«Мен уайымдап жүрмін, өйткені біреулер маған ЖҚТБ-ны кейбір нәрселер арқылы жұқтыруға болады дейді, ал басқалар олай емес дейді.» Көптеген адамдар расымен абыржып жүр және көпшілігі алып-қашты сөздерден қорқады. ЖҚТБ-ны бір ыдысты қолданғаннан, сүйісуден немесе жүзу бассейніндегі судан немесе масаның шаққанынан, я болмаса, тағы басқа нәрселерден жұқтыруға бола ма? Бұл сұрақтарға жауап бермей тұрып, біз күнделікті кездесетін қауіптерді қарастырайық.
Адам әр кез автобуспен немесе машинамен жүргенде апатқа ұшырауы мүмкін, ал автобуста тұмау жұқтыруы да мүмкін. Оны ит қауып алуы, үйге кетіп бара жатқанда тонап кетуі мүмкін. Әлем негізінен қауіпті жер, дегенмен, барлық нәрсеге жөнімен қараған дұрыс, әйтпесе, уайым адамды ауруға шалдықтырады. Кейбіреулер осындай нәрселерден қорқатыны соншалық, үйден шығудан қалған. Оларға мамандардың көмегі қажет. Басқалар оларды күлкі етіп: «Болып қалуы мүмкін деген сәтсіздіктің қаупі соншалықты болмашы екендігін адамдар неге түсінбейді?» — дейді.
Бірақ ЖҚТБ-ға келгенде, тіпті өте ақылды адамдардың өздері қызық нәрселерге сенеді. Ересек адам посылканы жауынның астына есік алдына тастап кетеді, өйткені ол сол жерде тұратын адамдармен сөйлесуден қорқады. Қоғамдық орында қызмет ететін жұмысшы бір шыны шай ішуден қорқады. Қауымда адамдар қауіпсіз екеніне қарамастан, ортақ «ыдыстан» немесе «кеседен» ауру жұқтырып аламын ба деп, Нан үзу рәсіміне қатысудан қашқақтайды. Конференциядағы кейбіреулердің ғана сөз сөйлеген қонақпен қол алысуға батылы жетеді.
Бірнеше жыл бұрын мен қызмет ететін АСЕТ-тің қоғамдық жұмысы үшін командаға дереу кеңірек кеңсе іздеуге тура келді. Ұзақ уақыт ізденістен кейін біздің ойымыздан шығатын орын табылды, бірақ ол жердің иелері біз олардың дәретханаларына «ауру жұқтырамыз» деп қорқып, бізден бас тартты. Ең бір қисынсызы, егер мен сіздерге жоғарыда айтылғандардың бәрі қауіпті емес десем, маған ешкім де сенбейді. Ал егер мен бәрібір қандай да бір қауіп бар десем, онда сіздер өмірлеріңіздің қалған бөлігін уайыммен өткізулеріңіз мүмкін. Менің міндетім сіздерді қорқыту немесе жұбату емес. Мен сіздердің өз беттеріңізше қорытынды жасай алуларыңыз үшін шындықты білгендеріңізді қалаймын. Бірнеше мысалды қарастырайық: