ПӘнінің ОҚу- әдістемелік кешені «Тіл біліміне кіріспе»



бет2/9
Дата15.09.2017
өлшемі1,78 Mb.
#32318
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

2. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3. Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4. Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері// Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011

5. Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

8. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004
4 дәріс тақырыбы: Тілдің таңбалық, құрылымдық және жүйелік сипаттары

Жоспары:

1.Тілдің таңбалық сипаты

2.Тілдің құрылымдық және жүйелік сипаты

3.Синхрония және диахрония


1.Тіл таңбалар жүйесінен тұрады. Таңбаның екі түрі: тілдік таңба, шартты таңба. Олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Тілдік таңбаның екі негізгі қасиеті дыбыстардың көмегімен кез келген сөздік белгіні жеткізу. Тілдік таңбалар: фонема, морфема, сөз тіркесі, сөйлем.Тілдік таңбаның белгілері: 1)еріктілік, 2) шарттылық.

Еріктілік, шарттылық дегеніміз – таңба мен сол таңба арқылы белгіленген заттың немесе ұғымның арасында ешқандай табиғи байланыстың жоқтығы. Сондықтан бір зат әр түрлі тілдерде әр түрлі аталады. Тілдің таңбалық теориялары. Семиотика - хабарды сақтап басқаға жеткізе алатын әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылысы мен қызметін зерттейтін ғылыми пән.

2. Құрылым дегеніміз-бүтін нәрсенің элементтерінің арасындағы қатынастар схемасы.Тіл бүтіннің әр тектес элементтердің ара қатынасынан және бірлігінен тұрады. Тілдің құрылымы тілдік бірліктер дыбыс, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем. Фонема - тілдің ең кішкене дыбыстық бірлігі. Морфема – ары қарай бөлшектеуге келмейтін тілдің грамматикалық, лексикалық мағынасы бар тілдік бірлік.Сөз – болмыс құбылыстарын, заттарын , олардың қасиетерін атайтын негізгі құрылыстық-семантикалық тіл бірлігі. Сөйлем – тиянақты ойды білдіріп, бір нәрсені хабарлайтын тіл бірлігі.

Жүйе дегеніміз - өзара байланысты бір тектес элементтердің бірлігі. Жүйе дегенді өзін тән айырықшақұрылымы бар кіші жүйелердің жиынтығы деуге болады. Тіл құрылымының жеке салаларының жүйелері бір-бірімен қарым-қатынасында, өзара байланысында тілдің жалпы жүйесін құрайды. Тілдің жүйелік сипаты тіл білімінің барлық саласында көрінеді.Мысалы дауысты дыбыстар жүйесі, дауыссыз дыбыстар жүйесі.

3.Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын және оның өзгеруін зерттейді. Бұл екеуі бір нәрсе емес.Синхрония - тіл дамуындағы өзгеріссіз кезең, диахрония-тіл жүйесіннің тарихи дамуын зерттейтін тіл білімінің қыры.Синхрония мен диохрония бір-біріне қарама-қарсы қойылып қарастырылады.Тіл, тілдік құрылым уақыт озған сайын дамып, жетіліп отырады. Сондықтан да, оны зерттегенде оған тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Бұған қоса тілге оның шығу тегі, дамуы тұрғысынан да қарау қажет. Демек, тілді зерттеуде ғалымдардың, біріншіден, оны құрастырушы элементтердің байланысы тұрғысынан, екішіден, олардың шығуы, тарихи дамуы, өзгеруі тұрғысынан қарастырған жөн.

Бақылау сұрақтары:
1. Тілдің таңбалық сипаты дегеніміз не ?
2. Тілдің құрылымдық және жүйелік сипатын неден көреміз?

3.Тіл мен ойлаудың арақатынасы қандай?
4. Синхрония және диахрония дегеніміз не?
Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

2. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3. Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4. Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері// Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011

5. Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

8. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004

9. Мұсабекова Ф.М. Лингвистикалық ілімдердің тарихын оқыту.

-Алматы,1985

10. Қордабаев Т.Р. Қалиев Б. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004


2 модуль. Тілдің тарихи дамуы.

5 дәріс тақырыбы: Тілдің тарихи дамуы.



Жоспары:

  1. Тілдің тарихи дамуы қоғам дамуымен байланыстылығы

  2. Тіл дамуының сыртқы және ішкі факторлары



1.Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол қоғамның қажеттіліктерінен пайда болған және қоғамда пайдаланылатын құрал. Бұдан тілдің келесі басты қызметі шығады. Яғни тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы.

Тіл – қоғамдық құбылыс. Сондықтан оның тарихы мен дамуы қоғамның тарихы мен дамуына байланысты болды. Осыдан тілді және оның даму заңдылығының сол тілді иеленушілердің тарихымен тығыз байланысында қарастыру міндеті келіп туады.

Адам баласы қоғам пайда болғаннан бері тіл қоғамға қатынас құралы ретінде қызмет етпей тұра алмайды.



2. Тілдің даму заңдылықтары жөніндегі мәселе – жалпы тілтану ғылымының күрделі проблемаларының бірі. Заманға, уақытқа қатысты болып отыратын тілдік құбылыстардың сырын білмейінше, тілдің өзіндік сипатын, мән мағынасын түсіну мүмкін емес. Тілдің дамуы қоғам дамуымен тығыз байланыста болады, бірақ бұл екеуінің дамуы бір е мес, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Тілде қоғам өмірінде болатындай революциялық секіріс, дүмпу ескіні жаңаның күшпен бірден жоюы сияқтылар болмайды.

Қоғам тілдің пайда болуына әсер етеді, бірақ тілдің дамуы қоғамның даму заңдары бойынша емес, өз дамуының ішкі заңдары бойынша әске асады. Тілдің дамуы заңдары қоғамның даму заңдарына сәйкеспейді. Тілдің дамуы туралы түрлі көзқарастар бар.

Мысалы. Н.Марр тілдің даму мәселесі жөнінде «сатылық даму теориясын» ұсынды. Я.Марр тіл дамуының әр түрлі сатысы бар және ол сатылардың әрқайсысы белгілі бір қоғамдық формацияға сай келеді деп есептеді. Ол тілдің ескі сападан жаңа сапаға көшуі кенет қопарылыстар арқылы болады дейтін мүлдем қате көзқараста болды.

Кейбір лингвистердің (ағайынды Шлегельдер, Гумьболд және т.б) тілдің өткен дәуірін – классикалық дәуір, ал бергі дәуірлер тілдің құлау, бүліну дәуірі деп есептеулері ешбір шындыққа жанаспайды, мүлдем қате көзқарас.

Тілдің биологиялық құбылыстың қатарына жатқызатындар , мысалы неміс лингвисті Август Шлейхер, тілдің дамуының өсімдік пен хайуанаттардың өсіп дамуынан айырмашылығы жоқ деп есептейді.

Тілдің даму заңдылықтарына келмес бұрын, алдымен тілдің заңдарын – жалпы заңдар(общие законы) және жеке заңдар(частные законы) болып екіге бөлінетіндігін айтып алуымыз керек.

Жалпы заңдардың қатарына тілдің әр түрлі құрылымдық элементтерінің даму қарқынының біркелкі болмауын жатқызуға болады.

Тіл дамуының жеке заңын оның барлық саласымен, атап айтқанда: лексикамен де, грамматикасыменде, фонетикасынан да табуға болады.



Бақылау сұрақтары:
1. Тілдің тарихи дамуы қоғам дамуымен байланысты дегенді қалай түсінесің?

2. Тілдің шығуы жайлы қандай теориялар бар?
Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

2. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3. Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4. Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері// Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011

5. Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

8. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004

9. Мұсабекова Ф.М. Лингвистикалық ілімдердің тарихын оқыту.

-Алматы,1985

6 дәріс тақырыбы: Қазіргі қоғамның даму кезеңіндегі әдеби тілдердің жайы. Әдеби тіл және сөйлеу тілі ұғымдары.



Жоспары:

  1. Қазіргі қоғамның даму кезеңіндегі әдеби тілдердің жайы.

  2. Әдеби тіл және сөйлеу тілі ұғымдары.

  3. Әдеби тілдік норма мәселесі

1. Әдеби тілдің тарихына қатысты негізгі мәселелердің басын ашып, ғылыми тұжырым жасау үшін әдеби тілдің өзін дұрыс анықтап алу қажет. Яғни әдеби тіл деп нені айтамыз? Оның өмір сүру формасы қандай? Әдеби тілге не енеді? Қазақ әдеби тілінің тарихы қай кезден, неден басталады. Әр кезеңдегі әдеби тілдің дамуының, нормалануының тенденциясы, оның тілдік көрсеткішіне қандай әдебиет нұсқалары жатқызылуы тиіс және олардың мазмұны мен сипаты қандай болмақ деген сұрақтардың нақты жауабы әдеби тілдің анықтамасымен тікелей байланысты болып отыр.Соған орай әдеби тіл деген ұғымды әр түрлі түсінудің салдарынан кейбір зерттеулерде оған қатысты проблемалық мәселелер әр түрлі баяндалып жүр.
Бұл ретте орыс тіл білімі көрнекті өкілдерінің тұжырымдары мен пікірлеріне сүйенсек, әдеби тіл, біріншіден, жазба тіл, яғни тек жазба әдебиет тілі, екіншіден, сол жазу, жазба әдебиет арқылы жалпы халықтық тілдің өңделген, екшелген, стильдік тармақтары қалыптасқан түрі. Басқаша айтқанда әдеби тіл –жалпы халықтық тілдің жазу арқылы белгілі дәрежеде өңделген, сұрыпталған түрі, жазусыз әдеби тіл болмақ емес, әдеби тілдің тарихы –жазба әдебиет тілінің де тарихы, сөйтіп, жазу, жазба әдебиет әдеби тілдің ең негізгі, маңызды сипаты, өзіндік басты белгісі. Сондықтан әдеби тіл – жазба көркем әдебиет тілі ғана емес, жазба әдебиеттің басқа да алуан түрлерінің, ғылыми –зертеу, саяси, ресми, публицистикалық, т.б. әдебиеттердің тілі болып саналады деген пікір басым болып келді. Бірақ бұл көрсетілгеннің өзі орыс тіл білімінде дауыссыз, талассыз қабылданылған бірден-бір пікір екен деуге де болмайды. В.В.Винаградов әдеби тіл ұғымын нақтылы анықтауда, мәнін ашып, оның өзіндік негізгі белгілерін көрсетуде әлі де болса тұжырымды айқын, үзілді-кесілді бір пікірдің болмай жүргенін көрсетеді.
2. Әдеби деген термин латынның litteratura деген сөзінен қалыптасқан. Ол гректің грамматика (grammatica) сөзінің баламасы ретінде жаза білу, оқи алу деген мағынада қолданылған. Көне римдіктер litteratus деп әріпті тани алатын, яғни кітап оқи алатын сауатты адамды атаса да, кейін келе бұл сөз жаңа мағынада қолданыла бастайды, ол-тек оқи алатын, жаза білетін ғана емес сонымен бірге жоғарғы білімді деген де мағына. Осындай мағыналық дамудың нәтижесінде бұл термин қазіргі Еуропа халықтарының тілінде сұрыпталған, сымбатталған, жүйеге түскен деген мағынада қолданылып жүр.  Әдеби тілдің тұрақты нормаланып қалыптасуында, сұрыпталып, икемделіп, сымбатталуында, жетілуінде, жанрлық – стильдік тармақтарының орнығып, дамуында жазба әдебиеттің алатын орны ерекше.
3. Жазба әдебиет арқылы әдеби тілдің икемділігі, ортақтық қасиеті артып, құрылысы жүелі қалыпқа түседі, “тілге орамды, жүрекке жылы тиетін” элементтері ұштала түседі. Бірақ әдеби тіл деген ұғымды, бір жағынан, тек жазба әдебиетпен байланыстырып, сол шеңберде ғана қарап, әдеби тілді жазба тілмен балама деп тану, екінші жағынан, әдеби тіл тарихын сол халықтың қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени тарихынан бөліп алып қарау, соның негізінде жазуы жоқ не жазуы дамымаған не кеш дамыған халықтың әдеби тілі жоқ деген үзілді –кесілді пікір айту шындыққа жанасымды бола бермейді. Мұндай пікірдің айтылу себебі, біріншіден жазба тілдің, жазба әдебиеттің жоғарыда көрсетілгендей, әдеби тілді қалыптастырып, дамытудағы ерекше ролімен байланысты.Кейбір зерттеушілер жазба әдебиеттің осы ролін әдеби тілді қалыптастырып, дамытудың бірден-бір жолы ғана деп түсініп, басқа факторларға мән бермейді, әдеби тілді қалыптастыруда белгілі бір орын алатын, оның дамуына себін тигізетін басқа да құбылыстарды ескермейді. Екіншіден, әдеби тіл мен жазба тілді тең көрушілік бұл терминнің алғашқы, жазу-сызумен байланысты мағынасын басшылыққа алудан туады. Үшіншіден, мұндай пікір әр халықтың әдеби тілін сөз еткенде, олардың өзіндік ерекшеліктерін сол халықөтың тарихымен, басынан кешірген саяси -экономи–алық жағдайларымен, мәдени дәрежесінің өркендеуімен, қоғамдық дамуындағы мәдениет өндірістерінің амалдарымен байланысты ерекшеліктерін ескермей, барлығын ортақ өлшеммен кесіп-пішуден де туады. Р.А.Будагов дүние жүзіндегі барлық хлықтардың әдеби тіліне ортақ болып келетін әмбебап схема үлгі жасаудың ғылыми жағынан кемшіліктері былай тұрсын, үлкен зияны бар екенін көрсетіп, одан зерттеушілерді қатты сақтандырады.
Бақылау сұрақтары:
1. Әдеби тіл дегеніміз не ?
2. Әдеби тіл және сөйлеу тілі ұғымдарының ара-жігін бір-бірінен қалай ажыратамыз?

3. Әдеби тілдік нормаға қандай нормалар тән?



Әдебиеттер:

1.Исаев С.М Қазақ әдеби тілінің қалыптасып даму кезеңдері А;1987

2.Балақаев М., Сыздықова Р., Жанпейісов Е. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А., 1968.

3.Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.,1993

4. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

7 дәріс тақырыбы: Тілдердің өзара қарым-қатынасы. Субстрат, суперстрат, интерстрат құбылыстары

Жоспар


  1. Тілдердің өзара қарым-қатынасы

  2. Субстрат, суперстрат, интерстрат құбылыстары

1. Тілдің даму заңдылықтары жөніндегі мәселе – жалпы тіл тану ғылымының күрделі проблемаларының бірі. Заманға, уақытқа қатысты болып отыратын тілдік құбылстардың сырын білмейінше, тілдің өзіндік сипатын, мән мағынасын түсіну мүмкін емес.



Соған қарамастан тіл дамуы жөніндегі мәселенің лингвистикалық проблемаларының бірі ретінде қарала бастағанына көп уақыт өткен жоқ. Көрнекті ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, тілдің тарихи құбылыс екендігіне көңіл аударып, оның тарихын зерттеуге бет бұрушылық ХІХ ғасырдың басында, салыстырмалы – тарихи тіл білімінің дүниеге келуінен басталады.

Тіл дамуының өзіндік заңдылығы бар, оның өзгеріске ұшырауына себепші, түрткі болатын жағдайлары болады. Тілде болатын өзгерістердің біразы оны қолданушы қауымның еркінен тыс, тілдің өзіндік ішкі даму заңы бойынша іске асады. Тілдің ішкі даму заңы жалпы тілдік болуы да, жеке, нақтылы бір тілдік болуы да мүмкін. Бірақ, бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты.

2. Тіл дамуына себепші болатын сыртқы факторлардың тағы бір елеулі түрі – тілдердің бір-бірімен байланысы, қарым-қатынасы. Басқа тілдермен байланыссыз, томаға тұйық өмір сүретін тіл болмайды. Тілдер қарым-қатынасының тіл дамуына тигізетін елеулі әсері барлығы тіл білімнде бұрыннан белгілі. Бұл әсер тілдер арасындағы қарым-қатынастың сипатына қарай әр түрлі болады. Тілдік қарым-қатынас (контакт) әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардың бір-бірімен тікелей немесе жанама түрде қарым-қатынасқа келуі нәтижесінде пайда болады. Оның да жолы әр түрлі. Бір аймақта тұратын тілдер бірін екіншісі ассимиляциялағанда жеңілген тіл іс-түссіз жойылып кетпейді, оның қалдықтары жеңген тіл ішінде ұзақ сақталады. Егер қалдық жергілікті тілдікі болса, субстрат делінеді де, келімсектер тілінің жойылуынан қалған қалдық болса, суперстрат деп аталады. Ал достық қатынастағы тілдердің бір-біріне тигізген әселері интерстрат делінеді.

Тілдер қарым-қатынасының соңғы түрінің тамаша үлгісі ретінде совет халықтары тілдерінің бір-біріне тигізіп келе жатқан игілікті әсерлерін айтуға болады. Бұл саладағы шешуші рөл атқарып келе жатқан тіл – орыс тілі. Орыс тілін бүкіл совет халқы өз еріктерімен бір – бірімен қатынас жасайтын ұлтаралық тіл ретінде қабылдады да, оны екінші ана тіліміз деп жариялады.

Тілдер дамуына ішкі себептердің тигізетін әсері де аз болмайды. Олар тіл тарихының барлық дәуірінде де оны дамуына үздіксіз әсер етіп отырады. Бірақ тілдік құбылыстарға түрткі болатын ішкі себептер мен сыртқы себептерді бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ, екі бөлек жатқан дүние деп санауға болмайды. Бұларды да таза тілдік себептер деуге болмайтыны тәрізді, әлеуметтік қажеттілік, экстралингвистикалық себеп мұнда да жоқ емес.

Тілдердің өзара әсері екі түрлі жолмен болады. Бір жолы - тоғысу түрінде, екінші жолы - тілдік элементтердің (дыбыстардың, морфемалардың, сөздердің, сөйлем құрылысының) енуі түрінде.

(Тілдердің тоғысуы (этникалық топтардың бірігуі) процесінде Субстрат, суперстрат, адстрат деп аталатын құбылыстар пайда болады. Субстраттардың нәтижесінде жеңген тіл жеңілген тілден сөздер мен жеке дыбыстарды, кейбір морфемаларды қабылдайды. Яғни, субстрат дегеніміз - жеңілген тілдің жеңген тілдегі элементтері. Мысалы, қазіргі Франция жерінде ертеде келт (галль) деген халық тұрған. Оларды римдіктер (француздар мен испандар) жаулап алды да, ол халықтың тілі жойылды. Бірақ қазіргі француз, испан тілдерінде сол жойылған келт тілдерінің кейбір элементтері сақталған. Келт субстраты дегеніміз - француз, испан тіддеріндегі сол қалдық элементтер (Мысалы, француз тіліндегі И дыбысы). Суперстрат дегеніміз - жоғарғыға керісінше: жеңген халықтың жеңілген халық тіліне қалдырған ізі, әсері. Ал адстрат дегеніміз — жарыса қатар өмір сүретін тілдік элементтер.

Енді тілдердің өзара әсері нәтижесінде тілдік элементтердің енуіне (яғни екінші жолға) келелік.

Удмурттар (фин-угор тобына жатады) мен татарлар (түркі тобына жатады) баяғыдан қоныстас, көршілес өмір сүріп келеді.

Сондықтан олардың тілі бір-біріне әсер еткен. Татар тіліндегі дж дыбысы удмурт тіліне ауысқан. Бұл дыбыс удмурт сиякты басқа фин-угор тілдерінде жоқ. Басқа түркі тілдерінде ұяңнан басталатын сөздер чуваш тілінде қатаңнан басталады. Мысалы: бас - пус, бар - пур, дауыл - тавыл. Неге!

Сөйтсек, ол көрші жаткан марий тілінің әсері екен. Ол тілде дауыссыздан басталатын сөздердің басқы дыбысы әр уақыт қатаңнан басталады.

Тілдердің өзара әсері лексика саласында жиі ұшырасады. Мысалы, түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде де араб-парсы және орыс тілдерінен енген көптеген сөздер бар.

Әдетте, тілдің фонетикасы мен грамматикасы тұрақты болады. Жиірек өзгеретіні, ауысатыны — лексика саласы. Егер бір тілден екінші тілге дыбыс не қосымша ене қалса, олар көп жағдайда сөздермен бірге, сөздердің құрамында ғана ене алады. Мысалға, қазақ тіліне орыс тілінен ауысқан 12 әріпті (дыбысты) келтіруге болады. Ол 12 дыбыс қазақ тілінің байырғы төл сөздерінде қолданылмайды, тек орыс сөздерінде ғана қолданылады.

Бір тілдің екінші тілге әсері морфологиядан гөрі синтаксисте көбірек аңғарылады. Бұған орыс тіліндегі үлгі бойынша қазақ тілінде оңашаланған айқындауыш мүшелі сөйлемдердің немесе әр түрлі қыстырма сөздері бар сөйлемдердің қалыптасуын мысалға келтіре аламыз. Мысалы: Тоғжанға Абай тағы бір рет, соңғы бір рет қарады (М.Әуезов).

Қорыта келгенде, тіл де дамиды. Бірақ оның өз даму жолдары бар. Лингвист болғысы келген адам алдымен тілдік заңдарды біліп алғаны жөн.

Бақылау сұрақтары:

1. Тілдердің өзара қарым-қатынасы қалай жүзеге асады?

2. Субстрат, суперстрат, интерстрат құбылыстары дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

2. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3. Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4. Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері// Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011

5. Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

8. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004

9. Мұсабекова Ф.М. Лингвистикалық ілімдердің тарихын оқыту.

-Алматы,1985
3 модуль. Қазақ тілінің фонетикалық жүйесі
8 дәріс тақырыбы: Фонетиканың мақсаты мен міндеті, қарастыратын мәселесі. Дыбыс және оның түрлері. Тіл дыбыстары. Дыбыс және таңба. Тіл дыбыстарының акустикалық, артикуляциялық сипаты
Жоспары:

1. Фонетиканың мақсаты мен міндеті, қарастыратын мәселесі

2. Фонетика және оның салалары


2. Дыбыс және оның түрлері

3. Тіл дыбыстары. Дыбыс және таңба



4. Тіл дыбыстарының акустикалық, артикуляциялық сипаты
1. Фонетика- гректің фоне деген сөзі негізінде қолданысқа еніп қалыптасқан. Фонеманың мағынасы – дыбыс, үн, дауыс. Фонетика – тіл ғылымының, тілдердің дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы. Адам баласының тілі – дыбыстық тіл . Тіл дыбыстары - әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Егер сөздер дыбыстардың өз ара тіркесі түрінде айтылмаса, тіл қатынас құралы да, пікір алысу құралы да бола алмас еді. Тілдің дыбыстық жағы оның замандар бойында өмір сүруіне, ұрпақтан –ұрпаққа беріліп отыруына мүмкіндік жасайды. Тілдің дыбыстық жағы – сөздер мен грамматикалық тәсілдердің өмір сүруінің формасы болып табылады.

Тіл дыбыстары, әдетте сөз ішінде айтылады. Бірақ белгілі бір дыбыс арнаулы бір сөздің қолданылумен шектеліп қоймай, көптеген сөздердің құрамында қолданыла береді. Тілдің лексикасын құрастыратын сан мыңдаған сөздер дыбыстық жағынан алғанда, ондаған ғана дыбыстардың әр түрлі комбинацияларынан құралған. Осы тұрғыдан алғанда, дыбыс белгілі бір сөзге байланып қоймай, одан белгілі дәрежеде оңашаланып, нақтылы сөздерден абстракцияланады. Бұған тілдегі дыбыстық заңдылықтардың барлық сөздерге бірдей қатысты болып келуі дәлел бола алады. Мысал ретінде түркі тілдерінде сөздердің алғашқы буынындағы ерін дауыстының әуеніне қарай, екінші буынды да ерін дауыстысының айтылу заңдылығын немесе орыс тілінде барлық сөздерде дауысты дыбыстың ашық буында созылыңқы айтылу заңдылығын және т.б. дыбыстық заңдылықтарды атауға болады.
 2. Фонетика тіл дыбыстары және дыбыс заңдарымен ғана шектеліп қоймайды. Тіл дыбыстары, олардың құрамы, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтары туралы мәселелер фонетикада маңызды орынға ие болады. Алайда, тіл дыбыстары туралы мәселенің фонетикада басты орынға ие болуы фонетиканың басқада маңызды объектілерінің болуын жоққа шығармайды. Дыбыстарды зерттеу мен дыбыстық тілдің басқада мәселелерін, мысалы, буын, екпін және интонация мәселелерін қарастыру өз ара тығыз байланыста болады. Оның үстіне, тіл дыбыстары мен буын, екпін туралу ілімнің тілдің жазба жазба түріне тікелей қатысы бар. Жазудың теориясы сөйлеудің деректеріне, тіл дыбыстарының фактілеріне негізделеді.
Сонымен фонетиканың зерттейтіндері – тілдің барлық жағдайларында және қызметінде көрінетін дыбыстық құрамдары мен тәсілдері және тілдің дыбысталу түрі мен жазба түрінің арасындағы байланыстар.
Тіл дыбыстарын және оларға тән заңдылықтарды зерттеудің теориялық мәні, атап айтқанда, мынада: дыбыстық өзгерістерді, олардың заңдылықтарын есепке алмай тұрып, лексикалық құбылыстардың да, грамматикалық құбылыстардың да шығу төркінін, өзгеріп дамуын ашып айқындау, соған орай, лексиканың да, грамматиканың да, ғылыми тарихын жасау мүмкін болмаған болар еді. Демек, тілдің замандар бойындағы тарихи даму барысының түрлі дәуірлеріндегі дыбыстық өзгерістерді, оның заңдылықтарын зерттеу мәселесі өте-мөте маңызды мәселе болып саналады.
Фонетика ғылым ретінде жалпы фонетика және жеке фонетика (нақтылы тілдің фонетикасы) болып бөлінеді.

«Жалпы фонетика тіл дыбыстарының тіл жүйесінде өмір сүру жағдайларын зерттеуден басқа, оларды сөйлеудің түйдегінде зерттейді.Жеке фонетика белгілі бір тілдің дыбыстық құрамын, ондағы дыбыс заңдарын зерттейді. Ол зерттеудің мақсатына қарай сипаттама (синхрониялық, статикалық) фонетика және тарихи (диахрониялық) фонетика болып бөлінеді.



Адам баласының тілі – дыбыстық тіл . Тіл дыбыстары - әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Тіл дыбыстары, әдетте сөз ішінде айтылады.

3. Фонетика тіл дыбыстары және дыбыс заңдарымен ғана шектеліп қоймайды. Тіл дыбыстары, олардың құрамы, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтары туралы мәселелер фонетикада маңызды орынға ие болады. Алайда, тіл дыбыстары туралы мәселенің фонетикада басты орынға ие болуы фонетиканың басқа да маңызды объектілерінің болуын жоққа шығармайды.
Сөздің айтылуы бар да, жазылуы бар. Әдетте мынадай көзқарас кездеседі: шын тіл-жазылған тіл, яғни сөзді қатесіз жазу, жазылуындай етіп оқу.

Дұрысы, жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды. Басқаны айтпағанда, әрбір адам алдымен сөйлеуді үйренеді де, содан соң жазуға көшеді. Олай болатыны, сөздің өмір сүру формасы- дыбыс. Әріп-сол дыбысқа берілген шартты таңба. Бір ғана дыбысты әр түрлі (мәселен, д, d, т.б.) өрнектей беруге болады.

А. Байтұрсынов өзінің алғашқы «Тіл-құрал» деп аталатын еңбегінде (1914ж.) осыны айырықша қадағалап айтқан: «Дыбыс пен қаріп екеуі екі басқа напсе. Біріне-бірі қатыстырып, шатастырмасқа тиіс. Дыбыс естілетін көзге көрінбейтін нәрсе, қаріп көрінетін, естілмейтін нәрсе». Содан бері 90 жыл өтті. Алайда осы бір қарапайым да аса қажетті қағиданы әлі күнге пайымдай алмай келеміз.

Әріп пен дыбысты шатастыруға әсте болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ү, ұ), кейде бір әріп (мәселен, ю,я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу, йүу, йа) өрнектейді. Керісінше, кейбір әріптердің (ь, ъ) дыбыстық мәні жоқ.



Әріп пен дыбыстың бір-біріне ылғи да сәйкес келе бермеуі сөздің жазылуы мен айтылуының арасында ала-құлалық тудырады. Мәселен, адам, ана, жер, кісі, ойла, ат, қара, қызыл, кел, ескер, сен т.б. сөздердің жазылуы мен айтылуы бір-біріне жуық. Ал оқы, ойланба, тонға, басшы, көзсіз дегендер айтуда оқұ, ойламба, тоңға, башшы, көссүз түрінде болады.

4. Дыбыстың жалпы теориясын физиканың акустика деп аталатын саласы қарастырады. Акустикалық тұрғыдан алғанда , дыбыс қандай да болсын бір дененің белгілі бір ортада теңселіп қозғалуының нәтижесінде пайда болады да , құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта – ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыстың жасалып пайда болуы мүмкін емес. Акустика дыбыстардағы төмендегідей белгілерді ажыратады: дыбыс ырғағы, дыбыс күші, дыбыс әуені (тембр), дыбыстың созылыңқылығы.
Дыбыс ырғағы уақыт мөлшерінің ішіндегі дірілдің санына байланысты болады.Дірілдің саны неғұрлым көбейе берсе , дыбыстың ырғағы соғұрлым өсіп күшейе береді, керісінше , дірілдің саны азайған сайын дыбыстың ырғағы солғындап әлсірей береді.Адамның бір секунд ішіндегі 16-дан 20000-ға дейінгі дірілдің нәтижесінде пайда болған дыбысты қабылдап ести алады.
Дыбыс күші дірілдің қарқынына байланысты болады. Егер дірілдің амплитудасы , яғни қарқыны , неғұрлым көбейсе , дыбыс күші де соғұрлым күшеие береді. Мұны шекті аспаптардан да айқын аңғаруға болады.
Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен , қарым-қатынасқа түседі. Дыбыс күшінің тіл-тілдің ішінде динамикалық екпінге ие тілдерге қатысы , атқаратын қызметі басым болады.
Дыбыстың созылыңқылығы дірілдің санымен қоса дыбыстың созылу уақытына байланысты. Орыс тілінде екпінсіз буындағы дауысты дыбысқа қарағанда, екпінтүскен буындағы дауысты дыбыс созылыңқы , ашығырақ айтылады. Көптеген тілдерде , мысалы, қырғыз, ойрат, түрікмен, хақас, тува , неміс , ағылшын, француз тілдерінде екпін созылыңқы дауыстыға да, қысқа айтылатын дауыстыға да түсе береді.
Дыбыс әуені туралы мәселе дыбыс түрлерімен байланысты . Дыбыс толқынын тудыратын дірілдің қозғалысы күрделі болады. Ол негізгі тон мен бірнеше көмекші тондардың қосындысынан жасалады. Көмекші тон парциалды тон немесе обертон деп аталады. Дыбыстың әуені осы аталған обертондардың санына және олардың дыбыс ырғағы , дыбыс күшіжағынан негізгі тонмен арақатысына байланысты болады.
 Дірілдің өзі түрліше болады дедік Дірілдің ритмикалы және ритмикалы емес деп аталатын түрлері болады. Егер дірілдің саны уақыт единицасының бойында өзгермей тұрақты болып қалса , ондай діріл ритмикалы діріл(немесе біркелкі діріл) деп аталады. Ал, егер уақыт единицасының бойында дірілдің саны өзгеретін болса, ондай діріл ритмикалық емес діріл (немесе біркелкі емес діріл) деп аталады. Ритмикалық дірілдің нәтижесінде тон жасалып пайда болады. Бұған сөйлеу кезінде ауыз қуысы мен мұрын қуысын толтырып тұратын дауыс шымылдығы мен ауаның дірілі жатады. Ритмикалы емес дірілдің нәтижесінде салдыр пайда болады. Бұған еріннің , тілдің, кішкене тілдің дірілі және сөйлеу мүшелерінің біріне-бірінің жуықтасып немесе түйісіп тұруынан жасалған дыбыстар жатады. Дыбыстардың жасалуы үшін резонанс айрықша қызмет атқарады. Резонанс жан-жағы тұйықталып бітелген ауа бар жерде пайда болады. Ауыз қуысында әр түрлі тәсілдер арқылы дауыстылардың әуені жасалады. Жұтқыншақ қуысы да белгілі дәрежеде резонаторлық қызмет атқарады., ауыз қуысымен бірге дауыстылардың әуенін жасауға қатысады. Мұнымен бірге , мұрын қуысының да резонаторлық қызметі бар.
Тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сыртқа шығуынан жасалады. Бірақ олар өкпедегі ауаның жай ғана шыға салуынан жасалмайды, ол үшін сөйлеу аппаратының қатысуы шарт. Анығырақ айтқанда, тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сөйлеу аппаратының қатысуы арқылы сыртқа шығуынан жасалады.Дыбыстау мүшелері ауа жүретін каналдың бойына орналасқан . Өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдарынан тамаққа , одан көмейге , көмейден жұтқыншақ қуысына келеді, одан әрі ауа не мұрын қуысы , не ауыз қуысы арқылы өтеді.
Дыбыстарды айтуда, әсіресе, дауыс шымылдығы мен тіл ерекше қызмет атқарады. Дауыс шымылдығы көмейде болады. Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да , үн шығады. Ал, егер дауыс шымылдығы жиырылып тұрса, онда діріл пайда болмайды, сондықтан да үн де шыға алмайды. Дауысты дыбыстар осы аталған дауыс шымылдығының дірілінен пайда болады.
Көмейдің үстіңгі жағында жұтқыншақ қуысы болады. Ол ауыз қуысы және мұрын қуысымен жалғасып жатады. Дыбыстардың айтылуында ауыз қуысы мен мұрын қуысы резонаторлық қызмет атқарады. Кейбір үнді дауыссыздар (м,н,ң) мұрын қуысы арқылы жасалады. Дыбыстардың басым көпшілігінің жасалуында , әсіресе , ауыз қуысы айрықша қызмет атқарады.
 Ауыз қуысындағы мүшелердің ішінде ең басты қызмет атқаратын мүше – тіл болады. Тілдің бірде ілгері , бірде кейін жылжуынан, бірде жоғары көтеріліп , бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немесе ұшының қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Мысалы, тілдің ұшы жоғарғы тіске тиюінен тіс (немесе денталь) дыбыстары ( т,д…) , ал тілдің артқы шенінің артқы таңдайға тиюнен немесе жуықтауынан тіл арты (қ,ғ,к,г) жасалады.
Тіл дыбыстарының артикулякциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі – ерін. Еріннің дауысты дыбыстардың (о,ө,у,ұ…) жасалуына да, дауыссыз дыбыстардың (м,п,б..) жасалуына да қатысы бар . Еріннің сүйірленіп дөңгеленуінен еріндік дауыстылар (о,у,ө…) жасалса, екі еріннің өз ара жымдасуынан ерін дауыссыздары немесе билабиаль дыбыстар (м,б,п…) жасалады. Астыңғы еріннің үстіңгі тіске тиюінен немесе оған жуықтауынан лабиаль –денталь дыбыстар (ф,в) жасалады.
Сонымен, тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Дыбыстау мүшелерінің әрқайсысының белгілі бір қызметі болады. Бірақ олардың әрқайсысының қызметі өз алдына жеке дара болмай , бірінің қызметі екіншісіне бағынышты және өз ара тығыз байланысты болады
Бақылау сұрақтары:

1. Фонетиканың зерттеу нысанына не жатады?

2. Фонетика қандай салалардан тұрады?

3. Дыбыс және таңбаның қандай айырым белгілері бар?

4.Дыбыстың жалпы теориясын қай сала қарастырады?

5. Акустика дыбыстарды қандай белгілері арқылы ажыратады:?

6. Тіл дыбыстарының жасалуын қай сала қарастырады?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

2. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3. Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4. Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері// Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011

5. Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

9 дәріс тақырыбы: Тіл дыбыстарын жіктеу ұстанымдары. Дауысты және

дауыссыз дыбыстар



Жоспары:

1.Тіл дыбыстарын топтастырудың ұстанымдары

2. Дауысты дыбыстардың топтастырылуы

3.Дауыссыз дыбыстардың топтастырылуы


Тілдің барлығында да тіл дыбыстарды екі топқа бөледі .Олар: дауыстылар мен дауыссыздар. Дауыссыздардың кейбіреулері дауыстың қатысуымен жасалса, қайсыбіреулері дауыстың қатысуынсыз жасалады. Осыған орай, дауыссыздар екі топқа бөлінеді: оның бірі – қатаң дауыссыздар, екіншісі – ұяң дауыссыздар.

Қатаң дауыссыздарда салдыр басым болады. Осыған орай, ұяңдарға қарағанда, қатаң дауыссыздарда ауаның қарқыны басым болады. Сондықтан да, қатаң дауыссыздар кейде, қарқынды немесе күшті дауыссыздар деп те аталады. Ал ұяң дауыссыздарды айтқанда ауаның қарқыны, қатаң дауыссыздарға қарағанда, баяу болады. Осымен байланысты, ұяңдар әлсіз дауыссыздар деп аталады.

Дауыссыздар жұмсақ таңдайдың қалпына қарай ауыз жолды және мұрын жолды дауыссыздар болып екі топқа бөлінеді. Артикуляциялық жолына қарай салдыр дауыссыздар(қатаңдар мен ұяңдар) шұғыл дауыссыздар және ызың дауыссыздар болып екі топқа бөлінеді.

Тіл – тілде ызың дауыссыздар мен шұғыл дауыссыздардың ерекшеліктерін бірдей қамтыған дауыссыз дыбыстар да кездеседі. Мұндай дауыссыздар аффрикат дыбыстар деп аталады. Тіл білімінде дауыссыз дыбыстар жүйесі консонантизм деп те аталады.

Тіл – тілде дауысты дыбыстар саны жағынан да, сапасы жағынан да түрлі – түрлі болып келеді. Дауыстылар сөйлеу мүшелерінің негізгі үш түрінің қатысы мен қалпына қарап, атап айтқанда, 1) тілдің қалпына; 2) еріннің қатысына; 3) жақтың ашылу қалпына қарай топтастырылады.

2.Ерін қатысына қарай дауыстылар еріндік және езулік болып екі топқа бөлінеді. 3.Жақтың ашылу қалпына қарай дауысты дыбыстар ашық дауыстылар және қысаң дауыстылар болып екі топқа бөлінеді.



Бақылау сұрақтары:

1.Тіл дыбыстары қандай ұстанымдарға негізделіп жіктеледі?

2. Дауысты дыбыстар қалай топтастырылады?

3.Дауыссыз дыбыстар қалай топтастырылады?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

2. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3. Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4. Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері// Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011

5. Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

8. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004

9. Мұсабекова Ф.М. Лингвистикалық ілімдердің тарихын оқыту.

-Алматы,1985
10 дәріс тақырыбы: Буын, оның түрлері. Екпін және оның түрлері

Жоспары:


  1. Буын және оның түрлері

  2. Буынның жасалуы

  3. Екпін және оның түрлері

Буын болу үшін оның құрамында дауысты дыбыс болуға тиіс және оның саны біреуден артық болмауға тиіс. Сонда сөздің құрамында қанша дауысты фонема болса, сонша буын болады деген сөз.

Буында мағына болмайды. Кейбір сөздердің әрбір буыны лексикалық немесе грамматикалық мағынасы бар бөлшектерге тура келіп қалады.

Тіліміздегі байырғы сөздер бірыңғай не жуан буынды, не жіңішке буынды болып келеді. Тіліміздегі байырғы сөздер, сондай-ақ, буындарда екі дауыссыздан басталмайды. Орыс тілінен енген біраз сөздің біздің тілімізде жазылуы соның айғағы.: бөрене, жеребе, кереует, кінәз, үстел. Сондай-ақ тіліміздегі байырғы сөздердің соңында екіден артық дауыссыз тұра алмайды. Оның өзінде негізінен еліктеуіш сөздер.Қазіргі қазақ тіліндегі буындар дыбыстық құрамы жағынан әр түрлі болып келеді.

Сөз ішінде бір буынның күшті айтылуын екпін дейміз. Екпін түскен буын басқа буындардан негізгі үш түрлі тәсіл арқылы ажыратылады.

1)Буынның біреуі басқа буындардан айрықша күшті айтылуы арқылы ажыратылады. Екпіннің мұндай түрі лебізді екпін немесе динамикалық екпін деп аталады.2) Басқа буындардың ішінен бір буын айтылу тонының ырғағы (высота тона) арқылы ерекшеленіп, дауыс шымылдығының дірілінің жиілеуіне негізделеді. Екпіннің бұл түрі тоникалық немесе музыкальды екпін деп аталады. Екпіннің бұл түріне ие тілдер : қытай, корей, дүнген, япон, серб, литва және т.б. тілдер. 3)Басқа буындардың ішінен бір буын өзінің құрамындағы дауыстың созылыңқы айтылуы арқылы ажыратылады. Бұл квантативті екпін деп аталады.

Екпін арнаулы бір буынға байланбай, ыңғайына қарай әр басқа буынға түсе беретін болса, ондай екпін жылжымалы екпін деп аталады. Мысалы, орыс тіліндегі екпін – жылжымалы екпін.

Кейбір тілдерде, мысалы, түркі тілдерінде, екпін көбінесе арнаулы бір буынға байланып, басқа буындарға жылжи бермейді. Екпін белгілі бір буынға телініп тұрақталса, ондай екпін тұрақты екпін деп аталады. Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде, екпін көбінесе сөздің соңғы буынына түседі. Кейбір сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің әрқайсысы өз алдына дербес екпінмен дараланбай, айтылу жағынан жігі жымдасып, бір ғана екпінге ие болды. Мұндай сөз тіркестеріндегі екпін фразалық екпін деп аталады. Акцентуациялық жақтан жігі ажырамай, бір ғана екпінмен айтылып, ритмикалық бір бүтін топ құрған сөз тіркесінің құрамындағы екпін түспеген сөз екпінді өз бойына тартқан сөздің алдында тұрса, проклитика деп аталады да, соңында тұрса энклитика деп аталады. Жөн-жосық, кем-кетік, көл-көсір, мал-мүлік тәрізді қос сөздер мен ән салу, қол қою тәрізді сөз тіркестерінің әрқайсысының алдыңғы сыңарлары дербес екпінге ие бола алмай, проклитикаға айналып тұр. Тіл – тілде энклитикаға айналатындар көбінесе көмекші сөздер. Мысалы, сен ғана, үйге дейін, алыс па, жақын ба, айта ғой тәрізді тіркестердің құрамындағы ғана, дейін, па, ба, ғой деген шылау сөздер өз алдына дербес екпінге ие бола алмай, энклитикаға айналған. Сөйлемдегі айрықша назар аударылып айтылған сөзде ой екпіні болады да, ол сөз басқа сөздерге қарағанда, ерекше әуенмен айтылады. Мұндай екпін логикалық екпін деп аталады.



Бақылау сұрақтары: 

1. Буынның жалпы сипаттамасы қандай ?

2. Буынның қандай түрлері бар ?

3.Сөздердің буын құрамы қандай ?

4. Екпін (акцентуация) дегеніміз не?

5. Оның қандай басты түрлері бар ?

6. Екпіннің басқа тілдердегі атқаратын орны қандай ?

4.Екпінге қатысты Н.А. Басқақов пен А.Н.Коноковтың қандай пікірлері бар?



Әдебиеттер:

1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- А.,1973,1977,1993, 2002.

2.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А. 1989.

3. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. –А., 1975.

4. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

5. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004

11 дәріс тақырыбы: Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері. Үндкстік заңы және оның түрлері. Тілдегі басқа да фонетикалық құбылыстар

Жоспары:

1. Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері

2. Дыбыс үндестігі және оның түрлері

3. Қазақ тіліндегі сингормонизм заңы және оның түрлері

4. Диссимиляция құбылысы

5. Тілдегі басқа да фонетикалық құбылыстар


Комбинаторлық өзгерістер тек қана сөз ішіндегі, сөз аралығындағы, сөздің мағыналы бөлшектерінің арасындағы іргелес тұрған немесе бір-бірінен алшақтап тұрған бір фонеманың екінші фонемаға ілгерінді,кейінді, кейде тоғыса келіп, тигізетін әсерінен болады. Позициялық өзгерістер белгілі бір сөздің шенінде болатын өзгерістер.Оған протеза,эпентеза,элизия т.б. жатады. Ал спонтандық өзгерістер кейбір сөздердің дыбыстық құрамы ешқандай өзгеріске ұшырамай-ақ бірнеше түргі ауысуы мүмкін.Мысалы,мысық-мышық,секер-шекер т.б.

Тіл дыбыстары,әдетте жеке-дара күйінде айтылмай, сөз ішінде немесе сөздердің аралығында бір-бірімен тіркесіп,өз ара тізбектелген түрде қолданылады. Сөздердің құрамындағы немесе сөздердің аралығындағы дыбыстар біріне-бірі ықпал етіп,бірімен-бірі өз ара үндесіп айтылатыны сияқты,дауыссыз дыбыстар да бір-біріне әсер етіп өз ара үндесіп айтылады.Дыбыстардың өзгеріп үндесуі олардың айтылуда бір-біріне артикуляциялық жақтан әсер етуінің нәтижесінде іске асады.

Түркі тілдерінде дауыстылардың үндесуі сөз ішінде жуан дауысты дыбысы бар буыннан кейін,соған сәйкес жуан дауыстының келуі (тау-лар,тоғай-лар),жіңішке дауысты дыбысы бар буыннан кейін,соған орай жіңішке дауыстының келуі (көл-дер,өзен-дер)түрінде болады.Ал өз(қонақ-қа,қонақ-тар) немесе ұяң дауыссыздан кейін қосымшаның да ұяң дауыссыздан басталуы (қаз-ға,қаз-дар) дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп,өз ара үндесу болып саналады.

Дауыстылардың бір-бірімен өз ара үндесуі сингорманизм деп аталады да, дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп өз ара үндесуі ассимиляция деп аталады. Лингвистикалық кейбір әдебиеттерде сингорманизм де ассимиляцияның бір түрі ретінде қарастырылады. Дауыстылардың бір-біріне әсер етіп,өз ара үндесіп айтылуы да олардың артикуляциясына байланысты екенін ескергенде, сингорманизмді ассимиляцияның бір түрі ретінде қарастырылады.

Ассимиляция ( лат.-ұқсау) морфемалардың жігінде көрші келген дауыссыздардың акустика-артикуляцияық жақтан бір-бірінің ұқсауы, бейімделуі, өзара тіл табысуы. Қазақ тілінде прогрессивті ассимиляция өте күшті. Бұл заң бойынша алдыңғы морфеманың соңғы дауыссыз дыбысы кейінгі морфеманың басқы дауыссыз дыбысына акустикалық жақтан ықпал етіп, игеріп тұрады.

Регрессивті ассимиляция кейінгі дыбыстың алдыңғы дыбысқа әсері арқылы реттеуді мақсат етеді.

Диссимиляция – бір сөз ішінде артикуляциялық ұқсастығы жоқ екі немесе одан да көп дыбыстың келуі.

Сингармонизм түрлері. Түркі тілдеріндегі байырғы сөздерде сингармонизм екі түрде ұшырасады.1) Дауысты дыбыстар тілдің қатысы жағынан және 2) еріннің қатысы жағынан бір бірімен үндесіп айтылады.

Лингвальдық сингармонизм. Тілдің қатысы жағынан сөз ішінде дауыстылар не бір өңкей жуан дауыстылар, не бір өңкей жіңішке дауыстылар болып үндеседі. Сөз құрамында соңғы буындардағы дауыстылар алдыңғы буындағы дауыстының әуеніне қарай ыңғайланып айтылады. Дауыстылардың бұлайша үндесуі лингвальдық сингармонизм деп аталады. Сингармонизм заңы бойынша түбір сөздегі дауыстылар қосымшалардағы дауыстыларды билеп, өзінің әуеніне қарай икемдеп бағындырады. Түбір сөздегі дауысты дыбыс жуан болса, қосымшалардағы дауыстылар соған бағынып, жуан түрде жалғанады. Түбір сөздегі дауысты жіңішке болса, қосымшалардағы дауыстылар түбіірдегі дауыстыға икемделіп жіңішке түрде жалғанады.

Ерін үндестігі немесе лабиальдық сингармонизм. Бастапқы буындағы ерін дауыстының ыңғайына қарай, соңғы буындарда да ерін дауыстылардың келуі дауысты дыбыстардың ерін қатысы жағынан үндесуі нәтижесінде болады. Дауысты дыбыстардың үндесуінің бұл түрін ерін үндестігі немесе лабиальдық сингармонизм дейміз.

Диссимиляция (лат.ұқсамау) дыбыстардың комбинаторлық өзгерістерінің бір түрі ретінде қарастырылады. Ол бір сөздің ішінде артикуляциялық ұқсастығы жоқ екі немесе одан да көп дыбыстың келуі.

Аккомодация (лат. accomodatio бейімделу) морфемалар жиігінде қатар келген дауысты және дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ықпал етіп, бейімделіп айтылуы. Мысалы: ат, ет, от, өт деген сөздерде бір ғана т фонемасы дауыстылардың әсерінен төрт түрлі реңге ие болатынын білеміз.

Дыбыстық құбылыстар жөніндегі алғашқы мәліметтер ұшқынын қарастырған ғалымдарды айтар болсақ А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектерінен кездестіреміз. Кезінде Қ.Жұбанов сөз ішінде не сөйлем ішінде буын құрамындағы дыбыстар қозғалысына қарай буын жігінің өзгерісін 1) буынның жылысуы 2) буынның кірігуі деп екі үлкен топқа бөліп көрсеткен еді. Сондай-ақ белгілі ғалымдар Ж.Досқараев, Ә.Т.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Т.Талипов т.б. жергілікті сөйлеу ерекшеліктеріне байланысты жазған кейбір еңбектерінде дыбыстық құбылыстар жөнінде де өздерінің ғылыми көзқарастарын білдіргендігін байқауымызға болады. Қазақ тіліндегі дыбыстық құбылыстар жөнінде ғалым К.Аханов жазған оқулықта «Фонетикалық процестер» деген атпен берілген .

Тілдегі фонетикалық құбылыстар және олардың өзгеруі мен дамуының белгілі бір заңдылықтары болады. Белгілі бір тілдің дамуының әр түрлі кезеңдерінде немесе туыс тілдердің арасында дыбыстардың тұрақты сәйкестілігі фонетикалық заңдар деп аталады. Фонетикалық басқа үдерістердің бірсыпырасы ассимиляция мен диссимиляцияға негізделеді.Оларға мыналар жатады: Диэреза - сөйлеу кезінде дыбыстар бір-біріне әсер етеді. Диэрезаның нәтижесінде дыбыстар түсіріліп айтылады, мысалы: «честный – чесный», «қалмады – қамады», т.б.

Метатеза – (грек. Meafofhesis - орын ауыстыру) – сөз ішіндегі дыбыстардың, не буындардың өзара орын ауыстыруы.

Протеза (грек. Proflogis - алдына қою) - сөз басында қосымша дыбыстың пайда болуы. Мысалы: ырас – рас, ылай – лай. Редукция (лат. Reductio - кейін шегіну, азаю, қысқару) – дыбыстың артикуляциялық және акустикалық сипатының өзгеруі. Элизия редукциямен тығыз байланысты. Мысалы: орын- орны; ауызы – аузы. Эпентеза (грек.epenthesis – қосынды) –сөздегі қосымша дыбстың пайда болуы. Мысалы: кровать – кереует.



Бақылау сұрақтары: 

1.Игерулі өзгерістердің қазақ тілінде жиі кездеспейтін түрлері қандай?

2. Комбинаторлық немесе позициялық өзгерістер мен спонтандық өзгерістер туралы не білеміз?

3. Қазақ тіліндегі буын үндестігі (Сингармонизм) дегеніміз не?
4. Дыбыс үндестігі (Ассимиляция)дегеніміз не?

5. Неге диссимиляцияны (лат.ұқсамау) дыбыстардың комбинаторлық өзгерістерінің бір түрі деп қарайды?

6. Тілдегі қандай басқа да фонетикалық құбылыстарды білесің?



Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - Алматы, 2011

2. Маманов, Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. -Алматы: Арыс, 2007.

3. Невченко В.Н. Введение в языкознание. -Москва: Дрофа., 2008.

4. Исаев .С. Қазақ тіл білімінің мәселелері// Вопросы казахского языкознания .- Алматы, 2011

5. Попова З.Д.Общее языкознание. -Москва: Восток-Запад, 2007

6. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. -Алматы: Өлке, 2010.

7. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі.- Алматы, 2001

8. Қордабаев Т.Р. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004

9. Мұсабекова Ф.М. Лингвистикалық ілімдердің тарихын оқыту.

-Алматы,1985

10. Қордабаев Т.Р. Қалиев Б. Жалпы тіл білімі. -Алматы., 2004





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет