Педагогика тарихы


Антика заманындағы Византиялық педагогикалық ой-пiкiрлер



бет18/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
өзіндік жұмыс, ОНАТИЛИ
7. Антика заманындағы Византиялық педагогикалық ой-пiкiрлер

Ежелгі шығыстық өркениет ұсынған алғашқы мектеп үлгілері антикалық, яғни ежелгі гректік-римдік дәуірде өз жалғасын тапты. Ежелгі Греция мен Римдегі, Эллиндік кезеңдегі мемлекеттерде өскелең ұрпаққа білім беру ісінің мазмұны, әдістері, оқу-тәрбие істерін ұйымдастырудағы жетістіктері және оларды сол замандағы философтардың рефлексия деңгейіне дейін көтеріп қарастыруы, мектеп пен педагогикалық пікірлердің дамуына игі ықпал жасады.


Антикалық дәуір өркениетінің территориялық шекарасы өте кең де, уақыт өлшемі – ұзақ. Ол б.з.д. 3-2 мыңжылдықта Эгей теңізіндегі аралдарда олардың жағалауындағы құрлықта ежелгі грек мәдениеті пайда болғаннан бастап, б.з.д. V ғасырда гректік-римдік әлемінің біржола ыдырап, орта ғасырлық өркениеттің бастау алуына дейінгі дәуірді қамтиды.
Өйткені, антикалық әлем өзінің жан-жақты даму сатысында Атлант мұхитынан Египетке (Мысыр), Орталық Азия мен Үнді секілді үш құрлықтың жерін қамтиды.
Б.з.д. Эгей теңізінің аралдарында ең алдымен Критте және Грекия жерінде экономикасы мен мәдениеті жағынан Египет, Кіші Азия, Финикия және Қосөзен сияқты ежелгі Шығыс өркениетіне ұқсас ерекше мәдениет түрі қалыптасты. Осындай өзіндік мәдени даму жағдайында б.з.д. 3-ші мың жылдықта Критт аралында ежелгі шумерлік жазуға ұқсас пиктографиялық белгілеріне қарай жазу пайда болды, ғибадатханалар мен сарайлар шаруашылық қажеттіліктерін бейнелейтін жазумен безендірілді.
Б.з.д. 2-ші мыңжылдықтың ортасында бұл аймақта абыздар (жрецтер), патша сарайының қызметкерлері, тіпті қалалық бай тұрғындар арасында буындық жазуды меңгеру кең етек жайды. Криттік жазуда кейін дауысты және дауыссыз дыбыстарды білдіретін белгілер пайда болды.
Ежелгі Шығыстық өркениет сияқты бұл жерде де оқытудың алғашқы орталықтары ғибадатханалар мен патша сарайларында құрылды. Мәселен, крит патшасының сарайында хатшы қызметшілер мен олардың шәкірттеріне арналған арнайы орындар болған. Криттік хатшылар жазу ісінің бұлжымайтын ережелерін жасады, жазу солдан оңға қарай және жолдардың орналасуы жоғарыдан төмен қарай орналастырылған. Сондай-ақ, олар бас әріптерді жаңа жолдан бастап жазуды ойлап тапты. Осының өзі кейінгі ғасырларда еуропалық жазба мәдениеті мұрасына айналды.
Ежелгі Греция мен Криттегі мәдени даму б.з.д. ХІІ-ХІ ғасырларда Балқан түбегінің грек жағалауларын мекендеген жауынгер тайпалардың басып кіруіне байланысты тоқтап қалды. Б.з.д. IX-VIII ғасырларда Грециядағы жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқыту ісі аты аңызға айналған ежелгі грек ақыны Гомердің “Илиада”, “Одиссея” дастандарында бейнеленген. Гомердің үй ұстаздарынан тәлім алған, көбіне ақсақалдардан тәлім-тәрбие алып, олардың тілі өте бай, аңыздарды, құдайлардың іс-әрекетін, өз тайпасының тарихын жақсы білетін, ән салып, музыкалық аспаптарда ойнап, жазған хаттарды оқи алатын, ақыл-ойы терең, адамгершілік қасиеті мол және дене күші мығым, жан-жақты жетілген адам бейнесін жасады. Көне дәуірдегі гректерге денесінің шымыр болуы және кісінің қару қолдануға жарамдылығы адамдық қасиеттің негізгі белгілері ретінде саналғандықтан, эпикалық поэмаларда бұл туралы “төзімді, мықты, бұлшық еті ойнаған” деген мінездемелер жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылған. Гомердің шығармаларында адамгершілік тәрбиесінің мұраттары да ашып көрсетіледі, бас кейіпкер “әділетті, сенімді, әдеп-ғұрыпты қастерлей білетін адам ретінде бейнеленеді. Сөйтіп, Гомер “ақылды”, жан-жақты дамыған кейіпкердің бейнесін жасады.
Б.з.д. VIII-VII ғасырлардағы ежелгі гректердің дәстүрлі тәрбиесі туралы мағлұматты Гесиодтың “Еңбек және уақыт” деп аталатын поэмасынан кездестіруге болады. Поэмада күнделікті тіршілік заңдылықтары жастарға өсиет ретінде көркем тілмен баяндалып, адамның ең басты қасиеті еңбексүйгіштік болуға тиісті деген уәж беріледі.
Спартада рухы күшті және дене бітімі қуатты дамыған адамды тәрбиелеу дәріптелді, бірақ оның сауатын ашуға, оқу-жазуға үйретуге, білімін көтеруге мән берілмеді. Кезінде Аристотель спарталық жастардың әскерде соғыс қимылдары кезінде өздерін сенімді ұстайтынын атап өтумен бірге олардың дүниетанымдарының шектеулілігінен бос уақыттарын дұрыс пайдалана алмайтындықтарын спарталық тәрбие жүйесінің ең басты кемшілігі деп есептеді. Керісінше, Антикада жасөспірімдерге жан-жақты білім берілді. Бұл айырмашылық Фулкидидің “Тарихында” келтірілген афиналық Периклдің “біздің мемлекетіміз Эллададағы ағарту ісінің орталығы, менің ойымша бізде әрбір адам көптеген кәсіпке бейімделе алады деп есептеймін” деген сөзінен айқын сезіледі.
Спартада жан-жақты жетілген азаматтарды тәрбиелеу ісі тұтастай мемлекет тарапынан қадағаланып отырды. Алғаш рет адамзат тарихында тұлғаны мәдениеттендіру тәжірибесі жүзеге асырыла бастады.
Спарталықтардың қоғамдық тәрбиесі, олар өмірге келген алғашқы күннен басталды. Тарихшы Плутархтың айтуынша, жаңа туған нәрестені ақсақалдар алқасы тексеруден өткізді. Әлсіз және кемтар балаларды Тайгет шыңырауына лақтырып, ал дені сау мықтыларын тәжірибелі емізушілерге беретін. Спарталық сүт аналар (біреудің баласын емізушілер) бүкіл Грецияда жақсы тәрбиешілер ретінде бағаланып, олар нәрестелерді құндақтамай, денелерін бос қоятын, тамақты мөлшерімен ішуге және талғамауға, қараңғыда қорықпауға үйретті.
Үстем тап балалары 7-ден 18 жасқа дейінгі аралықта мемлекеттік тәрбие мекемелерінде тәрбиеленді, мұнда дене тәрбиесіне ерекше мән берілді, жасөспірімдердің денесін шынықтыруға, оларды аштыққа, шөлге, суыққа, қиындыққа, шыдамдылыққа жаттықтыруға, соғыс өнерін үйретуге айрықша көңіл аударылды. Сонымен бірге әскери қимылды ойындар, музыка тыңдау, дидактикалық ойындар, ән айту және діни билерді игеру әрекеттеріне дағдыландырылды. Мектептегі оқу сауат ашумен шектелді. Спарта тәрбиесінің мақсаты – қатаң тәртіптілік, жауына деген қатігездік, қайырымсыздыққа тәрбиелеу еді. Оларға ауық-ауық құлдардың жатақтарына шабуыл жасап, кейде құлдарды өлтіруге дейін құқық берілген болатын.
Дәулетті отбасының 18-20 жастағы жастары әскери міндеттерді атқаруға тартылып, бекіністер салу, теңізге жүзу және қала гарнизонында әскери қызмет атқаруға тиіс болды.
Спартада мемлекет қарамағында тәрбие беру ұзаққа созылғанымен, ол үш кезеңге: 7-ден 15 жасқа, 15-тен 20 жасқа, 20-дан 30 жасқа дейінгі кезеңдерге бөлінді. Соңғы кезеңде 20 мен 30 жас аралықтарында дарынды, қабілетті деген жігіттер мемлекетті басқару ісіне даярлану үшін атақты философтардың тобына кіріп, мемлекеттік басқару істерін жүргізуге қажетті білімдерін толықтыратын болды. Ал қалған 20 жастан асқандары он жылдар бойы әскери қауымдастықтың мүшесі ретінде әскери міндеттерін атқарды.
Спарта мемлекетінің қыз балалары дене күші мен әскери (диск лақтыру, найзаласу, қылыштасу) жаттығуларымен шұғылданып, шағын көлемде жалпы білім алу дайындығынан өтеді.
Бірінші кезеңде бала 7 жасқа келгенде барлық спарталық ұлдарды жинап агелдарға, оның ішінде илдарға бөлді. Агелді ақылымен және гимнастикалық жаттығуларда көзге түскен ұлдардың бірі басқарады. Плутарх агелді “тіл алу мектебі” деп атаған, ұл балалар мұнда “бағыну мен бұйрық беру өнеріне” жаттығатын болған. Басқаша айтқанда, билік басындағылардың айтқанын бұлжытпай орындайтын тіл алғыш азаматтар болуға дайындалған.
13 жастан бастап жеткіншектер, Плутархтың айтуынша, “гимнастикалық жаттығулар мектебінде” оқып тәрбиеленген, оны ақсақалдар тағайындаған “педон” басқарған. Бұл мектептер аға буын өкілдерінің қамқорлығында болған. Спарталық жасөспірімдердің бәрі де әскери өнерге жаттықтырылған, олармен адамгершілік тақырыптарына әңгімелер өткізіліп отырған. Әңгіме барысында айтылатын ойдың нақтылығы мен қысқалығына үлкен мән берілген.
14 жастан бастап ұлдар “Эйрен” сатысына дене күшін молықтыру және музыкалық дайындық алу сатысына көшірілетін болды. Жастардың күшін және ән айту, флейтада ойнау қабілетін байқау үшін жыл сайын халық алдында “агон” деп аталатын сайыстар өткізіліп тұрды. Өйткені, гимнастикалық және музыкалық сыннан өткізу жастардың әскери дайындық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді деп саналды.
Жеткіншектердің төзімділігі мен шыдамдылығын тексеру жарыстары шыбықпен сабау түрінде де жүргізілді. Бұл туралы Плутарх өзінің “Спарталықтардың нақылдары” деген еңбегінде: “Спартада ұлдарды сынақ кезінде шыбықпен сабаған, олардың арасында өліп кететіндері де болған. Соған қарамастан ұлдар жарысқа құлшына кірісетін, жеңіске қол жеткізген бозбала даңққа бөленіп, танымал болады”, - деген. Плутарх мұндай тәжірибені асқан қатігездік деп есептеді. Осылай спарталық жастар мемлекеттік тәрбиенің барлық кезеңдерінен өткеннен кейін ғана толық құқылы азаматтар қатарына қосылатын болған.
Демократиялық Афинада балалар 7 жасқа дейін отбасында тәрбиеленген. Ата-аналар мұнда балалардың дене дамуы мен дәстүрлі адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға баса көңіл бөлген.
7 жасқа келгенде афиналық балалардың бір бөлігі үшін мектепте оқу кезеңі басталатын. Дәулетті отбасыларында мектепте оқитын кішкентай балаларға қамқорлық жасау, күтіп-бағу – тәрбиеші құлдар-педагогтарға жүктелді. “Педагог” деген сөз “баланы алып жүруші” деген мағынаны білдіретін.
Афинадағы классикалық кезеңдегі алғашқы оқу орны “Дидаскалейон” – жекеменшік әрі ақылы оқу мекемелері жұмыс жасады. Тәрбие мақсатына сәйкес жастарды рухани және организмін дамыту тәрбиенің басты мазмұнын құрады.
Афиналықтарда мектептің мусикалық және гимнастикалық-палестра деген екі түрі болды.
Мусикалық мектептер мен палестраларда оқу курсын аяқтаған ақсүйек отбасыларының балалары бұдан кейін 16-18 жастың аралығында гимназияларда білімдерін жетілдірді. Б.э.д. V-ІV ғасырларда Афинада Академия, Ликей, Киносарг деп аталатын үш гимназия жұмыс істеген. Бұл мекемелерде атақты шешендер мен ақындар жастармен өсиет әңгімелер өткізді.
Академия гимназиясы қасиетті ормандағы аты аңызға айналған афиналық батыр Академнің ғибадатханасында орналасқан. Платон өз шәкірттерін дәл осы жерде оқытқан. Ликей гимназиясы мифтік тұлға Аппалон Ликейскийдің ғибадатханасының қасында болғандықтан, мұнда жастарды Аристотель оқытқан.
Киносерг гимназиясында ақсүйектерден басқа афиналық жасөспірімдер оқи алатын болған. Бұл жерде киниктердің философиялық мектебінің негізін қалаған Антисфен сабақ жүргізген.
Б.з.д. V ғасырдың соңы мен ІV ғасырдың басында Афинада және Элладаның басқа да қалаларында логика мен шешендік өнерге үйрететін софист-мұғалімдердің жеке мектептері ашылады.
Ежелгi грек өркениетi дүниежүзiне атақты философтарды берумен қатар олардың тәрбие жөнiндегi тұжырымдамаларындағы бағалы пiкiрлер Батыс Еуропадағы педагогикалық ой-пiкiрлердің қалыптасуына негiз болды.
Солардың бiрi – Пифагор (б.з.д. VI ғ.) жастардың адамгершiлiк қасиеттерiн тәрбиелеудiң ережелерiн жүйелеп мұғалiм мен оқушы қарым-қатынастарына гуманитарлық тұрғыдан сипаттама берген. Адам дамуының жас шамаларына бөлуде 7 санын негiзге алады. Баланың бiрiншi жетi жасында тiсi түссе, екiншi 14 жасында жынысы жетiлсе, үшiншi 21 жасында мұраты өседi. Сондықтан оқыту мен тәрбиелеу жас деңгейiне қарай ұйымдастырылуға тиiс балаға–сәби деп, жеткiншекке–бала деп, жас жiгiтке–жеткiншек деп қарамау керек, ал қарттар ақылынан адаспауға тиiс дегендi айтады.
Ежелгi Грецияның бiрiншi қатардағы философы Гераклит (б.з.д. 520-460 ж.ж.) бiрнеше негiзгi педагогикалық идеяларды ұсынды, ол әр адам оқуға қабiлеттi және адамгершiлiк қасиеттi, өз мiнез-құлқын тәрбиелей алады; ақыл мен сезiм – танымның басты құралы; ақыл –шындықты танудың басты белгiсi, оның мәнiн ұғындырады дегендi айтты.
Гераклиттің тәрбие мен оқыту ісінде табиғи заңдылықтарға, ақыл мен сезімге сүйену идеясын ежелгі грек философы Демокрит (б.з.д. 460-370 ж.ж.) ары қарай дамытты.
Энциклопедист-ойшыл, дүниеге материалистік көзқарастың негізін қалаушылардың бірі болған – Демокрит сезім мен ақыл арқылы берілетін білімнің айырмашылығын анықтай отырып, таным туралы жаңа теорияның негізін қалады. Ол сезімді “тұманды таным” деп есептеді, балалар ойлауға үйретілуге тиіс; балаларды дұрыс тәртіпке жаттықтыру керек, бірден “жақсы адам болып тумайды, ол жаттығудың нәтижесінде қалыптасады”; баланы еңбекке үйрету өте маңызды деген пікірлер айтты. Сонымен бірге Демокриттің пікірінше, өзін-өзі жетілдірудің негізі баланың қызығушылығынан басталады, ал мұғалімнің міндеті – сендіру арқылы балалардың қызығушылығын ояту. Мұғалiм баланың табиғаты мен тәрбиенi байланыстырушы болып табылады деп, оны “микрокосм” деген терминмен атаған.
Ежелгі Грецияда педагогикалық ой-пікірлерімен танымал болған ойшылдардың бірі – Сократ (б.з.д. 470-399 ж.ж.). Егер софистер ақиқатты танып білуге болмайды десе, олардың замандасы және қарсыласы Сократ ақиқатты пікір-талас арқылы тануға болады деп санаған. Замандастарының айтуы бойынша, Сократ уақытының көпшілігін алаңдарда, гимназияларда жастармен әңгімелесумен өткізген. Сократ – адамның табиғи дарыны туралы iлiмнiң негiзiн қалады, ол адам өзiн-өзi тану арқылы дарын қабiлетiн дамытады, бұл адамның өзiн жетiлдiрудегi басты жол деп есептедi.
Сократ эвристикалық оқыту әдісін қуаттады. Оның артында қалған педагогикалық шығармалары жоқ, бірақ бізге оның ой-пікірлері көптеген шәкірттерінің естеліктері арқылы жетті. Сократ өзінің педагогикалық тәжірибесінде диалог әдісін кеңінен қолданған. Ақиқатты өз шәкірттерімен диалог жүргізу арқылы айқындауға тырысқан.
Сократтың әйгілі шәкірттерінің бірі Ксенофонт (б.з.д. 430-355 ж.ж.) “Киропедия” немесе “Кирдің тәрбиесі” деген педагогикалық романдарында билеушінің тәрбиесі мен білімі туралы өз пікірін білдіре отырып, афиналық және спарталық тәрбие жүйесін талдайтын бірқатар жалпы педагогикалық идеяларды ұсынады. Ол жеке тұлғаға білім беру үдерісінде мәнеріне келтіріп сөйлей білу өнеріне үйретудің рөлін жоғары бағалады. Оның негізгі кейіпкерлері гректің классикалық шешендік өнерінің барлық ережелеріне сәйкес үлгіде сөйлейді. Ксенофонттың пікірінше, білімді адам пікір-таластыру өнерін өте жақсы меңгеріп, талдай білуі тиіс. Ол жастарға білім беру ісі жеке адамдардың қолынан алынып, Спартадағы сияқты мемлекеттің бақылауында болуын талап етті.
Ксенофонт тәрбие ісінде әділеттілікке үйретуді бірінші орынға қояды, балалар күн сайын ересектердің адамгершілік іс-әрекеттерін көрсін, үлгі алсын, тәрбие үдерісінде сәбилік, балалық шаққа емес, жасөспірімдік кезеңге ерекше көңіл аударылсын, оның ақыл-ойын дамытуға көңіл бөлінсін дейді.
Сократтың атақты шәкірті Платон (б.з.д. 428/427-348/347 ж.ж.) жоғарыда аталған үш афиналық гимнасиясының бірінде философиялық мектептің – Академияның негізін қалап, оған өзі жетекшілік етті.
Академиядағы білім мазмұны жан-жақтылығымен ерекшеленді, онда математика, диалектика, астрономия, жаратылыстану, т.б. ғылым салалары оқытылды. Сократтың бiлiм әңгiмелесу, пiкiр-талас, диалог амалдарын жетiлдiру арқылы берiлуi керек дейтiн пiкiрлерi, оның шығармаларында кеңiнен талданады.
Платон мемлекеттік мектептер жүйесін құру идеясын ұсынады, аристократиялық мемлекет-полисте отбасындағы бала тәрбиесі мен мектептегі оқыту ісі мемлекеттің бақылауында болуға тиіс, соның мүддесін көздеуі керек деген пікірді айтады. Тіпті полистегі билік орындары некелесу барысында реттеп отыруға міндетті. Осы іске арнайы бекітілген жетекші адамдар дүниеге дені сау ұрпақ әкелетін ата-аналар жұбын өздері таңдап, жаңа туған нәрестелерді қоғамдық сүт аналар (кормилица) мемлекеттік тәрбиелеу үйлерінде емізулері тиіс. Сәбилерді 3-6 жас аралығында тәрбиелеу ісі ғибадатханалар маңында арнайы жабдықталған алаңдарда тәрбиешілердің көмегімен жүзеге асырылуы қажет делінді. Ал 12-16 жастағы жасөспірімдер палестралар мен гимназияларда оқуларын жалғастырып, мемлекеттік және әскери қызметке дайындалуға, ақсүйектердің 18-20 жастағы жас жігіттері эфебияларда әскери-гимнастикалық және философиялық жаттығулардан өтуге тиiс, бұл әскери қызмет атқарумен бірдей дейдi.
Үлгiлi қоғамда әрбiр азаматтың жалпыға бiрдей мiндеттi (үш жылдық) оқудың қажеттiлiгiн айтып, хат танытудың, математикадан бастауыш бiлiм берудiң, еңбектiң алғашқы элементтерiн игертудiң бағдарламасын жасады. Бiлiм берудiң ойын түрiнде жүргiзiлуi және оның тәрбиелiк ұстанымы Платонның жалпы оқыту тәжiрибесiне қосқан үлкен үлесi деуге болады.
Мектептегі білім берудің мазмұны мен тәрбиенің мәні, оның “Протагор”, “Федон”, “Мемлекет”, “Федр” деген еңбектерінде қарастырылған. Платонның идеяларын жалғастырушы әрі оның шәкірті ежелгі дәуірдің көрнекті ойшылы және педагогы Аристотель (б.з.д. 384-322 ж.ж.) болды. Ол ІV ғасырдың аяғына қарай Балқан түбегін, Жерорта теңізінің шығысын, Иран, Орта Азия, Үнді жерлерін жаулап алып, әлемдегі ең ірі империя құрған Александр Македонскийдің (б.з.б. 356-323 жж.) тәрбиешісі болатын. Аристотельдің энциклопедиялық танымы ерте дәуірдегі ғылымның даму деңгейінің көрсеткіші деуге тұрады.
Ол өзінің Ликейінде перипатетикалық (грекше – перипатетикос – қыдырып жүру) мектеп құрды. Мұнда оқыту серуендеп жүру кезінде жүзеге асырылды. Аристотель өз шәкірттері үшін бірнеше еңбек жазды, олардың ішіндегі ең күрделісі ретінде – “Метафизиканы” атауға болады. Сонымен бірге Аристотельдің логика туралы пікірлері “Органон” атты жинақта берілді.
Аристотельдің Платоннан өзгешелігі сенсорлық (сезіммен) оқуды ұсынуында еді. Сенсорлық қабылдау – танымның негізі деп атады, ол таным құралына дедукция мен индукцияны жатқызды. Аристотель өзінің “Поэтика” деген еңбегінде “мимезис” (еліктеу) және “катарсис” (тазалану рухы) деген ұғымдарды енгізе отырып, эстетикалық ілімнің негізін қалады. Оның бұл идеялары эстетикалық ой-пікірлердің дамуына айтарлықтай ықпал етті.
Аристотель Грециядағы шешендік өнердің тәжірибесін жинақтап, “Риторика” атты трактатында талдады. Риториканы шешен болу үшін де, жастардың тәрбиешісі болу үшін де меңгеру керек, риторика сендіру құралы деп есептеді.
Тәрбие мен оқыту үдерісінде белгілі бір мәселені талқылауда сендіру тәсілдерін қолдану және оқушыларға ғылымның әр саласынан бiлiм беру жастарды өздiктерiнен ой түйiнiн жасауға бейiмдейдi дегендi айтады. Ол жастарды тәрбиелеу мен оқыту ісін мемлекеттік тұрғыдан қолға алу идеясын жақтады.
Аристотель адамның дамуына ықпал ететін факторларды қарастыру мәселесіне көңіл бөле келіп, үш негізгі фактор: 1) сыртқы, яғни адамның сезім мүшелері арқылы қабылдайтын әлем – қоршаған орта; 2) адамның бойындағы бейімдерін дамытатын ішкі күштері; 3) қоғам-мемлекет үшін қажетті адамның қабілеттерін мақсатты түрде тәрбиелеу деп атап көрсетті. Жалпы алғанда, Аристотельдің пікірінше жанның қызметі – ақыл. Ақыл-ойды тәрбиелеудің маңызы зор, ал оның дұрыс жүргізілмеуі жанның бұзылып, рухани күйзеліске ұшырауына әкеліп соғады. Сондықтан тәрбиешінің басты міндеті – баланың ақыл-ойын жетілдіру арқылы табиғи мүмкіндіктерін дамыту болып табылады.
Тәрбие мен білім беру мәселелерін қарастыру барысында Аристотель алдымен пифагорлықтардан кейін Платон негізін салған балалар дамуының жас ерекшелік кезеңдерін (туғаннан 7 жас, 7-14 жас, 15-21 жас) ұстанды.
Баланың логикалық ойлау қабілетін дамытумен бірге оқытудың келесі сатысында жасөспірімдерге табиғат, қоғам және адамзат тарихы туралы дәстүрлі білім берілуі керек. Ал аристократиялық отбасының балалары болса риторика мен поэзияны оқи отырып, мемлекет өміріне араласуға дайындалулары тиіс деп есептеді.
Эллиндік дәуір (б.з.д. III-I ғғ.) Александр Македонскийдің қайтыс болған жылынан басталады. Аталған дәуір Жерорта теңізі, Таяу Шығыс, Кавказ, Солтүстік Африка сияқты ірі территорияда грек мәдениетінің таралуымен сипатталады. Ол сонымен бірге сол дәуірдің мәдени өмірі эллиндік және шығыс элементтерінің өзара байланысымен, сондай-ақ грек полистерінің ықпалы нәтижесінде Таяу Шығыс елдеріндегі дәстүрлі тәрбие түрлерінің де, тәрбие мұраттары да, өзгеруімен де ерекшеленеді. Егер классикалық Грецияда тәрбиенің мақсаты батыл, ержүрек тұлға қалыптастыру болса, эллиндік дәуірде өз істеріне жауап бере алатын, тәуелсіз, жігерлі тұлға мұрат ретінде қабылданды.
Эллиндік кезеңде қала-полистердің жергілікті билік орындарына бағынатын мемлекеттік оқу орындары дами бастады. Эллиндік полистердегі мектептерді бақылау ісін халық жиналысы мен қалалық әкімшілік жүзеге асырды. Халық жиналысында білім беру саласындағы маңызды мәселелер талқыланып, іс-жүзіне асырылып отырды.
Эллиндік дәуірде гимназиялар дәулетті отбасының балаларына арналған мемлекеттік оқу орны болды. Бұл кезеңдерде әрбір қалада – полистас-гимназиялар жұмыс жасап, бұрынғы Академия, Киносарг, Ликей деп аталатын гимназияларға тағы да екеуі – Птолемеон және Диогениум деп аталған оқу орындары қосылды. Соңғы аталған екеуінің негізін қалаған әрі қамқорлыққа алған Мысыр патшасы - Птоломей мен Македония билеушісі Диогениум еді. Гимназияларда оқу көбіне әдебиет, философия, музыка туралы еркін әңгімелесу түрінде өткізілді, сонымен бірге математика, география, шешендік өнер оқытылды. Гимназиялардың қызметін қалалық әкімшілік арнайы сайланған гимнасиахтар арқылы басқарып отырды.
Б.з.д. III ғ. Эфебия жасөспірімдерді әскери дайындықтан өткізетін мемлекеттік ұйым болуымен қатар, оларға гимназия негізінде жалпы білім беруді де жүзеге асырды. Мәселен, афиналық Диогениум гимназиясында риторика мен философия оқытылды.
Эллиндік дәуірде жоғары оқу орындарының өмірінде маңызды роль атқарған, сол кезеңнің көрнекті ойшылдары жетекшілік еткен бірнеше философиялық мектептер ашылды.
Солардың ішінде эллиндік әлемге кеңінен танымалы Эпикурдың (б.з.б. 341-270 ж.ж.) философиялық мектебі болды. Ол Демокриттің ісін жалғастырушы, оның атомистік ілімін дамытушы шәкірті болып саналады. Эпикурды сенсуализмнің түйсік негізін қалағандар қатарына қосады. Өйткені ол сезім мүшелері арқылы қабылданған мәлімет ақиқат болады, ал қателіктер саны дұрыс түсінбеуден туындайды дейді. Сондықтан негізгі педагогикалық міндет – адамдарды надандықтан арылту, яғни дұрыс ойлай білуге үйрету деп есептеді. Диоген Лаэртский Эпикурдың педагогикалық идеяларын былай дәріптейді: “Ешбір адам, Эпикур айтқандай, өзінің жас шағында философиямен айналысуды кейінге қалдырмауы керек. Егер кімде-кім философиямен айналысу әлі ерте немесе кеш десе, онда бақытты болу әлі ерте немесе кеш деп айтқанмен бірдей”. “Адамның барлық ғұмыры бақытты болуы үшін даналық беретін қазынаның ішіндегі ең ұлысы – достық”.
Эпикур шәкірттерін Афинадағы өзінің бағына жинайтын және оның әңгімелерін тыңдауға әйелдер де, ерлер де, еріктілер де, тіпті құлдар да қатыса алатын. Бұл мектеп б.з.д. 51 жылға дейін өмір сүріп, мұғалім ретінде Эпикур үлкен құрметке бөленді. Б.з.д. II ғасырдан бастап ертедегі Римде эпикурлық ілім кең таралды. Мысалы, оның ілімін римдік ақын-философтар Лукреций мен Гораций жақтады.
Эллиндік дәуірдегі белгілі философиялық ілімдерді дамытушы Пиррон (б.з. д. 360-270 жылдар шамасы) негізін салған скептикалық мектепті атауға болады. Скептиктер (күмәнмен қараушылар) адамның бақытқа жету жолы танымнан ғана тұрмайды, керісінше одан бас тарту арқылы сабырлы, салқынқанды адам тәрбиелеуге болады деп есептеді.
Эллиндік философиялық пікірлер мен дәстүрлі мектептер жаңа дәуіріміздің басында Жерорта теңізінің барлық жағалауларында Азияда, Арменияда, Солтүстік Қара теңіз жағалауларында кеңінен таралды. Олардың ішінде Армения жерлері ерте кезден-ақ Месопотамия өркениетінің ықпалында болған. Сондықтан б.з.д. VІ ғасырда өмір сүрген Урарту мемлекеті месопотамиялықтардың сына жазуын, ассириялық жазғыштар мектебінің дәстүрлерін өздеріне алып пайдаланған. Кейіннен гректердің ықпалының нәтижесінде бұл дәстүр жойылып, солардың әліппе жазуына көшкен.
Б.з.д. ІІ ғасырда Арменияда грек, арамей немесе сирия тілдерінде оқытқан мектептер білім таратып келсе, келесі ғасырда орталықтанған Ұлы Армения мектебі құрылды. Гректік және жергілікті дәстүрлердің араласуы эллиндік типтегі өзіндік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті. Армения мемлекеті көптеген грек босқындарға, ақындар мен ғалымдарға пана болды. Ал олар өз кезегінде шешендер мен педагогтардың қатарын толықтырып отырды. Бұл жерде өз гимназияларын ашқан мұғалім- грамматистер эллиндік дәстүр бойынша поэтика, тарих, философия пәндерін оқытты. Сабақ грек тілінде жүргізілгендіктен армян жасөспірімдері сол заманға лайық жоғары білімді – Антиохия, Пергам, Александрия сияқты эллиндік ағарту орталықтарынан алды.
Әлемдік мәдениет пен ғылымның озық жетістіктеріне бір қадам жақындығы, Арменияның төл жазуының пайда болуына қажетті жағдай жасады. Оның негізін қалаған Месроп Молитоц (б.з.д. 361-440 ж.ж.) деп саналады.
Эллиндік мәдениет гректің Колхида қала-полисі арқылы Грузия жеріне де енді. Грузиндік ақсүйектер мен ірі көпестер өз балаларын оқыту үшін үйлеріне грек-педагогтарды шақыртып немесе оларды эллиндік мектептерге берді.
Б.з.д. VII ғасырда Солтүстік Қара теңіз жағалауларына грек отаршылары қоныстана бастады. Бұл гректік отарларда мектеп ісі эллиндік үлгіде ұйымдастырылды. Мысалы, Буга және Днепр өзендерінің сағасында орналасқан Ольвия ауданында археологтар гимнасиялар мен полестрлердің қалдықтарын тапса, Севастопольге жақын жердегі Херсонесте олимпиадалық ойындарға ұқсас атлетикалық және әскери жарыстар өткізіліп тұрғандығы анықталды. Пантикапейде – қазіргі Керчь жерінде әдеби және музыкалық кештер жүргізілген гимназия мен театрдың орындары табылған.
Сондай-ақ, эллиндік дәуірдегі Скиф патшалығында да билеуші топ өкілдері грек жазуымен таныс болған. Олар грек жазуын көбінесе шет елдермен қарым- қатынас барысында қолданған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   113




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет