Судың физиологиялық және гигиеналық маңызы
Су адамның денсаулығы мен өмір сүру жағдайына әсер ететін қоршаған ортаның маңызды элементтерінің бірі. Су адам ағзасында үлкен рөл атқарады: ағзадағы барлық физикалық - химиялық процесс судың қатысуымен жүреді, су барлық зат алмасу, тотығу, гидролиз процестеріне қатысады. Су ағзаға керек қоректік заттарды тасымалдап, ағзаға керек еместерін ағзадан шығаруға қатысады.
Қалыпты жағдайда адам ағзасында ішкі ортаның осмотикалық қысымының тұрақтылығы сақталады, ол ағзаға су мен тұздардың түсуімен және шығарылуымен анықталады.
Қоршаған ортаның қалыпты температурасында және ылғалдылығында ересек адамның тәуліктік су балансы 2,2 - 2,8 л-ді құрайды. Адам ағзасы тәулігіне 1,5 л - ге жуық суды кіші дәрет арқылы, 400-600 мл тері қабаты, 350-400 мл тыныс алу кезінде, 100-150 мл нәжіс арқылы шығарады. Жоғалтқан судың орнын адам тәулігіне 1,5 л –ін сұйық ішумен ( шай, кофе, сусындар және т.б.), 600-900 мл-ін тамақ тағамдарымен толықтырады, ағзадағы тотығу процестерінің әсерінен 300 - 400 мл су пайда болады.
Қоршаған орта температурасы көтерілген кезде және ауыр дене жұмысы кезінде ағзаның суды жоғалтуы артады. Мысалы, ыстық климат жағдайында, дене еңбегін атқарған кезде адамның суға деген сұранысы 5 л және одан да көбірек болуы мүмкін.
Ағзаға су жеткіліксіз мөлшерде түскенде адам шөлдейді және оған физиологиялық реакция береді, яғни су ішеді. Осылай ағзада су балансы және электролиттік тепе-теңдік тұрақты деңгейде болады. Егер ағза жоғалтқан судың орнын толтырып тұрмаса, ағзаның өмірлік маңызды мүшелердің жұмысы бұзылуы мүмкін. Адамға су тек ішу үшін ғана емес, оның көп мөлшері санитарлық және шаруашылық – тұрмыстық мақсатта да қажет: яғни жеке бас гигиенасын сақтау үшін, кір жуу, үй – жайын таза ұстау үшін қажет. Су қоғамдық орындарды таза ұстау (мектептер, балабақшалар және т.б.), емдеу-сауықтыру орындарында жуып- тазалау жұмыстарын жүргізу үшін өте қажет.
Қазіргі кездегі қалаларға су орталықтандырылған канализация орнату үшін, орталықтандырылған жылыландыру жүйесін орнату, жасыл өсімдіктерді суару, көшелерді жуу үшін және көпшілікті сауықтыратын орындарда (жүзу бассейндері және т.б.) қажет.
Өндірістік мекемелер өзінің өндірістік қажетіне өте көп мөлшерде су жұмсайды.
Достарыңызбен бөлісу: |