Жас ұстаз, ата-ана, сіздер үшін Артық етпес білгенің...
Үлгермеушілікті болдырмау ережелері: Біріншіден, «екілік»-жазаның бір түрі, сондықтан сол екілік үшін тағы жазалап қажеті жоқ: бір қатеге бір жаза жеткілікті.Өз білімі үшін бала бағасын алды, енді үйдегі ата-анасынан қосымша ұрыс-сөгіс емес,салиқалы көмек күтеді.
Екіншіден, Баланың бойынан кемшілік іздеп, ескерте бермеңіз, олай бола берсе, сіздің ескертулеріңізге бойы үйреніп кетеді де, өзгенің бағасына көңіл аудармайтын болады. Бір минуттың ішінде жалғыз ғана қатесіне ескерту беріңіз, яғни шамадан аспаңыз.Ол үшін көптеген кемшілігінің ішінен ең бастысына ескерту айтыңыз.Үйіп – төгіп бар кемшілігін тізбеңіз.
Үшіншіден, екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді дегендей,бала үшін ең маңызды оқу ісіндегі қиындығына қол ұшын беріңіз. Бұл істе бала сізбен серіктес, сырлас болсын. Егер балаңыздың мәтінді оқу жылдамдығы сізді толғантса, одан түсінгенін де жақсы айтып бер деп талап етпеңіз.
Төртіншіден, орындаушыны-мақта, орындалған нәтижені сына.Яғни жеке тұлғаның жақсы жағына сүйеніп іс-әрекетіндегі кемшіліктерді түзетуге бағыттау. Жақсы сөз жарым ырыс, жақсы лебіз баланы ынталандырады, ал жасаған ісіне сын «бұл есепті бір амалмен емес екі амалмен шығару керек» дегендей жалпылама ескертулер арқылы іске асқаны жөн.Жеке басқа емес, іске айтылған сын баланы алға сүйреп, жұмысын түзетуге мүмкіндік береді.
Бесінші ереже:.Баға баланың бүгінгі жетістігі мен кешегі кемшілігімен салыстырылуы керек. Педагогиканың алтын заңы: «Баланы баламен салыстырма, олардың істерін салыстыр».Баланың аз да болса, жетістігі өзін-өзі жеңуі, өзінің жетістігі,сондықтан еңбегі еленуі керек!
Алтыншы ереже: Мақтауға болмайтын ешбір адам болмайды, несі үшін болса да мақтауға тырысыңыз. Мадақтауға сараң болмаңыз! Екілік алған бала үшін аз да болса үміт «аралын», «сенім отын» қалдырыңыз.Ол соған сүйеніп білмеуден білуге қарай жүруі керек. «Істемедің, білмедің, оқымадың, мә екі» десең, бала «істемеймін, істегім келмейді,істей алмаймын» деген жаңғырық қайтаруы мүмкін.
Жетінші ереже: Баланың алдына нақты орындалатын мақсат қойыңыз. Олай болса, бала оны орындайды, алдап-сулап көтермелемеңіз. Егер ол диктанттан тоғыз қате жіберсе, келесіде қатесіз жазамын деген уәдесін алмаңыз, келесіде қате алтаудан аспасын деген сияқты әңгіме жүргізіңіз, яғни баланың шамасы, ынтасы бірте –бірте өссін. Балада «әлі білмеймін, бірақ білуге тырысамын, әлі де білетін боламын» деген мотив пайда болады.
Сегізінші ереже:
Бала- баға объектісі емес бағалаудың әріптесі болсын. Баланы өзінің әрекетін өзі бағалауды үйрету керек. Бұл оқу қиындығын жеңудің ең тиімді әдісі. Баланың өзін-өзі бағалауы мектептегі әділетсіздіктен, өзгенің сынынан қорғайды.
Бағалау жаза құралы емес, тәрбие құралы болсын. Әдейі ескертусіз өз бетімен жасаған жұмысына, әдемі етіп жасаған жұмысына ынталандырып қосымша баға берген дұрыс.Баланың даму картасын жасап, күндегі алған бағасының жоғары қарай график бойынша өсіп келе жатқаны көрсетіліп тұрса, тиімді.