Байланысты: 52d6ddf1-26f6-11e9-9199-bcaec5508c5b1 МАН Тарих
Ойлануға берілген тапсырма Мұндай тапсырмалар сирек кездеседі. Олар оқушының өзі тақырыпты әбден
ойланып, жаңа білімін өз әрекетінде қолдану жолын дұрыс табуын көздейді. Білімін
өмірде қолдану туралы ойлану өздігінен шешім қабылдап, өз таңдауын негіздей білуге
мүмкіндік береді. Мұндай тапсырмалар дайын жауабы көрсетілмеген ашық сұрақтар
арқылы берілуі мүмкін, сұраққа оқушылар өз бетінше ойланып жауап жазады. Жауапты
автоматты түрде тексеру мүмкін емес. Ойландыруды көздейтін жоғары деңгейдегі
тапсырмалар оқушының оқыған материалды ой елегінен өткізіп, талдауын қажет етеді.
Жоғары деңгейдегі тапсырма әзірлеу үшін ашық сұрақтар құрастырып үйрену
керек.
Конфуцийдің «Сен неге қол жеткізгің келеді?» деген сұрағы өз шәкірттерінің
көзқарасы мен мақсаттарын және болашаққа жоспарын білуге бағытталған болатын.
Оған бір шәкірті өз байлығын достарымен қалай бөлісетінін айтса, басқалары өзінің
тәртібіне қатысты жауап берген. Олардың жауаптары әртүрлі болғанына қарамастан,
Конфуций шәкірттерінің мінез-құлқы мен өмірдегі ұмтылыстары туралы жеткілікті
ақпарат алған. Ғұлама философ шәкірттеріне бір сұрақты қайталап қойған сайын оған
әртүрлі жауап алатын. Бұл әр адамның ойы, түсінігі, жауабын ұйымдастыруы өз
табиғатына тән ерекше екендігіне байланысты. Осылайша, ашық сұрақ дегеніміз – дұрыс
жауаптары көп, адамды ойландыратын сұрақ. Жауаптардың сапасы мен маңыздылығын
сарапшы бағалайды.
Дұрыс құрастырылған ашық сұрақтар оқушының ұстанымы мен құндылықтарын
анықтауда, дұрыс ой тұжырымдап, өз ойын дәйекті жеткізе білуін бағалауда пайдалы
болып саналады. Сонымен қатар сарапшы оқушының пәндік білімінің деңгейін, пәннің
тілі мен мазмұнының тереңдігін бағалай алады.
Ашық сұрақтар оған жауап бергенде өз пікірін білдіруге біршама уақыт жұмсауды
қажет етеді, бұл тексеру тапсырмасындағы сұрақтардың санын шектеуге әсер етеді.
Сараптауға ұсынылатын материалдың көлемі ықшамдалып, жеке аспектілерге
бағытталады. Сонымен қатар ашық сұрақтардың жауабын тексеру көп уақыт пен
ресурсты, біршама күш жұмсауды талап етеді. Мұнда субъективтілік (жеке көзқарас) те
күрделі мәселе болып табылады. Оқушылар мен мұғалімдер, сарапшылар бір сұрақты
әртүрлі түсінулері де мүмкін. Осындай келіспеушілік пен әртүрлі түсінікті болдырмау
үшін оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне сәйкес толық екшелген бағалау
құрылымын ойластыру қажет.
Том Кубисцын (Kubiszyn, Tom, 2007) ашық сұрақтардың пайдасын анықтап,
олардың қатарына келесі оқу нәтижелерін қосты:
-
өзара қарым-қатынасты талдау қабілеті;
-
көзқарастырды анықтап, салыстыру
-
болжау;
-
қорытынды жасау;
-
себеп-салдарлық байланысты түсіндіру;
-
болжамдар ұсыну;
-
өз көзқарасын дәлелдейтін деректерді ұйымдастыру;
-
күшті және әлсіз жақтарын көрсету;
-
әртүрлі дереккөзден алынған деректерді біріктіру;
-
мақсат пен әрекеттердің сапасы мен құндылығын бағалау.
Питер В. Айразиан (Airasian Peter W, 1999) эссе жазу тапсырмасы бағалаудың
«басты әдісі» деген болжам ұсынады. Көркем жазу (қолжазба) мен жазу стилі
бағалаудың маңызды критерийлері болмаса да, сарапшының қабылдануына әсерін тигізе
алады, демек бағалауға да әсері болады деген сөз. Айразиан бұларды «қосалқы
факторларға» жатқызып, оларды тапсырманы ұқыпты орындаумен байланыстырады.