1.3. Етісіктерден болған күрделі баяндауыштар
Күрделі етістікті баяндауыштың құрамы. Қазақ тілінде де әлденеше етістіктер түйдекті топ құрып, баяндауыш қызметінде жиі кездесетіні белгілі. Олардың көп құрамды болудағы баяндауыштық негізгі қызметі – қимыл процесінің құбылмалы нәзік реңктерін білдіру. Әлденеше етістік бір күрделі бастауыш болғанда, оның біреуі ең негізгі болады да, қалғандары оған не біріне-бірі көмекші болады.
Қазақ тілінде көмекші еістіктер көп, олар аса жиі қолданылады: арнаулы көмекші етістіктерден басқа негізгі етістіктердің де бірталайы көмекші болып жұмсала береді. Олардың өзара көсемше, есімше тұлғалар арқылы байланысқан түйдекті тобының құрамы екі я үш, кейде төрт я бес етістікті болып та келеді.
Кітап оқып кетіп бара жатыр едім, сүрініп кетіп, жығылып қала жаздадым деген бір құрмалас сөйлемнің ішіндегі он бір сөздің кітап дегеннен басқалары – түгелімен еістіктер. Олардың алдыңғы сөйлемдегі оқып кетіп бара жатыр едім деген бесеуі біріне-бірі ұласқан бір істің жайын хабарлайтын бір мүше (баяндауыш) болып тұр. Екінші сөйлемде бес етістік бар. Оның алдыңғы екеуі (сүрініп кетіп) пысықтауыш қызметінде де, соңғылары (жығылып қала жаздадым) баяндауыш қызметінде жұмсалып тұр. Соңғы үш етістік аяқталмаған қимыл процесін білдіреді. Өйткені, оны жығылып қалдым, жығылдым дегендермен салыстырғанда, бұл мағына анық көрінеді: жығылдым – болған оқиғаны сол қалпында өткен факт ретінде ғана білдірсе, жығылып қалдым – қимылдың күйдің бұлай болуы тыңғылықты екенін, оның субъектінің еркінен тыс болған факт екенін білдіреді. Осыдан негізгі баяндауыштық мағына бірінші етістік жығылып екенін, қала етістігі оған көмекші екенін аңғаруға болады. Сол сияқты, аяғым тайып кете берді дегенде, тайып – негізгі, кете – оған көмекші, ал екеуі қосып, тайып кетті десек, қимылдың аяқталғаны білінеді, ал тайып кете берді дегенде, олардың бұрынғы мағынасы құбылып, қимылдың бірнеше рет қайталанғаны білінеді.
Сөйтіп, қимыл процесінің құбылмалы болуы – көмекші еістіктерге байланысты. Көмекші етістіктер тиянақсыз тұлғадағы негізгі етістіктермен тіркесіп, оның мағынасын я толықтырып, я тиянақтандырып тұрады. Ондай синтаксистік тіркесте баяндауыштық тұлғалар, көбінесе, ең соңғы көмекші етістіктерге жалғанады, көсемше, кейде есімше тұлғалы негізігі етістіктер сол көмекші етістіктер арқылы тиянақты қалыпқа түседі. Олай болуы түркі тілдерінің бәріне тән.
Күрделі баяндауыш құрамындағы етістіктердің қызметі. Көмекші етісіктер жоғарғыдай синтаксистік тіркеске түсіп, баяндауыштың шақтық, тұрпаттық (видтік), модальдық, т.б. мағынасын түрлендіріп, кейде бір қалыптан екінші қалыпқа түседі. Ондайда кез келген етістік қатар қойылып, оның алдыңғысы негізгі, соңғысы көмекші қызметте жұмсала берілмейді, олардың біріне-бірі үйлес келетін, бірін-бірі толықтыратын, кейде біріне екіншісінің мағынасына қарсы келетін етістіктерден құралып, синтаксистік бірлік жасалады. Проф.В.Насилов су ағып тұр деген сияқты тіркестегі етістіктерге талдау жасай келіп, ағып етістігінің динамиканы білдіретінін, тұр етістігінің статиөстиканы білдіретінін, сөйтіп ол екеуі тұтасып үздіксіз болып жатқан қимыл әрекетін білдіретінін көрсетеді.
Басқа түркі тілдеріндегі сияқты, қазақ тілінде де күрделі етістіктердің құрамы алуан-алуан болады: кейде жоғарғыдай бір динамикалық мағынадағы етістіктер немесе екеуі де статикалық не динамикалық мағынадағы етістіктер болады: кейде одан да басқа қимылды, күйді білдіретін етістіктер тіркесіп, күрделі баяндауыш болады. Соған лайық, олардың екінші компонентерінің негізгі етістіктерге қосатын мағыналары да әр түрлі болады.Оны аңғару үшін бір тұлғадағы негізгі етістіктерге түрлі-түлі көмекші етісіктерді тіркестіріп, салыстырып байқайық:
Бере баста, бере түс, бере сал;
Тұра тұр, тұра бер, тұра қал;
Шыға тұр, шыға баста(ды), шыға қойма(ды), шыға келді;
Кіріп келді, кіріп алды, кіріп жатыр, кіріп болды, кіріп қойды;
Жазып бер, жазып ал, жазып таста(ды), жазып көр.
Негізгі етістіктер мен көмекші етістіктер түйдекті топ құрып күрделі баяндауыш болғанда, субъектінің қимыл процесінің әр түрлі құбылыстарын, мысалы: істің, қимылдың біткенін, бітпегенін, олардың қарқынын, тыңғылықтылығын, тыңғылықсыздығын, бастау, аяқталу кезеңдерін білдіреді. Мысалы, Оқушылар клубқа кіріп жатыр дегенде, бастауыш жаңа ғана басталған қимыл процесінің ұласпалы қалпын білдіреді. Ол жүріп келді дегенде, баяндауыш бастауыштың аяқталмаған әрекетін білдіреді. Ондайдың әлі де көпке созылғандығын білдіру үшін қазақ тілінде баяндауыш қайталанып айтылады:
Жапан далада жан-жағына алаңдап жалғыз әйел жортып барады, жортып барады. Кең далада жалғыз адам жүріп келеді, жүріп келеді. Өзгеше бір күй кең даланы күңірене шайқай береді, шайқай береді. (Ғ.Мұстафин). Зытып келеді екем, зытып келеді екем. Нанды жалмаған тарақандардай-ақ жалмай береді, жалмай береді (М.Горький).
Баяндауыштардың осылайша қайталанып айтылуы арқылы да қимылдың созылыңқылығын білдіруі – күрделі етістік баяндауыштардың жұмсалуындағы стильдік ерекшеліктің бірі. Бұлай айтудың тағы бір қызметі бар. Ол – бастауыш арқылы айтылған ойды бекемдей, нығыздай түсу;
Ол қыз – Ботакөз десе – бота көз (С.Мұқанов). Ешкімнің ақылының керегі жоқ. Барамын деген соң – барамын (Б.Майлин)
Дәл осы сияқты болғанымен, істің, қимылдың созылыңқы не дем арасында орындалғанын білдіру үшін, кейде негізгі етістіктер тиянақты тұлғада айтылып, одан кейін тұратын көмекші етістіктерден бұрын да//де демеулігі айтылады: Ол сөйлейді де отырады. Сен күні бойы үйде отырасың да қоясың; үйге кірдім де шықтым; жұдырықпен қойды да жіберді. Тұнжыраған қарақаттай екі көзі жаутаңдап мөлдірейді де тұрады. Әп – сәтте Амантай тобы әскерлерге араласты да кетті (С. Мұқанов)
Негізгі етістіктерді қос сөз ретінде қосарлап айту арқылы да қимылға созыңқылық өң береді.
Екеуі бізді көріп қалды да, атып-атып жіберді ( Ә.Әбішов). Майбасар Байсүгірді қамшымен тартып-тартып жіберді. Есігі дамыл таппай ашылып- жабылып жатыр екен (М. Әуезов).
Достарыңызбен бөлісу: |