Ііі халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет193/330
Дата07.02.2022
өлшемі7,21 Mb.
#84247
1   ...   189   190   191   192   193   194   195   196   ...   330
Байланысты:
3 том (1)

 
Keywords:
humanism, lyrics, poetry, morality, beneficence, humanity 
 
 
Гуманизм – дүнеиетаным ретінде өте күрделі феномен болып табылады. Ол адамға тән 
гумандылыққа негізделеді, олардың ішкі жан дүниесінен туатын гумандық сезімдері мен іс-
әрекеттерінде көрінеді. Ал сол гуманистік құндылықтардың ең мәндісі адамгершілік. Ол 
«Кісілік, ізгілік, имандылық» тәрізді ұғымдармен байланысты.
Т.Айбергеновтың күнделігінен: «Ақкөңілділік пен аңқылдақтық – адамдық нышаны. 
Арам пікірлі адамдар ақкөңіл де аңқылдақ та емес. Кей адамдар сенімен алғаш танысарда 
«құдайдан» құрмет тұтып келеді де, сен онымен бүкпесіз ашық екі-үш сағат сөйлескеннен 
кейін байыптылықтан өзгермегеніне қарамай, сені «алынған қамал» сияқтандырады да артық 
сыйлауға зауқы болмайды. Кейде тіпті адамдардың құрметі сонымен аяқталады да. Өмірде 
мұндай адамдар бар. Оны білімсіздігі үшін тек аяу керек.
Жұрт не десе, о десін, мен адамдарға берілгенде құлай берілгенді құптар едім. Менің 
ойымша, құлай берілу, ессіз сүю – шексіз адамдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай 
берілмейтіндер, достықта, жолдастықта, махаббатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын 
адал достпрының аз екендігіне, тіпті жоқ та екендігіне сенімім кәміл.
«Адам» деген атаудың өзі нәзік, жұмсақ деген сөздермен синоним болар еді. Тасжүрек, 
айтқанды түсінбес адам жоқ. Қандай даңқты, толып-тасқан адам бола берсін, ол да сүйе, 
күле, жылай және ән сала біледі [1, 195-196]. Бұл жазба деректер «Лениншіл жас» газетінде 
1988 жылы, 23-наурызда жарияланған. 
Расында да адамгершілік – бұл рухани тәрбие. Ол адам бойындағы ең асыл 
қасиеттердің бірі және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады.Төлегеннің 
қай өлең жолдары болмасын адамгершілік адал қасиетке бағытталған. Ол осы бір қасиеті 
үшін де барша қазақ елінің дән ризалығына бөленіп, сәулелі сөз қанатымен қара бұлтты қақ 
жарып, көктегі күннің әппақ нұрын жыр арқауына қондырды. Ол өзінің ата-бабаларының 
мәңгілік ірге тепкен «Атамекен» және бұған қоса «Адамға деген сүйіспеншілігін » 
«Ақындық » жоралғысымен бірге ала келді. Ендеше ақын лебізіне құлақ салайық: 
О, адамдар біргемін мен сендермен, 
Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен. 
Сендер менің бақытымның бұлағы 
Сендер менің дарыныма жел берген... 
Гүлстанға айналдырған тақырды, 
Болат қолдар, алғыр милар ақылды. 
Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді 
Алар демім қалғанынша ақырғы. 
Не кездессе өздеріңмен көрмекпін, 
Қарапайым адамдары еңбектің! 
Барлығын да бағыштар ем сендерге, 
Махаббатын маған берсе жер-көктің [2, 30]. 
Ғажап емес пе?! Нағыз ақындық құдірет! Барша әлемді бауырына басып, өзінің көл-
көсір мейіріміне бөлемек. Мұндай мәрттік. Мұндай ықылас пейіл ақынның әр өлең жолынан 
байқалып тұрады. Егерде әлемдегі барша халықтың бір-біріне деген мейірімі дәл осындай 
болса! Жалпы адамзат көзбояушылықпен жүрген көлгірліктің неше қилы тамыр-тұмырлары 
қиылып мәңгіге кетер еді, әрине. Бірақ адамзат әлемі ондай емес, ол өмірдің құлы десе 
болғандай: 
Өмір деген – көк мұхиттың толқыны, 
Бір –бірімен жатқан шулап жалғасып, 
Бір –бірімен жатқан тулап арбасып, 


215 
О ,толқындар арпалысып алға шық? 
Өмір деген – мәңгі гүлдеп жататын; 
Құштарлықтың толғағы мен көктемі. 
Ешкім оған қоя алмайды нүктені, 
Өмір деген сөйлем емес өйткені [2, 122] ,- 
деп өз ой өрнегіндегі табиғи құйылған жан дүниесінің қуатын білдіреді. Жалпы бұл Төлеген 
ақынның жан дүниесінде жанашырлық пен оған ажарландыра құйған нұр секіліді. 
Төлеген Айбергенов – өлеңнен жаралған жан еді. Ол өзінің қысқа ғұмырын тек өмірін 
түйсіну мен түсінуге ғана арнаған тәрізді. Оның өмірді білуі, табиғатты білуі, неткен терең. 
Оның сезім қарымы жете бермейтін адам қадірін, өмір қадірін, туған ел, туған жер қадірін 
қалай тұңғиық түсінгенін айта аламыз.
Төлеген лирикасының ең басты қаһарманы – сағыныш. Ол әр өлеңімен жүздескен 
сайын сөзін сағыныштан бастайды.
Ей, адамдар, айналайын, туғандар, 
Жалғыз минут тыңдаңдар! 
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің! 
Шартарапқа жүрегіммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен, 
Қазір мені жұлып алды төсектен... 
Оның қай жырын оқысаңыз да осындай сағыныш сазы еседі. Туған жерге деген 
сағыныш, достарға деген сағыныш, өлеңге деген сағыныш... Шындап келгенде, бұл 
сағыныштың бәрі де ақын көкірегін өртеп бара жатқан алай-дүлей махаббат. 
Махаббат – Төлегеннің болмыс құлпын ашатын жалғыз-ақ кілті. Ақынның адамға, 
табиғатқа деген махаббаты әншейін абстракция емес, нақты, өміршең, махаббат. Оның 
апаларына арналған өлеңінің өзі осының дәлелі.
Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуміз бір әкенің баласы едік. 
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын, 
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп. 
Есейтті жетті күндер сыр ақтарып, 
Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып, 
Таралып шартарапқа жолдар шықты. 
Сендердің бұрымдарың сияқтанып. 
Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып, 
Қатігез қимастықты қыз аты қып. 
Сан түндер сағынышым көз ілдірмей 
Жүгіріп сыртқа шықты жүз атылып, 
Деді әкем «қиын болды-ау, қарағым-ай», 
Жан көкем, жадыратшы қабағыңды-ай 
Мен үйде жалғыз қалдым, мергендердің 
Қасына тастап кеткен қарауылдай. 
Жүректің өзінен үзіліп түскендей осы бір жұп-жұмыр өлеңді жанға қалай жақын 
тартпауға болады?! Шыны майдай жүрегіңе шық ете қалар шын сыр. Мұны өзге отбасы 
жырларындай өз өмірінің күлді-көмеш шындығына қарай сүйрелеу жоқ, адамның асқақ 
болмысына, бауырға деген, адамға деген қаяусыз махаббатқа шақырады. 
Қарақалпақстан және Өзбекстан халық ақыны Ыбырайым Юсупов: «Гуманизм – 
махаббат; адамдық болмысты, адам сезімін, адам арын, адам еңбегін сыйлау. 
Т.Айбергеновтың Ғарифолла Құрманғалиевке арнаған циклі – қазіргі қазақ 
лирикасының азын-аулақ шедеврлерінің бірі. 


216 
Мұнда бір асқақ өнерпаздың екінші асқақ өнерпазға деген асқақ махаббаты жырланған. 
Мұнда мадақ жоқ, асқақ мақтаныш бар: 
Алуан өлкеде атып жүрсің-ау таңша алуан, 
Аяулым менің, мен тумай жатып ән салған. 
Мұнда көлгірсу жоқ, адал махаббат бар: 
Әлемді түгел әлдилеп салған әніңнен 
Оянып кетсем керек мен!... 
... Ғарекең бе екен деп қаламын кейде мен, 
Көктемдегі қаңқылдап ұшқан қаз даусын. 
Мүнда әнші еңбігін түсіну, ұғып қадірлеу бар: 
Мен отырмын «Әу...ң десем ару сазды 
Құз басынан құлатып алатындай. 
... Мен бейне көктемнің қырларында
Шалқамнан жатқандаймын тырна санап... 
Мұнда – әннің өзі, оның өшпес әсері бар: 
...Әсерлі ән көтерілгенде көз ұшына, 
Төменде жүргім келмей кетті-ау менің. 
Осынша көл-көсір махаббат, осынша адамгершілік... 
Төлегенннің ойынша, поэзияның табиғаты да – сол- ақ.» [1, 22-23] 
Төлеген поэзиясының басты тақырыптарының бірі – туған жерге деген шексіз 
махаббат, адалдық, сүйіспеншілік, елге деген абзал ұлдың ерек сезімі кімді болсын 
тебірентетін. Мысалы оның «Кегейлі дәптерінен» деген өлеңінен үзінді келтірейік:
Кегейлім елдің еркесі , 
Жас жаным толқып тұр менің, 
Бердақтың сүйген өлкесі, 
Әжнияз айтқан жыр ма едің?! 
Қаһарман мынау халықтың, 
Серті де сенің бетіңде, 
Еңбекпен өскен алыптың, 
Көркі де сенің бетіңде. 
Бұл ақынның туған жеріне деген таза, кіршіксіз ішкі сезімі... Оның ақындығын 
айқындап беретін жыр маржаны. 
Яғни, Әбділда Тәжібаевтің тілімен айтқанда «...Біз поэзиямыздың тағы бір алтын 
тұтқасын аштық. Аштық та, Төлеген дүниесін көрдік» [1, 198], - дегізген және тағы бір 
классик майталман ақынымыз Қуандық Шаңғытбаевтың «...Ақынның асқақ жырын ғажайып 
ғұлама жылдарының шежірелі беттерінде сөйлеп тұрған сырға балап, осынау сыр жылдар 
парағы аударылғанда жабылып кетуі мүмкін екенін тыңнан тауып айту арқылы өлімнің өзін 
сылқым образға айналдырған Айбергенов өлеңдерін дегі су жаңа нұсқалықты эпитет 
көлегейлеп, қайта айқындап, аша түсіп тұр» [4], - дегізген сөздеріне куә бола аламыз. 
Төлеген Айбергенов творчествосына ең алдымен тынымсыз қозғалыс, үздіксіз ілгері 
бару, өзін үнемі жол үстінде деп ұғыну, сапар сезімі тән екенін байқауға болады. Тіпті бұл 
ақын кітаптарының аттарынан бастап әрбір өлең, толғаулардың бүкіл аттарында жатыр. 
«Арман сапары», «Өмірге саяхат» , «Құмдағы мұнаралар» , «Тау жолында» , «Уақытпен 
бетпе-бет» , «Аруана бауыр дүние» , «Ағыстар мен ғасырлар» , кітаптарының қай-
қайсысынан да қызу қимылды, мақсат мазасыздығын, көркемдік ой, парасат дамуын, жүрек 
лүпілімен сапар сағынышын көреміз. 
Асылдардың артын күту – азаматтық белгісі. Ерте кеткен ерлерді ескеру – елдік белгісі. 
Айбергенов ақын қазақ жырындағы жалпы ұлттық құбылыс болып есептелді. 
Поэзия дейтін құдіретті әлемнің құрметті ақынына айналған Төлегеннің ғұмыры қысқа 
болса да, өлеңі – мәңгілік. Төлеген жырын жаттап өскен ұрпақ үшін, ақын жүрегіне сағыныш 
пен асқақ рухты аңғармау мүмкін емес... 


217 
Төлеген Айбергенов – қазақ поэзиясына көптеген мазмұндық және түрлік жаңа үлгілер 
әкелген ақын. 
Бұл мақаламызда Төлеген Айбергеновтің өлеңдерінің гуманизм мәселелерін қамту 
қарымы, өлеңдерінің идеалық – көркемдік дәрежесі, тақырыпты өзінше жырлау 
ерекшеліктері, ақынның жан – жақты образ жасау шеберлігі сияқты мәселелер 
қарастырылды. 
Қазақ әдебиетіндегі үлкен бір тұлғалы ақын – Төлеген Айбергеновтің ақындық мұрасы 
әлі сан зерттеулерге объект болатын шығармашылық әлем. Оның әдебиеттегі орнын 
анықтау, мұрасының құндылығын жан-жақты зерттеу – келер күннің еншісі. 
Қазақ әдебиетінің соңғы жылдарда дамуына ерекше ықпал еткен Төлеген Айбергенов 
санаулы дарынды ақындарының бірі. Оның шығармашылық мұрасының арнайы зерттеу 
нысанына айналып отырғанының басты себебі де осы. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   189   190   191   192   193   194   195   196   ...   330




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет