Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



Pdf көрінісі
бет50/156
Дата07.02.2022
өлшемі2,71 Mb.
#84026
түріОқулық
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   156
Байланысты:
koblanov-shetel-ad-tar

триумвират
құрылады. Бұл да мемлекетті басқару ісінде әскери 
диктатураны қолдайды. Арадан көп уақыт өтпей, жеке билікке 
ұмтылған Помпей мен Цезарь ортасында жаңа азаматтық соғыс 
басталып, қарсыласын жеңген Цезарь құдіретті мемлекеттің жеке 
әміршісі дәрежесіне көтеріледі. Бірақ, Цезарьдің салтанаты тек 
бес жылға ғана созылады (б.з.б.49-44). Мұндай даңққұмар жанның, 
әрине ертеңгі күні патша тағына қол созатындығынан қауіптенген 
республикашылар оны қастандықпен өлтіреді.
Республикашылар Цезарьді өлтіргенімен, ескі билік тәртіптерін 
қалпына келтіре алмайды. Марқұмның ең жақын досы Антоний мен 
асыранды ұлы Октавиан ортасында қиян-кескі тақ таласы басталады. 


139
Он жылға созылған жаңа азаматтық соғыс біздің заманымыздан 
бұрынғы 31-жылы Октавианның жеңісімен аяқталады. Римде 
республикалық құрылыстың құлдырауына және императорлық 
биліктің нығаюына себеп болған жүз жылдық әлеуметтік күрестің
маңызды оқиғалары міне осылар еді.
Римнің құдіретті мемлекетке айналуы қарсаңында болған 
осындай өткір таптық күрестер философияда, әдебиетте және 
шешендік өнерде өзінің жарқын көрінісін табады. 
Ақсүйектер ең алдымен грек философиясына жүгініп, кейбір 
білімпаздардың ілімдері негізінде Римдегі қоғамдық әлеуметтік 
құрылыстың әділеттілігін, ақсүйектер салтанатының заңды 
екендігін дәлелдеуге ұмтылады. 
Рим мемлекетінің жиһангерлік саясатының ең алғашқы негізін 
салушы грек тарихшысы 
Полибий
(б.з.б.201-120) болды. Оның
пікірінше, «Рим өзінің барша жеңістеріне тек билік әдістерінің 
жетілгендігінің нәтижесінде ғана қол жеткізген. Өйткені, бұл жерде 
өкіметтің барлық түрі – монархия, аристократия және демократия 
мығым біріктірілген». Дәл осындай пікірді екінші бір грек философы 
Панэтий
де (б.з.б.180-110) мақұлдайды. Оның айтуынша, «жеке 
құдіретті мемлекет жер бетінде әділеттік орнатудың негізгі кепілі 
бола алады. Сондықтан, әрбір азамат осындай мемлекеттің нығайту 
жолында құрбан болуы тиіс». 
Жалпы екі философ та Римнің мемлекеттік құрылысын, оның 
жиһангерлік саясатын қолдап, қуаттайды. Рим ақсүйектерінің 
мүддесіне сай келетін мұндай көзқарастар, кейін сенат өкілдерінің 
ең соңғы ірі қайраткері Цицерон еңбектерінде кең түрде баяндалады. 
Кертартпа ілімдермен бірге республиканың соңғы жылдарында Рим 
қоғамының рухани өміріне материалистік танымдар, әсіресе Эпикур 
философиясы да келе бастайды. Бұл ағымның нағыз қолдаушысы – 
«Бұйымдардың қасиеті» атты поэманың авторы Лукреций еді. Б.з.б. 
ІІ ғасырдың аяғы І ғасырдың бастарында Рим әдебиеті мазмұн 
жағынан да, форма жағынан да түбегейлі өзгерді. Бұл әдебиет енді 
сырттан енген және Рим адамының тұрмысына оншалықты сәйкес 
келе бермейтін жат құбылыс емес, ал сол халықтың қоғамдық-саяси 
күрестерінде шыныққан сенімді қаруға айналады. Ғасырлар бойы 
ақындар шығармашылығына негіз болып келген аңыздық сюжеттер 
республиканың соңғы дәуірлерінде толығымен назардан тыс 
қалып, әдебиет сол кезеңнің ең өзекті мәселелерін, яғни саяси және 


140
әлеуметтік талаптарды көтереді. Бұл құбылыс көркем өнердің Рим 
жерінде осы уақытқа дейін болмаған жаңа түрі - публицистиканың 
қалыптасуына кең жол ашады. 
Әдебиет тақырыбының түбегейлі өзгеруі, оның мазмұнында 
публицистикалық сарынның күшейіп бара жатқандығы ұлы 
сатирашы 
Луцилий
(б.з.б.108-102) шығармашылығында айқын 
көрінеді. Антикалық дүние әдебиеті тарихындағы ең алғашқы 
сатирашы-жазушы Аристофанды есепке алмағанда, грек 
әдебиетінің классикалық дәуірінде де Рим ақыны Луцилийге ұқсас 
сатирашы болған жоқ. Дұрыс, Луцилий өзінің өлеңдерін қазірше 
«сатира» деп атамай, көне Рим қаламгері Эннийді үлгі ете отырып, 
өз туындыларын «Сатура» («құрама») деп атайды. Қазіргі біздің 
түсінігіміздегі «сатира» термині Луцилий туындыларына кейінірек
қолданылған.
Луцилий - әдебиеттің саяси құдіретін терең сезініп, ақсүйектер 
арасында осы салаға алғаш қадам қойған қаламгер. Бірақ, ақындық 
өнер ол үшін жай ермек емес, ал өзінің айтуынша, «халықтық 
мүддені көтерген жалынды күрестің көрінісі». Соның үшін Луцилий 
аңыздық мазмұндағы дастандар мен трагедиялардан мүлдем бас 
тартып, өз шығармашылығын сатирамен ғана байланыстырады.
Луцилийдің шығармалары көпшілікке түсінікті қарапайым 
халық тілінде жазылған. Ақын тарапынан тұңғыш рет сатира 
жанрында қолданылған гекзаметр өлшемі Луцилийден кейін өмір 
сүрген Рим сатирашыларына үлгі, негізгі өлең өлшемі болып қалды.
Луцилийдің сатирасына мазмұн болған өзекті мәселелер 
шешендік өнерінде айқынырақ көрінеді. Өршіген саяси және 
әлеуметтік күрестер кезінде мемлекет қайраткерлерінің абыройы мен 
даңқы негізінен, олардың сөзге қаншалықты шешен екендіктеріне 
де байланысты болған. Міне, осы жағдай Рим ақсүйектерінің 
ортасында грек шешендік өнерін үйрену қажеттілігін күшейтеді. 
Б.з.б ІІ ғасырдың орталарында басталған бұл әрекет 
нәтижесінде, көп ұзамай ірі-ірі шешендер өсіп жетіледі. Алғашқы 
шешендер арасында ең даңқтылары - ағайынды Грахттар болды. 
Осы кезеңде рим сөз зергерлері ортасында екі түрлі шешендік әдіс 
кең қолданылды. Бұлардың бірі - азия әдісі, екіншісі - аттика әдісі. 
Азия әдісін қолдаған шешендер сөздің әсерлі, біртұтас болуына, 
қорытындылардың түсініктілігіне ерекше назар аударады. 
Аттикашылар болса, грек сөз өнерінің ірі өкілі Лисий мен Фукидид 


141
сияқты сөздің қысқалығын, қарапайымдылығын сақтауға ұмтылады.
Цицерон
Өзінің отансүйгіштігі тұрғысынан Демосфенмен қатар тұратын 
және көне дүниенің ұлы сөз зергері ретінде танылған шешен 
Марк Туллий Цицерон болды. Цицерон б.з.б 106-жылы Римнен 
оншалықты алыс емес Арпина қалашығында туды. Оның ата-анасы 
қала халқының дәулетті ақсүйектер тайпасынан еді. Олар өз ұлына 
жақсы білім беру мақсатында Римге қоныс аударады. Алғашқы 
сауатын грек мұғалімдерінен ашқан Цицерон жас шағынан 
бастап-ақ грек тілін жетік меңгереді, грек әдебиетімен жақын 
танысады. Сөз өнерін игеру саласында дәуірінің атақты шешендері 
Цицеронға ұстаздық қылады. Рим қаласында жасайтын кейбір грек
философтарының жәрдемінде ол заманының жаңа философиялық 
ағымдарыман танысады.
Цицерон өз қызметін Сулла билігінің қанды жылдарында (б.з.б. 
81) бастайды. Алғашында ол Публий Квинций деген қарапайым 
шаруаның заңсыз тартып алынған жері айналасындағы дауға 
қатысты қорғаушы ретінде сөзге шығып, істің сәтті аяқталуына 
қол жеткізеді. Осы жеңістен рухтанған Цицерон көп ұзамай ауыр 
қылмыс жасаған адамды қорғауға алады. Бұл істің жағдайы 
төмендегіше еді: Росций деген бай адам бейтаныс кісілердің 
қолынан қаза табады. Марқұмның туыстары Сулланың жақын 
әкімдерінің бірі болған Хрисогонның жәрдемінде Росцийді жалған 
жолмен проскрипция (өздері өлімге, дүние-мүлкі өкіметке үкім 
қылынған жандар) тізіміне кіргізіп, сол арқылы оның байлығын 
тартып алмақшы болады. Мұның үстіне марқұмның мұрагер ұлын 
«әкесін өлтірген қанішер» деп жалған айып тағып, оған қарсы 
қылмыстық іс қозғайды.
Росцийдің ісі өте қауіпті еді. Өйткені, бұл қылмысқа Хрисогонның 
қатынасы барлығын сезіп, заманының атақты шешендерінің 
бірде-біреуі қылмыскерді әшкерелеуге жүрегі дауаламайды. 
Цицерон батылдықпен Хрисогонның айла-амалдарын, жауыздық 
ниеттерін әшкерелейді және мұндай жауыздық Росцийдің өлімінен 
пайда табуды ойлаған залымдардың қолынан ғана келуі мүмкін 
екендігін дәлелдейді. Жазаланушы ақталады. Цицерон Росцийдің 


142
ісі туралы сөйлеген сөзінде Сулланың есімін ашық атамаса да, 
оның саясаты мен тәртіптерін қатты сынға алады. Сол заманның 
көптеген сөз шеберлері сияқты Цицерон да өз қызметінің алғашқы 
дәуірінде азиялық шешендік әдістен пайдаланып, сөздің көтеріңкі, 
баяндаулардың жалынды, шабытты болуына көп көңіл бөлген.
Росцийдің сотынан кейін Римде қалудан қауіптенген Цицерон, 
философия мен шешендік өнерді тереңірек игеру сылтауымен 
Грекия сапарына аттанады және осы екі жылдық саяхатында Афина 
өмірімен жақыннан танысады, Кіші Азияның көптеген қалаларында 
болады. Бірнеше ай Родос аралында жасап, даңқты философтардан, 
ұлы шешендерден білім алады. Олардың сөздерін тыңдайды және 
солардың әсерінде өзінің бұрынғы шешендік әдісінен бас тартып, 
азия және аттика әдістерінің қосындысынан тұратын жаңа бір әдісті 
ойлап табады.
Цицеронның ғылым саласындағы табыстары, үздік шешендік 
дарыны, үлкен жеңістерімен басталған алғашқы істері – оның 
жоғары мемлекеттік лауазымдарға көтерілуіне кең жол ашты. Рим 
дәстүріне сай Цицерон алдын квесторлық (өлке бақылаушысы) 
лауазымға тағайындалып, бір жыл (б.з.б.75) Батыс Сицилияда жұмыс 
істейді. Өзінің адалдығы, әділдігі және қарапайымдылығымен 
жергілікті халық арасында ерекше құрметке бөленеді. Бес жылдан 
кейін бұл жерге пропректор, яғни әкім болып келген Веррес 
жұртты тонап, халыққа озбырлық көрсеткенде, Цицеронның
жақсылықтарын ұмытпаған халық оған арнайы өкіл жіберіп, 
залымның озбырлығынан қорғауды өтінеді. 
Веррестің қылмыстары жайлы жинақталған құжаттар өте көп 
болғандықтан, сот мүшелерінің барлығы сенаторлар болуына 
және сол дәуірдің ең даңқты шешені Гортенсийдің қылмыскерді 
қорғағандығына қарамастан, Цицеронның бірінші сот кеңесінде 
сөйлеген алғашқы сөзінен кейін-ақ, қылмыскер Рим заңындағы 
құқықтардан пайдаланып, өз қалауымен сүргінге кетуге мәжбүр 
болады.
Цицерон сот мүшелерінің бірінші мәжілісінде сөйлеген екі сөзі 
мен екінші мәжілісте сөйлеу үшін дайындаған бес сөзін қосып 
«Верреске қарсы айтылған сөздер» деген атпен жеке кітап қылып 
шығарады. Бұл сөздердің әрқайсысы – уалаяттардағы озбырлықтың 
өршіп кеткендігін, Рим ақсүйектері, әсіресе сенаторлар арасында 
ұрлық, опасыздық, зорлық сияқты келеңсіз істердің белең алуы 


143
нәтижесінде халықтың жағдайы қиындап бара жатқандығын ашық 
көрсететін құнды құжаттар. «Верреске қарсы айтылған сөздер» 
Цицеронның ең алғашқы әдеби еңбегі саналады.
Веррес оқиғасы Цицеронға үлкен даңқ алып келді және осыдан 
кейін оның мемлекеттік мансаптарда жоғары көтерілуіне жағдай 
жасады. Мәселен, Веррес сотының қарсаңында оны қоғамдық 
істерді бақылаушы міндетіне және б.з.б. 66-жылы преторлық (сот 
істерін бақылаушы) лауазымына тағайындайды. Осы жылы Кіші 
Азиядағы ұрысқа Помпейді қолбасшы қылып сайлау және оған үлкен 
өкілдік беру жайында Цицерон алғаш рет халық мәжілісінде саяси 
сөз сөйлейді. Шығыс колониялардан мол пайда табуды көздеген 
«салтаттылар» тобының мүддесіне сай келетін бұл сөз - Цицерон 
мен сенаторлар ортасындағы қарсылықтың ең соңғы көрінісі.
Цицерон б.з.б.63-жылы ең жоғары мемлекет лауазымы болған 
консулдыққа сайланады. Осы күннен бастап Рим қоғамындағы билік 
өкілдерінің қолдаушысына, демократ топтардың нағыз дұшпанына 
айналады. Жас саясатшы Рулл кедей шаруаларға жер үлесін беру, 
олардың қарыздарын жою туралы сенат талқысына арнайы тарау 
енгізгенінде, Цицерон бұл әрекетке қарсы шығып, оның ұсынысын 
өткізбей тастайды. Цицеронның демократтарға қарсы бағытталған 
қанды саясатын «Катилина оқиғасынан» анық көреміз. Рим 
қоғамындағы кедейленген әлеуметтік топтардың мүддесін қорғаған 
демократтардың басшысы Катилина өзін Цицеронмен бірге 
консулдық лауазымға ұсынады. Солшыл демократтар сайлануға 
қанша талпынғанымен, оптиматтар түрлі айла-шарғымен сайлауда 
жеңіске жетеді. Ызаланған демократтар Катилина басшылығында 
көтеріліске шығып, Цицеронды өлтіруге бел буады. Олардың бұл 
ойынан хабардар болған Цицерон, дереу көтерілістің алдын алады. 
Цицерон Катилинаға қарсы сөйлеген төрт сөзінде, «бұл адам нағыз 
қанішер дұшпан, жалпы Рим халқына қарсы бас көтеріп, қаланы 
он екі жағынан өртемекші, жақсы мен жайсаңдарды қылыштан 
өткізбекші» деген сияқты жалған сөздермен ғайбаттайды және 
«олардың сыбағасын беру керек» дейді. 
Катилина өзінің серіктерімен бірге қаланы тастап шығуға 
мәжбүр болады, бірақ өкімет әскерлерінің қоршауында қалып, осы 
шайқаста қаза табады. Демократтардың басшылары тұтқындалып, 
сотталғаннан кейін, Цицеронның әмірімен зынданға тасталады. 
Көтерілісті аяусыз басудағы ерекше қызметі үшін сенат оған 


144
«Халық қамқоршысы» деген құрметті атақ береді. Бірақ «халық 
қамқоршысының» қуанышы ұзаққа созылмайды. Билік Помпей, 
Цезарь және Крастан құралған триумвират қолына көшкен соң, 
Катилинаның кейбір серіктерін жазықсыз өлтіргендігі үшін 
халық шешені Клодийдің талабымен б.з.б.58-жылы Цицерон 
Римнен қуылып, мал-мүлкі тәркіленеді. Кейін Цицерон сенаттағы 
достарының көмегімен Римге қайтып оралады. Өзінің бұрынғы 
саяси абыройынан айрылып қалған атақты ділмар енді уақытының 
көп бөлігін әдеби қызметке арнайды. Тек б.з.б.51-жылы ғана 
ол Кіші Азиядағы Киликия уалаятына проконсул (әкім) болып 
тағайындалады. Цицерон бұл жерде де Сицилиядағы сияқты өз 
міндетін адал атқарып, ел арасында едәуір абырой жинайды. Тау 
баурайында жасайтын бір неше тайпалардың қарсылығын жеңген 
соң, жауынгерлер Цицеронға тіпті «император» (қолбасшы) деген 
атақ та береді.
Б.з.б.50-жылдың аяғында Цезарь мен Помпейдің ортасында 
жанжал шығып, азамат соғысының басталу қаупі туғанда, 
Цицерон Римге келіп, оларды татуластырғысы келеді. Соңынан 
бұл әрекеттерінің пайдасыз екендігін сезіп, оптиматтар жағына 
өтіп, Грекияға, Помпей құзырына аттанады. Б.з.б. 48-жылы Фарсал 
қаласының маңында болған шайқаста Помпей жеңілгеннен кейін, 
күрестің енді қажетсіз екендігін түсінген Цицерон Римге оралады. 
Цезарь оған кешірім жасағанымен, жауапты қызмет тапсыруға 
сенбейді. Саясаттан мүлдем шеттетілген бұрынғы мемлекет 
қайраткерінің мұнан соңғы жұбанышы әдеби шығармашылық 
болады. Цицерон шығармашылығының соңғы екі жылында 
жазылған туындылар шындығында да назарға лайық дүниелер. 
Шешендік өнер теориясына арналған «Шешен» еңбегі, түрлі 
философиялық мәселелерді қамтыған оннан аса ірі туындылар жасы 
алпысты еңсерген Цицеронның өз қолымен осы кезде жазылған еді. 
Цицерон «шешеннің тағдыры – мемлекет тағдырымен төркіндес. 
Адамзат баласының даналық мәйектерін толық меңгерген әрі сөздің 
таңғажайып қуатын өткір сезініп, даңқ тұғырына көтеріледі, көптің 
құрметіне бөленеді және мемлекетке бақыт әпереді, жақсылыққа 
кенелтеді деп жазады. Және шешенде «диалектиктің тапқырлығы, 
философтың ойы, ақынның тілі, заңгердің еске сақтау қабілеті, 
трагиктің даусы...» болуға тиісті. Шынайы шешен, тума талант 
халық өмірі мен әдет-ғұрып, салт-сана дәстүрлеріне мейлінше жетік 


145
болуы керек» деп түйіндейді» [27,12]. 
Б.з.б. 44-жылы Цезарь өлтірілгеннен кейін, республикалық 
биліктің қайта орнауынан үміттенген Цицерон саяси қызметке 
оралып, өмірінің соңғы бір жарым жылын жалынды күрестер 
ортасында өткізеді. Ол енді сенаторлардың басшысы ретінде 
Цезарьдің жиені, әрі асыранды ұлы болған Октавианды қорғап, 
марқұмның тағына отыруға ұмтылған Антонийге қарсы аяусыз күрес 
жүргізеді. Антонийге қарсы жазылған, Демосфеннің туындысына 
ұқсас «Филиппиктер» деп аталатын он төрт арнайы сөзінде, жаңадан 
бас көтеріп келе жатқан қанішердің жауыз ниеттерін әшкерелейді.
Жауынгерлік рух, ғажайып поэтикалық шеберлікпен 
жазылған бұл шешендік сөздер құлиеленушілік негізге құрылған 
республикалық билікті сақтап қалуға ұмтылған жауынгер шешеннің 
ажал алдындағы ең соңғы, ақтық жан айқайы еді. Осы сөздері үшін 
Цицеронның аты проскрипция тізіміне кіргізіліп, б.з.б. 43-жылы 
Антоний жендеттері оның басын шауып өлтіреді.
Цицерон өзінің қырық жылға жуық қоғамдық және әдеби қызметі 
барысында түрлі тақырыптарға арналған көптеген туындылар жазды. 
Олардың бірнешеуінің із-түзсіз жойылып кетуіне қарамастан, бізге 
дейін жетіп келгендерінің өзі де антикалық дүниеде өткен әрқандай 
қаламгердің де шығармасынан құндырақ. Цицеронның негізгі кәсібі 
– шешендік өнер. Соның үшін ресми жиындарда, сот мәжілістерінде 
сөйлеген сөздері оның шығармашылығында маңызды орынды 
алады. Деректерге жүгінсек, көне дәуірлерде Цицеронның жүз 
елуге жақын сөзі жарияланған. Біздің дәуірімізге солардың елу 
сегізі ғана жеткен. Мұнан өзге философия мәселелеріне арналған 
бір туындысы мен 800-ге жақын хаттары ғасырлар толқынына төтеп 
беріп, аман қалған. Солар негізінде бұл ұлы қаламгердің мақсаты мен 
идеялары, шығармашылығының ерекшеліктері, кейбір кезеңдердегі 
рухани көңіл-күйі, дүрбелең дәуірдің мол қайшылықтары туралы 
толық пікір айтуға болады.
Философия саласында басқалардың қолдаушысы ғана болған 
Цицерон сөз өнерінің ұстазы ретінде мүлдем жаңаша жол табады, 
яғни тұңғыш рет Рим қоғамында шешендік өнер теориясының 
негізін салады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Цицерон - сөз өнері теориясына 
арнап едәуір еңбектер жазған қаламгер. Солардың арасында үшеуі 
– «Шешен туралы», «Брут» және «Шешен» туындылары мазмұны 


146
жағынан ең құнды еңбектер саналады. Ол алғашқы кітабында 
шешендіктану теориясын дамытады; екіншісінде өзі ұмтылған 
шешен идеалы сипатталады; ал үшіншісінде шешендіктанудың 
тарихи дамуы көрсетіледі. 
«Цицеронның ойынша, шешеннің күшті болуы – тыңдаушыларын 
өзіне бағындыра білуінде. Кімде-кім форумда не азаматтық сот 
процесінде тыңдаушыларды иландырса, өзіне бағындыра, рахат 
сезімге бөлеп сөз сөйлей білсе ғана шешен деп танылады» [11,25]. 
Өзінен алдын өмір сүрген және сол дәуірдегі кейбір сөз 
зергерлерінің тәжірибелерін, автордың қырық жылға шамалас 
шығармашылық қызметі барысында жинақтаған білімі мен 
қорытындыларын қамтыған бұл шығарма үлкен ғылыми еңбек 
дәрежесіне көтерілген. Осы шығармалардың әр бірінде Цицерон 
шешендік өнердің ең ірі мәселелерінен бастап, кішігірім заң-
қағидаларға дейін көңіл бөліп, талдайды. Цицеронның айтуынша, 
«сөз зергері ділмар, сот істерінің майда заңдарына дейін білетін 
заңгер емес, ал нағыз жетілген мемлекет қайраткері болуы тиіс. 
Сол себепті, бұл кәсіпке ұмтылған әрбір жан тек қана риторика 
іліміне тән болған қоғамдық ілімдерді үйрену және өзінің табиғи 
талантына сенумен шектеліп қалмай, ізденіп, мәдениет тұңғиығына 
терең бойлауы керек». Тыңдаушылардың жан-сезіміне күшті 
әсер етудің ең тиімді тәсілі ретінде жазушы философия, логика, 
психология ғылымдарын жан-жақты, жетік меңгеруді ұсынады. 
«Адамдардың жүрегіне,- деп жазады Цицерон, - қорқыныш, ашу-
ыза және қайғы сала білу немесе керісінше осындай сезімдерден 
арылтып, олардың рухында тыныштық, мейірім-шапағат ояту – сөз 
зергерінің негізгі міндеті. Егер де сөз зергері адамдардың мінез-
құлқын терең сезінбесе, адам табиғатына тән жалпы ерекшеліктерді 
толық білмесе, онда ол ешқашан өз мақсатына жете алмайды. 
Себебі, бұлардың барлығы философияға тиісті салалар емес пе?! 
Сонымен бірге сөз арасында келтірілетін дәлелдерді мазмұнды 
мысалдармен көмкеру үшін әр бір шешен тарихтан, әдебиеттен 
терең білімі болуы тиіс». 
Цицерон өзінің шығармаларында шешендік өнердің әдістеріне 
ерекше көңіл бөледі. Әрине, автор өмір сүрген кезеңде азия әдісін 
қолдаушылар мен аттика әдісін қолдаушылар ортасында күшті 
тартыс жүріп жатқан еді. Аттикашылар әрқандай сөздің қарапайым, 
түсінікті және айқын болуын талап етті. Цицерон «Брут» және 


147
«Шешен» еңбектерінде аттикашылардың пікірлеріне қарсы шығып, 
мүлдем қарама-қарсы ойларды айтады. Оның пікірінше, «әрқандай 
шешеннің ұстанған негізгі мақсаты – тыңдаушының шабытын 
қамшылап, өзіне баурап алу. Солай екен, нағыз сөз зергері жағдайға 
қарап, әдіс-тәсілдердің баршасын пайдалануы тиіс». Цицерон өзінің 
осы пікірін дәлелдеу мақсатында Демосфен шығармашылығына 
жүгініп, аттика сөз өнерінің ұлы өкілі тек қарапайым түсінікті 
әдістің ғана емес, сондай-ақ шабытты, сезімтал сөздің де нағыз 
майталманы болғандығын мысалға келтіреді. «Жалпы,...кімде-кім 
дұрыс нәрселер жайлы қарапайым ғана, күнделікті оқиғалар туралы 
– орташа, ұлы оқиғалар жайында – шабытпен жалынды сөйлей 
білсе – сол адам сөз өнерінің нағыз шебері» дейді. («Шешен»). 
Цицерон туындыларында шешендерге берілетін кеңестер мол 
болғандықтан, оларды толығымен талдап отырудың мүмкіндігі жоқ. 
Жазушы, әсіресе, тіл ережелерінің өзекті мәселелерінен бастап, 
кішкене бөлшектеріне дейін жан-жақты тоқталады. Оларды оқып 
отырғанымызда, латын тілінің бірер саласы оның назарынан тыс 
қалмағандай әсер аламыз. Проза тілінің формасы мен мазмұны, 
дауысты және дауыссыз дыбыстардың ауысуы, бір сөздің аяғы, 
екінші сөздің басында екі дауыстының қатар келуіне жол бермеу, 
сөздерді дұрыс айту, грамматикалық ережелерге көңіл бөлу және 
осыған ұқсас бірнеше мәселелер Цицеронның еңбектерінде толық 
қамтылған. Цицерон өзінің теориялық қорытындыларын, ұзақ 
жылдық шығармашылық тәжірибесін толығымен баяндайды. 
Цицеронның сот істеріне енгізген маңызды жаңалығы, ол ешқашан 
өзінің сөздерін ескі шешендердей, талқыға салынған мәселелермен 
шектеп қоймайды. Пікірлер мен қорытындыларды кеңірек баяндау 
мақсатында жол-жөнекей түрлі мәселелерге соғып отырады. 
Оның барлық шешендік сөздерінде кездесіп отыратын саяси 
мәселелер туралы ойлары, қоғамдағы жағдайлар, сот тәртібі, кейбір 
адамдардың пендешіліктері жайлы пікірлер, сонымен бірге, автордың 
әдебиет, философияға қатысты сөздері – осы жаңалықтардың толық 
дәлелі. Мәселен, Цицерон ескі заң жолымен Рим азаматтығын алған 
Архийді қорғап сөйлегенінде, өзінің пікірлерін заңды деректермен 
дәлелдеп отырмастан, поэзияның маңызы, ұлы ақындардың Отан 
алдындағы қызметтері туралы едәуір мадақтау сөздер айтып, Архий 
сияқты талантты ақынға Рим азаматтығын беру - сот алқасы үшін 
ең жоғары құрмет екендігін ескертеді.


148
Цицеронның шешендік туындыларында оның өте талантты 
сөз шебері болғандығын байқаймыз. Цицерон өзінің шешендік 
сөздерінің кіріспе бөлімінде, әсіресе көбірек қолданатын 
көтеріңкі рухтағы асқақ көріністер, жан-жүрегіңді шымырлата 
құдайларға қарап айтылатын әсерлі сөздер, әділеттік пен еркіндік 
шарапатына оқылатын дұғалар мен мадақтаулар, шындығында да 
тыңдаушыларға күшті әсер етіп, істің шешен пайдасына шешілуіне 
жағдай жасайды. Оның шешендік сөздерінде күрделі әдіспен 
бірге қарапайым көріністер мен жай суреттер де араласып келеді. 
Шешендік сөздің ішінде маңызды сөздердің әзіл-қалжыңмен 
ауысып отыратындығын жиі кездестіреміз. Бір сарында айтылған 
сөздермен тыңдаушыны жалықтырып алмау үшін көтеріңкі әдісті 
азайтып, сот ісіне қатысы бар адамдардың мінездемелерін беру, 
бұрынғы данышпандар туралы бірер қызықты әңгімелерді еске 
түсіре кету, қажет болса кейбір тұрмыстық, драмалық оқиғаларды 
айтып өту немесе орнына қарай қандай да бір даналық сөзді, мақал 
яки сықақ әңгімені пайдалана салу – Цицеронның ең сүйікті әдісі. 
Катилинаға қарсы айтылған сөздерінде Цицерон бұл адамның 
«Римге он екі жағынан от қоймақшы болғанын, адал адамдардың 
бірде-біреуін тірі қалдырмауға ант еткендігін» ұлғайта айтады. 
Кей кездері қылмыскерді қорғауға айтқан соңғы сөздерінде әдейі 
тоқтай қалып, сахнадағы әртіс секілді жыламсырап, я болмаса 
қылмыскердің кішкене қызын жоғары көтерген халде күрсіне 
отырып, соттан нәрестенің әкесіне рақым жасауын сұрау оқиғалары 
да Цицерон қызметінде жиі ұшырасып отырады. 
Цицерон өзінің әрбір шешендік сөзін жазуға отырғанында 
оның тек мазмұндылығына, сөйлемдердің дұрыстығына, сөздердің 
ойнақылығына назар аударып қана қоймай, сонымен бірге тілдің 
айқындылығына да көп көңіл бөлген. Латын прозасында тұңғыш 
рет өлшемдік жүйені қолданып, үлкен табыстарға жеткен шебер де 
осы – Цицерон.
Рим республикасының соңғы жылдары, заманының атақты 
мемлекет қайраткерлері, автордың дос-жарандары, жеке өмірі, 
табиғаты, сүйініш-күйініштері туралы құнды мәліметтер беретін 
дерек көздерінің бірі – Цицеронның хаттары. Цицерон әдісінің 
басқа туындыларында көрінбейтін кейбір нәзік жақтарын оның 
осы хаттарында кездестіреміз. Әрбір хаттың қандай адамға 
арнап жазылғанына қарай, олардың мазмұны да әр түрлі болып 


149
келеді. Мәселен Цезарь, Помпей яки соларға ұқсас ірі мемлекет 
қайраткерлеріне жазған хаттарында шешен өзін әдепті ұстаса, 
туысқандарына, достарына жіберген хаттарында өзін мүлдем 
еркін ұстап, әзіл-қалжыңды көп қолданады. Жақын адамдарына 
жазылған хаттардың ойнақылығы оларға әлдеқандай табиғи өң 
беріп, Цицеронның өте шебер ділмар екендігін дәлелдей түседі. 
Цицерон өзінің табиғи таланты мен еңбекқорлығының 
нәтижесінде жалпы латын тілінің, негізінен латын прозасының 
дамуына күшті ықпал етті. Оған таңғажайып көркемділік енгізіп, 
нәзік сезімдер мен күрделі пікірлерді баяндай алатын құдіретті 
қаруға айналдырады. Сондықтан, Еуропа мәдениетінің дамуы 
мен қалыптасуы жолында көрсеткен еңбегі тұрғысынан Рим 
жазушыларының бірде-бірі Цицеронның алдына түсе алмайды. 
Жаңа заман қаламгерлері Цицеронға проза жанрының хас шебері, 
шешендік өнердің данышпан қайраткері деп қарайды. Оның даңқы 
тіпті орта ғасырдың инквизиция жылдарында да төмендеген жоқ.
Ұлы гуманистер өздерінің философиялық және әдеби 
қызметтерінде латын тілінің озық үлгісі ретінде тек Цицерон 
әдісін ғана таңдайды. ХVІІІ ғасырдың қайраткерлері болған 
Вольтер, Дидро, Монтескье, Мабли және тағы басқалардың 
шығармашылығында да Цицеронның күшті әсерін байқаймыз. Сол 
ғасырдағы буржуазия революциясының ірі өкілдері Мирабо мен 
Робеспьер шешендік өнер саласында көбірек Цицерон әдістерінен 
пайдаланған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   156




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет