Пәні бойынша дәріс тезистері тақырып 1 Ойлау мәдениетінің пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі



бет18/41
Дата26.10.2023
өлшемі167,79 Kb.
#188456
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   41
Байланысты:
Философия лекции 2023

Өзін-өзі бақылау сауалдары:

1. Адамды қарастырудың философиялық тәсілінің ерекшелігінен не түсіндіңіз?


2. Ф.Ницше философиясындағы "Асқан адам" туралы ойыңыз?
3.Шәкәрімнің адамның өмірмәндік бағдары туралы экзистенциалдық рефлексиясын көрсетіңіз?
ТАҚЫРЫП 8. Өмір және өлім. Өмірдің мәні


Дәрістің мақсаты: Өмірдің мәні – оның шектеулілігін ұғыну. Уақыт, мәңгілік және мақсат сұрақтарын қарастыру.

Адам болмысының категориялары (бақыт, сенім, өмір және өлім). Өмірдің онтологиялық және аксиологиялық мазмұны.Адам, оның ажалдығы және ажалсыздығы. Іргелі философиялық мәселелердің өмір және өлім мәселесімен байланысы: метафизика және моральдық философия. Өмірдің мәні – оның шектеулілігін ұғыну. Уақыт, мәңгілік және мақсат. Қорқыт дүниетанымындағы мәңгілік өмір мәселесі.Өмірдің мәні. Өмірдің мәнін іздеу. Философиялық ойлар тарихындағы өмірдің мәні мәселесі: фатализм, гедонизм, волюнтаризм, функционализм. Өмірдің мәні – қазақ философиясының негізгі категориясы.Өмірмәндік құндылықтар туралы ілім. Адам қажеттіліктерінің пирамидасы. Махаббат – адамның өмір сүру мәні. Фәлсафа дәстүріндегі Қожа Ахмет Яссауидің мистикалық дүниетанымы. Абай философиясындағы махаббат мән-мағына туғызатын бастама ретінде. "Махаббатпен жаратқан адамзат ...".


Жоспар:
1.Өмірдің мәні – оның шектеулілігін ұғыну. Уақыт, мәңгілік және мақсат.
2. Қорқыт дүниетанымындағы мәңгілік өмір мәселесі.
3. Абай философиясындағы махаббат мән-мағына туғызатын бастама ретінде.
4.Өмірдің мәні – оның шектеулілігін ұғыну. Уақыт, мәңгілік және мақсат.
Өмірдің мәні категориясын талдауды ең әуелі өмірдің өзінің адам үшін маңыздылығын ұғынудан бастаған жөн. Адам өмір кешіп жатқан дүние - құндылықтар дүниесі. Материалдық және руханилық болып бөлінетін осы құндылықтардың ең бастысы - өмір. Ол өзінен басқа құндылықтардың өмір сүруіне қажетті бірден бір шарт және өлшем, өмір болмаса, құндылықтар да жоқ.
Осы тұрғыдан талдасақ, адам үшін ең басты құндылық, ең бағалы нәрсе - өмір. Өмір -адам тіршілігінің негізі, оның сан алуан қажеттіліктері мен талап тілектерін, мақсаттары мен жоспарларын жүзеге асыруының жалғыз, абсолюттік мүмкіндігі. Өмір болмаса адамның өзі де, өмірдің мәні туралы ойлары да, іс әрекеті де, қуаныш қайғысы да болмайды. Өмірдің мәні туралы ойланып, өмір мәндік гиперрефлексияға берілмес бұрын адам осыны ойлаған жөн. Көне грекше айтсақ, Primum vivare deinde philosophare - әуелі өмір сүру, содан кейін ғана философиялық ойлау. Қандай жағдай болмасын, өмір мәнге ие, "өмір мәнсіз" деген эгоистік және субъективтік принцип жарық дүниенің баға жетпес құндылығын төмендете алмайды. Өмір - адамға берілген болмыс, оның мәні - адамның осы болмыстың барлық көріністерінен мән іздей отырып өмір сүруінде. Бірақ бұл ізденісті өмірді тәрк етуге айналдыруға болмайды. Аталған құбылыс әсіресе, ой еңбегімен айналысушы адамдарға, интеллектуалдарға тән. Олардың көбі өмірді нақты сезіне білуден өмір туралы пайымдауды жоғары қояды да, өмірдің өзінің құндылығын бағалауда дәрменсіз күйге ұшырайды.
Бір жағынан алып қарағанда, адамның өмірдің мәні туралы терең ойға берілуі қуаттауға тұрарлық құбылыс. Өмір мәндік толғаныс - адамның тұлғалық сипаты, себебі бүл іс кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бірақ өмірдің мәні туралы мәселені тым әсірелеу, ақыл ойды сезімнен, нақты іс әрекеттен ажырату (гиперрефлексия) адам үшін де, ол өмір сүріп отырған қоғам үшін де қауіпті. "өзін-өзі танумен" тым әуестенген, рационалдық танымды сезімдік танымнан жоғары қойған адам өзін қоршаған дүниенің қызығына көңілі толмай, өзінің ішкі дүниесінен ғана жұбаныш тауып, оны тым асыра бағалап, томаға тұйық, өзімен-өзі өмір кешуге ұмтылады. Мұндай адамдар өмір көшінен сырт қалғандай эсер тудырады. Әрине, бір рет қана берілетін өмірді қалай кешу әркімнің өз еркі. Бірақ тым оқшау өмір кешу, философия тілімен айтсақ, жаттану, өмірдің құндылығын бағаламаудың, өзін өмірден де, басқа адамдардан да жоғары құндылық ретінде қате түсінудің жемісі секілді. Бүл туралы орыс философы Н. Н. Трубников жақсы айтқан. Оның пайымдауынша, жаттану дегеніміздің өзі бос соз. Жаттану туралы айтудан жалықпайтын, өзінен жоғары тұрған әлеуметтік дүниені зұлымдықтың бастауы ретінде қарастыратын адам адамнан тыс және адамнан жоғары ешқандай да әлеуметтілік, ешқандай да реалдылық жоқ екендігін, әлеуметтіктің өзі индивидуалдықтан басталатындығын ұмытып кетеді. Ішкі дүниесіндегі қайшылықтарға жауап беруден қашқан адам өзінің микроортасы мен микросоциумында "ештеңе өзгертуге қабілетсіз болғандықтан, ол өзінің билігі жүрмейтін жалпы социум жөнінде айтудан танбайды". Мұндай адам өз өмірінің мәнсіздігі мен өмірдегі сәтсіздіктерінің себебін өзінен емес, өмірден, коғамнан, өзін қоршаған адамдардан іздейді, соларды ғана кінәлап, жаттану мен өгейсіну, өмірдің мәнсіздігі, дүниенің қисынсыздығы туралы жар салады. Бұл пікірмен толығымен келіспесек те, негізінен алғанда жаны бар ой. Әрине, адамның жаттануындағы қоғамның ролін жоққа шығаруға болмайды, бірақ негізгі жауапкершілік индивидтің өзінде екендігін ұмытпаған жөн.
Неміс философы Г. Риккерт те өмірді ұғынуды адам уайымымен, қайғыруымен байланысты қарастырады, бірақ оның көзқарасы біз қарастырған жаттанған адамның түсінігінен өзгеше. Г. Риккерттің пайымдауынша, қазіргі адам үшін ең басты нәрсе "уайымдау" болса, осы "уайымдаудың" басты объектісі - өмір. Г. Риккерт бұл жерде "уайымдау" ұғымын экзистенциалистік түсінік, тереңдегі ойлану мағынасында қолданып отыр. Адам әдетте не туралы уайымдайды? Өзін мазалаған, жан жақты танып білгісі келген нәрсені ғана адам уайым объектісіне айналдырады. Риккерттің терең ойлауды уайыммен салыстыруы кездейсоқ емес. Уайым мен қайғыны басынан кешкен адам ғана өмірдің соңында өлім бар екенін бұрынғы тыныш өмірдегіден анығырақ түсінеді, өмірдің, тіршіліктің құндылығын бағалай біледі. Қазақтың өмір мен өлімді салыстыра келіп, "Мың күнгі жұмақтан бір күнгі тірлік артық", "Өлі арыстаннан тірі тышқан" немесе "Тірі адам тіршілігін жасайды" деп, өмірді жоғары бағалауы да сондықтан.
Өмірдің құндылығын түсіндіруге негізделген философиялық ілім қалыптастыруға тырысқан Г. Риккерттің өмір туралы мына бір ойлары да өмірдің баға жетпес құндылығын дәлелдей түсіп, қазіргі адам үшін мәнді өмір сүру үстанымы бола алатын секілді: "Адам мүмкіндігінше көбірек уайымдап, өзінің өмірін барлық бағыттарда мүмкіндігінше өміршең етіп жаюы керек. Өнгісі келген тірі нәрсенің ешқайсысын да басып жаншуға және құртуға оның хақы жоқ. Ағаш пен дала гүлі секілді адам да гүлдейді, мұны ол білуге міндетті. Өзіңнің гүлденуіңді басыңнан кешпеу, әрбір уайымыңды құшақ жайып қарсы алмау, оны бағалай білмеу өзіңді өзің өлтіргенмен бірдей. Өмір сүр! Жаңа бұлжымайтын императивтің - бұйрығы осы". Бұл пікірден бізге қажетті үш тұжырым туындайды:
1) Өмір туралы көбірек ойлан.
2) Өмір - баға жетпес құндылық, оған жететін ештеңе жоқ, сондықтан әр күніңді бағалап өмір сүр.
3) Маңдайға жазылған өмірді гүлдендіруге, жандандыруға, мәнді өткізуге тырыс.
Бұл іс адамның өз қолында. Өмірге мән беретін адамның өзі, оның іс әрекеті. Дүниеге екі келмек жоқ, сондықтан өмірден өз орнын тезірек тауып, мәнді өмір сүруге де адамның өзі жауапты.
Өмірдің құндылығын және оның мәнін анықтаушы - өмірмен диалектикалық бірлікті құрайтын өлім. Ол өмірден тыс нәрсе емес, үнемі қатар жүріп отырады, өмір бар жерде өлім міндетті түрде пар, ол өмірдің екінші жағы. Философия ғылымында өлім мәселесі өмірдің мәні секілді "мәңгілік", шешімі қиын мәселелер арасында. Бұл түсінікті де. Өлім туралы ойлану қарапайым адам үшін өмірдің мәні туралы пайымдаудан да қиынырақ. Осының төңірегінде ой қозғаудан адам мүмкіндігінше қашады, себебі өлім кім-кімге де қорқынышты, бірақ одан құтылу мүмкін емес. Жақын адамыңды жоғалту, өліммен бет -бет келу өмірінің шектеулігі жөнінде ойландырмай қоймайды. Күнделікті өмірдің күйбең тіршілігіне алданып, өлімнің бар ұмытып кететін пенде өмірінің қайғылы кезеңдерінде өмір өзінің дамуын тоқтатқандай күй кешіп, күйзеліс пен қорқып, үрей мен шарасыздыққа ұшырайды. Ол өзін қоршаған дүниенің шындығына тереңірек үңіліп, "Түбі бір өлім болса, өмір үріп керегі не? Өмір Соломон айтқан "күйбең тіршілік" болғаны ми?" деген сұрақтар оның бойын билей бастайды. Мұндай толғаныс әрбір адамға тән десек, артық айтқан болмас. Ресейлік зерттеуші Н. В. Волохованың пікірінше, осындай көзқарас қазіргі заманғы мәдени санаға көбірек тән. Бұл тұжырымға ол өлімге адамзат мәдениетінде қалыптасқан қатынастың үш түрін саралай отырып келген екен:
1) Өлім - иллюзия. Бұл пікірдің экзистенциалдық базисі - субъектінің оны қоршаған орта, социум, космоспен және жалпы болмыспен толық ұласып, бірігу сезімі. Өзі өмір сүріп отырған адамның ажырамас бөлшегіне айналған, онымен қайғысы да, қуанышы да ортақ адам өлімнен қатты қорқа бермейді, себебі адам алдындағы қорқынышты бірге бөлісетін ортасы бар.
2) Өлім - трагедия. Субъект өзінің қайталанбас, ерекше Жаратылған адам екендігіне сенімді, өзін басқа дүниеден оқшаулайды, соның нәтижесінде өлімді жалғыз қарсы алуға мәжбүр және бұл күресте өзінің дәрменсіздігін түсінеді.
3) Өлімді өмірдің екінші жағы ретінде ғана, маңызы жоқ нәрсені қабылдау. Бұл көзқарас оз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, өмірден күдерін үзіп, тағдырға мойынсұнған, болмыстың қайнаған қазанына көппен бірге көзін жұмып түсіп кеткен адамға тән. Өмір мұндай адамдарға абсурд, саналы түрде реттеуге бағынбайтын нәрсе, өмір де, өлім де мәнсіз болып көрінеді.
Қазіргі қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың көбінің өмір мен өлімге көзқарасы осындай деген пікірмен толықтай келіспесек те, бұл тұжырым бізді бей жай қалдырмасы анық. Оның А. Шопенгауэрдің өлімді адам қорқатын зұлымдық емес, керісінше, ізгілік және құрметті қонақ, еш мәні жоқ өмірден құтқарушы ретінде қарастыратын ілімімен ұқсастығын байқау қиын емес. Өмірдің қайғы мен қорқыныш, қайыршылық пен кедейшілікке толы қараңғы жақтарын ашып көрсеткен Шопенгауэр философиясының пессимизмін ғана емес, оның адамның эстетикалық пайымдауы мен адамгершілік жетілуіне, жігерінің мықтылығына да үміт артқанын да естен шығармағанымыз жөн. Мәселе өлімнің заңдылығын мойындап қана қоюда емес, адамның өліммен бет келгенде экзистенциалдық дағдарыстан шыға білуінде, оны жеңуінде. Адамның өмір мәндік мәселені шешу деңгейі, өмірінің мәнді мәнсіздігі, оның тұлға ретіндегі сипаты осы жерде анықталады. Ясперстің терминін қолдансақ, өлім адам өмірінің мәнін ашып көрсететін "шекаралық жағдай". Бұл пікірімізді дәлелдеп көрейік.
Өлім өмірдің мәнге ие болуына міндетті және осы мәнге ие екендігіне адамның кезін жеткізеді. Тек елімді дұрыс түсіне білу керек. Өлім деген адамнан тыс немесе оған қатысы жоқ нәрсе емес. Адам көбіне өлім туралы басқаның өлімі немесе өнер шығармалары арқылы танысумен шектеледі, өз өлімі төңірегінде қатты бас қатыра бермейді. Шындығында, жалпы өлім деген жоқ, ол түбінде жүзеге аспай қоймайтын, әрбір адамның басына түсетін заңдылық. Сондықтан адам өзінің нақты өмірі ғана емес, нақты өлімі туралы өмір өтіп, бәрі де кеш болғанда емес, мүмкіндігінше ертерек терең ойлануы тиіс. Өлім - өмірдің шегі, адамның жарық дүниеге келуі секілді табиғи қажеттілік. Өмірдің осы шектеулігі оның құндылығын өзінен - өзі дәлелдеп тұр. Өлім болмай, өмір шексіз болса, оның адам үшін еш құндылығы, еш мәні қалмас еді ғой! Сондықтан да өмірдің өлім арқылы шектеулігі адамды өмірді, жарық дүниені бағалауға, оның әр сәтін табиғат сыйлаған зор бақыт ретінде түсінуге үйретеді, зымырап өте шығатын өмірді мейлінше мәнді сүру қажеттігі туралы ойды оның санасына жеткізеді.
Мәнді өмір өлімнің өзін мәнге ие етеді. Адамның өмірі қандай құнды және мәнді болса, өлімі де сондай құндылық дәрежесіне сай болады. Мысалы, Сократтың өлімі аңызға айналып, ұрпақтан ұрпаққа мәнді өлімнің үлгісі ретінде жетіп отыр. Көзі тірісінде мыңдаған адамды мәнді өмір сүруге талмастан үйреткен, өзінін ісі арқылы өмірін мәнмен толтырған данышпан өлімін де еш қорқынышсыз, тайсалмастан қарсы алып, дұшпанын да, досын да тамсандырды, сол арқылы өліміне өшпес мән берді.
Мақсатсыз, мәнсіз өмір кешкен адамның бойында, керісінше, өлім алдында жан түршігерлік қорқыныш пайда болады, өкінішті өмірі туралы ой оның жанын жегідей жеп, тыныштық бермейді. Өмірінің мәніне жете алмаған адам өлімін де мәнге толтыра алмайды.
Көріп отырғанымыздай, өлім - адам өмірінің сыны. Оның өмірі қандай болса, өлімі де сондай болмақ. Философиялық тұрғыдан келсек, өлімнен қорқатын ештеңе жоқ (әрине, салыстырмалы түрде). Адам өлемін деп емес, өмірді бағаламай, оған қызмет етіп үлгермей, соңында еш із қалдырмай өмір сүрдім деп қорқуы керек. Өлім алдындағы қорқынышты жеңдіретін адамның, оның өзінің мәнді өмірі ғана. Оның мәнін бұрынғы өткен өмірден, о дүниеден немесе болашақтан іздеп керегі жоқ, бұл жолдар бізді адастыруы мүмкін. Өмірдің мәні мәселесін оны осы өмірден іздеп, "қазіргі өмірімізді нағыз мәнмен толтырсақ қана шешеміз, ... сол арқылы өлім мәселесінің де шешімін таба аламыз. Өмірді қазір сүрсек қана уақыт бізді өмірдің жағасында қалдырып, айналып өтпейді, қасымыздан өте шықпайды. Жоқ, біз өзіміз кеме секілді оз жолымызды мәңгіліктің мұхитына бағыттаймыз"'. Яғни, өзінің өмірін де, өлімін де мәнге толтыратын адамның өзі, оның ойлары мен өмірде атқарған істері. Адам өзінің адам атына сай өмір сүруі, адамшылығын, рухани бастауын үнемі жетілдіруі арқылы ғана мәңгілік өмірге жетпек, осындай адамның алдында өлім де дәрменсіз.
Өлім жеке индивидтің ғана емес, ұжымдық сананың негізгі параметрлерінің бірі ретінде ол өмір сүріп отырған ортаның немесе, әлеуметтік мәдени қоғамдастықтың, тұтас халықтар мен ұлттардың менталитетін түсінуге мүмкіндік береді. Өлім мәселесін зерттеуші санаулы ғалымдардың бірі француз Филипп Арьестің пікірінше, "өлімге деген қатынас өркениет сипатының эталоны, индикаторы секілді. ...Өлімді, о дүниені, тірілер мен өлілер арасындағы байланысты қабылдау - бұл тақырыпты талқылау өткен дәуірлердің әлеуметтік мәдени шындығының көп жақтарын түсінуді тереңдетер еді және адам тарихта қандай болғанын жақсырақ ұғындырар еді". Бүл пікірмен келісуге болады. Жеке адамның ғана емес, ұлттың өмір мен өлім туралы түсінігі, оларға деген қатынасы - оның дүниетанымының, ұлт ретіндегі ерекшеліктерінің айнасы. Оның мысалын қазақ халқының өлімге көзқарасынан анық көруге болады. Қазақ қашанда өлімді өткінші өмірдің заңды нүктесі деп философиялық сабырлылықпен қабылдады. Өлім бар екен деп өмірді жоққа шығару, өлімнен қорқу қазақи дүниетанымда көп кездеспейді. Өлім алдындағы субъективтік үрей мен күйзелісті қазақ халқы мәселенің жан жағына терең үңіліп, байыпты көзқарас калыптастыру арқылы жеңіп отырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет