Пәнінің оқытушыға арналған әдістемелік кешені 2014 жылғы №1 басылым 6М 020500– «Филология: қазақ тілі»


-дәріс. С.Торайғыровтың өлеңдері. 3-сағат



бет2/4
Дата03.12.2016
өлшемі0,62 Mb.
#3025
1   2   3   4

4-дәріс. С.Торайғыровтың өлеңдері. 3-сағат

.

Құлдық атаулыға жаны қас абзал азамат Сұлтанмахмұттың тап мұндай он екі мың ғаламды жаратқан жаппар хақтың өзімен жарыса айтылатын астам атақтан ат тонын ала қашатыны даусыз. Алайда, пайғамбарлардың да арғы түбі адам нәсілінен екенін ұмытпалық.



Олар да әуелі өз уағызына күллі адамзатты ұйытамыз деп ойлаған жоқ. Басына хикмат бұлты тәнген қауымдарын ғана қатерден құтқарып, түзік жолға салуға ниеттенгенді. Пенденің құлқын түзеу арқылы күллі дүниені түзеуге болады деп сенді. Ендеше, қолына қаламды, өз сөздерімен айтқанда, «Бұзылған ңанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа» табу үшін алған асқан талантқа ақылмандықтың ең биік дәрежесін қиғандықта тұрған ешқандай күпірлік жоқ деп білеміз. Ал егер Сұлтанмахмұт алдына ондай асқаралы міндет қоймаған, көзінің көргенін, көңілінің көргенін, көңілінің түйгенін мұрнынан тізген көп сөз құрастырушының бірі десеңіз, онда Өлеңге дес беріңіз: «Мен балаң жарық күнде сәуле қуған, алуға күнді барып, белді буған, жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін, болмасам толған айдай балқып туған». Немесе: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам, мұздаған елдің жүрегін жылытуға мен кіремін». Немесе: «А, дүние, берсе қанат тәңірі маған, ерік алып, ұшып кетсем, көкке таман, жер-күннің аймағынан үстін шығып, әлемге көз жіберсем, сол арадан; бойымнан ірілік оты сонда сөніп, планет һәм жасаған елді көріп, тозаңдай басқа әлем қатарында айтар едім елеусіз жерді көріп; «қандай мән бұл адамның өмірінде, дәм татқызар үміт не көңілінде; туысында еріксіз жердің құрты және еріксіз аһ ұрып сөнуінде; әлемге өмір шашқан күні мынау, жердегі көрінбеген сыры мынау, бар-жоғының тозаңдай елеңі жоқ, адам тұрсын, жерінің тұрі мынау; немәнеге мақтандық көкірек керіп, өзімізге сонша артық мағына беріп, барша әлем жаралған адам үшін» деп, қалайша адасып, жүрдік сеніп?» Гагарин орбитаға шықпастан жарты ғасыр бұрын бұл өлеңнің ғарышты игеру тақы-рыбына арналмағаны айтпаса да түсінікті. Бірақ, ғарышкердің көктен оралып келіп, таңғалып айтқан планетамыздың тым құрдым, тым нәзік тағдырын қазақ ақыны жарты ғасыр бұрын жерден жарты елі өкше көтермей тұрып-ақ байқап, қолмен қойғандай, дәл басып айтып кетіпті. Сонда оны айтқызып тұрған қандай құдірет? Аспанға шапшыған асау қиялдың шалығы ма? Әлде жер үсті тіршіліктің жегідей жеп бара жатқан уайымы ма? Әрине, соңғысы. Өйткені, бұл жолдар жер бетінде бар болғаны жиырма жеті жыл өмір сүріп, әдебиетте жиырма жеті жыл көшпей-қонбай еңбек еткен көшелі суреткерлеріміз де қалдыра алмаған мол мұра тастап, екі роман, алты-жеті поэма, жүз ондай өлең, көптеген мақала, очерқ әңгіме, көсемсөз жазған, соның ішінде «Қайғыны», «Жарқынбайды», «Айтысты», «Таныстыруды», «Қамар сұлуды», «Кім жазықтыны», «Адасқан өмір» мен «Кедейді» тудырған автордың аузынан шығып отыр. Солардың қай-қайсысын, өсіресе, соңғы екеуін оқыған кісі мұндай шығармалардың әншейін қиял қуған, жер үсті хикматтарды жер-жебіріне жете зерттеп білмеген адамның қаламынан шықпайтынын айтпай-ақ ұққан болар еді. Тек жеті қат жер түбі мен алты қат аспан арасындағы барша құбылысты тап бұлай бажайлап білу құдайдың ғана емес, адамның да қолынан келеді екен-ау деп таңғалар еді. Жарық дүниеге аз күнге келіп-кеткен көлденең жолаушының көрген-түйгенінен гөрі жер мен көкті жаратқан жаппар хақтың өзінің ағынан жарылып ақтарылып айтқан сырындай бірден ұйытып алар ағыл-тегіл шындық пен айна-қатесіз ақиқатқа амалсыз тамсанар еді. Расында да, адамның Өзін өзі тануының шырғалаң одиссеясын «Адасқан өмір» мен «Кедейден» шынайы жеткізген, жетім қозы емген желіндей, аямай қақтап сорып, сығып, сарқып, әбден тауысып жеткізген терең шығармалар төл әдебиет түгілі әлемдік әдебиетте некен-саяқ. Басқаларды былай қойғанда, дәл осындай мақсатпен жазылған «Тәңір тәлкегі», «Фаустың» өзінде дайын фабулалар, танымал мифологемдер, талай рет сыннан өткен сюжеттіқ зерделік құрылымдар пайдаланылса, қазақ ақыны ешқандай қосалқы тәсілдерге жүгірмей, тек бір пенденің жөргекке түскенінен көр түбінде қурап, шіріп, қайтадан топыраққа айналып кеткеніне дейінгі барлық процесті ештеңені мұлт жібермей, дәл тізіп, дәл сипаттап, сол арқылы тек адамдық болмыстың ғана емес, жалпы әлемдік болмыстың егжей-тегжейлі панорамасын жасап, сол болмысты ұстап тұрған заңдылықтардың ерекше бір математикалық дәлдікпен зерделенген философиялық кескіндемесін түзеді. Құдды, бір оның зейіні рентген сәулесіне, лазерь ұшқынына айналып кеткеніндей, еш қалтарысты қағыс қалдырмай, көптен бері басы балпы, аяғы салпы боп шашалып қалған далалық әлеуметтік болмыстың баоаяғын қайта түгендеп шығады. Қой шеті мен кеніш түбі, тал бесік пен тар лахат, жесірдің төсегі мен сылқымның құшағы, түз бен шаһар, тау мен дала, қиял мен шындық, обал мен сауап, мүсәпірлік пен кісәпірліқ жуандық пен жылпостық,– жер үсті кеңістіктегі көріністер мен құбылыстардан еленбей қалған ештеңе жоқ. Бірақ, бірінен бірі туып, бірінен бірі өрбіп, бірінен бірі дамып, бірімен бірі жалғасып жатқан дүние. Белгілі ғасырдың белгілі кезеңінде белгілі өңірдің белгілі қауымының басындағы ахуал өуелі таза табиғи аймақтық аяда, содан тап-таза табиғи халықтық аяда, одан дөл сондай шынайы ұлттық аяда, одан да күрделі күллі адамзаттық аяда, одан ел мен жер, жер мен көқ адам мен қоғам, заман мен тарих мидай араласып кеткен жалпы әлемдік болмыстық аяда кескінделеді. Бірінен бірі сатылап өрбіп, сатылай биіктеп бара жатқан сарабдал ойшылдықты тек қана әсердің күші, пайымның күші, зейіннің күші деп тану шындыққа қиянат болар еді.

Бұл – нағыз адам жаратып, адам танытушы, әлем жаратып, әлем танытушы жаппар хақтың өзімен жарысқандай жанкешті жұмыс. Бір басты оздырып, бір көкірек-ті масайратып, бір көңілді желпінту үшін мұндай тауқы-меттің мыңнан бірі де жетерлік еді. Жоқ, бір пенденің, тіпті саналы азаматтың, тіпті сұңғыла таланттың тек қана таза өнерпаздық құштарлыгы мен ыждаһаты тап осындай ақылға сыймастай жанқиярлыңқа бара алады дегенге сену қиын. Әрине, ондай жанқиярлық, расында да, өз тағдырының сырына қанығам деп жүріп, барша тарихтың сырына, жанын қинаған жақсы мен жаманның ара-жігін ашамын деп жүріп, күллі әлемдік болмыстың құрылым-түзіліміне қаныға алар ғажайып түйсіқ ғаламат сөзім, алапат рух иелерінің ғана қолынан келеді. Ал олар кез-келген аптада, көрінген көшеде туа бермейді. Тұтас бір қауымдарды, тұтас бір нәсілдерді сарылтып, сағынтып барып туады. Олардың өзі де қиындығы жағынан ақылың жетпестей, жауаптылығы жағынан не жаның, не арың садақаға шалынып кетердей рухани қиямет-қайымға желіккеннен де, мақтан үшін де, мансап үшін де бармайды, тек өзі үшін емес, күллі елі үшін қиналып, қоңыр тоқтыдай құдай жолына басын шалудан басқа амал қалмайтындай тығырық сәттерде ғана барады. Өйткені, әуелден де жұмақ үшін жаратылғандай кең жүріп, кең тұрғанды ұнататын екі аяқты нәсіл тектен текке жанын қинамайды. Ал, өнер, соның ішінде ақындық өнер жанның жегін ауырлату үшін емес, жеңілдетуге арналған.

Оны да әлгіндей өз етін өзі жейтін бейнетке тек елім деп еңіреген жүрек итермелейді. Қауымның не болары, не бордай тозары беймағлұм боп тұрған талқыдағы тағдыры итермелейді.

Сұлтанмахмұт та тап осындай себеппен тап әлгіндей жанкештілікке барып жүр. Ол: «Лағнат бұлты шатырлап, жай түсіп неге қатпаймын; жер жарылып сатырлап, түбіне неге батпаймын; ит, құсқа бас игізген, көкейімді күйгізген, дүниеден ләззат таппаймын»,– деп тек бір басына күн туғаннан күйзеліп жүрген жоқ. Өйтетіні: «анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр, мынау ойда қазақ тұр, қастарында азап тұр; ұйқысы көп, ояуы аз, бұл не деген ғажап тұр? Бұл ұйқысын ашпаса, надандықтан қашпаса, басқаларға мазақ тұр». Өйтетіні, қазақ өз халінің осынша мүшкіл екенін өзі білмейді. Білсе, неге бұлай, неден бұлай болғанын білмейді. Мұнша азып, мұнша тозуларының сырын өзгеден көреді, өзінен көрмейді. Бір-бірінен көреді, білімсіздіктерінен көрмейді. Сондықтан да, ақынның білетін жалғыз жауы – надандық, жалғыз кесепаты – надандық. Ел құтқарудың жалғыз жолы – талай ғасырдан бері туырылып тұрған надандықты серпілту деп түсінеді. Сондықтан да, әлгіндей дүние сырын тәптіштейтін тәпсіл поэмалар жазады. Өйткені, оның ойынша, өлең деген – «көңілді түзейтін машина». Сол арқылы біреулерді табалап, біреулерді дәріптеуден аулақ. Бар мақсаты: адасқанға жол сілтеу, жаңылғанға жөн сілтеу. Кесір мен қиянат үшін кім жазықты? Оған айтқызсаңыз: бәрі жазықты – тойымсыз байлық та, төзімсіз кедейлік те, момынның мүсәпірлігі де, озбырдың кісәпірлігі де. Өйткені, бәрі де бір-ақ түбірден – надандықтан өрбіп жатыр. Надандық деген – ештеңені білмеу, ештеңені сөзбеу емес, заманның өзгеріп кеткенін аңғармау, үйреншікті ізбен далақ-тап шаба беру. Бай да далақтап жүр, жарлы да далақтап жүр. «Далақтап шапқан бай ұлы тоқтаса, көзі жас екен». Ол жасты қалай сүртіп, қалай құрғатуға болады? Топ-топ боп төбелесіп те, жақ-жақ боп жағаласып та заманды түзей алмайсыз. Заманды адамды түзеп түзетесің. Әркім өзін-өзі түзей алса ғана күллі ел түзеледі. Тығырықтан шығудың одан басқа жолы жоқ. Сондықтан да Сұлтанмахмұт: «жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен; тағдыр қылды деулерді шығарамын сөзімнен, өзім қылдым деулерді таса қылман көзімнен; жазалы емес құдай да, күн мен жұлдыз һәм ай да; жұмақ күткіш наданның орны дозақ әр қайда; «теңгерер соңыра»,– деген сөз тек жұбатқыш бір айла»,– деген тұжырымға келеді.



Бар тілегі елінің үстінде, бар аңсары халқының болашағында болып, мігірсіз күрес, тынымсыз ізденіспен өткен ақын мазасыз өмір жолын: «қарағай да қайғырып, суылдайды заманға, иесінен айырылып, көздескен берік қамалға, ақ қайың да дірілдеп, әлденені күткендей, қайғылы үнмен күбірлеп, сөйлейді тіл біткендей, дауылға әлсіз қара ағаш, күдерін үзбес өмірден; Бұтасыз түбі жалаңаш, тас топыраққа көмілген; шоғырлы біткен сом тереқ жыл сайын қажып кемиді; қуарып қызыл гүл шешеқ өлімге өзін телиді; жаңа өспірім жас шіліқ жер тұлғасы болады, бақытты тұрмыс тіршілік бір көзде соған қонады»,– деген жолдармен тәмамдалады. Өлең сөзіне өзек болған осы ұлағатты тақырыпты көсемсөзінде де жалғастырады. Өйткені, Сұлтанмахмұт заманы – күллі адамзаттың алдынан үш тарау жол шығып, дағдарып тұрған тұсы еді. Барша адамзаттың бай тәжірибесін бір өзі иемденіп, жаңа еркениет жасап алып, табиғи мүмкіндіктер үстемдігінен біржолата құтылып, жер-жаһанның жылы-жұмсағын қанжығасына өңгере бастаған Батыс Европа қалған дүниенің ол білетінді білмей, баяғы таз қалпында қала беруін қалады. Халықаралық өзіндік сипатын сақтағансып, оларды бірөңкей ата кәсіптерімен Шұғылдануларына жағдай жасағансып, жаңалықтан шет қақпай ұстауға тырысты. Бұның аржағында қандай құлта жатқанын түсінгісі келмеген хадимшіл Машырақ үйреншікті үрдісшілдікті әспеттеді. Жәдишіл Мағұрып жаңа өркениетті озбыр отаршылдықтың бодауына беріп қоюға қарсы болып, өнегені үйренбеушілдікке шақырды. Іргедегі Ресей бар тәжірибенің бәрін мойындамай, атымен соны бағытта өрістеуді дәріптеді. Бұл үш ағым қазақ даласында да көрініс берді. Уақытша азаттықты пайдаланып, біреулер қайтадан кең сасыған көне жұртқа көшіп алуға үндеді. Өзгеден үйренсе, жаңасын үйренбей, көнесін үйренді. Ата кәсіпті қуып, ата жолын ұстап отырмыз деп мадиықтанды. Бірақ, шөп басындағыны үзіп жеп өзек жалғаған терімшіліқ қолға түскен тағыны қорек еткен аңшылық, айдаған малының шетінен сойып жеп азық айырған малшылық жер басып жүрген барлық нәсілдің бәрінің де бір көздегі ата кәсібі екенін, соған қарамастан бүгінде тропикадағы пигмейлерден тасқа терімші, қар жастанып, мұз төсенген лапландтар мен тұңғыстардан басқа аңшы, жалаң аяқ құм кешкен бәдәуилер мен туарегтерден басқа көшпенді қалмағанын ешқайсысы ескергісі келмеді. Атамекенінің бетіндегіні өндіріп, өңдеп, қажетіне жарату ата кәсіп болғанда, астындағыны өндіріп, өңдеп, қажетіңе асыру неге ата кәсіп болмайтынын ешкім айтып бере алмады. Доңғалақ, қыш күйдіру, ұршық, Темір ауыздық, бұғалық, тор ау, қақпан күллі адамзатқа ортақ болғанда, станок пен машина, будың күші мен судың күшінің күллі адамзатқа қалайша ортақ бола алмайтынын түсінгілері де, түсіндіргілері де келмеді. Мұндай жолмен қазақшылдықты көксегендердің уағызын Сұлтанмахмұт «қатын ойбай» санады. Әлгіндей үрдісшілдік – мешелдікке ұштасқан кеселдік еді. Ал енді барлық нәрседе де өзгенің жолымен жүрмей, өз сүрлеуімізді табамыз деген өзімбілемдікке түсіп, басңалардың баяғы да түзеп алған қателіктерінің бәрін бүгін қайтадан қайталап шығу – Сұлтанмахмұттың тілімен айтқаңда, «көре-біле тұра отқа түскендік» болар еді. Ақын жедел даму үшін дайын үлгілерді өз жағдайыңа икемдей білетін жәдишілдікке шақырды. Бұл арада алыстағы жапон жұртын өнеге тұтты. Отаршылдық көрмеген азат халық озат тәжірибені өз еркімен үйреніп, төз жетілді. Ал мимырт даму азаттықтың көсеғесін көгертпейді. Жедел даму жоқ жерде кемел мәдениетті елдердің алдындағы тікелей не жанама кіріптарлықтан шамалыда құтыла алмаймыз. Ақын айтқандай: «міне, көршіміз Русь жұртында бізден гөрі өнердің ер жеткендігінен тапқан пайдамыз: Русьтің не қыл дегеніне де көніп тұру болатын». Ондай кіріптарлықтан төз арылудың амалы, ақынға айтқызсаңыз, «озат мәдениеттердің көп жылда жеткен жеріне аз жылда жетіп алу», бұл үшін «олардың мыңдаған жылдар ішінде, жүздеген буындардың еңбегі мен салулы даяр жолдарын» пайдалану білу.

Біздіңше, ақынды ажал алдында абыржытқан тап осы жағдай сияқты. Өйткені, ол шектеулі сағатының жеткенін біліп жатты. Біле алмай бара жатқаны: мынандай алмағайып кезеңде оң мен солын әлі түгел танып болмаған, тоғыз жолдың торабында тұрған аңқау халқының қандай бағытқа бет алғаны еді.

Амал не, біз ақын сілтеген жолдан, ақын көксеген бағыттан тағы да адасып кеттік. Өтірік пен шынды айыра алмай, бір-біріміздің жағамызға жармасып жүріп, бөгденің шылауында кеттік. Қайтадан отаршылдық кебін кидік. Қайтадан кеңге шықпай, кеңге оралдық. Жалпымыз шетте қалып, жалқымыз ғана топқа кірдік. Өз жерімізде еркендеп жатқан өркениетке не алыстан көз саттық, не ішіне ене алмай, есік-терөзесінен сығалап жүргенімізге мәз болдық. Сөйтіп, жетпіс жыл бойы соныдан жол табамыз деп жүріп, сол аяғы тоғыз жолдың торабынан қайта кеп шықтық. Тағы да жол айырығында тұрмыз. Тағы да тағдырымыз талқы үстінде. Бір көзде Сұлтанмахмұтты алаңдатқан кеу-кеу, сол көздегі «байбаламшылдық» пен «ойбайшылдық» қазір де естіліп қалып жүр. Үрдісшілдік пен өркениетшілдік, жедел даму мен мимырт даму, кімнен қандай өнеге алу – тағы да талас тудырып жатыр. Бірақ, бұл жолы бетімізбен лағып кетуге ешқандай қақымыз жоқ. Аузымыздың күйгенін былай қойғанда, көңіліміздің түйгені де жетерлік. Өсер ел өнегелі ұлдарын әке тұтады. Ондай ұлдар, құдайға шүкір, бізде де баршылық. Бір көзде Сұлтанмахмұт қазақ жұртының арғы-бергі аузы дуалыларын сарапқа салып отырып, Абайдың жолы бір бөлек деп еді. Шамасы, бұны ұлы ақынмен нағашы жағынан табысатын қан туыстығынан емес, зар заманда запыран жұтқан жан туыстығынан айтқан болар. Өйткені, өз мінін өзі түзей алмас, өз осалдығын өзі жеңе алмас қауым өзгенің озбырлығын да жеңе алмады. Шындықтың ала жібін аттамайтын әділ көзқарасы жағынан, халқының қамын ішінен қан жылап отырып ойлайтын адал махаббаты жағынан, онсыз да көп адасқан аңғал қауымды әр саққа бір далақтатпай, тура бағытқа, жемісті жолға бастай алар көсем пікірлігі жағынан, ұлттық ойлау жүйемізді басқалармен тайталаса алар рухани естиярлыққа көтеріп берген ұстаздығы жағынан Сұлтанмахмұт Абайға ерекше жақын тұр, ерекше етене тұр. Ендеше, қазақ рухының кеңістігінде Абай екеуінің орны бір төбе.

5-дәріс. Поэма табиғаты және ақындық шеберлік. 4- сағат.

Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты. Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы “Таныстыруда” Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың “бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай” екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. “Адасқан өмір”, “Кедей” поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. “Адасқан өмір” – Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. “Кедей” поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. “Айтыс” поэмасы толық аяқталмаған, онда Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері “шындықтың ауылын іздеумен” байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл






6- дәріс. Сұлтанмахмұт Торайғыров публицистикасы. 1- сағат
Зерттеуші Б.Кенжебаев өз тұстастарының С.Торайғыров ұстанған саяси бағытты, оның жеке өзін «...бірі – байшыл, ұлтшыл ақын, екіншісі – ұсақ байшыл ақын, үшіншісі – социал-утопист ақын, төртіншісі – ұсақ буржуазияшыл демократ, бұқарашыл ақын, бесіншісі – шаруалар тобының жырын жырлаған кедейшіл, бұқарашыл демократ ақын» [6, 36-б.] деп бағалаушылықтарын әділ таразылаған. Өзінің осы кезеңдегі «Сұлтанмахмұт туралы» деген атпен берілген мақаласында: «...ол жолдастардың... күні бүгінге дейін баяғы РААП пен ҚазААП-тың салтынан, ескі көзқарасынан, әдісінен яғни социологизмінен, арыла алмай жүргендіктері көрінеді. Соның үшін де олар Сұлтанмахмұтты қалай да бір тапқа, бір топқа, бір жікке апарып қосақтауға тырысып отыр» пікірін білдіріп, тіпті олардың жеке басына ойысып «...кейбір жолдастардың өресі, күші жетпей отыр. ...мін де шапқа салып Сұлтанмахмұттың саяси бағытын, өмір сапары мен жазушылық сапарын жете білмей, барлық шығармаларының мән-жайын, астарын әбден талдамай, тек оның өмірінің кейбір кезеңін ғана, оның бірді-екілі шығармаларын ғана алып, соған қарап, тон пішіп отыр» [6, 37-б.] деп айтып салады. Б.Кенжебаев С.Торайғыровтың саяси бағытын талдай келе, ол қазақтың халық ақыны деген байламын ұсынды. Ол байламды жан-жақты ашып көрсетті. С.Торайғыровты халық ақыны деу үшін, халық ақыны деген тіркеске анықтама берді. Оның анықтауынша, «...қандай да болса бір ақынды халық ақыны деп айту үшін оның жалпы халық мүддесін жырлауы ғана жетпейді, сонымен қатар оның халық тұрмысын дұрыс, толық, шебер көрсетуі, халыққа ұғымды, жуық болуы, халықпен біте қайнап, бірге болуы керек» [6, 39-б.]. Яғни, осындай анықтама бойынша анықталған Сұлтанмахмұт – халық ақыны деп түйді.
Зерттеуші пікірінің растығын ақын шығармашылығының өн-бойынан көреміз. Ақынның мынадай шумақтары оған дәлел бола алады:
Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр
немесе тағы бір өлең жолдарында:
Ұмтылып ілгері аяқ басқан қандай,
Пән оқып, тараққиға асқан қандай?
Басқалар жанын салып ұмтылғанда,
Басымыз шоршып түсіп, қашқан қандай? - деп, өз халқының өмір сүруінің марғаулығына жаны күйіп, өмір сүрудің жаңа жолын ақындық көркем тәсілмен бергендігінен айқын көрінеді.
Б.Кенжебаев ақын шығармашылығының ажыратылу мерзімін үш дәуірге бөліп: 1) ақынның 1912-1913-1914-1915 жылдардағы шығармалары; 2) оның 1917-1918 жылдардағы шығармалары; 3) оның 1919 жылғы шығармалары деп анықтаған, әрі 1916 жылы және 1920 жылы жазған шығармаларының қолда жоқтығын ашқан. Зерттеушінің өз болжамдары бойынша, С.Торайғыров бұл жылдары түк жазбауы мүмкін емес, «...себебі бұл жылдар ірі оқиға, қиянкескі күрес, ұлы өзгеріс жылдары, оған Сұлтанмахмұттың құлақ аспауы мүмкін емес. Тегінде, оның бұл жылдарда жазған шығармалары жоғалған, жиналмай, жинаққа кірмей қалған болуға тиіс» [6, 40-б.] деп ой тастайды. Бұл жылдар шығармашылығы ақынтанудың бүгінгі күні жеткен жетістігінің де ақтаңдағы, әлі де табылар деген үміт те жоқ емес.

7- дәріс. Абай және Сұлтанмахмұт. 1-сағат

Сұлтанмахмұт – ұлы Абайдың және Ыбырайдың ағартушылық идеяларын дамытқан ақын. Абай мен Ыбырай өзінің туған халқын қараңғылықтан, надандықтан құтқару үшін, оқуға, білімге шақырған еді, туған халқын жарық күнге шығаруға талпынды. Жастарды өнер-білім жолына түсуге үндеді.

Сұлтанмахмұт тәрбиенің күшіне сенді. Дұрыс тәрбие арқылы адамгершілік жақсы қасиеттерді қалыптастыруға болады деп есептейді. Ақын адамның әділ, адал болуы тәрбиеге байланысты деп қарап, «Сүйекке біткен мінез, сүйекпен кетеді» дейтін көзқарасқа қарсы тұрып, өмірді өзгертуші адам, адал мінезін қалыптастырушы ұлы күш, саналы тәрбие дейді. Бұл көзқарасты Абайдың «Заң қуаты қолымда болса, адам мінезін өзгертуге болмайды деген адамның тілін кескен болар едім» деген қағидасымен ұштасып жатқанын аңғару қиын емес.

Ұстаздық етуден жалықпаған ұлы ағартушы «Оқу» (1911 ж) деген жаңа өлеңнің бірінде:

Надандықтан екенін білмейміз бе,

Көрінгенге болғаның семіз жемдік,

Ел болуға алдымен білім тірек,

Бір сөзді, бір ауызды, намыс керек, - деп білім алуға шақырады.

Алдымен ақынның өмірі өте қысқа болғанымен, оның артына қалдырған мұрасы, халқына істеген игілік істері, қазақ педагогикасына сіңірген еңбегі өте орасан дерлік. Бала оқытуда өзіндік жинақтаған тәжірибесін педагогика саласына енгізген бірден-бір жаңалығы деп айтуға мүмкіндік береді. Ол білім берудің жөні осы екен деп дүмше молдаларша оқушыларды жинап алып, қалай болса солай білім беруді қолдамай, ең алдымен балалардың жас ерекшеліктерін ексере отырып, жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөліп, дидактиканың жеңілден ауырға қарай қағидасының негізін ұсынып отырғандығын көруге болады. Сұлтанмахмұт өлеңдерінің тәрбиелік, тағылымдық мәні ерекше.
8 -дәріс. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт.1-сағат
Адамзат тарихының соңғы екі мың жыл аясында адам өмірінің мәні мен мазмұны мәселесіне философияда, әдебиетте ерекше зейін қойыла бастады. Ол адамның табиғатының түпнегізін іздеу мақсатында жүзеге асты. Адамның ішкі рухани әлемінің күнделікті өмір құлшынысы нәтижесінде қандай халге түсетіндігі немесе сол жағдайдағы адамның күйі қандай болатындығы туралы сұрақтар төңірегінде хәкімдерге көп ойлануға тура келді. Осы ізденістер өмірдің мәнсізденуі сынды, адамдардың танымға немқұрайдылығы сынды сұрқия шындық бейнелерін ашты.

ХХ ғасырдың бетке ұстар азамат ойшылдарының қатарындағы Шәкәрімді де адам мәселесі аса қатты мазалаған болатын. Шәкәрім – Абайдың ізбасар інісі, Абайдан соң ХХ ғасыр басында қазақ даласында өмір сүрген ең көрнекті тұлғалардың бірі. Шәкәрім өмір сүрген замана шындығы мемлекеттік дағдарыстар кезеңіне тура келген болатын. Сол уақыттың мың құбылған саяси тұрақсыздығы мен жылдам өзгеріп отырған мемлекеттік билік жүйесі оның адамзаттың бірыңғай кемелденуіне деген сеніміне секем түсірді.

Шериздан Елеукенов «Жаңа жолдан» деген кітабында «Армысыз, Шәкәрім аға!» деген мақаласында Шәкәрімнің өмірін көркем бейнелеген: «Ш.Құдайбердиев 1917 жылғы революция таңын жарқын үмітпен қуана қарсы алды. Оған куә — «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген революцияға арнаған жырлары. Кейде адасып, досы қайсы, дұшпаны қайсы екенін айыра алмай қалған кездері де болады. 1918 жылдың басында ол алашордашылардың шақыруымен Семейге келеді. Жолшыбай «Семейді қызыл алғанын» естіп барады. Бұл 1918 жылдың февралі. Алашордашылар Шәкәрімді сыртынан сот етіп сайлаған екен, ойында еш нәрсе жоқ ақын көне салады. Бірақ көп ұзамай, сол 1918 жылғы июньде, Семейді ақтар қайта басып алады. «Оған тағы құл болдық, сатылған малмен пұл болдық» деп ақтардан көңілі қалған ақын еліне оралады. Сол жылғы күзде ол тағы да Семейдің құм көшесін таптайды. Осында Орынбордан қашқан Алашорда «үкіметі» көшіп келіп, өз беделін өсірудің бір амалы есебінде ақынды қалаға шақыртқан екен. Бұл жолы Шәкәрімнің «Алашорда бір бөлек, қауымның ойы өзгерек” екеніне әбден көзі жетеді де, ескілікті қайта жаңғыртқысы келгендерге наразылық білдіріп, еліне тартып отырады. Ол ауылда жүріп те ақтардың салған ойранының куәсі болады. «Қалаға қызыл орнығып, әділет атты жол шығып, айтылған боран өтті тез» деп қуана қорытады» [18, 40 б.].

Иә, осындай қысқа ғана мерізім ішінде қалыптасқан саяси тұрақсыздық жағдайлары кез келген адамның қай жаққа шығу, кімді қолдау керектігі туралы бағдарын қиындатады. Құбылжып тұрған көңіл, тұрлаусыз құндылықтар, әр саяси жүйе өзінің бағыт-бағдарын ұсынып, әр жүйе өз амалын жақтап отырған бір кез. Осындай кезде адамның тағдыры иесіз қалған театр қуыршағына ұқсайды. Спектакль жүріп жатыр, персонаждың роль кезегі келді, кімнің қолы бос сол қуыршақты ала кетіп, өз ырғағымен қимылдата-сөйлете жөнеледі. Қуыршақ екі жүзді кейіпкерге ұқсайды, бірде қатаң дауысты қатыгез, бірде езілген жігерсіз дауысты бос адам. Осындай аласапыран кезіндегі адамдарды, асыл сөзге бай қазақ: «Бірде–бие, бірде – түйе деген емес пе?!

Дәл осындай алмағайып күйді еуропалық елдер де басынан кешірген-ді, халінің мүшкіл болғаны соншалықты оларың “Құдай өлі!” деуге дейін барды емес пе?! Ф. Ницше Еуропадағы рухани өмірдегі аласапыранды былай деп сезіне суреттейді: «Аңызсыз кез келген мәдениет өз мәнінінен айырылады, өзінің шығармашылық қабілетінен жұрдай болып, тұтастығы тарқайды. Ойдың құтқарушы тежеуіші жоғалып, қиялы сөнеді. Өз тамырын жоғалтқан мәдениет, мәдениетті сақтаушы негізі дәстүрі сөніп, қанағаттанарлық азықты іздемейтін жері қалмайды» [20, 124 б.].

Шәкәрім шығармашылығы, әрине, батыс экзистенциализмінен бөлек, ол жан күйзелісін және әлемнің зобалаңдарын өзіндік нақышта сипаттайды. Сол себептен оны біз толыққанды экзистенциализм ағымының өкілі деп қарастырудан аулақпыз, дегенмен, ХІХ-ХХ ғасырдың философиялық айдарына айналған бағытқа тән ой-таным үлгісінің өзіндік үрдістері қазақ жерінде сонау бұрыннан келе жатқан дәстүрден тарайтындығын бедерлеп көрсете білген Шәкәрімнің де шығармашылығында кезігетіндігін көрсетіп беру еш артықтық етпейді. Шәкәрімнің философиялық лирикаға толы шығармалары терең мазмұнды экзистенциалдық сарындағы шығармалар. Жалпы экзистенциализм жайында философия тарихында әртүрлі пікірлер бар: «Экзистенциализм деген атау классикалық «мәндер философиясының» (essentia) орнына «адам тіршілігі» (existentia) философиясын қоюды білдірсе керек. Экзистенциализм – XX ғасыр философиясының классикасы. Хронологиялык турғыдан ең ерте, яғни XX ғасырдың бірінші ширегінде, таныла бастаған экзистенциализм формалары орыс философтары Н.Бердяев пен Л. Шестов ілімдері. Экзистенциализмнің кең құлаш алып жайылуына бірінші дүниежүзілік соғыстың топалаңы, кайғы-қасіреті көп ықпал етті. К.Ясперс, М Хайдегер, А.Камю, Ж-П. Сартр, Г. Марсель, Х. Ортега-и-Гассет, М.Бубер және т б экзистенциализмнің көрнекті өкілдері. Олардың көпшілігіне ортақ экзистенциалдар ретінде «қамқорлық» (забота), «ұмыт қалу» (покинутость), «жаттану» (отчужденность), «абсурд», «үрей-қорқыныш», «жауапкершілік», «таңдау», «өлім» сынды паратерминологиялар көрінеді».

Шәкәрімнің бұл әрекетін ауылдастары түсінбейді, ал біздің бұдан байқайтынымыз – Шәкәрімнің ішкі жан дүниесінің адами тәкәппарлық пен мансапқорлықтан таза болғандығы. Шәкәрім сол кездегі философ-ойшылдардың идеяларына философиялық сын көзқарас қалыптастыра отырып, Абайдан алған өнегесін жетілдіре білді. Заман ағымына қайғыра қарап, бұл дүниеден поэзияның қуатымен трансценденталды кеңістікке шығу мүмкіншілігін алды. Ақынның болашақ ұрпағының ертеңгі күнінен үлкен үміт күткенін біз келесі өлеңінің мазмұнынан байқай аламыз:

Мен өтермін, кетермін,

Жоқтарсың мені бір кезде.

Жәрдемім тимес, не етермін,

Бекінем осы бір сөзге.

Мақсатың қайсы, досың кім,

Осының түбін шын көзде…

Адам өмірі жалған және қысқа екенін айта отырып, өзінің адамдық міндеті – өнеге етуге, жол көрсетуге, «дос жылатып айтады» дегендей, шындықты айтуға бет бұрады:

…Күйдіре тұрып шыдатпай,

Көре тұрып жайыңды,

Кім айтады, мен айтпай,

Сендерге енді уайымды.

Шәкәрім, қазақтың ақындықтан өрбіп жатқан философиялық дәстүрінің лайықты жалғастырушысы ретінде, философиялық поэтика мен поэтикалық философияны қатар алып жүрген жан. Поэзияны мәңгілік дейді. Неге? Өлең сөзі немесе шын поэзия ой толғау ретінде болмыстың құдыретті кеңістігінен – Құдай әлемінен жаралатын сияқты көрінеді. Поэзия – жанның бейнесі, Құдайдың берген демінің көрінуі. Ақынның поэтикалық шығармасын талдай отырып оның жан дүниесінің түбіне жеткендей боласың немесе ақын болмысты поэзия тілімен бейнелеген сәтте өзінің жасырын жатқан сырын жариялай бастайды. Сонымен қатар, ақын жер бетіндегі жалған дүниені поэзия арқылы мәңгілікке айналдырады.

Сұлтанмахмұттың да өз қасындағы пейішті, өз басындағы нәсіп пен дәрежені қызықтап кетпей, елінің басындағы тозақ пен елінің тағдырындағы кесір-кесапатты ойлап жер-көкке сия алмауында да осындай бір алабөтен тектіліқ осындай бір айырықша рухани ақсүйектік жатырған сияқты. Тағы да сол он алты жасында жазылған бір елең: «бір адам көп жасады жер бетінде, мекендеп жақсы жайды ел шетінде; зорлықшыл арам ойлы, ұры болды, құралған арамдықтан дәулеті де; нашарды зар жылатқан жалғызын жеп, тірлікте ойламаған «өлемін» деп, жалғанды жалпағынан басып өтті, «жазғанын көрге барып көремін» деп, сол сорлы ауырып жатыр елейін деп, қимайтын аманатын берейін деп таусып ап желдей ескен аз өмірді, қойнына суық көрдің енейін деп; өлді ол мөзгілінде ажал жетті, өлшеулі дүниеден демі бітті, оранып үш қары без басқа түк жоқ, сақтанбай тірлігінде көрге кетті; Жатты ол қараңғыда зәресі ұшып, тірлікте молда айтқаны еске түсіп, дейтұғын: «имансыздарға періштелер көрсетер көр азабын тәнді қысып», қозғалып, шамасы жоқ тұратындай, созылды қараңғылық таң атырмай; «Қайда жүр періштесі сұрайтұғын, кешікті-ау, бұлар қайда,– деп,– апырмай». Сонымен әлденеше жылдар етті, тән шіріп, топырақ боп, тозып бітті. Шыбын жан айналсоқтап сасық көрде «періште келеді» деп босқа күтті. Ал енді молда қайда, сөзі қайда, беретін ұжмақ, дозақ анау жайда, білмеймін анығын да, танығын да, бас қатты шешемін деп, жоқты ойда». Ақылыңды айран, ойыңды ойран етер тәпсіл. Бір көзде Асанқайғыға жел мая мінгізіп жер көздіріп, Қорқытқа ажалдан қашып құтылар айла таба алмай, көр қаздырып жүрген де осындай рухани максимализм ғой. Бақ пен дәулеттің әлеуметтік нарқы. Іс пен әрекеттің адамгершілік парқы. Дала фәлсәфасының үйреншікті тақырыбы, өзекті арнасы. Егер бұл дүниедей абзалдығың ол дүниеде бағаланып, жұмақ бұйырып жатса, нұр үстіне нұр. Егер бұл дүниедегі кәззаптық ескеріліп, ол дүниеде тозақ бұйырып жатса, ол да мың асқанға бір тосқан, залалға зауал, шырқ айналып келгенде, әділеттің барлығы. Ал егер жасаған жақсылығыңның шуағы, жамандығыңның жазасы болмаса ше?! Онда өмір деп аталатын күйкі күйбеңде қандай мән қалады? Әділет пен қиянат ескерілмес жерде азап та жоқ, тозақ та жоқ. Пері де жоқ, періште де жоқ.

Бұйырғанын жеп, тигенін киіп, тап болғанға көніп жүре беретін пенде ғана бар. Бұндай анық, танықтың айырмасы шамалы дүниенің арзымы қанша? Ондай дүниеде шеккен азаптың қасіреті, көрген бақыттың қасиеті бола ма? Бұл – Сұлтанмахмұтты бала жастан қинаған батпан сауал. Ол осы сауалдың жауабын ғана ақиқат деп танымақшы болды. Сондықтан рахат емес, ақиқат іздеп шар тарапты түгел шарлайды. Троицк барады, Томск ауады. Қызылтал мен Керекуді былай қойып, Семей мен Өскеменнің қоғамдық өміріне араласады. Алтай асады. Қытай басады... Ел шетіндегі Шыңғыстай мен ел ортасындағы Шыңғыстаудың да дәмін татады. Молла, медресе, курс, мектеп... білім іздеп шарқ ұрады, жур-налистіқ мұғалімдіқ саяси қызмет... Өзін емес, елін қарқ қылам деп, басын тауға да ұрады, тасқа да ұрады, Ғайса, Мұхамбет, Платон, Руссо, Фурье, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Надсон, Блок, Абай, Тоқай, Маркс, Энгельс, Ленин, Бакунин, Плеханов – адасқақ ақын көңілдің шарлап қайтқан рухани шартарабы. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Шәкәрім, Ермеков, ерлі-зайыпты Құлжановтар, ағайынды Сәтпаевтар, туысқандары Аймауытов, Көпеев, Аймановтар, алыстағы Қажымұқан, Сералиндер – күнде-күнде бір тұрып, бірге жүрмесе де, күн бе күн өз ой, өз пікірін салыстырып, салғастырып отыратын рухани нысаналары.

Тек осының өзінен-ақ оның жанындағы рухани ізденістер өрісінің қаншалықты кең, қарқынының қаншалықты мігірсіз, мазмұнының қаншалықты күрделі болғанын аңғару қиын емес.

Шындықтың ауылын іздеп жолға шыққан албырт шәкірт бірте-бірте әлеуметтік болмыс деп аталатын ию-қию джунглидің ну жынысына сұғына енген сұңғыла зерттеушіге айналады, сұғынған сайын іздеген сүрлеуінің бұралаңы жиілеп, бұлтара түседі... Тапқан жауабынан гөрі жанын қинаған сауалы көбейе түседі. Жан қайда әділетті іздейтұғын?.. Оқудағы мақсат не?.. Көңілім, неге жасисың?.. Бұлар кім?.. Нешелер көз жас төгілді?.. Қызық қандай адамды қыздыратын?.. Неге жасаймын?.. Осы да әділдік пе?.. Көзек қашан келеді?.. Ғайса кім?.. Өң бе, түс пе?.. Кім жазықты?.. Ойыңды опырып, санаңды сапырып кетер қорғасын сауалдар... Сұрқай тіршілікке ақыл аспанынан сорғалай жауған бомбалар... Дүниенің астын үстіне шығаратын тегеурінді дүмпулер... Ол аласапыранға алдымен осындай сауалдарға бола бас қатыратын абзал жүректер мен асыл көкіректер ұшырайды. Сұлтанмахмұтты да көктей солдырған жұлын құрттар да міне, осындай күн-түн миды үңгіп, мігірсіз қойылып жататын мың-мың сұрақтар еді. Соның біріне де селт етпей, тапқанды ішіп, табылғанды киіп, бұйырған жарықты тауысып шығуға да болады. Бірақ, ол ақынға айтқызсаңыз, бүйіріңнің бұлтиғанынан басқа уайымың жоқ мал өмір. Әлгіндей сұрақты төбеден түскендей қып, өзің қоймай, өзге қойса, қиыннан жалтарып, оңайына жалпайып, тірлік кешуге де болады. Бірақ, ол ақынға айтқызсаңыз, жанын қинамай жаратылып, жанын қинамай жоғала салатын маймыл өмір. Ал адам болу деген, ең алдымен, төңірегіндегі кереметті көріп, таңғалу емес, келеңсіздіктерді көріп қиналу, одан арылар амал іздеп аңтарылу. Ар деген нәрсенің өзі де сондай қиын сауалдарды өзгеге қоймай, өзіне қою үшін берілген. Ақындық өнер де солардың сөзін сөйлеп, ардың жоқшысы болар қолғанат. Содан жалтарып, төтен сауалдан айламен сытылып кетуге тырысатын рухани алаяқтық – перілік, төтен сауалға тура жауап беруге тырысатын рухани адалдық – періштелік, тырысып қана қоймай, жауап таппай тынбайтын рухани жанқиярлық – пайғамбарлық.

Сұлтанмахмұт осы ең соңғы биікке кетерілген бірегей тұлға... Жанын жегідей жеген жебір сауалдарға жауап іздеп жүріп, басқа қызықтың бәрін ұмытқан нағыз періштелер. «Дүниедегі қызықтың, бәрі де арам мен үшін, дауасы жоқ Бұзықпын, талпынбаймын ем үшін; тосқаным – қабір құшағы, қашан ол келіп құшады; ойланып һәм шарланбай, құтылған жоқ менен ой, ешбіреуін малданбай, семді, қатты тұла бой; болсам деген үміттің, бәрінен бездім, ұмыттым»,– деп сөйлеуге қазақ топырағында тек Сұлтанмахмұттың ғана қақысы бар. Бірақ, бұл ләззат, бақыт атаулыдан баз кешкен диуаналық емес, көптің бабы табылар ортақ бақыттың сырын таппай тұрып, өзінің ғана бабы табылар оңаша бақытты қызықтауды арсыздық көріп, ақиқат іздеп шарқ ұрған нағыз пайғамбарларға тән адалдық, нағыз пайғамбарларға тән жанқиярлық еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет