Педагогиканыњ жалпы негіздері тарауы


Тәрбиенің түрлерін анықтау



бет67/163
Дата07.02.2022
өлшемі4,08 Mb.
#96990
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   163
Байланысты:
855b4653-98e6-4ba2-b1d4-a699e763ee35

Тәрбиенің түрлерін анықтау оның басым көрінетін негізіне сүйенеді:

  1. Мақсатына қарай – адамгершілік, азаматтық, экологиялық, экономикалық, құқықтық, дене, ақыл-ой т.б. тәрбие түрлері анықталады.

  2. Тәрбиеленушілер санына қарай – жеке, ұжымдық тәрбие түрлері бөлінеді.

  3. Тәрбиеші мен тәрбиеленушінің қарым-қатынас ерекшелігіне орай – авторитарлық, демократиялық, либеральдық, еркін тәрбие түрлерін атауға болады.

  4. Құндылық ерекшелігіне сәйкес – прагматикалық, діни, аксиологиялық тәрбие түрлерін бөлуге болады.

Қазіргі таңда ҚР тәрбие процесін жетілдіру мәселелері мемлекеттің осы бағыттағы саясатын анықтайтын тұжырымдамаларға сүйенеді: (ҚР тәлім-тәрбие тұжырымдамасы, ҚР балалар құқығы туралы ,ҚР Білім туралы Заңы, ҚР экологиялық тәрбие беру туралы Заң т.б.)

Тақырып: Тәрбиенің заңдылықтары мен принциптері


Тәрбиенің тиімділігі заңдылықтар мен қағидалардың сақталуына тікелей тәуелді. Тәрбие заңдылықтары:



  • мақсат пен іс-әрекеттің сәйкестігі;

- объективті және субъективті факторлардың ықпалы ескерілуі;

  • тәрбие мен өзіндік тәрбиенің өзара ұштасуы;

  • тәрбиенің оқу, даму процестерімен байланысы;

  • педагогтың тәрбиелік ықпалының сапасы;

  • педагогтың ықпал мен тәрбиеленуші мүмкіндігі арасындағы үйлесім;

  • тәрбиенің сезімдік ықпалына сүйену т.б.

Осыған орай тәрбие қағидалары туындайды: тұлғалық бағыттылық, тәрбиенің өмір, еңбекпен байланысы, тәрбиенің қоғам мүддесіне тәуелділігі, жағымды үлгіге сүйену, тәрбиелік ықпалдар бірлігі т.б.
Қағидаларды тәрбие процесінде басшылыққа алудың төмендегідей ерекшеліктері бар:

  1. Міндеттілігі. Қағида – жай ұғым немесе ақыл емес, міндетті және толық орындалуды қажет ететін талап.

  2. Кешенділігі. Тәрбие қағидаларын ретімен немесе басқаларынан ерекше жеке қолдану мүмкін емес, тәрбие процесінде тәрбие қағидалары кешенді түрде жүзеге асырылады.

  3. Тәрбие қағидалары мәнінің теңдігі. Негізгі, көмекші, қосымша қағида деген ұғым болмайды.

Тәрбие қағидаларын басшылыққа алу тәрбиешінің шеберлігіне байланысты.
Тәрбие процесінің мазмұны мен құрылымы жалпы азаматтық құндылықтарға негізделген бағыт-бағдар және базалық мәдениет қалыптастыруға бағытталады. Құндылыққа негізделген бағыт-бағдар: адами құндылық (адам құқы мен еркін құрметтеу), қоғамдық құндылық (ұлтжандылық, отаншылдық, сезімдері, тілін, салт-дәстүрін, табиғатын, дінін қадірлеу, әлеуметтік құндылық (гуманистік қатынас, қоғамдық тәртіп), ұлттық құндылық (өз ұлтының ерекшелігін насихаттауы, басқаларға танытуы) т.б.
Ал тұлғаның базалық мәдениетінің құрылымына ғалымдар көбіне төмендегі бағыттарды ұсынады:

  • ғылыми дүниетанымын қалыптастыру;

  • азаматтық тәрбие;

  • еңбек тәрбиесі;

  • адамгершілік тәрбиесі;

  • эстетикалық тәрбие;

  • дене тәрбиесі.(сызбаны қараңыз).

Азаматтық тәрбиенің мәні – жас ұрпақты отаншылдық, ұлтжандылық рухта тәрбиелеп, басқа азаматтар мен мемлекеттік билікті сыйлауға үйрету, ұлтаралық сыйластық сезімдерін дамыту.
Азаматтық тәрбие жүйесі:

  • азаматтық сана қалыптастыру (Отаны, дүниежүзілік өркениет тарихын, мәдениетін меңгеруі, өз ұлтының тілін, дінін, салт-дәстүрлерін, рәміздерін білуі) ;

  • азаматтық сезім, қасиеттерді тәрбиелеу ұлтжандылық, елін, жерін сүю, азаматтық борыш, әлеуметтік жауапкершілік, елін, жерін, намысын қорғау, мемлекеттік билікті құрметтеуі, толераттық қасиеті;

  • азаматтық мінез-құлық қалыптастыру (қоғамдық белсенділік, орындаушылық тәртіп т.б.)

Оқушылардың азаматтық тәрбиесі оқу процесінде және арнайы ұйымдастырылған тәрбие процесінде жүзеге асады. Азаматтық тәрбиеде отбасының, ақпарат құралдарының ықпалы ерекше.
Оқушыларды азаматтық тәрбиенің жалпыадамзаттық құндылықтары аспектілерінде тәрбиелеу – азаматтық тәрбиенің басты мақсаттарының бірі. Азаматтық мәдениет, басқа ұлт, дін, нәсілдерді құрметтеу гуманистік, толеранттық тәрбиенің негізі мектепте қаланады.
Құқықтық тәрбие оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық іс-әрекет қалыптастыру, құқық заңдары мен ережелерін түсініп, орындауға баулу мақсатын көздейді. Құқықтық тәрбие жүйесі мемлекеттің сипатына және саясатына тікелей байланысты.
Құқықтық норма – адамның қоғамдық талапқа сай әрекет қылығының үлгі моделі. Баланың құқықтық нормалары «Адам құқығының жалпы Декларациясында» (1989 ж.), «Бала құқығы туралы Конвенцияда» (1989 ж.), «Балалар тіршілігін сақтау, қорғау және дамыту Декларациясы»(1990 ж.) «Ымырашылдық принциптері Декларациясы» (1995 ж), «Қазақстан республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР заңында (2002 ж), ҚР конституциясында, ҚР білім туралы Заңында т.б. көрініс тапқан.
Адамның, оқушылардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы «Қоршаған ортаны қорғау туралы ҚР Заңында», «Көшеде жүру тәртібі» ережелерінде, қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелері, оқушылар ережелерінде т.б. сипатталады. Құқық тәрбиесінің мазмұны осындай заңдар мен ережелерді білгізу және орындатуға, заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталады.
Саналы тәртіп – құқық тәрбиесінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Қоғамдық тәртіпсіздік пен қылмысқа қарсы тұру, заңдардың орындалуы мен сақталуы үшін күрес әр оқушының құқықтық мәдениетінің қалыптасу көрсеткіші болып табылады.
Адамгершілік тәрбиесі – тәрбиленуші санасына, сезіміне, әдет-қылығына, мақсат бағытына қоғамның моральдық талаптары тұрғысынан ықпал ету. Адамгершілік тәрбиесінің міндеттері: ізгілікті сана қалыптастыру: инабаттылық, этикалық сезімдерін тәрбиелеу және дамыту: адамгершілік нормаға сай іс-әрекет, әдет-қылықтар қалыптастыру.
Жеке тұлға дамуындағы адамгершілік тәрбиесінің ролі туралы Я.А.Коменский, Дж Локк, И.Г.Песталоцци, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, А.Құнанбаев, Е.Әбдіразақов, А.Р.Төлеубеков т.б. еңбектерінде баяндалған. 1989 ж «Жас ұрпаққа адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру концепциясы» қабылданды.
Адам санасының формасы және адамзат мәдениетінің бөлігі ретінде мораль жеке тұлғаның адамгершілік мәдениетін қалыптастыруда маңызды роль атқарады. Моральдың ұжымшылдық (біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін), гуманистік (адам адамға дос, жолдас, бауыр), белсенді, қаракетшіл (еңбек етпеген ішіп-жемейді) түрлерін атауға болады.
Мәдениет тарихында адамгершілік тәрбиесі мәнін түсінудің 4 бағыты қалыптасқан:

  • патерналистік (үлкендерге құрмет, кішіге ізет түріндегі тәрбие);

  • діни дәстүрге негізделген (діни наным сенімдерді қолдау түріндегі тәрбие);

  • ағартушылық (ғылыми білімдерді игерудің нәтижесі түріндегі тәрбие);

  • коммуналық (ұжымшылдық сезімін тәрбиелеу бағытындағы тәрбие);

Адамгершілік мәдениет ұғымы бір бағытпен шектелуі мүмкін емес. Сондықтан адамгершілік тәрбиесінің көрсеткіштеріне:

  • адамгершілік сана (адамгершілік идеал (мұрат), этикалық құндылық, моральдық қажеттілік т.б.);

  • адамгершілік сезім (ар, ұят, намыс, өзіне деген құрмет, принципшілдік, мейірімділік, жанашырлық, сыйластық, достық, шыншылдық, адалдық т.б.)

  • этикалық-моральдық нормаларға сай іс-әрекет (жамандық жасамау, шындықты айту, оны қорғау т.б. саналары жатады).

Адамның эстетикалық тәрбиесі оның өмірінде ерекше орын алады. Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамды рухани тұрғыдан байытып, рухани ләзаттануына мүмкіндік береді.
Эстетикалық тәрбие – тұлғаның көркемдік санасын, сезімін соған сай іс-әрекетін қалыптастыру және дамыту. Эстетикалық тәрбиенің міндеттері: тұлғаның өнер мен қоршаған болмыс нысандарын қабылдау, бағалау дайындығын дамыту: көркемөнер және жалпы іс-әрекет саласындағы шығармашылық қабілетін дамыту.
Эстетикалық тәрбие мазмұны эстетикалық таным, талғам, эстетикалық белсенділігін тәрбиелеуге бағытталады.
Мектептегі тәрбиенің негізгі бағыттары оқу пәндері мазмұнында кең қамтылған (Бейнелеу өнері, музыка, әдебиет, табиғат,технология т.б.). Бұл бағыттағы жұмыстар сыныптан тыс, мектептен тыс тәрбие шаралары, қосымша білім беру мекемелеріндегі (музыка, өнер мектептері, көркемөнер, би үйірмелері т.б.) бағдарламалар арқылы жүзеге асады.
Эстетикалық тәрбие көрсеткіштеріне:

  • эстетикалық сананың даму деңгейі (дүниежүзілік және Отандық мәдениет саласындағы білімі, шын және жалған көркемдікті ажыратуы, әсемдікті қабылдауы, түсінуі т.б.)

  • эстетикалық сезімі, талғамының қалыптасуы (көркем шығармашылық қабілеті, көркемөнер әрекетіне қызығуы, қажеттігі т.б.);

  • көркем шығармашылық іс-әрекет тәсілдерін меңгеруі, өз іс-әрекетін эстетикалық нормалар мен құндылықтарға сай ұйымдастыруы т.б. жатады.

Экологиялық тәрбиенің мәні – жас ұрпақ бойында қоршаған ортаға деген жауапкершілік, табиғатты ұлттық және жалпыазаматтық құндылық ретінде тану, онымен дұрыс қатынас жасау бағытындағы білімдерін қалыптастыру, экологиялық зардаптармен күресу, қоршаған ортадан ләззат алу, оған қайырымдылық сезімдерін тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру.
Экологиялық тәрбиеге байланысты іс-әрекет мазмұны:

  • тәрбиеленушілердің қоршаған ортаны зерттеп, тануы;

  • табиғаттың экологиялық қалпына талдау жасау;

  • әлем, ел, өзі өмір сүріп отырған ортаның экологиялық жүйесі проблемаларын түсінуі;

  • экологиялық жағдайға ықпал етуге бағытталған адам іс-әрекетіне қатысу т.б.

Оқушыларға оқу процесінде экологиялық білім беру, дүниетану, әдебиет, математика, бейнелеу өнері, еңбекке баулу пәндерінде жүзеге асады. Дүниетану пәнінде дүниенің біртұтас экологиялық жүйе екенін ұғынып, ол жүйе компоненттері арасындағы себеп-салдар байланысты түсінсе, әдебиет пәнінде осы бағыттағы білімдері сүйсіну, қуаныш, реніш, өкініш т.б. сезімдер негізінде бекиді. Математика пәнінде табиғат байлықтарын ретсіз, жауапкершіліксіз пайдаланудың салдарларын сандық көрсеткіштер арқылы терең ұғынса, бейнелеу өнері пәні қоршаған орта әсемдігін қабылдауға үйретіп, жауапкершілік сезімдерін дамытуға ықпал етеді. Еңбекке баулу пәнінде қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерге үйренеді (ағаш отырғызу, құстарға ұя жасау, қалдықтарды тиімді пайдалану т.б.)
Сабақтан тыс уақытта экологиялық тәрбие беру экологиялық білімдерін тәжірибеде жүзеге асыру, табиғатпен тікелей қарым-қатынас жасау, экологиялық зардаптардан қорғану іс-әрекеттерін ұйымдастыру т.б. бағытталады.
Экономикалық тәрбие – нарықтық қатынас жағдайында өмір сүруге қабілетті, заттық және рухани игіліктерді пайдалану, бөлісу, алмасу жөніндегі білімі бар, яғни өз іс-әрекеті мен қызметін экономикалық тұрғыдан ұйымдастыра алатын тұлға қалыптастыру.
Бұл төмендегідей кешенді міндеттермен байланысты:

  • негізгі экономикалық ұғымдар мен заңдарды меңгерту;

  • оқушыда экономикалық білімге, өз ісін экономикалық тұрғыдан ұйымдастыруға деген қажеттікті қалыптастыру;

  • табыскерлікті, өзіндік дербестікті дамыту;

  • экономикалық іскерлік, дағдыларды меңгерту т.б.

Экономикалық тәрбие мазмұны экономикалық білімнің бастауларын оқу және сабақтан тыс жұмыстар барысында меңгертуге бағытталады.
Оқушыларға экономикалық білім математиканы, еңбекке баулу, дүниетану пәндерін оқыту барысында беріледі. Математика пәнін оқыту барысында үнемшілдік, ысырапшылдық сияқты қасиеттердің пайдасы мен зиянын сандық эквивалент түрінде қабылдаса, еңбекке баулу пәнінде үнемшілдікке, қалдықсыз жұмыс жасауға, қалдықты қажеттікке жаратуға бағытталған практикалық іскерлік дағдылары қалыптасады. Өнімді еңбекпен шұғылдану, табыс табу көзқарастары қалыптасады. Дүниетану пәнінде өндіріс орындары жұмысымен танысу негізінде товар айналымы, өнім бөлісу, алмасу сияқты экономикалық білімдер меңгеріледі.
Сыныптан тыс жұмыстар барысында экономикалық білімді қажетсінуін тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға көңіл бөлінеді. Кәсіпкер, менеджер қатысатын рольдік іскерлік ойындар, шебер қолдар (қалдықтарды пайдаға жарату) үйірмелері, шағын өндірістер (кітапқа қыстырғыш, тақта сүрткіштер т.б. қажетті өнімдер дайындайтын) жұмыстарын ұйымдастыруды атауға болады.
Еңбек тәрбиесінің мәні – оқушының бойында осы заманғы техникамен, технологиямен жұмыс жасау, өндірісті ұйымдастыруға байланысты ептіліктер мен дағдыларды қалыптастыру, еңбекке сүйіспеншілік көзқарас, ынта-ықылас, сый-құрмет сезімдерін тәрбиелеу, еңбек етуге психологиялық, физиологиялық дайындықтарын қамтамасыз ету.
Еңбек тәрбиесінің мазмұндық негізін оқу еңбегі, өзіне-өзі қызмет ету еңбегі, қоғамдық пайдалы еңбек құрайды. Бастауыш мектептегі еңбек тәрбиесі:

  1. еңбекке деген сүйіспеншілік, еңбек адамына, еңбек нәтижесіне құрметпен қарау;

  2. халық шаруашылығы саласындағы еңбек түрлерімен таныстыру, қажетті дағды, іскерліктерін қалыптастыру;

  3. мамандық таңдауға дайындау міндеттерін шешеді;

Бұл міндеттерден өз кезегінде практикалық тұрғыдан шешуді қажет ететін міндеттер жүйесі туындайды:

  • балаларды еңбекке психологиялық және практикалық тұрғыдан дайындау (еңбекті өз бетімен, өз еркімен ынталана істеуі, еңбектің адам мақсатына жетудегі басты құрал екеніне сенімін қалыптастыру);

  • оқушылардың еңбек дағдыларын қалыптастыру (ұжымдық, жеке еңбек дағдылары мен нормаларын меңгерту);

  • еңбек ету мәдениетін қалыптастыру (жұмысты сапалы, тиімді атқаруы, уақытты ұтымды пайдалануы, еңбек құралдарына, нәтижесіне ұқыпты қарауы, еңбекті жоспарлауы, демалыспен ұштастыра білуі, нәтижесін талдауы, іс-құжаттармен сауатты жұмыс жасауы, дербестігі, ғылыми-техникалық білімді меңгеруі);

  • кәсіптік бағыттылығын тәрбиелеу (кәсіптік диагностика, кәсіптік бағдар беру, кәсіптік білім беру т.б.)

Бұл міндеттер жүйесі мектептегі оқу-тәрбие процесі, от басы тәрбиесі, ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады.
Қоғамның, техникалық прогрестің қарқынды дамуы – адам денсаулығы проблемасын бірінші кезекке шығарып отыр. Нашақорлық, ішімдікке салыну, темекі шегу, қимыл-қозғалыстың аздығы, экологиялық зардаптар, тамақтану, күн режимдерінің сақталмауы, ой еңбегінің ара салмағының артуы т.б. адам организмінің дамуына, денсаулыққа өзіндік ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан осы проблемалармен айналысатын ғылым саласы валеологияға, оқушыларға валеологиялық тәрбие беруге деген қажеттілік туындап отыр.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру төмендегі міндеттерді шешумен тікелей байланысты.

    1. Денсаулыққа қажетті санитарлық-гигиеналық жағдай туғызу (мектеп үйінің құрылысының, жабдықталуының талапқа сай болуы, өмір қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы, дұрыс тамақтануды ұйымдастыру, оқу жүктемелерінің, сабақ арасындағы үзілістердің нормаларының сақталуы, күн режимі талаптарының орындалуы, мектеп жиһаздарының оқушылардың жас ерекшелігіне сай болуы);

    2. Оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыруға қолайлы психологиялық, педагогикалық жағдай туғызу (оқушылардың өзара қарым-қатынасы, мектеп қызметкерлері және педагогикалық ұжыммен қарым-қатынасы, мектептің ата-анамен қарым-қатынасының достық, сыйластық, өзара көмекке негізделуі, салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттермен күрес бағытындағы бірлескен ынтымақтастық жұмыс);

    3. Денсаулығын нығайтуға қажетті білім, іскерлік, дағдылармен қаруландыру (дене шынықтыру, спорт, мәдени көпшілік жұмыстар);

Мектеп оқушыларына валеологиялық тәрбие беру - өзекті мәселе. Организмнің дамуы қарқынды жүретін бұл кезеңде денсаулыққа қажетті шарттардың дұрыс орындалмауы кейін шешуі күрделі проблемаға соқтыруы мүмкін. Сондықтан мектепте оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарттарының орындалуына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Сонымен қатар оқушылардың өзінің дене дамуын жетілдіру, денсаулығын нығайтуға деген қажеттігін, қызығушылығын ояту бастауыш сатысының негізгі міндеттерінің бірі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   163




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет