«ЖҚТБ-ны сүйісуден жұқтыру мүмкін емес деп айтады, бірақ мен вирус сілекейде болатынын және біреудің тістеп алғаннан ауру жұқтырғанын естідім.» Осы айтылған сөздің екеуі де рас. ЖҚТБ-ны шақыратын вирус ауру жұқтырған адамның кез келген ағза сұйықтығында болады. Ол сұйықтықта барлық уақытта емес, кейде ғана және өте аз мөлшерде болады. Егер вирус сілекейде болса, онда неге адамдар сүйіскеннен ауру жұқтырмайды?
Расын айтқанда, біз бұның шын мәнінде неге бұлай екенін білмейміз, бірақ былай деп ойлаймыз. Біріншіден, сілекейде вирусқа қарсы тұратын бір нәрселер бар секілді. Екіншіден, сілекейдегі вирустың мөлшері өте аз. Үшіншіден, егер вирус ауру адамнан сіздің аузыңызға түскен соң, қас қағым сәтте қан тамырыңызға еніп кетпесе, оның тағдыры белгілі болады. Себебі бірнеше секундтан кейін сілекей сарқырамасы вирусты шайып әкетіп, оны құртатын ащы қышқылға толы асқазанға апарады. Асқазанда вирус бірден жойылып мыңдаған бөлікке бөлінеді де, қорытылып кетеді. Егер ол түгелімен жойылмай жараланған күйі тірі қалса, бірнеше сағаттан кейін тік ішектен сыртқа шығып, унитаздан жуылып кетеді.
Тек егер сіздің аузыңызда бір жарақат, ойық жара болса, немесе тісіңіздің еті қанап жүрсе, онда ғана сіздің аузыңызға түскен вирусты жұқтырып алу мүмкіндігінің қаупі бар. Дәрігерлер белгілі болған АҚТҚ-ны жұқтырған жағдайлардың әрқайсысын да оның қалай болғанын анықтау үшін мұқият зерттеген. Менің білуімше бүкіл әлемде ЖҚТБ-ны сүйісуден жұқтыру туралы мәлімет анықталмаған.
Бірақ егер АҚТҚ бар адам біреуді тістеп алса, оған вирусты жұқтыруы мүмкін. Мен осындай екі жағдайды білемін. Біріншісінде бала өзінің інісін тістеп алған, ал екіншісінде қыз өзінің сіңлісін тістеп алған. Бұның сүйісуден қандай айырмашылығы барын түсіну оңай. Тура жылан шаққандай тістер теріден өтіп, сілекейдің біраз мөлшері жарақат арқылы ағзаға енді.