Оқыту процесі – білімді, біліктілік пен дағдыны меңгеретін, оқушылардың дүниетанымын, күш қайратын, қабілеттерін тәрбиелеп дамытатын іс–әрекет барысы. Оқу барысында оқушының сана–сезімі, адамгершілік қасиеттері, эстетикалық талғамы, тұлғалық қасиеттері қалыптасып дамиды.
Оқыту – мақсатты процесс. Оқытудың басты мақсаты, әдіс тәсілдері, мазмұны мен міндеттері қоғам талабынан туындап, ұдайы өсіп, жаңарады.
Оқыту – таным процесі. Танымдық ерекшелігі - оқушыда білімге деген қызығушылығы ұдайы өсіп арта түседі.
Оқыту –екі жақты процесс. Оқыту - оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекетінен тұратын күрделі процесс. Өйткені, оқыту – мұғалімнің білім берудегі негізгі іс–әрекеті болса, оқу – баланың өзінің танымдық, практикалық әрекеті. Сөйтіп, оқушының таным әрекеті мұғалімнің басшылығы арқасында ғана жүзеге асады.
Оқыту – бұл күрделі процесс. Ол тұлғаға білім беру, тәрбиелеу және ақыл–ойы мен творчестволық қабілетін, демек біліктілігі мен дағдысын дамыту негізінде жүзеге асырылады. Мұның мәнісі, жеке тұлғаға біртұтас (комплексті) ықпал жасауды көздейді. Осы негізде, оқыту процесінің бірінші қызметі – оқушыларға білім беру.
Білім беру, біріншіден, ғылым негіздеріне сай оқушыларды нақты фактілермен, қағида және түсініктермен, заңдылықтармен қаруландыруды қамтамасыз етсе, екіншіден солардың негізінде, айналасындағы әр түрлі құбылыстарға олардың ғылыми көзқарасын қалыптастыру.
Екінші қызметі – тәрбиелеу. Оқыту барысында оқушыларды теориялық білімдер жүйесімен қаруландырып, жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып дамыту. Сонымен бірге оқыту барысында тәрбиенің мақсат, міндеттері және мазмұны мен тәсілдері анықталады. Оқытуда тәрбие мен оқытудың байланысы біржақты қарастырылмайды, керісінше біртұтастық принципке негізделіп, бірлікте қолданылады. Демек, тұлғаға білім бере отырып, оны тәрбиелейміз, тәрбиелей отыра білім береміз. Сөйтіп, тәрбие процесі дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оқытудың барысына қолайлы ықпал етеді, соның негізінде тұлғаның танымдық қызметі мен оқуға деген қызығушылығы артады.
Үшінші қызметі – дамыту. Оқыту барысында оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу негізінде тұлғаның ақыл – ойы, сана – сезімі, шығармашылық қабілеті т.б. көптеген тұлғалық қасиеттерінің дамуына, біліктіліктері шыңдалып, қабілеттерінің артуына оң әсер етеді. Демек, тұлға жан –жақты қалыптасып дамиды (байқағыштығы, ойы, есі, қиялы секілді психикалық процестері де қарастырылады).
Оқытудың ғылыми танымнан айырмашылығы бар. Ғылыми зерттеу адамзатқа белгісіз білімді ашып берсе, оқушы адамзатқа белгілі тек өзіне белгісіз білімдер жүейсін меңгереді.
Оқыту мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті ретінде екі өзара байланысты процеске бөлінеді: сабақ беру мұғалімнің іс-әрекеті ретінде және оқу оқушының іс-әрекеті ретінде. Мұғалім қоғамның мүддесін көздейді, ол оқушы меңгеруге тиісті адамзаттың тәжірибесін өзінде алып жүргенге іспетті. Сабақ беру бірнеше жақтың қосындысы болады: мұғалімнің өз пәнін білуі, оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастыра білу іскерлігі, қазіргі оқыту әдістерін білуі, оқушының танымдық мүмкіншілігін, оның ақыл-ой дамуының терең түсінуін, шәкірттің тұлғалық белгілерін қалыптастырудың жолдарын білуі. Оқу – белсенді танымдық процесс, онда оқушының ақыл-күштері, мінезінің моральдық және еріктік белгілері, тұлғаның белгілері және темпераменті қалыптасып, көрініс табады.
2.Дидактика (гр.didaktikos – үйрету, оқытуға қатысты) оқытудың және білім берудің теориясы, педагогиканың саласы. Дидактиканың мәні – адамға білім берудің және тәрбиелеудің құралы ретінде оқыту болады, яғни оқушылардың білім мазмұнын меңгеруді қамтамасыз ететін мұғалім ұйымдастырған сабақ берумен оқудың бірлігінің өзара байланысы.
Бұл ұғымды ғылыми айналымға алғаш енгізген неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571–1635). Сол мағынада бұл ұғымды чех педагогы Я.А. Коменский пайдаланып, 1657 жылы өзінің “Ұлы дидактика” еңбегін жарыққа шығарады. Оның ойы бойынша, дидактика “нені оқыту” және “қалай оқыту керек” деген сұрақтарға жауап береді. Заманауи ғалымдардың зерттейтін сұрақтары: кімді, қашан, қайда, неге оқыту.
Қазіргі түсінік бойынша, дидактика –білім беру мен оқыту мәселелерін зерттейтін ғылым саласы. Ол оқыту теориясы деп те аталады. Дидактиканың зерттеу пәні – оқыту мен оқудың себептері, барысы, нәтижелері.
Зерттеу пәні аясында жалпы және жеке дидактикалар айқындалады. Жалпы дидактика оқытудың жалпы заңдылықтарын, принциптерін қарастырады. Жеке дидактика жеке оқу пәнінің мазмұнын, барысын, түрі мен әдістерін зерттеуіне қарап оқыту әдістемесі деп аталады. Мысалы, математиканы оқыту әдістемесі, тарихты оқыту әдістемесі.
Достарыңызбен бөлісу: |