баласын үлкенінен кішісіне
қарай әскери лауазымдармен атауы (солдат, лейтенант, капитан, майор).
Тағы сол сияқты мұғалімдер, дәрігерлер отбасындағы сөйлеу тілі
бақыланған болатын. Олардан да жоғарыда аталған құбылыстар байқалды.
Осыдан келіп, отбасындағы коммуниканттардың жеке бас қасиеттері тұтастай
отбасы лексикасына, сөйлеу тіліне әсері мол екенін айта аламыз.
Отбасы мүшелерінің өзіндік рөлдері де ауызекі сөйлеу тілінде айқын
көрінеді. Отбасын құрғанда адамдар бұрын еніп көрмеген жаңа рөлдерге ие
болады. Ол рөлдердің көрінісі олардың тіліне әсер етпей қоймайды. Рөлдердің
ең бастыларына күйеу мен әйел, әке мен ана, ата мен әже, балалар т.б. рөлдерін
жатқызамыз. Соның ішінде күйеу мен әйелдің рөлдік ерекшеліктері мен
олардың тілге әсерін байқау үшін 6 түрлі отбасындағы күйеуі мен әйелінің
диалогтарын таспаға жазып, талдап көрдік. Нәтижесінде мынадай
ерекшеліктерді айтуға болады:
1) Әйелінің тілінде күйеуіне қарағанда ұзақ сөйлемдер көп қолданылады,
әрі сөйлемдер эмоционалды-эксперссивтілігімен ерекшеленеді. Ал күйеуі
көбінесе хабарлы және сұраулы сөйлемдерді көп қолданады. Сондай-ақ күйеуі
өз сөзінде көбінесе етістіктер мен модаль етістіктерін пайдаланса, әйелі көбінде
сын есімдер мен есімдіктерді тіліне тиек етеді;
2) Күйеуі мен әйелінің тілінде басқа отбасы мүшелеріне қарағанда тілдік
стратегиялар мен тактикалар көбірек қолданылады. Мәселен, ақпараттық
стратегияда қамқорлық таныту мен сұрақ сұрау тактикалары байқалады:
(күйеуі) Айжан, аурып қалған жоқсың ба? // Өңің әппақ қудай ғой ...
Регулятивті (реттеу) стратегия абырой, беделді алға тарту, коммуникативті
өзімсіну (интимизация) және фактілерді қарама-қарсы қою тактикалары
арқылы жүзеге асады: (әйелі) Сеңген қойым сен босаң дегендей // сенен оны
күтпеп едім ...; (әйелі) Өз гүнүмізді өзміз көрмөсөк, ертең бізге кімнің
47
жанашид? Бұл стратегияда коммуникативтік шиеленісті болдырмау үшін
күйеудің көбінесе тілдік ойын, әзіл-қалжыңның астары арқылы шындықты
жеткізу тактикасы да көрінді. Мысалы: (күйеуі) Бұрұн әкеееең // ашуланад деп
қорқытса // қазір // шешееең кележатыр деп қорқытатын болдық қой...
Сондай-ақ күйеуі мен әйелі қарым-қатынасында айыптау, шағымдану
тактикасы да жиі қолданылатыны байқалды. Айталық, көп жағдайда әйелі
шағымданып сөйлесе, күйеуі оны айыптау деп түсінеді екен. Бұл құбылысты
атақты психолог Дж.Грэй «Мужчины – с Марса, женщины – с Венеры»
еңбегінде де атап өткен болатын [75].
Ал ерлі-зайыптылардың әке мен ана ретіндегі рөлдері уақыт өткен сайын
өзгеріп, дамып отыратыны белгілі болды. Яғни жаңа туған нәрестеге
бағытталған сөйлеу тілі мен жасөспірім шақтағы баласына бағытталған сөйлеу
тілінің арасында үлкен айырмашылық байқалады. Тіпті балалардың жыныстық
ерекшеліктеріне байланысты да сөйлеу тілінде көп өзгешелік бар.
Сонымен, біз көптеген бақылаулар мен талдаулардың нәтижесінде отбасы
тілінің өзінің мәдениеті болады деген тұжырымға келдік. Ол мәдениеттілік өз
кезегінде сөздің дұрыстығы, дәлдігі, қисындылығы, өтімділігі секілді бірқатар
сөз сапаларына тікелей байланысты.
Ал туған-туыс қарым-қатынасына келетін болсақ, олардың арасындағы
коммуникацияның басты мақсаты – ақпараттандыру, қолдау көрсету,
қалыптасқан ортақ дәстүрлерді сақтау. Туған-туыс арасындағы ауызекі сөйлеу
тілінің сипаты туыстардың алыс-жақындығына, көрісу жиілігіне т.б.
факторларға тәуелді. ТТҚҚ арасындағы тілдік ерекшеліктерді көрсету үшін
оны ОҚҚ барысында көрінетін тілдік жағдаяттармен салыстырмалы түрде
көрсеткен дұрыс деп шештік.
Кесте 11 – Отбасы қарым-қатынасы мен туған-туыс қарым-қатынасы
арасындағы ауызекі сөйлеу тіліндегі ерекшеліктер
ОҚҚ
ТТҚҚ
Үйден шығу. 1) (әйелі күйеуіне)
Жақсы онда // мен кеттім.
2) (қызы анасына) Мам, ақша берш
// мен кеттім.
3) (күйеуі әйеліне) Есікті жауып
алыңдар // мен кеттім.
Үйден шығу. 1) (қызы қонаққа келген анасын
шығарып салуда) Так / мам / ешнәрсе ұмтып кеткен
жоқсыңба? (анасы) Ұмұтпаған сияқтымын // (қызы)
Жақсы онда // аман-есен жет // жеткен соң хабарлас
//
2) (нағашы атасы немерелерін шығарып салуда) Ал
жақсы алтындарым // келгендеріңе рақмет // жиі кеп
тұрсаңдарш // не бұйымтайларың бар?
Үйге келу.1) (анасы қызына)
Сәлееем // Тоңған жоқсыңба //
2) (күйеуі жұмыстан кейін) Мәәә //
тамақтың исі анааау жақтан шығыб
жатыр //
Үйге келу.1) (отбасы басқа қаладан келген
туыстарын күтіп алуда) Ооо // қалай жеттіңіздер //
бәрі жақсы ма // сағынып кеттік қой сіздерді //
2) (атасы мен әжесі немерелеріне келуде) Зеейнеееп
// қара гім келді // сіздерді азаннан бері күтіп жүр
өзү //
Кестеден көріп отырғанымыздай, отбасы қарым-қатынасы мен туған-туыс
қарым-қатынасы арасындағы ауызекі сөйлеу тілінде едәуір ерекшеліктер
48
байқалады. Мысалы, туған-туыстар арасындағы ауызекі сөйлеу тілінде
прессупозиялық элементтер көп байқалады. Отбасы коммуникациясында сөз
адресанттың позициясынан құрылса, туған-туыстарда көбінесе жағдай
адресатқа қарай бағытталады.
Зерттеу нысанымыздан алшақтап кетпес үшін ауызекі сөйлеу тілінің тек
ядролық кеңістігіне ғана ерекше тоқталдық. Ал перифериялық кеңістігі алда
жазылатын ауызша тілге қатысты басқа жұмыстарға арқау болады деген
сенімдеміз.
Жоғарыда ауызша тілдің тағы бір түрі – бейтарап сөйлеу тілі екенін айтып
өттік. Таныс-бейтаныс ортада бейтарап сөйлеу тілін қолданатынымызды және
жалпы әдеби тілдің базасын құрайтындығын да айтқанбыз. Бейтарап сөйлеу
тілінің белгілері: а) әдеби тілдің лексикалық, грамматикалық бірліктері мен
құрылымы сақталған; ә) жергілікті, қарапайым сөйлеу тілінің, өзге тілдің
элементтері жоқ; б) тілдің нормасында шықса да, ауызша тілдің құрылымы
нақты көрінетін; в) ауызша аудиторияға бағытталған; г) сөйлеу тілінің үнемдеу,
ықшамдау процестері көрініс тапқан тіл. Сөйлеудің бұл түрі көбінесе үлкен
ұжым, ұйым мүшелері арасындағы күнделікті қарым-қатынаста, жиналыстарда,
бейтаныс адамдар арасындағы тілдесуде, іскерлік қатынастарда, дәрігер мен
науқас, банк қызметкері мен оның тұтынушылары, қызмет көрсету салаларына
шалынған телефон тілдесулерінде қолданылады [67]. Біз бұл тізімге өз зерттеу
жұмысымызға сәйкес оқытушы мен білім алушы арасындағы сөйлесуді де
жатқызғымыз келеді. Сондықтан болашақ филолог-студенттердің ауызша сөз
мәдениетін дамытудың әдістемесінде бейтарап сөйлеу тілін зерттеу мен
оқытудың маңыздылығы арта түспек.
Бейтарап сөйлеу тілі ауызекі сөйлеу тілі мен әдеби тілдің арасында
біршама алшақтықты жымдастырып жібереді десек болады. Яғни бейтарап
сөйлеу тілі – әдеби тілді тұтынуға, жеңіл тұтынуға, сөздің жүйесін жасауға
жәрдем беретін аралық тіл болып табылады. Тілдімеңгеру деген ауызекі сөйлеу
тіліненжазба әдеби тілге қарай (әсіресе ғылыми, ресми іс-қағаздары) қиындай
түседі. Ол, ең алдымен, жазу жүйесінің күрделілігінен шығады. Ауызша тіл мен
жазба тіл арасында бейтарап сөйлеу тілінің болуы алдыңғысынан соңғысына
көшуді жеңілдетеді. Кез келген тілтұтынушы монологке майталман емес,
біртуар тілдік тұлғалар ғана әдеби тілдің ауызша түрі мен кітаби түріне
машықты келеді, яғни әдеби тілде ғана ойын жеткізетін элитарлық топ жалпы
халықтың аз бөлігін қамтиды. Ендеше белгілі тіл маманы Н.Уәлидің бейтарап
сөйлеу тілін меңгерген топ жалпы тілдік ортаның ұйытқысы болады деген сөзі
бүгінгі қазақ тілін тұтынушы тұлға мен әдеби тілдің нормасы арасын
айқындайтын нақты тұжырым [67]. Мұны кезінде М.Балақаев та: «Жұрттың
бәрінің сөйлеу дағдысын, тіл жұмсау мәдениетін бір өлшеммен өлшеуге, бір
үлгімен пішуге болмайды. Тілді қоғамдық құбылыс есебінде пайдаланушы
қоғам мүшелерінің ақыл-ой парасаты, білімі, мәдениеті, өнер-ғылымға
қанықтығы, іс-әрекеті біркелкі емес. Оның үстіне олардың туып-өскен
айналасы, тілдік дағдысы бірдей емес»,– деп айтып кеткен болатын [76,
б.15].Демек, бейтарап сөйлеу тілінің тұтынушыларының санын арттыру,
бейтарап сөйлеу тілін толыққанды игерген филолог мамандарын даярлап
49
шығару – біздің басты міндеттеріміздің бірі деп есептеуіміз керек. Экономика
Достарыңызбен бөлісу: |