Көңілді алаңдататын бір жайт — адамдар шынымен білуге тиісті нәрселерді сұраудан қорқады.
«Менің жігітім онымен төсектес болғым келмегендіктен, мені сүймейсің дейді.» Бірақ бізге бір нәрсе нақты түсінікті: ол сізді сүймейді немесе сүйсе де сыйламайды. Егер ол сізді өзіне тәндік берілуге мәжбүрлейтін болса, бірақ өз мойнына ешқандай жауапкершілікті алғысы келмесе, онда оған сізбен қарым-қатынас құрғаннан гөрі ләззәт алу маңыздырақ.
«Менің жігітім маған мен де пәкпін дейді, бұл қауіпсіз болуы тиіс.» Егер ер адам сізбен төсек қатынасына түскісі келсе, өз дегеніне жету үшін ол бәрін де айтады. Әлемде жүрегі жаралы қыздар мен біреуге алданып қалған әйелдер жетерлік. Олардың бұндай жағдайға душар болуы осы арқылы оны өзіме қаратып аламын деген ойынан не қарым-қатынасымыз үзіліп қалар деген қорқынышынан, я болмаса оның бір күні үйленеміз деген уәдесіне сеніп қалуынан. Бірақ оған үйленіп «өмір бақи бірге боламын» деген ой жігіттің санасына кіріп-шықпаған.
Мүмкін, сіз «Отбасым болса екен, мені сүйетін және аялайтын, балаларымның жақсы әкесі бола білетін күйеуім болса екен» деп армандайтын шығарсыз. Ал сіздің жігітіңіз өз мойнына ешқандай міндетті жүктегісі келмейді, оның ойы тек ләззәт алу ғана. Және ол басқа біреуді кездестіргенде немесе сіз оны зеріктірген сәтте-ақ табанын жалтыратады. Бірақ оған дейін ол сізге естуді армандайтын сондай тамаша әрі жылы сөздер айтады: «Мен сені сүйемін. Сен менің жалғызымсың. Мен бар өмірімді саған арнаймын.»
Шыныңызды айтыңызшы: тіпті ол пәк болған күнде де өмір бақи басқа қызбен жатпайды деп ойлайсыз ба? Шынымен солай ма? Ол сізден басқа ешбір жанға көзін салмайтын жігіт пе? Егер ол некеге отырмас бұрын сізбен жыныстық қатынас жасауға қаншалықты асық болса, үйленгеннен кейін де солай біреумен болуды құмартатыны айдан анық.
«Біз келесі жылы үйленбекшіміз. Біз әлі жақындаспадық. Егер шындығын айтсам, менің де, оның да бұрын жақындасқан адамдарымыз болған. Бізге үйленбес бұрын ЖҚТБ-ға тест тапсыруымыз керек пе?» Бүгінгі таңда бұл көптеген елдерде, әсіресе, ауру жұқтырған адаммен некелік өмірге аяқ басуға орасан зор қатерін төндіріп тұрған Африкада аса маңызды сұрақ болып табылады. Көптеген адамдар дәл осы себеппен ЖҚТБ-ға тест тапсырғысы келеді. Меніңше, бұның орынды себебі бар. Бәрі де төнген қатердің қаншалықты екендігіне байланысты. Жақын арада маған қауымның бір мүшесі жолыққан еді. Ол бірнеше жыл бұрын Құдай жолына түскенге дейін героинді күре тамырына салатын болған. Сенімнің нәтижесінде өмірін өзгертіп, әдетінен арылған. Оған келесі қадам жасамас бұрын ЖҚТБ-ға анализ өткізу қажет пе?
Осы сұрақтардың бәрі сарапшы мамандардың жеке ақыл-кеңесін қажет етеді. Бұлардың бәріне ешқандай біркелкі «дұрыс» жауап жоқ. Жалпы алғанда мынадай жағдай: егер сізде немесе сіздің болашақ серігіңізде АҚТҚ-ны жұқтырып алдым-ау деген қауіп болса, онда екеуіңіздің де бір-біріңізге деген сүйіспеншілік пен қамқорлығыңыз үшін анализ тапсырғаныңыз абзал. Сүйікті адамыңыз сіздің кесіріңізден көз жұмса, одан асқан сорақылық жоқ шығар. ЖҚТБ мәселесі аса күрделі болып табылатын елдердегі қауымдар ЖҚТБ-ға тапсырылған анализдің нәтижесі туралы анықтамасыз неке қиюдан бас тартады. Егер екеуінің де анализі теріс нәтижелі болса, бұл — керемет қуанышты хабар.
Егер біреуінің анализі оң нәтижелі, ал екіншісінікі теріс нәтижелі болса, бұндай некенің ақыры қиынға соғады. Мен мұндай адамдарға некеге отыруға болмайды деп айтып жатқаным жоқ. Бұл олардың жеке бастарының шешімі, бірақ олар төніп тұрған қатердің қаншалықты ұласып тұрғанын түсінуі шарт. Әр жақындасқан сайын күйеудің мүшеқапты дұрыс пайдалануы және өздерінің бір-біріне деген көңілі мен құштарлығын көрсету үшін жыныстық қатынастан басқа жолдарды іздеуі керек. Нәрестенің дүниеге келуі болашақ анаға не әкеге қауіп төндіретіндіктен, мүмкін, оларға баланың туылуынан бас тарту керек шығар. Егер екеуі де ауру жұқтырған болып шықса, вирусты бір-біріне жұқтырғаннан өлім қаупі төнбейтіндіктен, оларға үйленбеудің ешбір себебі жоқ. Дегенмен, олардың алдында нәрестелі болсақ па, әлде болмасақ па деген таңдау бар: яғни нәресте АҚТҚ-ны жұқтырады немесе ол тым ерте, балалық шағында жетім қалады деген қауіп.
Ең жақсысы ЖҚТБ-ға анализ тапсыру жайлы ЖҚТБ орталығындағы немесе жыныстық қатынастан жұғатын ауруларды қарауға бағытталған клиникалардағы мамандармен сөйлескен дұрыс. Ауруханалардың көбінде осындай бөлімдер бар. Әдетте бұл үшін олар құпияны толықтай сақтайды және сақтауға міндетті болғандықтан, алдын ала келісудің қажеті жоқ, әйтпесе ешкім ешқашан оларға бармас еді.