«Педагогика тарихы» пәнінен дәрістер тезисі №1 Дәріс тақырыбы: Педагогика тарихы пәні мен міндеттері. 2 сағат Дәріс тақырыбының мақсаты



бет6/12
Дата05.11.2016
өлшемі2,81 Mb.
#769
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Дәріс тақырыбының мақсаты: Студенттерге Ресейдегі қазіргі мектеп және педагогика жайлы мағлұмат беру.

Қарастырылатын негізгі сұрақтар:

Ғылым мен гуманизм үшінші мыңжылдықтың әлемаралық құндылығы. Қазіргі педагогикалық технологиялар. Тұлғаға бағдарланған технологиялар. Негізгі тұжырымдамалық идеялар. Ынтымақтастық педагогикасы. Ш.А. аманошвилидің гумандық тұлғалық технологиясы. Орта және жоғары мектептің даму тенденциялары. Қазіргі жағдайдағы үздіксіз білім берудің ұлттық жүйксін дамыту мәселелрінің сипаты.

Педагогикалық ғылымның халыққа білім берудегі маңызы орасан зор болғандықтан, іргелі зерттеулерге және педагогиканы түрлі ғылым салаларымен байланыста зерттеуге көңіл аудару керек болды. Ғылыми ізденістер әлеуметтік орта мен мектеп тәжірбиесінің байланысын айқындауға, оқытуды жоғары технологиямен қаруландыруға, зерттеу үрдісінің және оқыту мен тәрбиелеудің бірлігін қамтамасыз етуге, қажетті теориялық зерттеулерді жүргізуге бағытталды.

Жалпы орта білімді қайта құру педагогика саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді басқа ғылым салаларымен кіріктіре жүргізуді қажет етті.

Үздіксіз білім беру жүйесіндегі базалық орта білім беру тұжырымдамасын (1989) білім саласында іске асыру шаралары жүргізілді. Дегенмен де тұжырымдамада белгіленген шаралар кеңестік кезеңдегі саяси-идеологиялық және экономикалық жүйенің тоқырауына байланысты қоғамдық сұранысты қамтамасыз ете алмады. Бұл кезде Одақтың ыдырауы да белең ала бастап еді. Қоғамдық даму тығырыққа тіреліп, жаңа нарықтық қатынастар жүйесіне лайық болашақ ұрпақты тәрбиелеудің жаңа тұжырымдамаларын жасау үшін ғылыми ізденістер жүргізу қажеттігі пайда болды.
Жаңашыл педагогтардың ғылыми-теориялық және әдістемелік ізденісі. Теория мен практиканы өзара кіріктіре отырып жүргізуде жаңашыл мұғалімдер Ш.А.Амонашивили, В.Ф.Шаталов, С.Н.Лысенкова, И.П.Волков, И.П.Иванов, т.б. іргелі педагогикалық мәселелерді шеше білді.

Ш.А.Амонашивили мектеп практикасында алты жасар балалармен жұмыс істеудің мазмұны мен ұстанымдарын ғылыми негіздеп тексерді. “Мектепке алты жастан“ атты еңбегінде алты жасар баланың бойында болатын қасиеттерді саралап көрсетті. Ол алты жасар балалармен қарым-қатынаста төмендегі қасиеттер негізге алынуы керектігіне тоқталады:

“Біріншіден, біз мейірбанды болуға тиіспіз, балаларды қаз қалпында сүюге тиіспіз, шолжаңды да, тіл алғышты да, ақылдыны да, миғұланы да, жалқауды да, ынталыны да бірдей жақсы көруіміз керек.

Екіншіден, біздер балаларды түсіне білуіміз керек. Бала кішкентай болғанымен, оның ісі мен қарекеті үлкен. … Балаларды түсіну дегеніміз – олардың позициясында тұру, олардың сезімін қадірлеу, қам-қарекеті мен ісін елеу, олармен санасу деген сөз. Баланың көңіл-құбылысы мен жүрек тебіренісін, оның сезімі мен талпынысын түсіне отырып қана әр баланың өміріне ең жақын адамыңдай қоян-қолтық араласа отырып, педагог баянды тәрбиеге қол жеткізе алады.

Үшіншіден, педагогиканың, тәрбиенің жасампаз күшіне сенуіміз керек.

Төртіншіден, біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды қалыптастыруға міндеттіміз“.

Ш.Амонашивили мектептің міндеті білім беру арқылы тәрбиелей отырып, балаларды бұрынғы және қазіргі ұрпақтардың материалдық және рухани байлықтарымен таныстыру деп санайды.

Т.И.Гончарованың әдістемесі тарихи материалдар негізінде жастардың өзін-өзі және бүгінгі күнді танып-білуіне көмектесу мәселесін көтереді. “Тарих тағылымы - өмір сабағы“ атты еңбегінде: “Нағыз сабақ – дегеніміз мұғалім мен оқушылардың ақиқатты бірлесе іздестіруі, ойлау мәдениетінің лабораториясы. Бұл жоқ жерде көңілсіздік, селсоқтық, рухани жұтаңдық орын алады…”

Ғалымның алдына қойған негізгі мақсаты – жеке адамды қалыптастыру. Ол: “Жеке адам болу дегеніміз өзін адамзаттың адамы ретінде сезіну, сан ғасырлар бойы халық тәжірибесі туғызған рухани мәдениеттің мәңгілік игіліктерін бойына дарытып, осы игіліктерді еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге, адамдар қатынасына, күнделікті тұрмысқа енгізу деген сөз. Жеке адам – болмыстың жаңа формасын жасау жөніндегі өз халқының жасампаз істеріне, бұқараның шығармашылығына белсенді және саналы түрде қатысатын, қоғамға пайдалы болуға деген ішкі қажеттілікті сезінетін адам“, - дейді.

В.Ф.Шаталов педагогикадағы ең қиын міндеттердің бірін - әр оқушыны күнделікті қажырлы ой еңбегіне қатыстыру, жеке бастың сапасы ретінде танымдық дербестікті тәрбиелеу, әр оқушының өзіндік адамгершілік сезімін, өзінің күш жігері мен қабілетіне деген сенімділігін нығайту мәселелерін ойдағыдай шешу жолдарын ұсынды.

С.Н.Лысенкова балаларды оқытудың, оқу-таным қызметін өздігінен реттеудің тәсілдерін ұсынумен бірге төменгі сынып оқушыларының оқу әрекетін басқарудың пәрменді жүйесін жасады.

И.П.Волков төменгі сынып оқушыларымен шығармашылық сабақтарды өткізу барысында оқу материалдарының мазмұны мен оқу процесінің құрылымы айырықша көңіл бөлуді талап етеді, оқу үдерісін оқу мазмұнына сай құра білу балалардың талабы мен қабілетін анықтап, мақсатты түрде дамытуға көмектеседі, әр істегі шығармашылықтың алғы шарты болып табылатын сапаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді дегенді айтады.

И.П.Ивановтың ұжымдық шығармашылық тәрбие әдістемесі А.С.Макаренконың идеяларын қазіргі жағдайларға сай дамытып, ұжымшылдықты қалыптастырудың, сол кездегі пионер және комсомол ұйымдарындағы оқушылардың өмірін жетілдірудің, балалардың қоғамдық игілікке деген жекелей және ұжымдық қамқорлықтарын арттырудың жолдарын көрсетеді.

“Ұжымшылдары тәрбиелеу“ атты еңбегінде Иванов кеңестік дәуірдегі ұжымшылдық - өскелең ұрпақтарды қоғам талаптарына және оның мүдделерімен өмір сүруге тәрбиелеу – мектептің аса маңызды міндеті болғанын, әрбір ұстаз тәрбие беретін ұжымды құрудың және оны нығайтудың мейлінше тиімді жолдары мен құралдарын шығармашылықпен іздестіруге шабыттандыратын ой-пікірдің сарқылмас қайнар көзі деп бағалайды.

Қорыта айтқанда білім мазмұны мен оқыту әдістерін жетілдіру бағытындағы педагогтардың шығармашылық ізденістері дидактиканы теориялық және әдістемелік жағынан жаңа мағынадағы түсініктермен толықтырды.
1. Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту технологиясының мәні.

Білім беру жүйесінің дамуының стратегиялық бағытын анықтау бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырғаны анық. Американдық педагог Филлип С. Шлехтидің «XXI ғасырға арналған мектеп. Білім беруді қайта құрудың басымдықтары (приоритеты)» атты кітабында көптеген бизнесмендерге, жұмыс берушілерге, мектеп функционерлеріне жасалған сауалнамаға сілтеме жасай отырып «Сізге мектептен не қажет?» деген сұраққа «Бізге өз бетінше оқып-үйрене алатын адам керек деген» бір ғана жауап алғанын атап көрсетеді. Бұл түсінікті де, егер оқушы қалай оқып-үйрену керек екенін білсе, мақсатына жетуге қабілетті болса, егер ол кітаппен жұмыс істеп, мұғалімнен білім алып, қандай да бір проблеманы шешу үшін өзіне қажетті ақпаратты іздеп тауып, оны пайдалана алса, осы проблемаларды шешу үшін әралуан ақпарат көздерін пайдалана алса, онда оған өзінің кәсіби деңгейін жоғарылату, қайта мамандану, кез-келген қосымша білім алу оңай болар еді, - ал өмірде дәл осы айтылғандар керек. Әрине, мұның бәрі оқушыларды жазуға, сызуға, әртүрлі пәндер бойынша белгілі бір білімдер жиынтығын меңгеруге үйретуден әлдеқайда қиынырақ.



Қазіргі таңдағы және болашақтағы жұмыс берушіге:

  • өз бетінше ойлай алатын және әртүрлі мәселелерді шеше алатын (яғни, алған білімдерін мәселелерді шешу үшін пайдалана алатын);

  • критикалық және шығармашылық ойлау қабілеті бар;

  • гуманитарлық білімдерді тереңінен түсінуге негізделген бай сөздік қоры бар қызметкерлер қажет.

Сонымен, постиндустриалды қоғамға объективті өзін-өзі бағалау негізінде өзін-өзі жүзеге асыруға қабілетті, өз бетінше ойлай алатын адамдар қажет. Жоғарыда айтылғандарды ескеретін қайта құру жұмыстарын жүргізу қажет. Яғни, оқытуды жеке тұлғаға бағдарланған оқыту арқылы жүргізу қажет, өйткені орта оқушыға, білімдерді, іскерліктерді және дағдыларды меңгеріп, қайта жаңғыртуға бағдарланған оқыту қалыптасқан жағдайдың талаптарына жауап бере алмайды.

Сонымен, білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағытының бастыларының бірі – жеке тұлғаға бағдарланған білім беру мәселесін шешуде жатыр, бұл оқыту жүйесінде педагогтың, психологтың ең басты назар аударатыны оқушының, студенттің жеке тұлғасы болуы керек, онда мұғалім-оқушы тандемінде оқыту емес, оқу, танымдық іс-әрекет жетекші болатын еді, білім берудің дәстүрлі парадигмасы мұғалім-оқулық-оқушы табандылықпен оқушы -оқулық-мұғалімге ауыстырылатын еді. Көшбасшы елдердегі білім беру жүйесі дәл осылай құрылған. Ол философиядағы, психология мен педагогикадағы гуманистік бағытты бейнелейді.

Гуманистік психология және соған сәйкес педагогика өздерінің зерттеу жұмыстарын, ұсыныстарын оқушының жеке тұлғасымен, оның даралығымен байланыстырады. Бихейвиористерге, олар да өздерінің күшін жеке тұлғаның дамуына бағыттаған, қарағанда гуманистік бағыт өкілдері адам даралығын мүлде басқаша түсінеді. Бұл жеке тұлғаға бағдарланған оқытуды түсіну үшін және әлемдік педагогикада оған қатысты қандай көзқарастар бар екенін білу үшін маңызды. Шын мәнінде психологтар мен педагогтар білім алушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктеріне бағдар жасау қажет екенін әрдайым ұғынатын, бірақ әртүрлі жолдарды ұсынады.

Психологиядағы гуманистік бағыттың жарқын өкілдерінің бірі К.Роджерстің көптеген көзқарастары жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың негізінде жатыр.

Баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру қажеттігі туралы кеңес психологтары: Л.В.Выготский (баланың жақын даму аймағы теориясы), П.Я.Гальперин (ақыл-ой әрекеттерін кезең бойынша қалыптастыру), А.А.Леонтьев (қарым-қатынас психологиясы) және т.б. психологтар айтқан болатын. Алайда сынып-сабақтық жүйе жағдайында, педагогикадағы авторитарлық стиль басым түсіп отырғанда бұл идеяны әрбір оқушыға қатысты жүзеге асыру мүмкін емес.

Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту жағдайында мұғалім оқу процесінде басқа рөл мен функцияға ие болады, дәстүрлі оқыту кезіндегіден маңыздылығы еш аз емес. Мұны жете түсіну маңызды. Егер дәстүрлі оқыту кезінде мұғалім оқулықпен бірге негізгі және ең құзыретті білім көзі және мұғалім тану процесін бақылаушы субъект болған болса, жаңа білім беру парадигмасында мұғалім көбінесе оқушылардың өз бетінше белсенді танымдық іс-әрекетін ұйымдастырушы, құзыретті кеңесші және көмекші рөлінде болады. Оның кәсіби іскерліктері тек оқушылардың білімдері мен іскерліктерін бақылауға ғана бағытталмай, білімдерді алу мен пайдалану кезінде пайда болатын қиындықтарды өзінің білікті әрекеттерімен жоюға дер кезінде көмектесу үшін олардың іс-әрекеттеріне диагностика жасауға бағытталуы тиіс. Бұл рөл дәстүрлі оқыту кезіндегіден әлдеқайда қиынырақ және мұғалімнен өте жоғары дәрежедегі шеберлікті талап етеді.

Бұл педагогикалық технологияның мәнін түсінудегі маңызды кезең білім беру процесіндегі баланың орнын, ересектердің балаға деген қарым-қатынасын анықтау. Жеке тұлғаға бағдарланған технология бүкіл білім беру жүйесінің орталығына баланың жеке тұлғасын қояды, баланың дамуы үшін, табиғи потенциалдарының жүзеге асуы үшін ыңғайлы (комфортты), дау-дамайсыз және қауіпсіз жағдайлар жасау. Баланың жеке тұлғасы тек субъект қана емес, басым субъект, ол бір мақсатқа жетудің құралы емес, білім беру жүйесінің мақсаты болып табылады.

Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту технологиясы гуманистік философияның, психологияның және педагогиканың іске асырылуы болып табылады. Педагог назарының орталығында - өзінің мүмкіндіктерін барынша жүзеге асыруға ұмтылатын, жаңа тәжірибені меңгеру үшін ашық болып табылатын, өмірдің әртүрлі жағдайларында саналы және жауапкершілікті шешім қабылдауға қабілетті баланың бірегей тұтастай жеке тұлғасы тұруы тиіс. Дәстүрлі технологиядағы тәрбиеленушіге формальді түрде білімдер мен әлеуметтік нормаларды беруге қарағанда мұнда жоғарыда аталған қасиеттерге қол жеткізу тәрбиелеу мен оқытудың басты мақсаты болып жарияланады.

Дәстүрлі дидактикалық жүйелерде кез келген педагогикалық технологияның негізі түсіндіру болса, жеке тұлғаға бейімделген білім беруде – түсіну мен өзара түсіністік.

Түсіндіруде – тек бір сана, бір субъект, монолог, түсінісуде – екі субъект, өзара түсіністік, диалог. Түсіндіру - әрқашан жоғарыдан төмен қарау, түсінісу – бұл қарым-қатынас, ынтымақтастық, өзара түсінісудегі теңдік.

Негізгі идеясы – түсіндірудегі түсінісуге, монологтан диалогқа, әлеуметтік бақылаудан – дамуға, басқарудан - өзін-өзі басқаруға көшуде.

Шығармашылық, зерттеушілік іздену баланың жеке тұлғаға бейімделген кеңістікте өмір сүруінің негізгі тәсілі. Бірақ балалардың дене, ақыл-ой, рухани мүмкіндіктері оқытудың шығармашылық міндеті мен өмірлік проблемелерды шешуі үшін жеткіліксіз, балаға педагогикалық көмек пен қолдау қажет.

Бұл жеке тұлғаға бағдарланған технологиядағы негізгі түйінді сөздер болып табылады.

Қолдау педагогтың балаларға қатысты гуманистік позициясының мәнін көрсетеді. Бұл мұғалімнен қолдау мен қорғау іздейтін балалардың шынайы сеніміне жауап, бұл олардың қорғансыздығын түсіну және өзінің балалардың өмірі, денсаулығы, эмоционалдық көңіл-күйі, дамуы үшін жауапты екенін жете түсінуі. Қолдау Ш.Амонашвили қызметінің үш принципіне негізделеді:

- баланы жақсы көру;

- ол өмір сүріп отырған ортаны адамдандыру;

- баланың бойында өзінің балалығын бастан өткізу.

В.А.Сухомлинскийдің ойынша баланы қолдау үшін педагог өзінің бойында балалық сезімін сақтауы керек; баланың және онымен болып жатқан жағдайдың барлығын түсіну қабілетін дамытуы қажет; балалардың қылықтарына даналықпен қарауы керек; бала әдейі істемей қателесіп қалғанына сенуі тиіс; баланы қорғауы керек; бала туралы жаман, әділетсіз ойламай, ең бастысы оның даралығын бұзбай, оның дамуын түзету және бағыттауы қажет, бала өзін-өзі тану, өзін-өзі бекіту, өзін-өзі тәрбиелеу жағдайында екенін ұмытпау керек.

Жеке тұлғаға бардарланған технология мақсаттары парадигмасының өзгешелігі жеке тұлға қасиеттеріне бағдар жасауда, оны біреудің тапсырысы бойынша емес, оның табиғи қабілеттеріне сай қалыптастыру мен дамытуда. Білім беру мазмұны баланың жеке тұлғасы қалыптасып, дамитын орта болып табылады. Оған гуманистік бағыттылық, гуманистік нормалар мен идеалдар тән.

2. Баланы қолдау технологиясы.

Жеке тұлғаға бейімделген технология әрбір баланың жеке ерекшеліктеріне сәйкес келетін оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен құралдарын табуға тырысады: психодиагностика әдісін қолданады, балалардың іс-әрекетін ұйымдастыру мен қарым-қатынасты өзгертеді, білім беру мазмұнына түзету енгізеді. Баланы қолдау технологиясы гуманистік психология бойынша әбден толығымен зерттелген. К.Роджерс педагогтың негізгі міндеті баланың жеке тұлғалық өсуіне көмектесу деп есептейді. Оның ойынша педагогиканың терапиямен тегі бір: ол әрқашан оның физикалық және психикалық денсаулығын қалпына келтіріп отыруы тиіс. К. Роджерстің айтуы бойынша егер мұғылім төменде аталған ережелерді басшылыққа алып отырса, онда ол сыныптағы әр оқушының жеке дамуы үшін қажетті атмосфераны қалыптастыра алады:



  • бүкіл оқу процесінде мұғалім өзінің балаларға толығымен сенетінін көрсетуі тиіс;

  • мұғалім бүкіл сыныптың, сондай-ақ әрбір оқушының алдында тұрған мақсаттары мен міндеттерін қалыптастырып, анықтау үшін көмектесуі қажет;

  • мұғалім балалардың оқуға деген ішкі мотивациясы бар екендігіне сүйенуі қажет;

  • мұғалім оқушылар үшін әрдайым көмек алуға болатындай әртүрлі тәжірбие көзі болуы тиіс;

  • ол мұндай рөлде әрбір оқушы үшін болғаны маңызды;

  • мұғалім топтың ұлттық көңілін сезініп, оны қабылдай білу қабілетін дамытуы қажет;

  • мұғалім топтық өзара әрекеттесудің белсенді қатысушысы болуы тиіс;

  • ол сыныпта өзінің сезімдерін ашық білдіруі тиіс;

  • әрбір оқушының сезімдеру мен қайғыларын түсінуге мүмкіндік беретін эмпатияға жетуге ұмтылуы тиіс;

  • мұғалім өзін және өзінің мүмкіндіктерін жақсы білуі тиіс.

Ресей білім беру академиясының академигі Е.В.Бондаревскаяның ойынша жеке тұлғаға бағдарланған технологияны қажет ететін мектепке мына талаптарға жауап беретін:

  • балаға, мәдениетке, шығармашылыққа құнды қарым-қатынасы бар;

  • гумандық педагогикалық көзқарасы байқалатын;

  • бала экологиясын, олардың психикалық және физикалық денсаулығын сақтаудың қамын ойлайтын;

  • мәдени-ақпараттық және пәндік-дамыту білім беру ортасын қалыптастырып, үнемі байытып отыра алатын;

  • білім беру мазмұнына жеке тұлғалық-мағыналық бағыттылық бере отырып, онымен жұмыс істей алатын;

  • әртүрлі педагогикалық технологияларды жеке-тұлғаны дамыту бағыттылығын бере отырып меңгерген;

  • әрбір баланың жеке дамуының және қолдау табуының қамын жейтін мұғалім керек.

3. Жеке тұлғаға бағдарланған технологиялар шеңберіндегі дербес бағыттар:

- ізгілікті-жеке тұлғалық технологиялар;



  • ынтымақтастық технологиялары;

  • еркін тәрбиелеу технологиялары;

  • эзотерикалық технологиялар.

Ізгілікті-жеке тұлғалық технологиялар ең алдымен өзінің ізгілікті маңыздылығымен, жеке тұлғаны қолдаудың психотерапевтік бағыттылығымен, оған көмек көрсетуімен ерекшеленеді. Олар баланы сыйлау мен оны жақсы көру, оның шығармашылық күшіне оптимистік сенім білдіру идеясын қуаттайды, мәжбүрлеуді қабыл алмайды.

Ынтымақтастық технологиялары, педагог пен баланың субъект-объектілік қарым-қатынасындағы демократизмді, теңдікті, әріптестікті жүзеге асырады. Мұғалім мен оқушылар мақсаттарды мазмұнды бірге анықтайды, ынтымақтастық жағдайында бола отырып баға береді.

Еркін тәрбиелеу технологиялары балаға таңдау еркіндігі мен дербестікті беруге басты назар аударады. Таңдау жасай отырып бала сыртқы ықпалдардан емес, ішкі талаптанудан нәтижеге қарай жылжи отырып субъект позициясын ең жақсы жолмен жүзеге асырады.

Эзотерикалық технологиялар – эзотерикалық (жеке түсінілмеген, пайымсыз) Ақиқат пен оған апаратын жолдар жөніндегі білімдерді оқып үйренуге негізделген. Педагогикалық процесс – бұл жаңа білімді хабарлау емес, қарым-қатынас емес, Ақиқатқа араластыру. Эзотерикалық парадигмада адамның (бала) өзі Әлеммен бірге ақпараттық өзара әрекеттесу орталығы болады.

1. Ынтымақтастықта оқытудың дамуы мен оның мәні.

Ынтымақтастықта оқыту, шағын топтарды оқыту педагогикада бұрын қолданылған. Топтарды оқыту идеясы ХХ ғасырдың 20 жылдарына қатысты. Бірақ шағын топтарда оқыту технологиясын жасау тек 1970 жылдары басталды. Ынтымақтастықта оқыту Дж.Дьюидің философиясындағы білім берудегі прагматикалық тәсілінің маңызды элементі болып табылады. Ең алғаш бұл әдіс туралы баспа беттерінде 1970 жылдардың соңында 1980 жылдардың басында жазыла басталды (Ұлыбритания, Канада, Батыс Германия, Австралия, Нидерланды, Жапония, Израиль және т.б.).

Ал Ресейде ынтымақтастықта оқыту 80-жылдардағы білім беру жүйесінде көптеген инновациялық процесті өмірге әкелді. Ынтымақтастықта оқыту идеясының мәнін бірқатар жаңашыл педагогтар түсініп, оны жүзеге асыруға ұмтыла бастады, ең алдымен С.Л.Соловейчик және В.М.Матвеев, содан кейін И.П.Иванов, В.Ф.Шаталов, И.П.Волков, Ш.А.Амонашвили, В.А.Краковский, С.Н.Лысенкова, Б.П. және Л.А.Никитенден және т.б.

Ынтымақтастық педагогикасының негізінде баланың жеке тұлғасын тереңінен түсіну мен оған ізгілікті қарау, ұжымдық тәрбиелеу, мұғалімнің жоғары кәсіпқойлығы мен мектепке қоғамдық назар аудару жатыр.

Ынтымақтастық – бұл оқу-тәрбие процесінің объектілері мен субъектілері ортақ іс-әрекетте жолдастық, өзара сыйластық, өзара түсіністік, ұжымдастық қарым-қатынасында бірігетін оқу-тәрбие процесінің деңгейі.

Тұтас технология ретінде ынтымақтастық педагогикасы әлі нақты бір модельде іске асырылған жоқ, нормативті-орындаушы құралдары жоқ, оның идеялары қазіргі таңдағы барлық дерлік педагогикалық технологиялардың негізіне енді. Сондықтан, ынтымақтастық педагогикасын «ішкі ойды түсінетін», жаңа педагогикалық ойды іске асыратын, қазіргі таңдағы барлық педагогикалық технологиялардың құраушы бөлігі ретінде енген прогрессивті идеялар көзі болып табылатын ерекше типті технология ретінде қарастыру керек.



2. Ынтымақтастықта оқытудың классификациялық сипаттамалары.

Ынтымақтастықта оқытудың мынадай классификациялық сипаттамалары бар:



  • қолдану деңгейі бойынша – жалпы педагогикалық технология;

  • философиялық негізі бойынша – гуманистік;

  • дамудың негізгі факторы бойынша – кешенді: био-, -әлеуметтік- және психогенді;

  • меңгеру концепциясы бойынша: ассициативті-рефлекторлы кезең бойынша интериоризация;

  • жеке тұлғалық құрылымға бағдар жасау бойынша – жан-жақты үйлесімді;

  • мазмұнының сипаты бойынша: оқыту + тәрбиелеу, зиялы, гуманистік, жалпы білім беретін;

  • басқару типі бойынша: шағын топтар жүйесі;

  • ұйымдастыру формалары бойынша: академиялық + клубтық, жеке + топтық, дифференциацияланған;

  • балаға қатынассы бойынша: гумандық-жеке-тұлғалық, субъект-субъектілік;

  • басым түсетін әдісі бойынша: проблемалық-ізденушілік, шығармашылық, диалогтық, ойын түрінде;

  • білім алушылар категориясы бойынша – жаппай.

Ынтымақтастықта оқытудың мақсатттық бағдарлары:

  • талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына көшу;

  • балаға гумандық-жеке-тұлғалық қарау;

  • оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі.

Қарым-қатынас жүйесі ретінде ынтымақтастық көп аспектілі; бірақ онда маңызды орынды «педагог-білім алушы» қарым-қатынасы алады. Ынтықмақтастық концепциясында оқушы оқу іс-әрекетінің субъектісі ретінде көрсетілген. Сондықтан, бір процестің екі субъектісі бірге әрекет етуі тиіс; олардың ешқайсысы екіншісінен үстем болмауы тиіс.

Ұжым шеңберінде ынтымақтас қарым-қатынас мұғалімдер, әкімшілік, оқушы және мұғалім ұйымдарының арасында орнайды; ынтымақтастық принципі оқушылардың, мұғалімдер мен басшылардың қоршаған әлеуметтік ортамен (ата-аналар, жанұя, қоғамдық және еңбек ұйымдары) қарым-қатынасының барлық түріне тарайды.



3. Ынтымақтастық педагогикасында төрт бағытты атап көрсетуге болады:

1. Балаға ізгілікті жеке тұлғалық ықпал ету. Бүкіл білім беру жүйесінің орталығына жеке тұлғаның қасиеттерінің тұтастай жиынтығының дамуы қойылады.

Мектептің мақсаты – баланың ішкі күші мен мүмкіндіктерін ояту, оларды өмірге шақыру, оларды жеке тұлғаның толық және еркін дамуы үшін пайдалану. Гумандық-жеке-тұлғалық тәсіл мына идеяларды біріктіреді:

- жеке тұлғаға білім беру мақсаты ретінде, оқу-тәрбие процесінің жеке тұлғалық бағыты ретінде қарау;

- педагогикалық қары-қатынастарды ізгіліктендіру және демократияландыру;

- қазіргі жағдайларды еш нәтиже бермейтін тікелей мәжүрлеуден әдіс ретінде бас тарту;

- жеке ерекшеліктерін ескеруді жаңадан түсіндіру;

- жағымды Мен-концепциясын қалыптастыру, яғни жеке тұлғаның өзі туралы түсініктерінің жүйесі, ол соның негізінде өзінің мінез-құлқын қалыптастырады.

2. Дидактикалық белсенділендіруші және дамытушы кешен. Балаларды «неге» және «қалай» оқыту керек деген мәселелерді шешуде приципиалды жаңа тәсілдер мен тенденциялар ашылуда; оқыту мазмұны мектептің өздігінен жеке бір мақсаты ретінде емес, жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде қарастырылады; оқыту жинақталған білімдербілімдер, іскерліктер және дағдылар және ойлау тәсілдеріне қарай жүргізіледі; интеграция, вариативтілік; жағымды ынталандыру қолданылады.

Оқу процесінің әдістері мен формаларын жетілдіру жаңашыл педагогтардың авторлық жүйелерінде қолданылатын бірқатар дидактикалық идеяларда ашылады: В.Ф. Шаталовтың тірек сигналдарында, еркін Штейнер идеясында, С.Н.Лысенкованың озық оқытуында, Эрдниевтің ірілер идеяларында, В.А.Сухомлинский сыныбының интеллектуалды фонында, Л.В.Занков бойынша жеке тұлғаны дамытуда, И.П.Волковтың шығармашылық және орындаушылық қабілеттерінде, Л.С.Выготскийдің жақын даму аймағында және т.б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет