Астықты геометриялық белгілері бойынша елеу
Астықты бұл әдіс бойынша елеу електер мен триерлердегі ұяшықтарда жүргізіледі. Қоспаны електе бөлудің негізгі геометриялық белгісі – бөлшектердің ені мен қалыңдығы, ал триерлерде –ұзындығы. Ұн және жарма өндірістерінде штампталған және мата електер қолданылады. Әрбір елек келесі екі параметрмен сипатталады: жұмыстық өлшем және тірі қима коэффициенті. Електің жұмыс өлшемі елек тесігінің өлшемімен, ал, тірі қима коэффициенті –елек тесіктерінің аудандарының қосындысының, електің жалпы ауданына қатынасымен анықталады.
Штампталғанелектер беттік болаттан жасалынып, ондағы тесіктер дөңгелек, ұзынша және үш бұрышты пішінді болады. Бұл електер ұн және жарма зауыттарының дән тазарту бөлімдеріндегі елеу машиналарында, сонымен қатар, жарма зауытының ақтау бөімдерінде де қолданылады. Бұл електер белгілі бір нөмірге ие, ал елек нөмірі тесіктерінің жұмыс өлшемдерін онға көбейту арқылы анықталады.
Мата електер болат, капрон және жібек жіптерден жасалынады. Металматалы електер көбінесе жүктеме көп түсетін ұн зауытының майдалау және жарма зауытының ақтау бөлімдерінде аралық өнімдерді сұрыптау үшін қолданылады.Металматалы електердің нөмірлерін елек тесіктерінің ұзындығы мен ені өлшемдері бойынша анықтайды. Егер, елек тесігінің бір жағының өлшемі 1 мм – ден кем болса, онда үтір қойылмайды (мысалы, 095).
Капронды електер кең таралған, әсіресе, ұн өндірісінде. Олар аралық өнімдерді сұрыптаумен қатар, дайын өнім – ұнды да елеу үшін пайдаланылады. Капрон електердің нөмірі 1 см – ге келетін тесіктердің санымен анықталады.
Жібектен жасалған електер құнының жоғары болуына байланысты ұн және жарма зауыттарында сирек қолданылады. Бұл електің нөмірі капрон електің нөміріндей анықталады.
Електер негізгі жұмыс органы ретінде келесі елеу машиналарында қойылады: астық сепараторларында, елеуіштерде (рассев), желді елек машиналарында(ситовейка), жарма бөлгіштерде.
Астық қоспаларын қалыңдығы бойынша елеу үшін тесіктері ұзынша болған електерді, ал ені бойынша –тесіктері дөңгелек болған електерді пайдаланады. Қайтымды қозғалыста жұмыс істейтін сепараторларда тесіктері ұзынша, ал айналмалы қозғалыстағы машиналарда тесіктері дөңгелек електер қойылады.
Електі жұмыс органдар конструкциясы бойынша жазық бетті (горизонталды немесе көлбеу), цилиндрлі (горизонталды немесе вертикалды) және призматикалық болады. Елеу әр түрлі тербеліс қозғалысында(қайтымды, айналмалы немесе осылардың тіркесімен) жүруі мүмкін.
Елеу үдерісі бір мезетте жүретін екі кезеңнен тұрады: өздігінен сұрыпталу (қабаттарға ажырау) және елену. Қоспаның өздігінен сұрыпталу кезінде ауыр және ұсақ бөлшектер төменгі қабатқа, ал ірі және жеңілдері – жоғарғы қабатқа жайласады.
Астықтағы өте ірі және дөрекі қалдықтарды ажырату үшін А1-БЗО скальператоры қолданылады.
Астық құрамындағы дәннің ұсақ фракциясын бөліп алу үшін өнімділігі сағатына 50 тонна болатын А1-БСФ және А1-БСШ фракционер сепараторлары қолданылады.
Астықты кешенді түрде қалдықтардан тазарту үшін өнімділігі сағатына 12 тонна болатын А1-БИС және өнімділігі сағатына 16 тоннаны құрайтын А1-БЛС сепараторлары пайдаланылады.
Астықты аэродинамикалық қасиеттері бойынша елеу
Астық құрамындағы негізгі дәннен аэродинамикалық қасиеттері бойынша ерекшеленетін қалдықтарды бөліп алу, әдетте, вертикал ауа ағынында жүргізіледі. Мұндай қалдықтарға жататындар: шөпек, жетілмеген дәндер, қабықтар, қауыздар, өсімдіктің сабақ бөліктері, сабан. Олардың бәрін біргежеңіл қалдықтар деп атайды. Астық қоспасындағы бөлшектердің аэродинамикалық қасиеттерінің негізгі көрсеткіші қалықтау жылдамдығы болып табылады.
Егер вертикал ауа ағынына астық қоспасының бірнеше бөлшегін орналастырсақ, онда олардың әрқайсысына екі күш әсер етеді:
Достарыңызбен бөлісу: |