Елеу үдерісінің тағайындалуы, әдістері және тиімділік көрсеткіштері
Астықты немесе одан алынған өнімдерді қасиеттері бойынша біркелкі фракцияларға бөлу үдерісін елеу деп атайды. Ұн және жарма өндірістерінде астық қоспаларын, майдаланған аралық өнімдерді немесе ақтау нәтижесінде алынған қоспаны, дайын өнімдерді елеуден өткізеді. Елеу үдерісінің негізгі мақсаты астықты әртүрлі қалдықтардан тазарту, аралық өнімдерді қасиеттері бойынша біркелкі фракцияларға сұрыптау және дайын өнімдерді (ұн, жарма, кебек, қалдықтар) бақылаудан өткізу. Астық пен қалдықтардың, астықты майдалау және ақтау кезінде алынатын аралық өнімдердің қасиеттері мен белгілерін ескере отырып елеу үдерісінің келесі әдістерін қолданады: қоспа компоненттерінің геометриялық белгілері бойынша; қоспа компоненттерінің аэродинамикалық қасиеттері бойынша; қоспа компоненттерінің магниттік қасиеттері бойынша; қоспа өнімдерінің тығыздығы бойынша; қоспа бөлшектерінің беттік қасиеттері бойынша; қоспаның электрофизикалық қасиеттері бойынша.
Егер елеу үдерісі көрсетілген белгілердің бірі бойынша жүргізілсе, онда мұндай әдіс, қарапайым елеу үдерісі деп аталады. Бірақта, көбінесе, бір елеу машинасында бірнеше белгілер жиынтығын таңдап, оларды кешенді түрде пайдаланады. Елеудің мұндай әдісін күрделі немесе біріктірілген (комбинацияланған) деп атайды. Мысалы, астық сепараторында бір мезетте қарапайым үш елеу әдісін пайдаланады:қоспа компоненттерінің геометриялық белгілері, аэродинамикалық және магниттік қасиеттері, ал желді елек машиналарында, екі қарапайым әдісі: қоспаны геометриялық және аэродинамикалық белгілері бойынша елеу.
Кез келген астық қоспасын елеудің тиімді әдісін таңдау кезінде бұл қоспаны бірнеше қасиеттер мен белгілер бойынша ажыратуға болатынын ескерген жөн. Бірақта сол қасиеттер мен белгілердің ішінде қоспаны толық және тиімді бөлуге септігін тигізетін бір белгі болады. Сонымен, әрбір астық қоспасы осы белгіге қарай белгілі бір бөлінгіштігімен сипатталады. Сондықтан астық қоспасы осы белгілерге қарай жеңіл ажыратылатын, қиын ажыратылатын және ажыратылмайтын болып бөлінеді.
Елеу үдерісінің тиімділігі қоспаның белгілі бір компонентін таза (біркелкі) түрінде ажырату деңгейімен байланысты.
Елеу үдерісінің негізгі тиімділік көрсеткіші болып қоспадағы компоненттің бөліну дәрежесі қабылданған. Бұл көрсеткіш бөлінген компонент мөлшерінің бастапқы қоспадағы оның жалпы мөлшеріне қатынасы арқылы анықталады. Оны келесі қатынас арқылы көрсетуге болады:
η = рх / ро
Мұндағы, рх -бөлінген компонент мөлшері;
ро - бастапқы қоспадағы сол компоненттің жалпы мөлшері.
Елеу үдерісінің технологиялық тиімділігіне келесі факторлар әсер етеді: жүктеме, сепараторда қоспаны өңдеу ұзақтығы, қоспаның физикалық қасиеттері, елеу машинасының жұмыс органдарының кинематикалық және геометриялық параметрлері.
Достарыңызбен бөлісу: |