1.1 М.Жұмабаевтың тәрбие процесіне қатысты көзқарастар мазмұны Адам баласымен бірге жасасып, бірге өмір сүріп келе жатқан қоғамның қажетті және тұрақты функциясының бірі – тәрбие болып табылады. Әр түрлі тарихи-экономикалық формацияда, әр елде тәрбиенің мақсаты мен міндеттері сол елдің нақты талаптарына сай кейбір өзгеріске ұшырағанымен тәрбиенің негізгі мақсаты – жас ұрпақты өмірге дайындау, оған өз халқының ғасырлар бойы жасап, қалыптастырған әлеуметтік тәжірибелерін үйрету негізінен сақталып келеді.
Олай болса тәрбие – мәңгілік категория. Соған қарамастан тәрбие әрдайым толықтырып, жаңартып отыруды, тіпті басқа халықтардың тәрбиелік тәжірибелерін де үйренуді, меңгеруді талап етеді. Ал оны ұлттық шеңберде қалып қоймай озық тәжірибеге, ғылымға сүйеніп құру, жетілдіру – маңызды міндеттердің бірі. Міне, осы міндетті қазақ қоғамында алғашқылардың бірі болып түсінген, тек түсініп қана қоймай оны іске асыруға баға жетпес үлес қосқан Мағжан Жұмабаев болып табылады. Басқа тәрбие тақырыптарында арналған мақалаларын есетпемегенде оның 1922-1924 жылдары Орынбор мен Ташкентте қатарынан екі рет басылып шыққан, осы уақытқа дейін бірегей ғылыми оқулық болып табылатын «педагогикасы» айрықша орын алады. Бұл шын мәнінде ғылыми еңбек болғанда ұзаққа арналған, маңызы мен мәнін жоймайтын, өз халқына әрдайым нақты пайдасын тигізетін, қоғам мүшелеріне салиқалы ой салатын және олардың назарына үнемі ауадай қажет ұрпақ тәрбиесіне аударатын, ең маңыздысы нақ осы күні дүниеге келіп жатқан тәрбие туралы еңбектерден шоқтығы биік болмаса кем түспейтін қазына.
«Педагогикадағы» қиын, күрлелі мәселелердің бірі тәрбиенің мақсатын анықтау болып табылады. Әрине, ол өзінен-өзі пайда болмайды, ол қоғамдық өмірдің талабынан, объективті қажеттіліктен туады.
Мағжан тәрбиенің мақсатын өте терең тұжырымдайды, ол: «баланы тәрбие қылу тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін, адам шығару деген сөз. Қалса, өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз» – дей келе, тағы да, «тәрбиедегі мақсат сол адамның, ұлттың, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу» – деп жалғастырады.
Сөйтіп Мағжан осы ғасырдың басында-ақ тәрбиенің шеңберін, оның атқаратын қызметін анағұрлым кең көлемде түсінеді. Ол сол кездің өзінде тәрбие түбінде адамдар арасындағы ынтымастықты кеңейтуге, халықтар арасындағы бауырмалдықты нығайтуға қызмет етуге тиіс екендігін баса көрсетіп, өзін ғасырымыздың нағыз гуманистерінің қатарына қояды. Тәрбиенің мақсатын анықтағанда ол бір халықтың, ұлттың шеңберінен шығып, жалпы адамзаттық мұраттарды басшылыққа алып: «Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын сүюге де міндетті», - деп бүкіл адамзаттық деңгейден тіл қатады.
Мағжан - өз халқының патриоты. Сондықтан да оны өз халқының болашағы үнемі толғандырған. Ол осы тұрғыдан алғанда тәрбиенің басты міндеттерінің бірі бала бойындағы ұлттық сезімдерді ерте қалыптастыру, оларды халықтың рухани мәдениетімен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрмен кеңінен қаруландыру қажет деп санайды. «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып, бұрын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» – деп жазады. Кешегі уақытта біз шын мәнінде тек бір халықты – кеңес халқын құрамыз деген уақытта орыстан басқа халықтардың тәрбие жүйесін тіпті есепке де алған жоқпыз, мектептерде қазақтың халықтың тәрбиесі деген атауды мүлде кездестірмедік. Мұның өзі біздің тәрбиедегі қолға ұстар негізгі қазығымыздан айрылуға әкеліп соқты, қазақ деген аты болмаса заты мүлдем бөлек, шұбарланған ұрпақ өсіп шықты, мазмұны социалистік болғанмен түрі ұлттық болған жоқ. Соның нәтижесінде көптеген халықтармен ұлттар жойылып, тарихи сахнадан шығып қалды, сөйтіп, адам баласының тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз зиян келтірді, тәрбие тек империяның мүддесін көздейді, ұлы державалық шовинистік мүддені нығайту үшін қызмет істелді. Кеңес өкіметі жылдарында осындай жолмен 75 ұлыстар мен халықтар жоғалып кетті, 1934 жылы ел бойынша мектептердегі оқу 104 тілде жүргізілсе, 1988 жылы балалар КСРО-да не бәрі 39 тілде ғана білім алды. Мектеп іс жүзінде ұлтсыз мектеп болды.
Демек, тәрбиеде ұлттық ерекшеліктер мүлде сақталмады, ұлттық тәрбие деп айтуға батылымыз бармады.
Мағжанның данышпандығы сонда, ол осыны көріп – білгендей ғасырдың басында, қазақ мектебі құрылып жатқан кездің өзінде осыны көрегендікпен болжай білді. Сол кезде жазған бір мақаласында: «Қазақтың тағдыры, келешегі, ел болуы да – мектептің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді, берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегімізге тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» – деп жазды.
Бұдан артық анық, дұрыс болжам айту қиын. Ұлы адамдар болары болып, бояуы сіңген іске қортынды жасамайды, олар білгірлікпен бағдарлай алады. Мағжан да осындай мінез танытты.