Өз заманының ең білімдар адамдарының бірі Мағжан елінің мүкшіл халіне ерте көңіл бөлді. Оны өз поэзиясында, ұстаздық сөздеріне арқауы етті. Ол қазақ халқын өнер-білімге тек өзінің педагогикалық еңбектерімен ғана шақырған жоқ. Ең алдымен өзінің өлеңдерінде халықты сауаттылыққа, оқу оқып, білім алуға үндеді.
Ұлтына деген сүйіспеншілігі Мағжанды «ұлтшыл» атандырды және өзі соның жазықсыз құрбаны болды.
Мағжанның 1913 жылы Қазан қаласында шыққан бірінші жинағы «Шолпанда» ақынның сол кездегі ағартушылық сарындағы өлеңдері басылған еді.
«Ләззат қайда?» деген өлеңде ақын жас жанына тыншу берер әуестіктің бәрін тізіп келіп, ойын-сауық, жүйрік ат, алғыр тазы, сұлу қыз бен қыз ойнақтық ешбірінен де тиянақ таппай, тек кітап сөзінен ғана ләзаттанғанын айтады. Өлең былайша аяқталады:
Айтар сөзім, мінекей,
Аласұрған көңілге:
Оқу оқы, өнер қу,
Басқалардан түңіл де!
ХХ ғасырдың басында Мағжан өскен аймақтағы Қызылжар мен Омбыға темір жолдың келуімен бірге Еуропа ғылымының жаңалықтары да ел тірлігіне ене бастап еді. Техниканы еркін меңгеріп, өнер-білімінің пайдасын көрген озық елдермен салыстыру басында, өзелінің тым аянышты халін ақын жанын ширақтыра түседі. Бұл ширығу Мағжанның әсіресе «Жатыр» атты өзеңінде шегіне жеткен:
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірімнің рахметіне жарып жатыр.
Біреулер оқып төре болып жатыр,
Шен алып, бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытылып өзін-өзі бұл сабаздар,
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр, -
деп, түйіндейді. Бұл жолдарға түсінік беру артық.
Ұстаз жыршы өзінің бүкіл шығармашылығын бала оқыту, тәрбиелеу жолына арнады десе де болады.
«Кітап әпер, оқысын балаң қолына,
Малды аяма оқу-білім жолына.
Өнер алып, басқалармен қатар бол,
Қосыл бірдей адамзаттың тобына!» -
деп, қазақты оқуға, білімге шақырады.
«Өнер-білім қайтсе табылар» атты өлеңінде Мағжан жастарды оқуға жұмылдыру мақсатымен өнер-білімге барар жол сілтейді, ақылын айтады. «Жақын, туған бауыр» - деп ауылға айналмай, жастарға қалаға барып, оқып, білім алғанын қуаттайды. Ойын-сауық, өсекшілік пен менмендіктің өрге бастыр масынұғындыра келіп, мастай талпынып іздеген адамға «өнер-білім жер астында болса да табылады» - ағалық ақылын айтады.
Мағжан Жұмабаетың шығармасын, әсіресе, ағартушылық шығармасын әңгімелегенде оның балалар әдебиетін жасауға ерекше көңіл бөлгенін, өнер-білімді осы жастардан күткенін айтуымыз керек. Балалар үшін сарылмай еңбек еткен ақын сындарлы, жүйелі жұмыс істеп, көптеген кітаптар шығарған. Балаларға арналған өлеңдері өз алдына бір төбе. «Шолпан» жинағында ақынның «Балалық шақ», «Мен сорлы» (Шәкірт зары) атты өлеңдері жарияланған. Мазмұны, жағынан бұлар Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңімен үндес.
Ауылдағы ойын балаларына арналған «балалық шақ» деген тамаша өлеңінде Мағжан оларға балалар шағынан бастап оқу-білімге көңіл бөлуге, бойға тек асылды ғана сіңіруге кеңес береді.
Жастық – алтын,
Құрып қал салтын.
Салты оның – үйрену!
Өнер қуып,
Бел бекем буып,
Надандықтан жирену!
Тұрма, қарғам, ұмтыл!
Аты өшкірден құтыл! –
«Аты өшкірден құтыл» деп отырғаны – надандық. Баланың құлағына жағымды «қарағымды» қолдана отырып, сәби санасына ақын өз ойын ұялатады. Ақынның бұл сияқты өлеңдері бүгінгі таңда да өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Осы өлеңге ұқсас «Қарағым» деген өлеңінде Мағжан:
Қарағым, оқу оқы, босқа жұрме!
Ойынға, құр қарасың, көңіл бөлме.
Оқымай, ойын қуған балаларға
Жолама, шақырса да, қасына ерме!
Кідірме, аялдама, алға ұмтыл,
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме, -
деп, жас жеткіншектерді оқу-білімге шақырады.
«Әже» атты өлең - әже мен немересі арасындағы мерейлі, нәзік, қымбат сезімді мадақтайтын өлең. Әжесі Сұрмерген туралы ертек айта бастағанда немересінің көңіл күй мынадай:
Қоя қойды Кенжебай,
Жылаған жаңа нан сұрап,
Тындап отыр тентектер,
Алма беті албырап,
Ауыздары аңқиып,
Сілекейі салбырап…
Қандай ғажап көрініс! Осы күні немерелеріне ертек айтып отыратын мұндай әжелер азайып кеткеніне қынжыласың.
Осыған ұқсас Мағжанның тағы бір өлеңі «Немере мен әжесі» деп аталады. Мұнда немересі әжесімен: «Көк деген не, жұлдыз не, жер не, теңіз, тау дегендер не?» деген сияқты толып жатқан сұрақтар қояды. Әжесі бұл сұрақтарға анық жауап бере алмай, мектепке оқуға бар, сонда бәрін білесін деп ақыл береді. Осы сияқты «Қойшы бала мен күшік» деген өлеңінде де ақын мектептен қандай білім алуға болатынын насихаттайды. Бұл өлеңдерді мектептерде төменгі сынып балаларына, тіпті балабақшалардағы бөбектерге оқып жаттасақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Осы тектесқай жырынан болсын Мағжанның биік парасаты, кемеңгер ойы мен шалқар білімінің лебі еседі.
Жалпы Мағжан еңбектерінің негізгі идеясы – ұстаздық бағытта, тәлім-тәрбие мәселелерін парасаттылығымен шешуге үндеу болып келеді. Түйіндей айтқанда, М.Жұмабаевты қазақ топырағынан шыққан ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің тәлім-тәрбиелік ойладын жалғастырушы, ұлттық педагогиканың негізін қалаушы ғалым-педагог деуге әбден болады.